Жамағаттың әрбірі имамға ұюға ниет етеді. Мысалы: «Бүгінгі бамдат намазының парызын өтеуге ниет еттім. Ұйыдым имамға». Одан кейін имам қолдарын көтеріп, жария түрде «Аллаһу әкбар» деп намазға бастайды.
Жамағат қолдарын көтеріп, құпиялай «Аллаһу әкбар» деп, имаммен бірге намазға бастайды. Имам мен жамағат «субханаканы» жасырын оқиды. Имам құпиялай ә’узумен Бисмиллаһты оқып, әрі қарай жариялай «Фатиха» және қосымша сүре оқиды. Имам бамдат, ақшам және құптан намазының алғашқы екі рәкатында және үтір намазының үш рәкатында, жұма мен айт намазының барлық рәкаттарында «Фатиха» мен оған қосымша аяттарды жамағат еститіндей жария оқиды. Және тәкбірлер мен «сами’ Аллаһу лимән хамидаһты» және де сәлемді жария айтады.
Ақшам намазының үшінші және құптан намазының үшінші, төртінші рәкаттары мен бесін, намаздыгер намаздарының барлық рәкаттарындағы тәкбірлер мен «сами’ Аллаһу ли мән хамидаһ» сөзін және сәлемдерді жария түрде, ал «субханака» мен қырағатты құпия оқиды. Имам бамдат намазының алғашқы рәкатындағы аяттарды, екінші рәкатта оқитын аяттардан екі есе көп оқу керек. Бұл – сүннет. Жамағаттың алғашқы рәкатқа жетуіне көмектеседі.
Жамағат тәкбірлерді құпия айтады. Имам рүкүғтен тұрған кезде жариялай «сами’ Аллаһу лимән хамидаһ» деп, құпиялай «Раббәнә уә ләкәл-хамд» дейді. Имам Ағзамның басқа бір риуаятында имам «Раббәнә ләкәл-хамдты» айтпайды. Жамағат құпиялай «Аллаһумма Раббәнә уә ләкәл-хамд» немесе «Раббәнә уә ләкәл-хамд» дейді. Одан әрі рүкүғ пен сәждеде бәрі бірге құпиялай тәсбихтарды айтады. Имам сәлемді жария түрде, жамағат құпия түрде береді. Имам да, жамағат та «әминді» құпиялай айтады. Имам сәлем бергеннен кейін мына дұға оқылады.
}أللهُمَّ اَنْتَ السَّلامُ وَ مِنْكَ السَّلامُ تَبارَكْتَ يا ذَالْجَلالِ وَ الاكْرَامِ{
«Аллаһумма әнтәс-сәләәм уә минкәс-сәләәм тәбәәрактә иәзәл-жәләәли уәл-икрәәм» дейді.
Мағынасы: «Аллам! Сен сәлемсің. Сәлем сенен. Сен күллі нұқсандық атаулыдан пәксің. Дүние мен ақырет сәлеметі мен бейбітшілігі сенің көмегіңмен ғана болады. Нағыз қасиетті, Сенсің. Ей, құдірет пен жомарт иесі, Раббым»
Бұнан кейін имам мен жамағат құпиялай «Аятул-күрсіні» оқиды да, отыз үш рет «Субханаллаһ», отыз үш рет «Әлхамдулилләһ», отыз үш рет «Аллаһу әкбар» тәсбихатын жасайды.
Бұдан кейін:
}لاَ اِلَهَ اِلاَّ اللهُ وَحْدَهُ لاَ شَريكَ لهُ لهُ الْمُلْكُ وَ لهُ الْحَمْدُ وَ هُوَ عَلىَ كُلِّ شَيْءٍ قَديرٌ{
«Ләә иләһә иллАллаһу уахдаһу ләә шәрикә ләһ. Ләһул-мулку уә ләһул-хамду уә һуә а’лә күлли шәй’ин қадиир» дұғасын оқып, имам мен жамағат дұға жасайды.
Мағынасы: «Алладан басқа құдай жоқ. Ол – жалғыз. Оның теңдесі мен серігі жоқ. Күллі мүлік иесі – Ол ғана. Мадақ Оған лайық. Ол барлық нәрсеге күші жетуші, аса құдіретті». Жеке намаз оқығандар да осыны оқи алады.
Имамға кешігіп ұйыған адам намазын қалай жалғастырады?
Имамға намаздың ортасында немесе аяғында, мысалы, бір, екі яки үш рәкаттан кейін ұйыған адамға «мәсбуқ» делінеді. Мәсбуқ имамға жария оқылған намазда үлгерсе, «субханака» дұғасын оқымастан имамға құлақ асады. Сосын үлгермей қалған рәкаттарын жалғастыру үшін тұрған уақытта субханака дұғасын оқиды.
Таң намазының екінші рәкатына үлгерген жағдайда...
Имамға таң намазының екінші рәкатында үлгерген адам ифтитах (намазға бастау) тәкбірін алғаннан кейін ары қарай имамды тыңдайды. Соңғы отырыста тек қана «әт-тәхият» дұғасын оқиды. Имам екі жаққа сәлем бергеннен кейін дереу тұрып, үлгермей қалған бірінші рәкатын жалғастырады. «Субханака» дұғасы мен «ә’узу мен бисмиллаһты», сосын «Фатиха» мен қосымша сүрені оқығаннан кейін рүкүғ, сәжде, соңғы отырыс жасап, намазын аяқтайды.
Ақшам намазының екінші рәкатына үлгерген жағдайда...
Имамға ақшам намазының екінші рәкатында ұйыған адам үлгермей қалған бірінші рәкатын тура таң намазының екінші рәкатына үлгерген адам сияқты оқиды.
Ақшам намазының соңғы рәкатына үлгерген жағдайда...
Ақшам намазының соңғы рәкатына үлгерген адам ифтитах (намазға бастау) тәкбірін алғаннан кейін «субханака» дұғасын оқып, ары қарай сол рәкатты имаммен бірге тәмамдайды. Имам сәлем бергеннен кейін тұрып «субханака» дұғасы мен «ә’узу мен бисмиллаһты» сосын «Фатиха» мен қосымша сүре оқып, рүкүғ және сәжде жасап отырады. Бұл отырыста тек қана әт-тахият дұғасын оқып, қайта тұрады. Бисмиллаһтан кейін «Фатиха» және қосымша сүре оқып, рүкүғ және сәжде жасағаннан кейін соңғы отырысқа отырады. Бұл жерде «әт-тәхият», «салауат», «раббанә әтина» дұғаларын толық оқып, сәлем беріп, намазын аяқтайды. Ақшам намазының екінші рәкатына үлгерген адам үш рет тәшәһһүдке отырады. Бірақ екінші рәкаттың соңында қателесіп, отырмай қалса, сәһу сәждесі қажет емес.
Төрт рәкатты намаздың соңғы рәкатына үлгерген жағдайда...
Төрт рәкатты намаздың төртінші рәкатында имамға ұйыған адам имам екі жаққа сәлем бергеннен кейін тұрып, «субханака» дұғасы мен «ә’узу мен бисмиллаһты» және «Фатиха» мен қосымша сүре оқып, рүкүғ және сәжде жасап отырады. Бұл отырыста тек қана «әт-тахият» дұғасын оқып, қайта тұрады. «Бисмиллаһтан» кейін «Фатиха» және қосымша сүре оқып, рүкүғ, сәждеге барып соңғы рәкатқа тұрады. Бисмиллаһтан кейін тек қана «Фатиха» сүресін оқып, рүкүғ, сәждеге барып, соңғы отырысқа отырып, «әт-тәхият», «салауат», «раббанәәтина» дұғаларын толық оқып, сәлем беріп, намазын аяқтайды.
Төрт рәкатты намаздың үшінші рәкатына үлгерген жағдайда...
Төрт рәкатты намаздың үшінші рәкатында имамға ұйыған адам имам соңғы отырысқа отырған уақытта тек қана «әт-тәхият» дұғасын оқиды. Имам сәлем бергеннен кейін тұрып, «субханака» дұғасы мен «ә’узу мен бисмиллаһты» және «Фатиха» мен қосымша сүре оқып, рүкүғ, сәжде жасап қайта тұрады. Бисмиллаһтан кейін «Фатиха» және қосымша сүре оқып, рүкүғ, сәждеге барып, соңғы отырысқа отырып, «әт-тәхият», «салауат», «раббана әтина» дұғаларын толық оқып, сәлем беріп, намазын аяқтайды.
Төрт рәкатты намаздың екінші рәкатына үлгерген жағдайда...
Төрт рәкатты намаздың екінші рәкатында имамға ұйыған адам, имам соңғы отырысқа отырған уақытта тек қана әт-тәхият дұғасын оқиды. Имам сәлем бергеннен кейін тұрып, «субханака» дұғасы мен «а’узу мен бисмиллаһты» және «Фатиха» мен қосымша сүре оқып, рүкүғ, сәжде жасап, соңғы отырысқа отырады. Бұл жерде «әт-тәхият», «салауат», «раббана әтина» дұғаларын толық оқып, сәлем беріп, намазын аяқтайды. Имамға рүкүғда үлгерген адам сол рәкатқа үлгерген саналады. Имамға сәжде немесе отырыста үлгерген адам дереу ифтитах (намазға бастау) тәкбірін алып, имамға ұйиды.