ОБЛЫСТЫҚ "БАТА - СӨЗДІҢ АНАСЫ" САЙЫСЫ ӨТТІ

ОБЛЫСТЫҚ "БАТА - СӨЗДІҢ АНАСЫ" САЙЫСЫ ӨТТІ

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Бата – халық қазынасы. «Жаңбырменен жер көгерер, батаменен ел көгерер» деп қазақ халқы бекер айтпаса керек. Қарты бар үйдің шырағы еш сөнбейді. Бата айтылатын үйден ырыс-несібе, береке арылмақ емес. Салт-дәстүрлердің ішіндегі ең асылы, көңілдің сәнін келтіріп, өмірдің мәнін ұғындыратын рухани құндылығымыз ол – бата деп айтсақ еш қателеспейміз. Бата - ол дұға. Бата – жақсылық пен игі ықыластың, ақ тілектің айғағы. Бата сұрау - өзі қалаған адамнан ықылас пен ризалық, жақсы тілек пен жарасымды алғыс сұрау деген сөз.

Осынау дәстүрді жаңғырту мақсатында Тараз шаһарында көненің көзі болған "Әбдіқадір" мешітінде "Бата - сөздің анасы" атты облыстық бата беру сайысы өтті. Жарысқа Тараз қаласы, Жамбыл және Байзақ аудандары бойынша 14 ақсақал қатысып, бата берудің үлгісін көрсетті.

Қазақы ою шапанын киген қариялардың ішінен үздігін анықтау үшін құрылған әділ қазы алқасына  ҚМДБ-ның Жамбыл облысы бойынша Бас имамы Бейбіт Мырзагелдиев, Тараз қаласының бас имамы Ержан Аманбаев, Байзақ ауданының бас имамы Қанат Жұмағұл, Жамбыл ауданының бас имамы Ғайырфулла Амирбеков мүшелік етті.

Әділ қазылардың шешімі бойынша 1 орынды Жамбыл ауданынан келген 1949 жылғы қария Орынбай Рсбаев иеленді. Ал 2 орын Тараз қаласы "Фердаус" мешітінің қариясы Аман Қасымбековке, 3 орын Жамбыл ауданының тумасы Қожамқұл  Алдабергеновке бұйырды. Жеңімпаздарға бағалы сыйлықтар тарту етілді. Сонымен қатар барлық сайысқа қатысқан Ілияс Нұрымбетов, Азамат Айымбетов, Әбірбек Бекботаев, Бакубек Скендиров, Жұмажан Айманов, Хакимжан Миритаев, Жанат Молдабаев, Ануар Миратаев, Ақберген Қалматбеков, Кенжебай Қадыров, Ыстыбаев Асанбек сынды қарияларға марапат қағаздары мен сый-сыяпаттар табысталды.  

Бірінен-бірі асып түсіп, алақан жая бата берген ақсақалдардың ішінен үздігін анықтау оңайға соқпады. Көп ішінен оқ бойы озып шыққан қария Орынбай Рсбаев Елордада өтетін республикалық "Ақ бата" сайысына қатысуға жолдама алды. 

Бас имам Бейбіт Әліпбекұлы қарияларға алғысын жаудырып, ұзақ ғұмыр тіледі. Сонымен қатар, Астанаға аттанатын Орынбай ақсақалға жылы лебізін білдіріп, еліміздің амандығы үшін бата сұрады. 

Ақерке БЕКҚҰЛОВА

 "Һибатулла Тарази" мешітінің баспасөз қызметі

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: