ШАРАПАТЫ МОЛ ШАҒБАН АЙЫ

ШАРАПАТЫ МОЛ ШАҒБАН АЙЫ

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Берекеті мол айлардың бірі – Шағбан айы. Ол – қасиетті үш айдың бірі, құлшылықтарымыздың сауабы еселеп жазылатын берекелі ай. «Көптеген жақсылықтардың бастауы» деген мағынаға ие «Шағбан» сөзімен аталған қасиетті ай Ережеп айының бітуінен хабар  беріп, Рамазанның жақындағанын сүйіншілейді.

Сүйікті Пайғамбарымыз (Алланың оған игілігімен сәлемі болсын ) «Алла Тағалам, Ережеп пен Шағбан айларын берекелі ете гөр. Бізді Рамазанға аман-есен жеткіз», -  деген дұғасын жиі айтатын. Қасиетті шағбан айына белгілі бір дайындық жасаудың мәні зор. Өйткені, Әбу Әмәмә әл-Бәһилиден (Алла оған разы болсын ) жеткен хадисте Алла Елшісі  (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын): «Шағбан айы кіргенде, өздеріңді тазалаңыздар және ниеттеріңізді дұрыстаңыздар», - деген. Бұл айдағы сауабы көп құлшылықтың бірі-ауыз бекітіп, нәпіл ораза ұстау. Пайғамбарымыз (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) шағбан айының көбін ораза мен өткізетін болған. Шағбан айындағы Алла Елшісінің (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) өнегелі өмірінен Айша анамыз (Алла оған разы болсын) былайша баяндайды: «Алланың елшісі кейбір айлардың көбінде ораза ұстайтын. Тіпті, оны бұл айда мүлдем ауыз ашпады деп те ойлайтынбыз. Кейбір айлардың көбінде ауыз ашатын. Тіпті, біз оны бұл айда ешбір ораза ұстамады дейтін едік. Алла Елшісінің Рамазан айынан басқа айда толық ораза ұстағанын, сондай-ақ,шағбан айындағыдай көбін оразамен өткізгенін көрмедім».

Пайғамбарымыз (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) рамазаннан басқа айларға қарағанда, Шағбан айында көп ораза ұстап, былай дейтін: «Сауапты амалдардан шамаларың жететінін жасаңдар. Өйткені, сендер жалықпасаңдар болғаны, Алла сендерге ешқашан жалыққандай сыңай танытпайды. Алла Тағала қабыл алатын ең жақсы амал – аз болса да үзбей істелген іс».

Бірде саңылақ сахабалардың бірі Усама ( Алла оған разы болсын) шағбан айында көп ораза ұсатауының сырын білу үшін;

 «Уа, Алланың елшісі, дәл шағбан айында жиі ораза ұстағаныңыздай басқа айда мұншалықты ораза ұстағаныңызды көрмедім», - деп сұрағанда: 

 «Шағбан –адамдардың басым көпшілігінің рамазан мен Ережеп айларының ортасында мән бермей кететін айы. Бұл айда амалдар Алла Тағаланың құзырына көтеріледі. Мен де амалдарымның ораза  ұстаған кезімде Алланың құзырына көтерілгенін қалаймын», - деген жауап естіген. Ал, Әнас ( Алла оған разы болсын): « Алла Елшісінен ( Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын ) « Рамазаннан кейн қандай ораза маңызды?» - деп сұрағанда, Ол ( Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын): « Рамазанға құрмет ретінде шағбан айында ұсталған ораза», - деген. «Қай садақа абзал?» - дегенде: «Рамазан айында берілген садақа»,  - деп жауап берген.

Хадистерге жүгінсек, Пайғамбарымыз (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) Шағбан айында парыз намаздарымен қатар нәпіл ғибадаттарын көбейтіп, Алланың көркем есімдерін мадақтап, зікір етіп,шүкіршілігін арттырып, кедей-кепшікке көптеген садақа берген. Сахабалар да бұл айда құлшылыққа жаңаша құлшыныспен кірісетін. Нәпіл құлшылықтарына көңіл бөліп, жалбарына кешірім тілеп, жоқ-жітіке қарасатын. Жетім жесір,жалғызбасты кісілерге көмектесіп, қарттардың көңілін аулайтын.

Сондай-ақ бұл айдың ерекшелігінің бірі Пайғамбарымызға (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) көп салауат айту. Себебі, хадисте: «Ережеп  - Алланың айы, шағбан – менің айым, рамазан – үмбетімнің айы», - деп, Ережеп айында кәлимәні шағбанда салауатты, рамазанда Құранды көп оқу керектігі жөнінде ескерткен еді.

Шағбан айында сауаптар еселеніп қана қоймай, күнәлардың кешірілуі мен дұға-тілектердің қабыл болу мүмкіндігі молая түседі. Себебі шағбан айының елеулі де ерекше сәттердің бірі – Бараат түні. Яғни қасиетті шағбан  айының 15-і  - Бараат түні. Бұл  түн – періштелер жер бетіне түсетін, дұғалар қабыл болатын, кері қайтарылмайтын берекелі түн. Сондықтан бұл тунде Пайғамарымызға (Алланың игілігі мен сәлемі болсын) көп салауат айтып, Алладан біліп-білмей істеген күнәләріміздің кешірілуін тілеп ( истиғфар), дұға  ғибадат, құлшылықпен өткізген абзал.  Өйткені, Пайғамбарымыз (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын):

«Шағбан айының жартысы толған түнде құлшылықпен (мағынасы мен маңыздылығына сай ) өткізіңдер. Күндіз ораза ұстаңдар. Өйткені, Алла Тағала күн ұясына батқан шақта: « кешірім тілеуші бар ма? Кешірейн. Ризық берейн. Ауыру сырқауға ұшыраған бар ма? , шипасын берейн», - деп таң шапағы атқанға дейн рақымын төгеді» - дейді.

«Алла Тағала шағбан айының он бесінші түні ( Бәраат түні) жер бетіне мейірім жаудырып, Өзіне серік қосқандар мен ата – анаға қарсы шыққандардан басқаларды  кешіреді», - деп те айтқаны бар. Қай жағынан алып қарасақ та, құт пен берекеге толы бұл түнді мұсылман жұртшылығы « Бәраат түні» деген атаумен ерекше мереке ретінде атап өтеді. Сөз соңында айтар болсақ, берекеге толы шағбан айын бекерге өткізіп алмай, күндіз ораза ұстап, түнде құлшылық жасаған дұрыс. Бұған қоса, сүйікті  Пайғамбарымызға ( Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) сансыз салауат арнаған жөн. Алла Тағала баршамызға Шағбан айының берекесіне кенеліп, саубынан құр қалмай, мол сауапқа ие болып, Рамазан айына аман-есен жетуді нәсіп етсін.

Қуат қажы ДҮЙСЕНБАЙҰЛЫ

Шу қалалық «Жәми» мешітінің бас имамы  

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: