Бүгінгі миғраж түнінің сауабынан құр қалмаңыз!

Бүгінгі миғраж түнінің сауабынан құр қалмаңыз!

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Имам Тахауи Ақида мәтінінде былай дейді: Миғраж оқиғасы ақиқат. (ол түні) Пайғамбар (Алланың оған игілігі мен амандығы болсын) Исра жасады. Ояу халде денесімен дүние аспанына көтерілді, одан ары Алла қалаған биіктікке көтерілді. Алла қалаған кереметтермен құрметтелді. Алла сол сәтте оған уахи берді. Құранда: «(Пайғамбар) Көрген нәрселері жайлы еш өтірік айтпады» -дейді (Ән-Нәджм-11).

Миғраж түні – Миғраж сапары хижреттен бір жарым жыл бұрын Ережеп айының жиырма жетінші түнінде болды. Миғраж, сенімді дерек көздеріне қа-рағанда, Мәдинаға көшпестен бір жарым жыл (621 ж.) бұрын болған. Ережеп айының жиырма алтысынан жиырма жетісіне қараған түні Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с.) пыраққа мініп түнгі сапарда көк жүзінен өтіп, Ұлы Жаратушының құзырына шыққан болатын.

Миғраж түнінде пайғамбарымыз хазіреті Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Меккедегі әл-Харам мешітінен Құдыстағы (Иерусалим) әл-Ақса мешітіне бір сәтте исра жасады. (Түнгі сапар арабтарда "исра” деп аталады). Одан миғражға («Миғраж» - көтерілу деген мағына береді) – жеті қат көкке көтеріліп, дүниеден өткен барлық пайғамбарлармен кездесті, үнемі құлшылықта жүретін періштелермен жолықты. Құдіретті Жаратушымыздың түрлі белгі – аяттарын көріп, Онымен тілдесті. Бес уақыт намаз осы түнде парыз етілді.

Миғраж пайғамбарымыз Мұхаммедтің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) ең үлкен мұғжизаларының бірі. Мұғжиза – Алланың құдіретімен жүзеге асатын, тек пайғамбарларға ғана тән, таңғажайып құбылыс. Жүрегінде иман нұры орныққан әрбір адам Алланың мұғжизаларына шүбәсіз сенеді. 

Міне, бүгін осы миғраж оқиғасы болған түн - Ережеп айының 26-сынан 27-сіне қараған түні (наурыздың 10-ынан 11-іне қараған түн).

Құрметті бауырлар! Миғраж түні мен болып өткен ғажайып оқиғалардың берекетімен Алла тағала иманымызды баянды әрі берік етсін. Бүгінгі түнді құлшылықпен, дұғамен өткізгеніміз абзал.  Осынау қасиетті түнде Жаратқан Иеміз күнәларымызды кешіп, екі дүниенің бақытын берсін. Қиямет күні пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) шапағаты баршамызға нәсіп болсын. Мейірбан Алла тағала режеп пен шағбан айларында дүние және дін істерімізге береке беріп, рамазан айына аман-есен жеткізсін!

Ұлы Раббымыз Ережеп айын мүбәрак етіп, қасиетті Шағбан және Рамазан айларына аман-есен жетуімізді нәсіп етсін!

Бейбіт Мырзагелдиев,

ҚМДБ-ның Жамбыл облысы бойынша бас имамы

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: