АЛЛА ТАҒАЛАҒА СЕРІК ҚОСУДЫҢ ҚАСІРЕТІ

АЛЛА ТАҒАЛАҒА СЕРІК ҚОСУДЫҢ ҚАСІРЕТІ

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

 Барлық мақтау әлемдердің Раббысы болған Аллаға сансыз мадақтар болсын! Алланың игілігі мен сәлемі адамзаттың абзалы, пайғамбарлардың ардақтысы болған Мұхаммедке болсын!

«Серік қосу», яғни араб тіліндегі әш-ширк сөзі «бөлік», «бірнеше құдайлардың барлығы туралы жалған дүниетаным» деген мағыналарды білдіреді. «Әшрәкә билләһ», яғни «Аллаға серік қосты» дегеннің мағынасы оның билігіне бір серікті таңды дегенді білдіреді. Мысалы, Құран Кәрімдегі Лұқманның баласына айтқан сөзі: «Сонда Лұқман өзінің ұлына уағыздап: «О, ұлым! Аллаға серік қоспа! Расында, серік қосу өте зор күнә», – деді» (Лұқман, 13).

Серік қосу сөзінің шариғаттағы мағынасы жоғарыда аталған тілдік мағынасымен тамырлас. Яғни, ол пенденің Алла Тағалаға Оның жаратқан нәрселерінің арасынан бір теңдес жасап алуы немесе Оның билігіне ортақ қосуы немесе Одан өзге пұт тасқа, не адамға, не күнге, не айға, не жұлдызға, не бір пайғамбарға, не патшаға, не ғалымға, не жынға және сол сияқты басқа да нәрселерге табынып, сыйынуы.

Алла Тағала былай дейді: «Барлық мақтау, бала иемденбеген әрі мүлкінде еш серігі болмаған Аллаға деп айт» Исра, 111); «Өздерін біліп тұрып Аллаға ортақ жасап алмаңдар» (Бақара, 22).

Осы тұрғыдан алғанда серік қосу ислам дінінің басты қағидасы –таухидке қарама-қарсы ұғым. Яғни, таухид дегеніміз – Алланы бір деп танып, Оны жаратушылық әрі патшалық сипаттарында жеке-дара деп біліп, Оған құлшылық қылу болса, серік қосу осыларға керағар әрекет жасау.                                     

Алланың бірлігі – таухид бұлжымас ақиқат, ал серік қосу түкке тұрғысыз алдамшы, жалған нәрсе. Барлық пайғамбарлардың, ізгі адамдардың сенімі бірқұдайлық сенім болатын. 

Алла Тағала былай дейді: «(Уа, Мұхаммед!) Сенен бұрын қандай да бір пайғамбар жіберсек те Біз оған: «Алладан басқа құдай жоқ және Маған ғана табыныңдар» деп уахи еттік». (Әли Имран, 19); «Шынында Біз әрбір үмбетке «Аллаға ғана табынып, бұзықтықтан аулақ болыңдар» дейтін пайғамбар жібердік» (Нахыл, 36); «Алладан басқа құдай жоқ екендігін біл» (Мұхаммед, 19).   

Мысалы, Құран Кәрімде Жүсіп пайғамбардың (а.с.) абақтылас жолдастарына айтқан уағызы былайша келтіріледі: «Уа, абақтылас екі жолдасым! Түрлі құдайлар жақсы ма, әлде Жалғыз Қаһарлы Алла ма? Сендердің Одан өзге табынатындарың бар болғаны өздерің және аталарың атаған атаулар ғана! Алла олар жайында еш дәлел түсірмеген.

Үкім Аллаға ғана тән. Ол Өзіне ғана табынуларыңды бұйырды. Міне, сол тұп-тура дін, алайда адамдардың көбі мұны білмейді» (Жүсіп, 39-40).                                                    

         Ендеше, бір Құдайға ғана құлшылық қылып, Соған ғана табынуға, Содан ғана жәрдем, медет сұрауға шақыру барлық пайғамбарлардың дағуаты болған.

Ғани ЖАНҰЗАҚҰЛЫ

Жамбыл ауданы, Бектөбе ауылы

"Бектөбе" мешітінің имамы

 asyldin.kz

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: