Ел тыныштығы барлық мүддеден жоғары

Ел тыныштығы барлық мүддеден жоғары

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Бисмилләһир рахманир рахим

Барлық мақтау бүкіл әлемдердің Раббысы Алла тағалаға ғана тән және Оның игілігі мен сәлемі «бүкіл әлемге рахмет етіп жіберген» Мұхаммед (ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Пайғамбарымызға, оның сахабаларына, үй-ішіне, үмметтеріне әрі ұрпақтарына болсын!

Ел тұтастығы мен рухани келісімнің маңыздылығы адамзаттың үйлесімді де берекелі өмір сүруінде алатын орны ерекше екені белгілі. Қашан да татулығы жарасқан, ауызбірлігі мен достастығы үйлесім тапқан ел бір арнаға түйісіп, халықтың тілегі мен ынта-ниеті, асыл армандары орындалып, бақытты қоғам әрі бейғам өмір кешетіндігі ақиқат. Сол себепті бабаларымыздың: «Бірлігі барды – жау алмайды» немесе «Бірлік бар жерде – тірлік бар» деген ұлағатты сөздің астарында ауызбірлік пен татулықтың ел тыныштығын негіздегені сол замандарда-ақ кемеңгерлігімен дөп басып айтқан ғой. Ұлан-байтақ Қазақ жері көп ұлтты, көп конфессиялы, әлденеше мәдениеттер тоғысқан мемлекет екені баршаға мәлім. Алла тағаланың жақсылығы және Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың бейбітшілік сүйгіш әрі салиқалы саясаты, парасатты басшылығы арқасында мемлекетімізде жүзден астам алуан тіл мен дінді, түрлі діл мен мәдениетті ұлттар мен ұлыстар өзара ауызбірлік пен ынтымақта тату-тәтті өмір сүріп келеді.

Бауырмалдық –  адам бойындағы ізгілікті сезімдердің бірі. Бауырласу арқылы адам баласы бір-бірін жақын тартады. Мұның, Ислам дініндегі өзіндік орны өте ерекше.

Ибн Омар (р.а.) жеткізген хадисте: «Алла елшісі, (с.ғ.с.): мұсылман – мұсылманның бауыры. Нағыз мұсылман бауырына озбырлық жасамайды. Кімде-кім мұсылман бауырының қажетіне жараса, Алла Тағала да оның қажетін өтейді. Кімде-кім мұсылман бауырының қайғы-мұңын сейілтсе, Алла Тағала оны қиямет-қайымның бір қайғысынан құтқарады. Сондай-ақ, кімде-кім мұсылманның айыбын жасырса, Алла Тағала да қиямет күні оның айыбын жасырады» деп айтты  делінген.

Қазіргі таңда қазақ жастарының арасында достық, бауырмалдық мінездерден гөрі алауыздықтың көбірек байқалатыны жасырын емес. Адамның бәрі жатбауыр, заманның сол ғой кем тұсы деген осы. Мұның себебін, дінді дұрыс түсінбеушіліктен іздеген жөн. Тек дінге байланысты емес, жерге сыймай не істерін білмей ел арасына іріткі салып, жаһанды жер мен жетсен етіп жүретін бұзақылар да бар. Мәселен, қасиетті Рамазан айына санаулы ғана сағаттар қалған сәтте Ақтөбедегі қанды оқиға күллі қазақ жұртының жағасын ұстатты. Рамазан – күллі мұсылманның ұлық мерекесі иманды тереңдетіп, тақулыққа бой ұсынатын ораза айында елдің мазасын қашырған әлбетте, дұрыс емес. Бұл – арсыздық болмай немене? Тату елдің арасында бүлік тудырып, елдің берекесін қашырған сотқарлардың бұл ісі үлкен күнә. Жазықсыз адамды өтліту жайында  Қасиетті Құранда: "Жазықсыз бір адамды өлтіру – бүкіл адамды өлтірумен тең", – деп баяндалған. Хақ Тағала Құранның «Ниса» сүресінің 93-аятында: «Кімде-кім мүмінді қасақана өлтірсе, оның жазасы жаһаннам және ол онда мәңгі күйеді. Алланың қаһары мен қарғысына ұшырайды. Тәңірі оған ауыр азап дайындайды», – деген. Шынайы мұсылманның өзгеге қолы түгілі, тілімен зиян тарқызбайды. Абдулла бин Масғұд (р.а.): «Мұсылманға тіл тигізу – пасықтық (күнә), оны өлтіру – күпірлік», – деген хадисті риуаят еткен. Әрбір адамзат баласы өмірге келгеннен кейін өмір сүру құқығына ие. Бұл құқықты адамзатқа Алла Тағала берген. Адамзатты бұл құқықтан айыруға ешкімнің хақысы да жоқ. Сондықтан бір адамды ешқандай себепсіз, жазықсыз өлтірген адам үлкен күнә істеген болады. Алла Тағала бұл жайында: «Әділетті бір себеп болмайынша кісі өлтірмеңдер. Алла адам өлтіруді арам еткен» - деп бұйырған. (Исра сүресі 33-аят) Әділ бір себебі болмай тұрып, басқа біреуді өлтіру дінде қылмыс болып есептеледі. Яғни бір адамды өлтіру жер бетіндегі бүкіл адамзатты өлтіргенмен тең күнә. Қиямет күні адамдар осы дүниедегі істерінен есеп берген кезде ең әуелі адам өлтіру қылмысынан жауапқа тартылады. Бұл жайында Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Қиямет күні адамдар арасында ең әуелі сұралатын есеп – қан дауы» - деп ескерткен. 

Әбу Дауд Мұхаммед пайғамбардың (с.ғ.с.) келесі сөздерін жеткізген: «Бүлік таратудан аулақ болғандар, шын мәнінде бақытты», – дегені бейбіт өмір мен татулықтың бірден-бір дәйегі болса керек. Сондықтан да, асыл дініміздің басты бағыт-бағдары ұжымдық деңгейде бейбітшілік ұялатып, ізгілік қарым-қатынастар негізінде кеңейіп, нығаюды ұйғарады.

Сондықтан бауырларым Абай атамыз айтқан: «біріңді қазақ бірің дос» тұтпайынша, біріңді бауыр тұтпайынша бәрі бос. Сондықтан қазіргі жастарға бір-бірін жағадан алудың, тас бауыр болудың, бір-бірін төмендетудің ешқандай пайда әкелмейтінін түсіну керек.

Ислам діні ең бірінші татулыққа, бейбітшілікке шақырады. Ал бүгінде дін атын жамылған ұйымдар тек саяси көзқарасты ұстана экстремистік әрекетте болса, мұны толық ажырата алмағаннан кейін, әсіресе, ислам дініне күйе жағуға дайын тұрғандар ислам – бейбіт дін екенін әсте мойындағысы келмейді. Мұндай жағдайлар дін өкілдеріне күйе болып жағылуда.

Қасиетті Рамазан айының қарсаңында бүлікшілердің шабуылына тап болып, қаза тапқан азаматтардың отбасыларына көңіл айтып, сабыр сақтауға шақырамыз.

Алла Тағала бауырлардың арасында татулықты нәсіп етсін. Алла Тағаланың  сүйген құлдарының қатарында болуды нәсіп етсін. Бауырлардың арасындағы сүйіспеншілігімізді арттырсын. Алла тағала елімізге амандық,  халқымызға бірлік пен ынтымақ нәсіп етсін.

Данияр ЖҰМАБАЕВ,

ҚМДБ-ның Жамбыл облысы бойынша өкілі

«Һибатулла Тарази» мешітінің бас имамы

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: