Меккеде қажыларға арнап бас мүфти атынан дастархан жайылды

Меккеде қажыларға арнап бас мүфти атынан дастархан жайылды

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Қасиетті Құрбан айт қарсаңында Мекке қаласында Қазақстан Қажылық Миссиясының ұйытқы болуымен қажылық парызын өтеп жүрген отандастарымызға жылдағы дәстүр бойынша Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы атынан арнайы ақ дастархан жайылды.

Игі шараға елімізге белгілі ғалымдар, зиялы қауым өкілдері, айтыскер ақындар, қажылық компания басшылары, миссия мүшелері қатысты. Іс-шара Құран аятымен басталып, ауызы дуалы ақсақалдар бата берді. Мерекелік шараны жүргізген Балғынбек Имашев құттықтау сөз сөйлеу үшін зиялы қауым өкілдерін мен ақсақалдарды мінберге шақырды.

Бейбіт МЫРЗАГЕЛДИЕВҚазақстан Қажылық Миссиясының төрағасы:

«ДӘРІГЕРЛЕРІМІЗ 24 САҒАТ МЕДИЦИНАЛЫҚ КӨМЕК КӨРСЕТЕДІ»

«Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жанынан қажылық сапарын ұйымдастырумен айналысатын арнайы Қажылық Миссиясы құрылған. Миссия құрамында уағыз-насихат тобы, дәрігерлер тобы, ақпараттық түсіндіру жұмыс топтары бар. Аталған топ қажылыққа келген азаматтардың қауіпсіздігін, денсаулығын қадағалау жұмыстарын жүргізуде. Осындай шаралардың бірі – жыл сайынғы дәстүр бойынша Бас мүфти атынан ас беріліп отыр. Өздеріңізге белгілі, Мекке қаласында Қазақстан Қажылық Миссиясының құрамындағы дәрігерлеріміз кезекшілік ауысыммен қажыларға 24 сағат медициналық көмек көрсетеді, уағызшылар тобы да түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, сұрақтарға жауап беруде.  Баршаларыңызды қасиетті Мекке қаласына келулеріңізбен құттықтаймын. Келе жатқан Құрбан айт мерекесі мүбәрак болсын! Қажылықтарыңыз қабыл болып, елімізге аман-есен қайтуымызды Алла нәсіп етсін».

Софы СМАТАЕВжазушы, ақын:

«ҚАЗАҚ ЕЛІ АЙРАНДАЙ ҰЙЫҒАН АЙБЫНДЫ ЕЛ БОЛСЫН»

«Аллаға шүкір, соңғы уақытта қоғамның елге деген сүйіспеншілігі мен махаббатын оятатын іс-шаралар Діни басқарма тарапынан жиі ұйымдастырылып келеді. Қажыларды елеп-ескеріп басын қосып жатырсыздар, бұл да – игі сауапты іс. Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлына ризашылығым шексіз. Діни, рухани бағытта атқарып жатқан жұмыстары бір төбе, Қазақстан қажыларына парызын өтеуге барлық мүмкіндіктер жасалған.

Жастарымыз иманды, ибалы болсын, қазақ елі айрандай ұйыған айбынды ел болсын деп қасиетті мекенде дұға, тілек айтудамыз. Алла Тағала тілегімізді қабыл етсін».

Розақұл ҚАЛМҰРАТОВқоғам қайраткері:

«ИМАНДЫЛЫҚ – ҰЛТТЫҚ РУХТЫҢ НЕГІЗІ, ДЕМ БЕРУШІ КҮШІ»

«Құрметті ағайын! Имандылыққа бет бұрған халық қана тарих бетінен өшпейтінін жақсы білеміз. Өйткені, ұлттық рухтың негізі, дем беруші күші – имандылық. Дініміздің жанашыры Елбасының ел игілігі үшін жасап жатқан жақсы бастамаларымен туған жерімізде бейбітшілік пен достықты нығайтудың жарасымды үлгісі қаланды. Кеңпейіл, сабырлы, аузынан Алласы түспеген тәубашыл халқымыздың зор мұсылмангершілігі оның өзге діндегі көрші елдермен де тіл табысып, еларалық татулықты сақтауға септігін тигізуде. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы да өзінің қызметін көп ұлт пен ұлысты еліміздің ынтымағы мен бірлігін күшейте түсуге бағыттап отыр. Өйткені, дін татулық пен тыныштық бар жерде ғана өсіп-өркендейді.  Алла Тағала бүгінгідей берекелі де бейбіт заманымызды мәңгілік етсін. Мәңгілік елге мәңгілік татулық тұрақ-тасын деп тілеймін!».

ҚМДБ Қажылық Миссиясының ақпарат бөлімі

 taglym.kz
ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: