Өзіне қол жұмсау - тығырықтан шығу жолы емес.

Өзіне қол жұмсау - тығырықтан шығу жолы емес.

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Өз-өзіне қол жұмсау Жаратушыға серік қосқаннан кейінгі екінші ауыр күнә. Әсіресе, бұғанасы қатпаған жасөспірімдердің жан түршіктірерлік мұндай тірлігі қоғамдағы кез келген адамды бейжай қалдырмай отыр. Дені сау, қарны тоқ, киімі бүтін баланың өмірден түңілуіне қатысты біз де өз пікірімізді білдіруді мұсылмандық міндетіміз санадық. Бұл дерт көп жағдайда адамның жан дүниесінің тоқырауынан туындайды. Сондықтан дін қызметкері ретінде мұндай жағдайда Ислам тұрғысынан жауап беруіміз азаматтық және мұсылмандық міндетіміз.

Суицид (лат.тілінен sui - өзін + caedere - өлтіру) - өзін-өзіне қол жұмсауға икемді адамның әрекеті. Былайша айтқанда, бұл адамның өзінің «ішкі болмысына» жасалған қатігездігі, яғни жауыздығы. Суицид дертіне әдетте рухани әлсіз, психикалық тұрғыдан тұрақсыз адамдар шалдығады. Сондай ақ, өз-өзіне қол жұмсауға күнделікті күйзеліс түрткі болуы да мүмкін.

Мамандар суицид оқиғасының жиiлеуiне әртүрлi себептердi алға тартады. Соның ішінде әлеуметтiк жағдай, тиiстi отбасылық және қоғамдық тәрбиенiң жоқтығы, моральдық және физикалық зорлық-зомбылық, есiрткi қолдану, жоғары сынып оқушыларының төменгi сынып балаларының намысына тиетiн әрекеттер жасауы сияқты жағдайлар негізгі факторлар. Ал, дінге сенетін адам үшін бұл аталғандар өлімге себеп емес, пәни дүниеде әр адамға кезігетін кәдімгі жағдайлар ғана.

Жасөспірім ішкі күйзелісін айтып бөлісетін адам таппай, соңында жанын жегідей жеген дерті оны өлімге алып баруы мүмкін. Мұндай балалар мұңын тыңдап, сөзбен демеу беретін кісі көмегіне зәру. Алайда, көп жағдайда өзіне қол жұмсаушы, ашықтан ашық көмек сұрамайды. Ондай адамды, біз өзіміз тауып, жәрдемімізді бергеніміз дұрыс.

Суицид дертінің емі - иманда. Анығырақ айтқанда имани тәрбиеде. Осы тұрғыдан алып қарағанда жасөспірімдер отбасында, мектеп қабырғасында имани тәрбиеге мұқтаж. Демек ата-ана, мектеп мұғалімдері және психологтар бірлесе жұмыс атқаруы қажет. Жауапкершілік те теңдей бөлінуі керек.

Бұл проблемада ата-ананың кінәсы басымырақ секілді. Ата-ана «баламды жұрттың баласынан кем етпеймін» деп тек тамағын тауып, киім кешегін бүтіндеумен әлек болудың салдары. Тіпті, шаңырағына бір мезгіл уақыт бөліп, перзентімен ашық-жарқын сөйлесу ұмыт қалған тәрізді. Баласының киімі көк болғанымен көңілі күпті, жаны құлазып ата-анасының мейіріне мұқтаж күй кешуде екендігін көп жағдайда ұғына бермейміз.

Ересектерге елеусіз көрінген проблемалар жас баланың санасын мазалай бастайды. Бұл жай ата-ананы екінші кезекте толғандырады. Естусіз қалған жасөспірімнің жан айқайының нәтижесі кейде өзіне қол жұмсауға алып баратынын бүгінде тек елімізде ғана емес әлемде орын алып жатқаны анық байқалып отыр.

Көп жағдайда ата-ана мен баланың әңгімесі ұрыс жанжал секілді өрбиді. Тіпті әңгіме тергеу сипатын алып та жатады. Балаға өз ойын жеткізбек былай тұрсын, сөйлеуге мұрша да берілмей қалады. Былайша айтқанда әке мен баланың арасында көзге көрінбейтін мықты болуы тиіс байланыс ақыр соңы үзіліп тынады. Ал, бұл түзетуге келмес ауыр салдарға апарып соқтырады. Алла елшісі (с.ғ.с.) «Әкенің балаға берген ең бағалы мұрасы тәрбие» деген сөзінің мәні осында жатқандай. Әке перзентіне берген имани тәрбиеден артық дүние қалдыра алмас. Ал, ата-ана баланы дүниеге әкелумен ғана шектеліп, имани тәрбие бере алмаса қоғамға үлкен қасірет әкелері сөзсіз.

Имансыз білім ақсақ дегендей, мектеп қабырғасында біліммен сусындап жүрген жасөспірімдерге имани және рухани тәлім-тәрбие ауадай қажет. Ғұлама ойшыл Әбу Насыр әл-Фарабидің «Тәрбиесіз берген білім қоғамға апат әкеледі» деп айтқанындай, білімнің көзі тәрбиеде болғандықтан, негізгі ұстаным имани тәрбие жұмысын жандандыру, жетілдіру деген міндеттен туындау керек.

Осы арада айта кеткен жөн, Тараз қалалық Шейх Зүннін атындағы мешіт жастар ұйымдарымен бірлесе отырып, қаланың білім беру ошақтарында осы тақырып төңірегінде оқушы жастармен кездесу өткізуде. Мақсат - мектеп оқушыларына рухани қолдау көрсетіп, аталған мәселені шешуде өз септігімізді тигізу.

Имани тәрбиесіздің күйзелісі шегіне жетіп, жүрегінде сенімнің ешбір сәулесі қалмаса ол өмірінің мәнін жоғалтады. Ондай адам үшін бұл жалғанның ешбір мағынасы қалмайды. Оны бұл дүниемен байланыстыратын ешбір себеп те таба алмайды. Осылайша мұндай жағдайға түскен адам өмірін қалай доғарудың, жанын қалай қиюдың жолдарын іздестіре бастайды.

Кісінің өміріне қиянат жасау, өз-өзіне қол жұмсау, яғни суицид Алла тағалаға серік қосу күнәсінен кейінгі екінші үлкен қылмыс болып табылатынын жоғаыда айттық. Жан - Жаратқанның бізге берген ең үлкен аманаттарының бірі. Әрине, бұған қиянат ету ауыр күнә.

Құран Кәрімнің «Ниса» сүресінің 29-аятында «...Және бір біріңді (өздеріңді) өлтірмеңдер. Расында Алла сендерге ерекше мейірімді», деп айтылған. Ал, «Бақара» сүресінің 195-аятында «...Өздеріңді өз қолдарыңмен қауіп қатерге салмаңдар...», деп әмір етеді. Бұл аяттардағы әмір қандай жағдайда да, адам баласы өзінің және басқа адамның өміріне қастық етуіне болмайтындығын ескертеді. Адам баласы қатты науқас болса да, өмірі қаншалықты қиындап кетсе де өзіне қол жұмсаумен жеңілдікке қол жеткізе алмайды. Бұл қиыншылық азабынан құтылып, тығырықтан шығудың жолы емес, керісінше Алла тағаланың қаһарына ұшырау болып табылады.

Әбу Һурайра (р.а.) риуаят еткен хадисте ол кісі: «Біз Алла елшісімен (с.ғ.с.) Хунайн шайқасында бірге болдық. Пайғамбар (с.ғ.с.) мұсылман саналатын бір кісіні: ол тозақтықтар қатарында, деп айтты. Біз шайқасқа кіргенде әлгі кісінің жаумен өте қатты шайқасқандығына куә болдық. Ол ауыр жарақат алды. Адамдардың бірі «Уа, Алла елшісі! Сіз «ол тозақтықтар қатарынан» деген кісі бүгін қатты шайқасып, қайтыс болды» деді. Пайғамбар (с.ғ.с.) «ол тозақта» деді. Мұны естіген кейбір мұсылмандар шүбәлана бастады. Осы кезде біреу «ол өлмеген екен, алайда жарақаты ауыр» деп айтты. Түн болғанда әлгі кісі жарақатының ауырлығына төзе алмай, өзін-өзі өлтіріп қойды...» деп баяндайды.

Ол заманда жарақат секілді қатты ауруды басатын дәрі-дәрмек мүлде болмаған. Бүгінгідей ауруын сездірмейтін дәрі екпей, жарақат ауруына төзімділік танытуды көзге елестету мүмкін емес. Алайда, осындай ауыр жағдайда да кісі үлкен шыдамдылық танытуын пайғамбарымыз (с.ғ.с.) қатаң ескертті. Бұл адам өмірінің аса қымбат екендігін аңғартады. Бұл хадис қандай жағдайда болмасын адам баласы өз жанына қастық жасамауы керектігін үйретеді. Кісі басына түскен жағдай қаншалықты ауыр болса да, оның өзіне қол жұмсауы күнә. Ешбір себеп өзіне қол жұмсаған адамды ақтай алмайды. Ал, енді ай мен күннің аманында біздің бүгінгі бұл қылығымызға жөн болсын.

Аллаға сенетін мұсылман еш уақытта мұндай әрекетке бармайды. Өйткені мұсылманның көзқарасында дүние қаншалықты қара түнек болып кетсе де, оның жүрегінде аз да болса үміт сәулесі сөнбейді. Сондай-ақ, сабырын болмас қиындықтарға сарқылтып тастамайды. Иманды кісі өз-өзіне қол жұмсамайды. Мұсылман өмірге шынайы көзбен қарайды. Өмірдегі сан қилы қиыншылықтар мұсылманды исе де, құлата алмайды.

Ия, мұсылман қандай қиыншылық болса да белін бүкпей, қасқайып қарсы алады. Сансыз сынақ сенімі берік жанның сағын сындыра алмайды. Керісінше шыңдай түседі. Өйткені, иманды жан күндер кезегімен ауысатынын жақсы біледі. Қиын күндердің артынан шуақты күндер келетініне кәміл сенеді.

 

 

Сейітқазы қажы Медетбек,

Тараз қалалық "Шейх Зүннін" мешітінің  бас имамы.

Тараз қаласы.

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: