Күмәнді істерден аулақ болу

Күмәнді істерден аулақ болу

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Ислам дiнiнде өзiндiк орны мен қадыр-қасиетi бар төрт мазһап жетекшiлерiнiң алғашқысы, қалғандарынан жасы да жолы да үлкенi Имам Ағзамның өсиеттерiнің бірінде: — Халал да, харам да ашық айтылған. Алайда олардың арасында күмәндi нәрселер де бар. Көпшiлiк оны бiле бермейдi. Одан бойын аулақ ұстаған пенде дiнi мен абыройын қорғайды. Күмәндi iстерден сақтанбаған кiсi харамға өтiп кетуi айдан анық. Мұндай кiсi рұқсат етiлмеген қорық маңында малын жайып жүрген шопан iспеттi. Оған, кез келген сәтте оның малы қорыққа өтiп кетуi мүмкiн. Барлық патшалардың тыйым салған үкiмдерi болғаны сияқты, Алланың да тыйым салған үкiмдерi бар. Ол — Алланың харам еткен iстерi. Ислам діні тазалыққа негізделген сенім мен амал болғандықтан, дін мамандары өз еңбектерінде адал мен арамның, оның арасындағы шүбәлі нәрселер туралы көп айтқан. Солардың бірі имам ән-Науауи:

عَنْ أَبِي عَبْدِ اللَّهِ النُّعْمَانِ بْنِ بَشِيرٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا، قَالَ  سَمِعْت رَسُولَ اللَّهِ  صلى الله عليه و سلم يَقُولُ ""إنَّ الْحَلَالَ بَيِّنٌ،وَإِنَّ الْحَرَامَ بَيِّنٌ،وَبَيْنَهُمَا أُمُورٌ  مُشْتَبِهَاتٌ لَا يَعْلَمُهُنَّ كَثِيرٌ مِنْ النَّاسِ، فَمَنْ اتَّقَى الشُّبُهَاتِ فَقْد اسْتَبْرَأَ لِدِينِهِ وَعِرْضِهِ، وَمَنْ وَقَعَ فِي الشُّبُهَاتِ وَقَعَ فِي الْحَرَامِ، كَالرَّاعِي يَرْعَى حَوْلَ الْحِمَى يُوشِكُ أَنْ يَرْتَعَ فِيهِ، أَلَا وَإِنَّ لِكُلِّ مَلِكٍ حِمًى، أَلَا وَإِنَّ حِمَى اللَّهِ مَحَارِمُهُ، أَلَا وَإِنَّ فِي الْجَسَدِ مُضْغَةً إذَا صَلَحَتْ صَلَحَ الْجَسَدُ كُلُّهُ، وَإذَا فَسَدَتْ فَسَدَ الْجَسَدُ كُلُّهُ، أَلَا وَهِيَ الْقَلْبُ". رَوَاهُ الْبُخَارِيُّ [رقم:52]، وَمُسْلِمٌ [رقم:1599]

Әбу Абдуллаһ Нуғман ибн Башир (Алла әкесі екеуіне разы болсын): «Мен Алла елшісінің (с.а.с.): «Ақиқатында, халал белгілі және харам белгілі , ал олардың арасында адамдардың көпшілігі білмейтін шүбәлі нәрселер бар. Шүбәлі нәрседен сақтанған өз дінін және өз абыройын (сақтау) үшін (одан) арылады, ал шүбәмен айналысушы харамға да баратын болады. Өйткені, ол әне-міне кіріп кеткелі тұрған қойларын қорық маңында бағып жүрген шопанға ұқсайды. Әр патшаның өз қорығы бар, ал Алла тағаланың қорығы (адамдарға) тыйым салғандары. Ақиқатында, адам денесінде бір кесек ет бар, ол жақсы болса, бүкіл дене жақсы болады, ол жаман болса, бүкіл дене жаман болады, шын мәнінде ол – жүрек», дегенін естідім», – деген. (Бұхари 52 және Мүслим 1599)

Расында халал анық

Халал дегеніміз бұл – Алла Тағаланың Құран Кәрімде және Оның елшісі (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) хадистерінде рұқсат етілгенін анық айтқан нәрселері. Мысалы: Алла тағала былай дейді:

ُحِلَّتْ لَكُم بَهِيمَةُ الْأَنْعَامِ إِلَّا مَا يُتْلَىٰ عَلَيْكُمْ غَيْرَ مُحِلِّي الصَّيْدِ وَأَنتُمْ حُرُمٌ ۗ

Яғни, түйелер, сиырлар, қойлар және олардан туылатындар рұқсат етілген болып табылады. Мәида сүресі, 1 аят Тағы да Алла Тағала: «Алла сауданы халал етті»

وَأَحَلَّ اللَّهُ الْبَيْعَ    («Бақара» 275)

Демек, сауда-саттық рұқсат етілген, әрине егер онда алдау, арбау сияқты тыйым салынған істер болмаса. Сонымен, нені Алла анық халал деп атаса, оны адам қолданса болады, әрі ол үшін адам еш күнә алмайды.

Харам да анық

Харам дегеніміз бұл – Алла тағала немесе Оның елшісі (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) анық тыйым салынған нәрселер. Бұған мысал ретінде Алла тағала мына сөздерін келтірсек болады: 

حُرِّمَتْ عَلَيْكُمُ الْمَيْتَةُ وَالدَّمُ وَلَحْمُ الْخِنزِيرِ وَمَا أُهِلَّ لِغَيْرِ اللَّهِ

Сендерге өліксе, аққан қан, шошқаның еті және Алладан өзгеге бауыздалған нәрсе тыйым салынған. («Мәида», 3-аят) және:

وَلَا تَقْرَبُوا الزِّنَا ۖ إِنَّهُ كَانَ فَاحِشَةً وَسَاءَ سَبِيلًا «Зинаға жақындамаңдар! Өйткені, ол арсыздық және жаман бір жол».

«Демек барлық іс-амалдар үш топқа бөлінеді. Бірінші топқа халал екендігі бүкпесіз анық халал нәрселер кіреді. Бұған мысал ретінде нан жеу, сөз сөйлеу, жүру, т.б. сол сияқты іс-әрекеттерді келтіруге болады. Екінші топқа анық харам нәрселер кіреді. Мәселен, арақ ішу, зинақорлық, т.с.с. Ал шүбәлі нәрселер дегеніміз — халал немесе харам екендігі белгісіз нәрселер. Сондықтан да адамдардың көпшілігі олар туралы біле бермейді. Ал ғұламалар мұндай іс-әрекеттің үкімін Құран аяттарынан, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадистерінен немесе қияс (салыстыру) арқылы біледі. Егер халал немесе харам екендігі белгісіз бір нәрсе кездессе, бұған Құран мен Сүннетте нақты нұсқау берілмесе, сонымен қатар бұл мәселе туралы ғұламалардың бірауыздан ортақ пікірі қалыптаспаған болса, онда мужтаһид өздігінше шешім іздейді. Үкім шығаруда шариғаттың ұқсас үкімдерін негізге алып, туындаған мәселеге қатысты халал не харам қорытындысын жасайды», – деген.

Шүбәлі нәрседен бас тарту—тақуалықтың белгісі. Мәселен, күмән келтіретін табыс көзі немесе өсімқорлыққа қатысы бар адамдармен іскерлік байланыс жасамау. Сондай-ақ, харам деп нақты көрсетілмеген, алайда алшақ жүруі тиімді әрі абзал болған іс-әрекеттерден сақтану.

Ал, шүбәлі нәрсеге және күмәнді амалға қатысы жоқ істе тақуалық танытамын деп, адам өзіне қиындық тудырмауы қажет. Мәселен, үлкен қала тұрғыны өз қаласындағы әйелдердің біреу-міреуі туысым болып қалуы мүмкін деген оймен үйленуден бас тарту. Яки, болмаса шөлдегі суды нәжіс түскен болуы мүмкін деп ойлап, ішуден бас тарту секілді. Мұндай іс-әрекет тақуалықтың белгісіне жатпайды. Қайта бұл – шайтанның азғыруының нәтижесі болып табылады.

Ибн Мунзир шүбәлі нәрселерді үшке бөледі:

а) Харам екендігі адамға әу бастан белгілі болған. Бірақ, оның халал не харам екендігінен күдіктеніп, ақырында күмән тудыра бастайтын нәрселер. Мұндай заттарды анық көз жеткізгеннен кейін ғана тұтынуға болады. Мәселен, екі қой сойылды дейік. Бір қойды пұтқа табынушы (немесе мұсылман емес адам) сойды. Екіншісін мұсылман қасапшы сойды. Екі ет те бір орынға қойылып, қайсысы «бисмиллаһпен» сойылғаны белгісіз болып қалды. Бұндай жағдайда етті қолдану немесе қолданбау мәселесі күдікті.

ә) Керісінше халал нәрсенің тыйым салынғандығына қатысты қандай да бір күмән пайда болуы. Мысалы, талақ етілгені күмәнді әйел; Анық дәрет алғаннан кейін ешқандай белгісі болмаса да дәрет бұзылды ма деген күдік.

б) Халалдығы да, харамдығы да бірдей шүбә келтіретін нәрселер. Ең жақсысы-олардан аулақ болу.

Хазіреті пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) бір хадисінде: «Мен үйге келгенімде төсек үстінде құрма жатыр екен. (Алдымен) оны жемек болып қолыма алдым. Бірақ (құрма) садақа ретінде әкелінген ба деген күмәнмен одан бас тартамын,» – деген (әл-Бұхари, Муслим).

Күнделікті тұтынатын және қолданылатын заттарға байланысты күмән және күдік тудырған нәрселерден бас тарту жайлы саңлақ сахабалар мен ізгі ғұламалардың бірер сөздерін айта кетейік.

Бір күні Әбу Бәкір (р.а.) бір (тағамды) нәрсені білместен жеп қояды. Тағамның шүбәлі екенін білген соң қол салып, құсып тастағаны белгілі.

Әбу Дарда (р.а.): «Тақуалықтың ең кемелдігі-пенденің Алла тағаладан қорқып, (мөлшері жағынан) тозаңдай (үлкен емес) нәрседен сақтануы. Сондай-ақ, харам болуы мүмкін деп халал (деп есептелетін) нәрсенің кейбіреуінен бас тарту болып табылады. Мұндай әрекет оны харамнан сақтайды», – деген екен.

Ал, Хасан әл-Басри: «Тақуалар өздерінің бұл қасиетін харамнан сақтанып, халал нәрселердің көпшілігінен бас тартуын тоқтатпайынша жоғалтпайды,» – деп айтқан.

Тақуалар туралы Суфиан әс-Сәури: «Ақиқатында, оларды тақуалар (муттақун) деп атай бастады. Өйткені, олар (әдетте адамдар) сақтанбайтын нәрселерден сақтанатын еді,» – деген.

Ибн Омар (р.а.): «Шын мәнінде мен, өзім мен харам заттың арасын халалдан қаланған тосқауылмен бөліп қоюды қалар едім,» – дейді.

Суфиан ибн Уиайна: «Пенде өзін халал нәрседен болған тосқауылмен харамнан бөліп қоймайынша және күнә істен, сондай-ақ күнә іске ұқсайтын амалдардан бас тартпайынша иманның ақиқатын ұғына алмайды,» – деген.

Алла тағала саңлақ сахабаларға, оларға адал жүрекпен ілескен шыншыл да әділ тақуаларға мейірім-шапағат етсін. Өйткені, олар өздерінің діні үшін шүбәлі нәрселерден құтылуға барынша әрекет жасаған. Бұл буын мұсылмандары мейлінше аталмыш мәселеде сақ болатын. Дін тазалығына аса мұқият еді.

Бірақ жалпы мұсылман қауымы сахабаларға тән болған аратықшылққа иелік ете алама? Осы жағдайды есекере отырып, Ислам ғұламалары Құран аяттары мен Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадистерін негізге ала отырып, жалпы көпшігікке арнап шүбәден сақтану жолдарын көрсете білді.

Кейбіреулер нарықтағы азық-түліктерде доңыз майы және сусындарда спирт болуы мүмкін, еттер “бисмиллә” айтылмай сойылған болуы мүмкін деп күмәнданып жатады.

Бұл орайда хазреті Имам Ғазали былай деген:

«Харам болмаған, бірақ күмәнді болған нәрселерден де сақтану керек! Хадис шәрифтерде “Күмәнді нәрсені таста, күмәнсіз нәрсені ал”, “Күмәнді нәрселерден сақтанған адам, дінін, намысын қорғаған болады. Күмәнді нәрселердің айналасында жүргендер харамға түсуі мүмкін,” – деп бұйырылды. Алайда азық-түлікте және сусындарда күмәнданып жемеу, тақуалық емес, қайта уәсуәса (азғыруға берілгендік) болып табылады. Мәселен, дініміз “харам екендігі білінбеген нәрселерді жеңдер!” деп бұйырған. Расулуллаһ алейһиссалам мүшриктің, ал хазреті Омар христианның құманынан дәрет алған. Сахабалар кәпірлер ұсынған судан ішкен. Алайда лас, нәжіс болған нәрселерді жеу харам болып табылады. Кәпірлер де (дәрет алып жүрмегендіктен) лас болады. Қолдары, ыдыстары шараппен былғанған болады. Малдарын “бисмиллә” айтпай сояды. Бұған қарамастан сахабалар нәжіс екендігі нақты білінбегендіктен уәсуәса етпей, ет, ірімшік секілді азықтарын алып жеген». (Ихия)

Хазреті Имам Қасталани былай деген:

«Пайғамбарымыз Хайберде сахабаларымен бір яһудидің у қосып берген кәбабынан бір үзім жегеннен кейін “Бұл ет маған улы екендігін айтты” – деп басқа жемей қойды және соңғы сырқатында “Хайберде жеген улы еттің зардабын әлі сезіп тұрмын” – деп айтқан еді». (Мәуахиб)

Расулуллаһ алейһиссалам яһудидің нанын, майын, тамағын “бұл таза ма?” деп сұрамастан жеді. Бұл доңыздың майы ма, қойдың майы ма, нанның қамыры сумен ашытылды ма әлде шараппен ашытылды ма деп сұрамады. Мүшрик әйелдің құманынан дәрет алды. Бұлардың бәрі сұрастырудың керегі жоқтығына дәлел болып табылады. (Бәриқа)

Хазреті Имам Раббани былай деген:

«Кәпірлердің денелері емес сенімдері лас. Құран кәрімде “Кітапты кәпірдің (яһуди, христиан) пісіргендерін жеу халал болып табылады”. Кәпірлермен сауда-саттық жасаған мұсылмандарды лас демеу керек, олардың тағам, сусындарынан күмәнданбау керек! Күмәндану (шүбһә) ықтияттық емес, күмәнданудан құтылу ықтияттық болып табылады». (Мәктубат 3/22)

Кәпірлер тамағымызға нәжіс қосуы мүмкін болғаны секілді, у да қосуы мүмкін. Әлгі яһуди де пайғамбарымыздың тамағына у қосқан еді. Пайғамбарымыз сұрастырмай-ақ, зерттемей-ақ ол тамақты жеген еді. Өйткені, нәжіс екендігі білінбеген тамақты жемеу тақуа емес, уәсуәса болады. Дініміз уәсуәсадан қашуды әмір еткен. (Хадиқа)

Дінімізде “бір нәрсенің халал болуы үшін дәлел ізделінбейді, харам болуы үшін дәлел ізделеді” деген қағида бар. Нәжіс екендігіне дәлел жоқ болса, таза деп қабылданады. (Усули Пәздәуи)

Маргарин, шұжық, сусындар және басқа да азық түрлерінің ішіне нәжіс қосылса, бірақ қосылғаны білінбесе жеу жаиз болады. Білу – тікелей өз көзімен көру немесе әділ мұсылмандардың нәжіс қосылғанын біз көрдік деп айтуымен болады. "Қосылады екен, қосылады-мыс" деумен харам болмайды. (Әшбах)

Сабындарға да доңыз майы қосылуы мүмкін. Бірақ нәжіс қосылған май немесе доңыз майынан сабын жасалғанда, шараптан сірке суы жасалғанда бұлар да тазарады. Өйткені, химиялық реакциялар заттың табиғатын түбегейлік өзгертеді.

Азық-түлік заттарында, оның өтімділігін мақсат етіп, түсін немесе дәмділігін арттыру үшін арам нәрселер араласуы мүмкін. Фабрикада ішіне әр түрлі нәжістер қосылған болуы мүмкін. Немесе немқұрайлық себебінен де нәжіс араласқан болуы мүмкін. Нан пісіруге ашытылған қамырдың ішінде этиль спирті пайда болады, өйткені, ол басқа жолмен ашымайды. Өнеркәсіптерде тосаптың (варенье) ішіне тышқан түсіп кеткен болуы мүмкін. Өндірушілер бәлки, ол тосапты төгіп тастамаған шығар. Сусындарға қосылатын эфир майы спирт ішінде ерітілген болуы мүмкін. Яғни, осындай себептермен тағамға әр түрлі нәжіс араласып кету ықтималдығы бар. Бірақ ішінде нәжіс бар екендігі анық болмаған бүкіл азық-түліктер таза деп қабылданады, жеуі күнә болмайды.

Азық өнімдерінде және “Е” кодымен басталатын қоспаларды ашық түрде доңыздан алынған май немесе ет қолданылғаны жазылмаған болса, ондай азық-түліктерді жеудің зияны жоқ. Егер жазылған болса, онда желінбейді. Сондықтан нәжіс қосылғандығы нақты білінбейінше сақтану – уәсуәса, негізсіз және зиянды болып табылады.

Алла Тағала баршаңызға шүбәден сақтанып, нағыз арам амалдарды тануды нәсіп еткей!

Аят ДЫБЫСҰЛЫ,

Тараз қалалық Әулие-ата

 мешітінің бас имамы

 

 

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: