Шәууәл айының оразасы

Шәууәл айының оразасы

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Бүкіл әлемнің Раббысы болған Аллаға сансыз мадақтар болсын! Алланың игілігі мен сәлемі соңғы пайғамбар Мұхаммедке болсын! Шәууәл айының оразасы. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Кімде кім Рамазан айының оразасынан соң Шәууәл айында 6 күн ораза ұстаса, бір жыл ораза ұстағандай болады» – деп,  бұл айда ұсталатын алты күн оразаның мол сауабын сүйіншілеген (Сахих Мүсілім). 

Бұл ораза сауабының бір жылға пара-пар келуін былайша түсінуге болады. Алла Тағала Құран Кәрімде: «Кімде-кім бір жақсылық жасаса, оған оның он есе қарымы беріледі» – деген. Ғалымдар Шәууәл айындағы алты күн оразаның бір жылдық сауабын осы аятпен байланыстырады. Рамазан айындағы отыз күн мен Шәууәл айындағы алты күн қосылғанда, отыз алты күн болады. Бұл сан он есеге көбейтілсе, үш жүз алпыс күнді құрайды. Міне, бұл да Жаратушы Иеміздің бізге деген шексіз мейірімі. Шәууал айындағы оразаға қатысты кейбір мәселелер:

1. Шәууәл айының оразасы нәпіл ораза болып табылады. Яғни, мұны ұстау ешкімге міндет емес, мұсылманның өз еркінде. Дегенмен, мұны ұстамаған жан жоғарыда келтірген Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадисіндегі бір жылдық оразаның сауабынан құр қалады.  

2. Шәууәл айының нәпіл оразасы тек Шәууал айында ғана ұсталады. 

3. Шәууәл айының нәпіл оразасын арасын үзбей қатарынан, сонымен қатар арасын үзіп бөлек-бөлек күндерде де ұстауға болады.  Мысалы: дүйсенбі, бейсенбі күндері.

4. Рамазан айында түрлі себептермен кей күндерін қаза етіп алған кісілер Шәууәл айында әуелі Рамазанның қазасын өтеуіне де, сонымен бірге Шәууәлдің алты күндік нәпілін ұстаса да болады.

5. Рамазан оразасын ұстамаған адамдарға да Шәууал оразасын ұстауына болады. Алайда, олар Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) сүйіншілеген бір жылдық оразаның сауабын ала алмайды. Себебі, Рамазан оразасы – парыз. Оны ұстамау – үлкен күнә.

6. Шәууал оразасы да Рамазан оразасы  секілді «таң» намазынан (Таң намазының кіруіне 10 минут қалғанда ауыз бекітіледі) басталып, «шам» намазына дейін жалғасады.

7. Ораза айттың бірінші күні ешқандай ораза ұсталмайды. Айттың екінші күнінен бастап шәууәл айындағы алты күндік нәпіл оразаны немесе қаза оразаларды ұстай беруге болады.   

8. Ауызашарда қалай дұға жасалады? Ауыз ашқанда да әдеттегідей сумен немесе құрмамен ашып, қазақшалап тілек-дұғасын жасай бересіз. Арнайы ниет-дұғасы жоқ. Алла тағала баршаңыздың ниеттеріңізді қабыл етсін! Отбасыларыңызға Алланың амандығы мен берекесі болсын!

Таңатаров Ғани Жанұзақұлы

Жамбыл ауданы Бектөбе ауылы

"Бектөбе" мешіт имамы  

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: