Таңымыз тыныш атса екен...

Таңымыз тыныш атса екен...

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Жуырда ҚМДБ-ның төрағасы, Бас мүфти Н.Т.Өтпенов биылғы жылды «Ислам – ынтымақ және бірлік діні» деп атады. Яғни, дін саласындағы барлық мамандарды осы бағытта жұмыс істеуге шақырды. Сол орайда, біз де осы жылғы ең алғашқы мақаламызда елімізде ылайым Алланың бейбіт заманы болсын деген ниетпен "тыныштық" тақырыбында бастап, азды көпті білгенімізден қағаз бетіне түсіргенді жөн көрдік.

  Ислам діні – тыныштық пен рақымдылық діні. Иләһи кітабымыз Құран Кәрімде Рамазан айы, соның ішінде Қадір кешінде таңға жақын тыныштық орнаған уақытта түскен екен. Құран Кәрім адамдарды тыныштыққа шақырады әрі соған үндейді. Ұрыс-керіс, жанжал, дау-дамайды қаралап және де адамдардың түрлі жіктерге бөлінулерін еш құптамайды.

  Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): "Кімде-кім өз үйінде тыныштық тапқан халде таң атыратын болса,(яғни бейбіт өмірді басынан кешсе) онда ол пендеге бұл дүниедегі үлкен нығметтердің бірі берілген екен",- дейді. (Тирмизи)

  Алла Елшісі (с.ғ.с.) дін Исламды насихаттау жолында көбінесе адамдарды әркез тыныштық пен татулыққа шақыратын еді. Худайбия келісімі кезінде мүшріктерге қойған бірнеше шарттардың ішінде тыныштық мәселесін бекіткен кезде де мүшріктер бұл ұсынысқа дән риза болған екен.

   Төмендегі мына бір хадис біздердің қазіргі қоғамымызда ең керекті болған әрі үлкен роль атқарады деп ойлаймыз. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): "Бір-бірлеріңізге жамандық жасамаңыздар, нарықты көтеру үшін жалған сауда жасамаңыздар, бір-бірлеріңізді жек көрмеңіздер, бір-бірлеріңіздің сыртарыңыздан сөз тасымаңыздар, біреу басқа біреудің саудасының үстінен сауда жасамасын. Алла Тағаланың бауырмал пенделері болыңыздар. Мұсылман мұсылманға аға мен іні. Оған зұлымдық жасалынбайды. Оны қорламайды. Онымен құрметсіздік арқылы мәміледе болмаңыздар. Тақуалық дегеніміз мына жерде (3 рет жүрегін көрсетті). Әрбір мұсылманның басқа бір мұсылманға жаны, қаны, дүниесі (қиянат жасауы) харам болып табылады" деді. (Муслим риуаяты)

    Хадистің мағынасына терең үңіліп қарайтын болсақ әрі сол айтылғандарға терең мән беріп, шариғат қағидаларына өте сақ болатын болсақ, басымызда әрқашан сау-саламаттылық, тыныштық пен бейбіт өмірдің болары еш күмәнсіз. Өз еліңді, өз жұртыңды сынап даттағанмен басқа біреу сізге ел-жұрт, отан, қоғам бола алмайды. Пенде әр істе сабырлылық танытқаны абзал.

    Ислам дінінің түпкі мақсаты да тыныштық. Оған дәлел, тіпті әрбір сәлем беруші екі адамдар да бірлеріне Алланың сәлемін жолдайды. Демек, Ислам сөзі – бейбіт, тыныштық және амандық болып табылады.

   Ислам діні Жаратушысына мойынсұнған, Пайғамбарына итағат еткен, әр амалын шынайы түрде орындаған мұсылманның барар жерін жәннат мекенімен сүйіншілейді.

    Жәннат Жаббар Иеміздің өз пенделеріне дайындаған құтты мекені болып табылады. Жәннатты жұмақ деп те атаймыз. Жәннаттың хош иісі ең алыс қашықтықтан болса да жетіп тұрады екен. Ол жерде өкпе-нала, реніш, қызғаныш, ауру, қауіп, ұрыс секілді нәрселер мүлдем болмайды. Жәннат иелері бір-бірлеріне өзара тек тыныштық, саламаттылық тілеп тұрады екен. Құран Кәрімде: "Сондай иман келтіріп, ізгі іс істегендер, Раббыларының рұқсатымен ішінде мәңгі қалатын, астынан өзендер ағатын жәннаттарға кіргізіледі. Олардың жәннаттағы амандасулары "сәлем" болады. («Ибраһим» сүресі, 23 аят).

Яғни, жұмаққа кірушіге де жұмақтағы адамдардың бір-бірлеріне айтатын сөздері тек ғана "Сізге Алланың сәлемі мен амандығы және тынынштығы болсын" деген сөздер ғана болады екен.

Олай болса, құрметті оқырман, осы өмірдің тыныштығын сақтау өз қолдарымызда екен. Басымызда тыныш заман болғаны - демек, сәбилеріміздің тыныш ұйықтағаны.

             Мақала ретінде жеткізіп айтайын дегеніміз, әрбір мұсылман пенде бүгінгі күндерімізге шүкіршілік ете отырып, әрқашан тыныштықтың қадіріне жете білуді насихат ретінде айтпақпыз. Тыныштық қалай қалай сақталады? Әр адам өз отанына, өз шаңырағына жанашырлықпен, сабырлықпен қарауында екен. Мысалы, сабыр сақтамасаңыз жанұяңыздан ажырауыңыз мүмкін т.б.

             Отан демекші, кезінде ертеректе араптар қандай да бір алыс өлкеге сапар шегетін болса, иіскеп жүру үшін өзімен бірге өз отанының бір уыс топырағын ала кететін болған екен. Осы топырақ ол адамның отанға деген сезімін, сағынышын ұмыттырмай жүретін болған екен.

             Хадис шәріптерде бұған ұқсаған көптеген мысалдар бар. Бәрінің мақсаты Отанға деген сүйіспеншілікті орнату. Өкініштісі сол, көп адамдар басындағы кейбір үлкен нығметтердің қадірілеріне жете білмейді. Тек ол нығмет басынан ұшып кеткенде ғана сезіледі. Міне, сондай нығметтердің бірі-жұртымыздың тыныштығы. Ал енді осы бейбіт заманды қалай ұзағынан сақтауға болады? Ол үшін кейінгі ұрпақтарға дұрыс тәлім-тәрбие берулеріміз ең басты міндеттеріміз. Соның ішінде сабырлылық, отансүйгіштік, оларға әр адамның өз отанына қандай да бір өз үлесін қосуды үйрету болып табылады.

            Сол үшін де хазреті Омар (р.ғ.): "Егер отанға деген сүйіспеншілік болмағанда, адамдар отансыз қалар еді", - дейді.

Алла Тағала елімізде тыныш заман, бейбіт өмір сақталуын нәсіп етсін!

Үмбет САБЫРХАНОВ

"Әл-Хақ" мешітінің имамы

Т. Рысқұлов ауданы

asyldin.kz

 

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: