Адамның сөзі - ақылының таразысы

Адамның сөзі - ақылының таразысы

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Қазақ - о бастан сөз құдіретін жете түсіне білген, сөзге қатты мән берген халық. Ел ішінде ауыз әдебиетінің, айтыс, терме, жыр, дастан, шешендік өнердің қатты дамығандығы - осының айғағы. От тілді, орақ ауызды сөз дүлділдеріне қай кезде де зор құрметпен қараған елміз. Ата-бабаларымыз сөзге қатысты мәнді мақал-мәтелдерді де көп айтқан: «Сүйкімді сөз - сүйек балқытар», «Жақсы - байқап сөйлер, жаман - шайқап сөй-лер», «Тілден бал да тамады, зәр де тамады», «Оттың шаласынан сөздің шаласы жаман», «Тау мен тасты су бұзады, адамзатты сөз бұзады», «Ұялмас бетке талмас жақ бітеді», «Аңдамай сөйлеген ауырмай өледі», «Көз жетпеген жерге сөз жетеді» т.б.

Рас, жас кезінен дұрыс, әсем сөйлеуге дағдылану - адам бойындағы ізгі қасиеттердің бірі. Мұсылман жұртшылығы бұған үлкен жауапкершілікпен қараған. Өйткені, қасиетті Құранда бұл турасында «Расында да, сіздерді қорғаушылар бар. Мәртебелі жазушылар. Не істегендеріңізді бүкпесіз біліп тұрады» («Инфитар» сүресі, 10-12- аяттар),- деп, әр адамда аузынан шыққан сөзді жазып алып тұратын екі періште болатындығын ескерткен. Сүйікті пайғамбарымыз Мұхам-медтің (с.ғ.с.) өміріне көз салсақ, сөз сөйлеуге аса бір байыппен қарағанын көреміз. Айша анамыздың айтуынша, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) сөз сөйлегенде асықпай-аптықпай баппен сөйлеген. Қажет кезінде ұғынықты болу үшін, айтқан сөзін бірнеше рет қайталаудан жалықпаған (Тирмизи, Мәнақиб, 9.). Сөздері мірдің оғындай өткір, әрі даналыққа толы болғандықтан, естіген жанға қатты әсер еткен. Оны бір тыңдаған жан тағы да тыңдауға құмартқан. Тілі таза, әрі шұрайлы, барынша ұғынықты болған. Бұны өз сөзінде «Арабтардың ішіндегі ең таза, шешен сөйлейтіні менмін» деп білдірген, «Өйткені, Алла тағала маған тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін айта білетін ерекше қасиет дарытқан» деп түсіндіретін (Али әл-Мұттақи,Кәнзул-Ұммал, 11/412). Даусы зор, бірақ жағымды болған. Аузынан ешқашан жаман сөз шықпаған. Жаймашуақ не ашулы кезінде де сөздің әділін ғана айтатын. Айтқан сөзінің артығы не кемі болмайтын. Өте анық айтатындықтан, әрі арасында бір мезет кідіретіндіктен, тың-дап отырған кісілер сөздерін тез жаттап алатын. Нашар сөзділерді жақтырмайтын, өзіне ұнамсыз бір жайтты сез-діргісі келгенде оны астарлап жеткізетін. Өзі тоқтағанда барып қасындағылар кезекпен сөз алатын. Үнемі сахабаларына күлімсіреп қарайтын, арасында олардың да сөйлегенін ұнатып, мұқият құлақ салатын. Өзін солардың қатарында санайтын. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) сөз сөйлеген кезін сахабалар «Біз, пайғамбарымыз сөйлей бастағанда басымызда құс қонақтап отырғандай, соны ұшырып алмайық дегендей аса бір сақтықпен құлақ салып тыңдайтынбыз» деп еске алады (Бұһари, Жиһад, 37).

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) мұсылман адамның не нәрсеге қараса да ғибратпен қарағанын, үндемеген кездерінде құдіретті ойлап терең ойға берілуін, ал сөйлеген кезінде мәнді-мағы-налы сөз айтуын қалаған. Өсек, өтірік, шағыстыру, ғайбат секілді көп күнәнің тілде жатқанын ұқтырып, «Адам баласы көп күнәні тілінен табады» деп ескерткен. Айша (р.а.) анамыз бір әйелдің бойының қысқалығын айтып қалғанын-да «Қой, ғайбат айтпа. Әлгі сөзіңді теңізге тастаса, тұтас былғап жібергендей екен»,- деп сол мезет тыйған болатын (Ибн Касир, Хужурат 12,3/365).

Әркез мұсылман адамның тілге өте абай болу керектігін сездіріп, «Шын мұсылман - тілі мен қолынан ешкімге зияны тимейтін адам» дейтін (Бұһари, Иман, 4-5). Бос сөзбен уақыт өткізуді ұнатпай «Мұсылман адамның Исламнан алған ең ізгі қасиеттерінің бірі - бос сөзден арылуы», «Кімде кім Аллаға, сондай-ақ, ақы-рет күнінің растығына сендім десе, сөйлегенде мәнді нәрсе айтсын, әйтпесе үндемесін» дейтін (Бұһари, Әдаб, 31, 85). Өзі сөйлеуге қажеттілік тумаса, жай кезде үндемегенді жөн көретін: «Үндемеуде үлкен да-налық бар, әттең, бірақ оның байыбына баратындар өте аз»,- деп қынжылатын (Дәйләми жеткізген хадис).

Үш кісі отырғанда екі кісінің өзара күбірлесіп сөйлескенін дұрыс көрмейтін. Өйткені, бұл үшінші кісінің көңіліне келуі мүмкін деп түсіндіретін (Бұһари, Истизан, 47). «Сиыр-дың шөп күйсегеніндей етіп, көбікезуліктеніп сөйлейтін-дерді Алла тағала ұнат-пайды»,- деп мейлінше ұғы-нықты, әрі анық сөйлеуге шақыратын (Әбу Дауыд, Әдаб, 94). Қандайда бір көпшіліктің арасында сөз сөйлеудің жолы әуелі жасы үлкен кісіге тән екендігін білдіретін. Бірде көпшіліктен сұралған оқиғаны сол жердегі жасы ең кіші Абдуррахман ибн Сәхл бірінші болып айтуға оқталғанда: «Сөзді жасы үлкенге бере ғой»,- деп еді (Бұһари, Жизия, 12). «Өзіне (тікелей) қатысы жоқ нәрселерге көңіл бөлмеуі - кісінің жақсы мұсылмандығын байқатады»,- деп, өзіне қа-тысты емес әңгімені тыңдауға құмартпауға баулитын (Тир-мизи, Зүхд, 11). Насихат сұрап келген адамға: «Ертең жерге қаратып, кешірім сұрауға мәжбүр ететін сөзді айтпа»,- деп, жан-жақты ойланып барып сөйлеу керектігін меңзеген (Ибн Мажә, Зүхд, 15). Сахабалардан Осман ибн Мазун қайтыс болғанда әйелінің: «Жәннатың құтты болсын, Османым»,- дегенін құлағы шалып қалғанда: «Мен, пайғамбар бола тұра Османның жәннатқа бараты-нын біле алмаймын. Сіз, қалай білесіз?!»- деп, ойланбай сөйлей салуға болмайтындығын сездіріп еді (Тирмизи, Бирр, 40). «Кім маған екі ұрты мен екі санының арасындағы мүшелеріне ие бола алатындығына кепілдік берсе, мен де оның Жәннатқа баратынына кепілдік беремін» дегенде де адамды байқамастан ең көп күнәға итермелейтін қылық зинақорлық пен тілден келетін кесел екеніне көңіл аудартқан (Бұһари, Риқақ, 23). Естір құлаққа жағымды сөз айтудың садақаға, сауапты амалға жататындығын жиі айтатын (Бұһари, Әдап, 34). Сүлеймен пайғамбар бірде «Құдай қаласа» деп айтпағандықтан, бір ісі орындалмаған екен (Бұһари, Әйман, 3). Осыны әңгімелеп, әрі Құранның: «Мен мына істі ертең істеймін демеңдер, «Құдай қаласа» деп қана айтыңдар» («Kәһф» сүресі, 23-24-аяттар),- деген аятын түсіндіріп, сөз сөйлегенде мұсылмандық әдеппен «Құдай бұйырса» деп айтуға дағды-ландыратын. Өйткені, Алла қаламайынша ешбір істің орындалмайтындығын түсін-діретін.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) сөз сөйлеуге осыншалықты жауап-тылықпен қарағандықтан, са-хабалар да бұған қатты көңіл бөлетін болды. Тіпті, керек кезде ғана сөйлеуге дағдылану үшін жай уақытта аузына тас салып алатындары да кездесті. Сөз сөйлеудің үлкен нығмет екенін, аузынан шыққан әр сөзге ертең о дүниеде есепке тартылатындығын білгендіктен, бос сөз, бөстекі әңгімелерге салынбауға тырысты. Осы ұстаным келе-келе Әбу Бәкір (р.а.) сынды тақуалықта заңғар тұлғалардың «Алла разылығы үшін айтылмаған сөзде қайыр жоқ, Алла разылығы үшін жұмсалмаған байлықта қайыр жоқ» деп ой қорытуына себеп болды. Али (р.а.) «Жүрек таза болғанда ғана тілден оңды сөз шығады» деп, сөздегі дұрыстық - жүректегі иманға, тілдегі зікір - ойдағы пікірге байланысты еке-нін меңзеген. Кісі жайшылықта нені көп ойласа, айтатыны да сол болатындығын тұспалдап, ойды таза ұстау қажеттігін тілге тиек еткен. Құдайға ғашық болып өткен сопылардың да бір ұстанымы «Не Алла туралы айт, не Алланың бізге айтқанын айт» болғаны тегін емес. Бұл ұстаным Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.): «Алланы еске сал-майтын сөздерге көп үйір бол-маңдар. Зікірден тыс сөздер жүректі қатайтады. Алладан ең алыс адамдар - жүрегі қатты адамдар екені даусыз»,- деген хадисінен туындағаны анық (Тирмизи, зүхд, 62).

Сөз сөйлей білумен қатар басқаларды тыңдай білу де өнер. Өйткені, «сөздің жартысы -айтушынікі болса, жартысы - тыңдаушыныкі» деген бар. Сол саланың маманы болса бір сәрі, кей кісілердің тек мен ғана сөйлейін дегендей омыраулап оңайлықпен сөз бермеуі білгіш-сінгендей жағымсыз әсер қалдырады. Ондай адамның сөз алғанын ел ендігәрі қаламасы анық. Әбу Бәкір (р.а.) бұл жайында: «Сені тоқтатқанша сөйлегеніңнен гөрі - сені сөйлеткенше үндемей отыруың әлдеқайда артық»,- деген екен.

Бұған қоса, өзіне қызық болғанмен, өзгелерге қызықсыз тақырыпты сөз етіп, отырып алу да сөйлеуші мәдениетінің төмендігін аңғартады. Сол себепті, баршаға ортақ тақырып таңдай білген дұрыс.

Отырғандардың деңгейімен санасу, бәріне түсінікті тілмен жеткізе білу де өте маңызды. Ғалым кісімен әңгімелесу - сауаты жоқ адаммен әңгіме-лескендей болмасы анық. Сөз арасында түсініксіз ұғымдардың көбейе беруі тыңдаушыны тез жалықтыратынын есте ұстау керек. Бұған қоса, жүрекпен айтылған сөздің ғана жүрек-терге жететінін ескерудің мәні зор. Кейбіреулердің бірсарын-ды, тым селқос баяндаған әңгі-месі қанша мағыналы болса да, бояуы сұрықсызданып көңілді селт еткізбесі белгілі.

Көп сөйлеу емес, дөп сөйлеу ғана ақылдылыққа жатады. Қысқа қайырып, тоқетерін ғана айтатын жерде кей кісілердің орынсыз көсіліп, сөзді сағызша созуы тыңдарманды мезі ете-тінін білген жөн.

Тыңдарманға пайдасы тиетін, ойлы көңілден туған сөз болса ғана айтуға дағдыланған дұрыс. Сөз тыңдауға бөлген уақытына тыңдармандар өкінбеуі тиіс. Кей кісілердің мән-мағынасы жоқ, пәтуасыз сөзге салынуы тыңдармандардың алтын уа-қытын текке кетіреді. Он-дайда көпшілікте: «Қап, осы уақытымды одан да басқа бір пайдалы іске жұмсасамшы!»- деген өкініш туады. Сол себепті, біреудің уақытын алудың да сұрауы барын ұмытпаған жөн. Өнегелі, мазмұнды сөз айту турасында Жетес шешеннің айтқаны қандай мәнді:

«Адамның сәні - өнер,білім, ақылы,

Жердің сәні - жеміс, өнім, дақылы,

Сөздің сәні - өнегелі нақылы.

Пікірдің сәні - ойландырар мақұлы!»

Сөз арасында «әлгі», «жа-ңағы», «бағанағы», «нетіп», «яғни» деген секілді бір сөзді үздіксіз қайталай беру де сөйлеушінің кемшілігіне жатады. Сондай-ақ, сөз арасын бөтен сөзбен былғап я тілді шұбарламай, шұрайлы тіркес-тер қолдана білу кісінің діл-мәрлығын аңғартады. Тыныс-тауға демі жетпей қалатын науқас секілді, ойын айтуға әлсін-әлсін тілі жетпей қалатын сөзге шорқақ адамды тыңдау мен сөзге бай, тілге шешен, ойы жүйрік адамды тыңдау бірдей әсерге бөлемесі белгілі. Сөз маржанын тере білген ақын ағамыз Мұқағали бір өлеңінде:

«Тіл өнерін, сиқырлы сөз өнерін,

Оңбайсың, сөз өнерін тежегенің!

Тілден алмас жоғалса, сөзден - қанжар,

Бұл тірліктен бір күнде безер едім...»- деп, тіл қасиетін дұрыс па-рықтай алмай, сөз нарқының мәнін қашыратындарға қатты қынжылатындығын ұқтырған.

Кереңге айтып тұрғандай, қатты дауыстап не мылқауға айтып тұрғандай тым сыбырлап сөйлеу де кісіге жараспайды. Сондай-ақ, тыңдарманның сөз тыңдауға қаншалықты құлық-тылығын сезе білу де аса қажет. Неге десеңіз, құлықсыз я сөз түсінбейтін адамға әңгіме айту далаға айтылған сөзбен тең. Қанша ақылды сөз болғанмен, ол оның қадірін ұқпайды. Бұл туралы айтқан Абай атамыздың сөзі қандай мағыналы:

«Уәзінге өлшеп тізілген..

Қайран тіл, қайран сөз,

наданға қадірсіз...».

Сөз сөйлеу әдебіне бұдан басқа да: үлкен кісінің сөзін бөлмеу, біреуден естігенді біреуге жеткізбеу, сыр сақтай білу, әуелі амандаспай тұрып сөз бастамау, дөрекі сөйлемеу, тілді балағат сөздерге үйретпеу, ешкімнің көңіліне жара салмау, сыпайы сөйлеу, өзің жақсы білмейтін жайтты сөз етпеу, айтқан уә-деңде тұру, өтіріктен аулақ болу т.б. жатады.

Қорыта келгенде, адамдық қасиеттерді кемелдендіре түсуде дұрыс сөйлей білуге көңіл бөлудің орны ерекше. Өйткені, ол - адамның ішкі жан дүниесінің айнасы. Жүрек тазалығы мен ой тұнықтығының, мәдениеттілік пен кісіліктің белгісі, арабтарша айтқанда «ақылдың таразысы».

Иә, атам қазақ «Кісіні аузындағы сөзінен таны» деп бекер айтпаған.

Құдайберді Бағашар,

дінтанушы.

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: