Көрші ақысы – тәңір хақысы!

Көрші ақысы – тәңір хақысы!

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Әлемдердің Раббысы – Алла тағалаға мақтау айтып, біздерге Ислам діні үкімдерін жүктеп, мәртебе бергені үшін шүкір етеміз. Ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафаға (с.а.у) қиямет-қайымға дейін салауат  айтамыз.

Алла Тағала «Ниса» сүресінің 36-шы аятында:

«Аллаға құлшылық жасаңдар. Оған ештеңені ортақ етпеңдер. Ата-аналарыңмен, туған-туыстарыңмен, жетімдермен, қамқорлықты керек қылған адамдармен, алыс-жақын көршілеріңмен, достарыңмен, қол астарыңдағы қызметшілермен жақсы араласыңдар. Алла барлық дандайсыған мақтаншақтарды жақсы көрмейді» - деп бұйырады.

Аяттағы «көрші»  ұғымына кімдер жататындығына орай, көршілердің мынадай жіктелуі жасалған: Есігінің аузы тым тақау көрші басқаларға қарағанда тым жақын болып есептелінген. Туыстық жақындығы бар немесе үйлері бір-біріне жақын адамдар «жақын көрші» деп аталған. Үйлері бір-бірлеріне жақын да, алыс та емес, өзге діндегілер алыс көршілерге жатқызылады.

Айша (р.а.) анамыз мұның төңіректегі қырық үйлік арақашықтық екенін айтқан. Көрші ақысы осы қашықтыққа тән екенін білдірген. Ал, Али (р.а.) адамның даусы жететін жердегілердің барлығы көрші болып саналатындығын білдірген.   

 Пайғамбар (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) көршілік ақысы тұрғысынан оларды үшке бөлген:

  • Бір ғана ақысы бар көршілер. Бұл мұсылман емес көршілер. Бұлардың тек көршілік ақысы бар.
  • Қос ақысы бар көршілер. Бұл мұсылман көршілер. Бұлардың көршілік ақысымен қатар мұсылман бауыр ретінде ақысы бар.
  • Үш бірдей ақысы бар көршілер. Бұл мұсылман әрі туыс болып келетін көршілер. Бұлардың көршілік, мұсылмандық және туыстық ақысы бар.

Осылайша, Ислам шариғаты мен әдебі барша мұсылмандарды көршілерімен, тіпті Аллаға сенбейтін болса да олармен  жақсы болуға шақырады.

Ибн Омардан (р.а.) жеткен риуаятта Алла Елшісі (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Маған Жебірейіл періштенің көрші ақысы туралы көп өсиет айтқандығы соншалықты мен көршім мұрагеріме айналатын шығар деп ойладым,» − деген.

Көршілерімізбен әрдайым ізгі ниетте болып, сәлем беріп, оқта-текте үйлеріне бас сұғып, хал-жағдайларын сұрап тұру керек. Ауырып қалса, үйіне барып, хал-жағдайын сұрау, ол жоқта бала-шағасы мен мал-мүлкіне бас-көз болып, қарайласу міндетіміз. Бір адамның бірнеше көршілері болуы әбден мүмкін.

Көрші адам мұсылман не кәпір, тақуа не пасық, дос не дұшпан, жергілікті не шетелдік, пайдалы не пайдасыз болуы ықтимал. Қалай болғанда да олардың ішіндегі қайыр жасауға ең лайықтысы ең жақын тұратын көрші.

Көршілерімізбен әрдайым ізгі ниетте болып, сәлем беріп, оқта-текте үйлеріне бас сұғып, хал-жағдайларын сұрап тұру керек. Ауырып қалса, үйіне барып, хал-жағдайын сұрау, ол жоқта бала-шағасы мен мал-мүлкіне бас-көз болып, қарайласу міндетіміз. 

Әнес бин Мәлік (Оған Алла разы болсын) жеткізген риуаятта Алла Елшісі (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) былай дейді:

«Жанындағы көршісінің аш жатқандығын біле тұра өзі тоқ болып жатқан адам маған нақ иман келтірген емес,» – дейді.

Қарбалас дүние тіршілігінің қамымен жүріп, кейде өзімізден басқаны ойлауға шамамыз келмей жатады. Қысыл-таяң шақта ауыртпашылықты бірге көтерісетін, қуансақ қызығымызды бірге бөлісетін, «алыстағы ағайыннан жақын» болатын көршілерді кейде ұмытып кетіп жатамыз. Енді біреулеріміз тіпті айналамыздағы көршілерді танымай да жатамыз.

Ел аузында жақсы көрші туралы мағыналы хикая бар. Ертеде Лұқман хакімнің бір шаһарда екі үйі болыпты. Бірі хан сарайындай үлкен болса, бірі шағын, жұпыны екен. Бір күні Лұқман хакім үйін сатып, өзге қалаға көшпек болып, үйлерін сатпақ болады. Сонда ол кең сарайлы үйін арзанға, ал лашығын қымбатқа бағалайды. Алушы түсінбей, оның мәнісін сұрайды. Лұқман хакім: – Мына үйім лашық болғанмен, көршім – жақсы адам. Ондай көршіні Алла өзі нәсіп етпесе, шаммен іздеп таппайсың. Сондықтан үйдің құнын емес, абзал көршімді қымбатқа бағаладым, – депті.

Көршімен тату болсақ, қонақжай әрі жәрдемшіл болсақ бұл өмірімізге де, ақыретімізге де пайдалы болары сөзсіз. Алыстағы ағайыннан қасыңдағы көршің жақсы деген қазақ мақалы да тегін емес. Мұсылман халқы аталмыш мәселеге аса назар аударуы қажет. Мұсылманның мұсылмандығы да осы амалдан көрініс таппақ.

Алла Тағала баршамызға өзінің тура жолда болуын, әке – шешеміздің тірі күндерінде разылығын алуын, көршімізбен бауырдай болып, жақсы қарым- қатынаста болуын нәсіп етсін! 

Ахат Қайыпбергенұлы.

Талас  аудандық Қаратау «Қажы би»

орталық мешітінің ұстазы.

 asyldin.kz

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: