Ислам діні – ғылым діні

Ислам діні – ғылым діні

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Ислам – адамзатты екі дүниенің бақытына жетелер Алла Тағаланың ақырғы діні. Оның дәлелі – Құранның нұрлы аяттарынан өмірлерінің әр саласына шамшырақ ете білген мұсылмандар. Шын мәнінде, Құран қағидаларын берік ұстанып, аяттардың қасиетіне бас иген алғашқы мұсылмандар мәдениет саласында және  ғылымда күллі әлемге ұстаздық етіп, үлгі бола білді. Себебі,  Құранның алғашқы аяты «اقرأَ» «иқро», яғни «оқы» деп түскен. Құран аяттарында былай баяндалған:

 ٱقۡرَأۡ بِٱسۡمِ رَبِّكَ ٱلَّذِی خَلَقَ ۝  خَلَقَ ٱلۡإِنسَـٰنَ مِنۡ عَلَقٍ ۝  ٱقۡرَأۡ وَرَبُّكَ ٱلۡأَكۡرَمُ ۝  ٱلَّذِی عَلَّمَ بِٱلۡقَلَمِ ۝  عَلَّمَ ٱلۡإِنسَـٰنَ مَا لَمۡ یَعۡلَمۡ

«Жаратқан Раббыңның атымен оқы! Ол адам баласын ұйыған қаннан жаратқан. Оқы! Ол Раббың аса ардақты. Сондай қадаммен үйреткен. Ол адамзатқа білмеген нәрсесін үйреткен». Бұл «оқу бұйрығы» тек Құранды жатқа оқу емес, жаратылыс сырларын оқу, жалпы ғалымды зерттеп – зерделеп оқу еді.

Құран Кәрімде 670 жерде ілім жайында баян етеді. Сонымен қатар Құранда білімді адамның дәрежесі, қадір – қасиеті  жайында көп аяттардан байқауға болады :

 هَلۡ یَسۡتَوِی ٱلَّذِینَ یَعۡلَمُونَ وَٱلَّذِینَ لَا یَعۡلَمُونَۗ

«Білетіндер мен білмейтіндер тең бола ма?» - деп айтса,  тағы бір аятта:

 یَرۡفَعِ ٱللَّهُ ٱلَّذِینَ ءَامَنُوا۟ مِنكُمۡ وَٱلَّذِینَ أُوتُوا۟ ٱلۡعِلۡمَ دَرَجَـٰت

«Алла иман еткендер мен ілім берілгендердің дәрежесін көтереді» - деп келетін Құран аяттары білетіндер мен білмейтіндердің ара – жігін осылайша ашықтап, түсіндіріп кетеді. Яғни, бұл аятта иман келтіру – білімділердің дәрежесін арттырады. Алла тағала білімнен бұрын бірінші иманды сөз етіп отыр. Білім иманменен ұштасса, білім иманмен егіз болса ол пайда береді. Егер адам иман келтірместен білімге кіріссе, оның пайдалы болуымен қатар зиянды болуы мүмкін. Мәселен, ядролық қару ойлап табу тек біліммен жүзеге асса, ол адамзатты құрдымға апарады. Иман бар жерде мейірімділік, Аллаға тапсыру, жақсылық бар.  Иә, шын мәнінде Алла Тағаланың  ілім иелеріне деген құрмет көрсету, әрі басқаларға қарағанда дәрежесі өте жоғары болатындығын ерекше атап айтқанын байқайсыз. Неге десеңіз, өйткені білім иелері бейне бір қараңғылықтағы жап-жарық шырақ секілді, басқаларға жарық беру арқылы, ақ пенен қараны, әрі өзіңіз жүрген жолдың түзу, не қисық екенін анықтап, баяндап берері сөзсіз. Сол себепті, Алла Тағаланың ілім иелеріне деген құрмет өте ерекше.

 Құран аяттары мен Мұхаммед (с.ғ.с) пайғамбардың хадистері мұсылмандарды әрдайым білімге, ғылымға үндеді. Бір хадисте білім алудың міндет екендігі жайлы айтылады:

عن أنس بْنِ مَالِكٍ قَالَ :عن النبيِّ صلَّى اللهُ عليهِ وسلَّم أنه قالَ: "طَلَبُ العِلْمِ فَرِيْضَةٌ عَلَىْ كُلِّ مُسْلِم"

«Ғылым үйрену – әрбір мұсылманға парыз» деп, ғылым үйренуге шақырған. Ілгерідегі ізгілер айтқандай: «Білімді - тал бесіктен,  жер бесікке дейін ізден» деп кейінге ұрпағына білім іздену керектігін айтып, өсиет қылған. Исламда әрбір ғылым саласы Алла Тағаланың құдіретін, ұлылығын, шеберлігін, шексіз білімін паш етіп, құлды Жаратушыға бір табан жақындататын болғандықтан, мұсылмандар ғылымға жай ғана ізденіс, өзінің атын шығаратын әуестік үшін емес, бәлкім ғибадат, құлшылық ретінде қараған.

Ал енді пайғамбарымыз (с.ғ.с) білімді сахабаларының бірі Муғаз ибн Жәбәл білім алудың сауабына қатысты былай деп қызықтырған:

قال معاذ بن جبل:  "تعلموا العلم، فإن تعلمه لله خشية، وطلبه عبادة ومدارسته تسبيح، والبحث عنه جهاد، وتعليمه لمن لا يعلم صدقة، وبذله لأهله قربة، وهو الأنيس في الوحدة، والصاحب في الخلوة"

«Білім алыңыздар! Себебі, білімді Алла үшін үйрену – Алладан қорқу болып табылады. Ал сол білімді іздену – құлшылық, тәлім алып отыру Аллаға мақтау айту. Ал, білім іздену Алла жолында күрес болса, оны білмейтін адамға үйрету садақа болып табылады. Сол білімді отбасыңа үйрету – Аллаға жақындау. Білім – жалғыз отырсаң сені жалықтырмайды, ал бос отырсаң дос болады»,- десе, білімі шексіз болған Алламен тікелей тілдескен Мұса пайғамбарға Алла былай деп уахи еткен:

«Уа, Мұса! Жақсылықты үйренде, оны басқаларға үйрет! Себебі, Мен жақсылықты үйретуші мұғалім мен оны үйренушінің қабірлерін орындарынан тұрып кеткенше нұрға толтырып тұрамын».

Мұсылман үшін ілім алу, білімді болу ғибадатының кемшіліксіз орындалуына жол ашады. Ал,  білім алмау, яғни білімсіздік болса, құлшылық – ғибадатымызға нұқсан болып, құрдымға алып баратыны күмәнсіз. Сол жайында ғұламаларымыздан мынадай игі – жақсы  сөз қалған:

 قال العلماء: إن تعلم العلم أفضل من نوافل العبادة.                  

Ғұлама ғалымдарымыз айтқандай: «нәпіл құлшылық  орындағаннан, білім ізденгеніңіз сіз үшін ең абзалырақ болады» деп, біздер үшін құлшылық – ғибадаттан да, ең бірінші білім алып, ақпенен қараны ажыратып, ілім ізденуге шақырған. Тіпті, Пайғамбарымыз сахабаларына ілім алуды өзі бастап үйреткендігін тарихтан білеміз. Мысалы үшін, Бәдір соғысында қолға түскен мүшіриктермен болған мәмле жайында сөз қозғайтын болсақ:

Бірде, Алла елшісі (с.ғ.с) Тұтқындар мәселесіне қатысты Аллаһ тарапынан уаһи түспегендіктен сахабалар кеңесіп шешуді мақұл көреді. Бұрын да баян еткеніміздей, нендей мәселеде де Хазіреті Расулаллаһ асхабымен пікір алысатын. Кеңесте ашық түрде, әркімнің өз ойын жария етуіне рұқсат берілетін. Тұтқын мүшріктер жайы сөз болғанда, бірінші болып  сөз бастаған Әбу Бәкір Сыддық болды:

"Уа, Расулаллаһ! Олар да өз ағайынымыз. Өзімізді өзекке тепкеніміз жарамас. Олардан фидия салығын алып қоя берейік. Алғанымызды дұшпанға қарсы күресте керек-жарағымызға жұмсайық. Бәлкім, Аллаһ оларға тура жолды нәсіп етіп, бізге көмекші де қылар", - деді.

Мұнан соң Аллаһ Расулы Хазіреті Омардың көзқарасын білгісі келеді. Хазіреті Омар:

"Уа, Расулаллаһ! Меніңше оларды кешіру жөн емес, олар сені өтірікші деп жала жапқанымен қоймай, еліңнен қуып шықты. Бұларды жер жастандыру керек", - деді.

Міне, пайғамбарымыз (с.ғ.с) осы жерде қанның төгілуін емес бәлкім назарын білімге аударды. Сөйтіп, мұсылмандарды сауаттандырды. Бұл нәрсе пайғамбардың (с.ғ.с) дүниелік білімге де көңіл бөлгендігіне айқын бір дәлел.

Міне, осылайша Ислам діні  барлық адамзатты білім мен ғылым ізденуге шақырғанын көріп отырсыз. Сол ықылым заманнан бері білімге қатты зейін қойып, тіпті дін дұшпандары болсада олардың  жандарын қиудан қарағанда, сол кісілерден ең болмағанда оқуды, жазуды үйреніп, тәлім алуды жоғары қойғандығын көріп отырмыз. Пайғамбарымыз оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын осылайша ғылым мен білімге, жүйелі түрде сауат ашуға өзінің сахабаларын, жалпы мұсылман жұршылығына өсиет етіп, қызықтырған.  Алайда,  кейбір адамдардың Ислам бұл ғылымға және ілімге қайшы деген ұранмен бас көтеріп, дінді сынағандар баршылық. Өкінішке орай, соңғы уақыттарда адамдардың Ислам діні деген ол - артта қалушылық, ғылым мен білімге ден қоймаған, қараңғылық заманы деп сан түрлі сын  айтқан дін дұшпандарын кездестіруге болады. Сонымен қатар олардың айтар сөздері:  білімде, техникада және барлық ілімнің негізі  Европадан алынған деп мақтан тұтады, алайда барлық білімнің қайнар көзі әрі бастауы осы мұсылман ғалымдарының бастамасымен болғанынан хабарсыз. Сөзімізді дәлел ретінде мұсылман ғалымдарының  ғылыми  ізденіс – зерттеулеріне назар аударыңыздар.

Тарих беттеріне үңілсек,  мұсылмандардың батыс ғалымдарынан бұрын көптеген ғылымның негізін қалап, талай – талай жаңалықтарды ашқанына куә боламыз. Алғашқы күн сағатын ойлап тапқан орта ғасыр астрономия мен математика ғалымы Жабир ибн Әфлах болған. Ол Батыста «Geber Filius Afflae» есімімен танымал. Химия саласының атасы Жабир ибн Хаййан ең алғаш атом бомбасы жайлы түсінік берген. Сондай – ақ, алғаш рет жүйелі әрі кең көлемде «Әл – Жабр уәл-Мұқабала» атты алгебра кітабын жазып,  батысқа алгебраны үйреткен ғалым әл-Хорезми болған. Әрі күнге дейін бұл ғылым сол кісінің жазған «әл-жабр» атты кітабымен аталғандықтан, «Алгебра» деп аталып кеткен.Он екі ғасыр бұрын алғашқы қағаз фабрикасы құрған уәзір Ибн Фазыл (739-805), ал Европада Wright, Wilbur және Olville атты ағайындылар 1903 жылы ұшақ жасап, ұшуға қол жеткізсе, бұдан бұрын шамамен 1000 жыл бұрын, яғни 880 жылы ұшақ жасап, ұшуға қол жеткізген мұсылман өнертапқышы Ибн Фирнас (888), тарихты ғылыми негіздеп, жүйелеген алғашқы ғалым Ибн Халдун (1332-1406), туберкулез микробын R.Koch атты ғалымнан 150 жыл бұрын алғаш өлшеген ағайындының бірі Мухаммад ибн Муса болды, алгебрадағы «Бином» формуласын тапқан Омар Хайям, 400 жыл бұрын қазіргі дүниежүзі картасына өте жақын кейіпте дүниежүзі картасын сынған Пири Рейс(1465-1554), тұңғыш рет компасты ойлап тапқан Кабажаки (ХIII ғасыр) және де 1000 жыл бұрын майда тамырларды тауып, алғаш рет рак ауруына операция жасаған ғалым Али ибн Аббас (994) секілді жүздеген ғалымдар мұсылмандар шыққан еді.

Ал ендігі кезекті осы замандағы нобель сыйлығын ие болған мұсылман ғалымдарына зер салыңыз.

2019 жылғы дерек бойынша 12 мұсылман Нобель сыйлығын алған. Олардың жетеуі "бейбітшілік" бойынша, екеуі "әдебиет" бойынша, үшеуі "жаратылыстану ғылымдары" бойынша (химия, физика). Алғашқы жетеуі: Анвар ас-Садат, Ясир Арафат, Ширин Эбади, Мохамед эль-Барадей, Мухаммад Юнус, Тавакель Карман, Малала Юсуфзай. Кейінгі екеуі: Нагиб Махфуз, Орхан Памук. Соңғы үшеуі: физикадан - Мухаммад Абдус Салам, химиядан - Ахмед Зеваил, Азиз Санкар.

Мухаммад Абдус Салам (1926-1996) — Пәкістандық физик-теоретик, 1979 жылы физикадан "әлсіз бейтарап тоқ, қарапайым бөлшектердің арасындағы электромагниттік байланыс және біріккен әлсіздер теориясына сіңірген еңбегі үшін" Нобель сыйлығын алған.

Ахмед Зеваил (1946-2016) — Мысырлық ғалым. Ол 1999 жылы "фемтосекундтық спектроскопияны қолданумен химиялық реакциядан өтпелі жағдайды зерттегені үшін" химиядан Нобель сыйлығын алды. Спектроскопия — физиканың электрмагниттік сәулелердің спектрін зерттеумен шұғылданатын саласы.

Азиз Санкар (1946 туылған) — Түркиялық ғалым. 2015 жылы "ДНҚ-ның қалпына келуін механикалық зерттеуі үшін" химиядан Нобель сыйлығын алған. Ол алғашқы түрік химигі және Нобель сыйлығын алған екінші түрік саналады. 

Өзіміздің жерлесіміз Достай Раманқұлов қазақ ғалымы. 1960 жылы қасиетті Түркістан топырағында дүниеге келген.  Достай Раманқұловтың 2005 жылы  бүкіл дүниежүзі бойынша ядролық қауіпсіздікті сақтаудағы еңбектері жоғары бағаланып, нобель сыйлығына ие болды және тағы да басқа мұсылман ғалымдарыды айтсақ болады .

Қазақ әдебиетінің арғы-бергі тарихында шығармашылығының өзегіне білім мен ғылымды арқау еткен Абайдай ақын болған емес. Ол білім мен ғылымды барлық жайдан жоғары қойды. Неге? Себебі, Алланың өзі де рас, сөзі де рас,-деген хәкім Абай: "Ғылым-Алланың бір сипаты, ол хакиқат, оған ғашықтық өзі де хақылық һәм адамдық дүр",-дейді өзінің отыз сегізінші қара сөзінде.

 Жасымда ғылым бар деп ескермедім,

Пайдасын көре тұра тексермедім.

Ержеткен соң түспеді уысыма,

Қолымды мезгілінен кеш сермедім»

Жастайынан дінмен сусынданған Ұлы Абай жас ұрпақтың білім алып, ғылымды игеруіне айрықша мән бергендігі оның өлеңдері мен қара сөздерінде мейлінше байқалады. Өйткені, білім мен ғылым өркениетке бастар алғышарт екендігін ұлы ойшыл жете түсінген, жан-тәнімен терең ұғынған. 

Ал, ендеше, ұлы Абайды толғандырған білім мен ғылым мәселесінен біздер бүгінде нені ұғамыз? «Жасымда ғылым бар деп ескермедім» атты өлеңінде ақын ғылымды жас кезден бастап үйрену, білудің қажеттігіне ерекше назар аударады. Ер жеткен соң бәрі кеш екендігін ұқтырады. Бұл дұрыс та. Жас шыбық секілді иілгіш, бейімделгіш шақта, ғылым да бойға тез даритындығын сендіреді.

Сонымен әубастан мұсылмандықты ұстанған қазақ даласында қаншама ғұлама – ғалымдар болған. Жастайынан ілім мен ғылымға өмір жолын арнап, кейінгі ұрпаққа үлгі, өнегі  боларлықтай көптеген  еңбектер жазып қалдырған. Солардың бірі Ыбырай Алтынсариннің осы бірі өлеңінен кейінгі жастарға айтарлықтай үлгі болатын және білімнің абзалдығы мен артықшылығы жайында сыр шертеркенін көруге болады:

Бір Аллаға сиынып,

Кел, балалар, оқылық,

Оқығанды көңілге,

Ықыласпен тоқылық.

 

Істің болар қайыры

Бастасаңыз Аллалап.

Оқымаған жүреді

Қараңғыны қармалап.

 

Кел, балалар, оқылық,

Оқығанды көңілге

Ықыласпен тоқылық.

Оқысаңыз, балалар,

Шамнан шырақ жағылар,

Тілегенің алдыңнан

Іздемей-ақ табылар.

Бұл өлеңде ақын бір жағынан, жастарды оқуға, білім алуға үндесе, екінші жағынан, өмірдің бар қызығы тек байлықта деп ұғатын, оқу, өнер, ғылым –білімге мән бермейтін кертартпа көзқарасқа соққы береді. Өмірде сарқылмас мол байлық –білім екендігін айта келіп, оған қол жеткізу үшін ерінбей – жалықпай еңбектенудің керектігін түсіндіреді.

Міне, жоғарыда көргеніміздей Ислам діні арқылы барша мұсылмандар білімге және ғылымға деген шынайы ықыласымен халыққа қызмет жасағанын көрдіңіз. Әрине, бұл ғалымдардың барлығы Құран мен хадистен сусынданып, одан нәр алып, әлемге танымал белді ғалымдардан болды. Енді осы жерде, Ислам дінінің ғылымға қарсы емес, бәлкім ғылымменен білімге зейін қоюды,  өркениетті әрі мәдениетті болуға үгіттегенін көресіз.

Қорыта айтатын болсақ ұлтқа, дінге, нәсілге қарамайтын бұл білім адам баласының ортақ қазынасы. Ал шынайы таза дін мұндай құндылықты иеленуге адам баласына тыйым салмайды. Мысалдарында білімді нұрға, ал надандықты қараңғы түнекке теңеген бұл Ислам діні қалайша білім алуда адамның мүмкіндіктерін шектемек. Сондай – ақ Ислам дінінің ең басты құндылығы ол  Құран Кәрім екендігі даусыз. Құран Кәрім  әлемдегі ұзақ ғасырлар бойы құрамына өзгеріс енбестен сақталып келе жатыр, сондай – ақ әр  түрлі салаларды ішіне қамтыған, сыры толық ашыла қоймаған қасиетті соңғы кітап. Қашан оны оқи бастасаңыз ішінде бірнеше сала қамтылғанын, әрі сол салалардың нәзік тұстарының қалайша шағын бір сөйлемге сыйып кеткендігіне таңдана куә боласыз. Сол салалардың бірнешесін атап айтар болсақ: астрономия, медицина, әдебиет, зоология, генетика, эмбриология, этика, эстетика, педагогика. Міне, осындай ғылыми зерттеулерді қарастыратын, әрі барлық білімнің қайнары көзі болған, сондай-ақ әлі күнге дейін сыры ашыла қоймаған ғылыми жаңалықтарды әлемге паш ететін кітапті қалайша біліммен ғылымға қайшы дей аламыз? Әрине, бұлай сын айтатындар үшін, «Ислам дінінің» – ғылыммен тікелей ұштасқанын білмей кету өкінішті-ақ. Бұдан түсінеріміз барша ғаламның жасаушысы Алла Тағала өзінің құлдарының басқада  ғылыми салаларға назар салуын, әрі белгілі бір дәрежеде зерттеп, зерделеп, көз жүгіртіп, ақырында бұл білімнің барлығы өзінің құдіреті шексіз екенін, әрі барлық ілімнің иесі екенін көрсетеді. Нәтижесінде, барлық адамның көкейіне, Ислам дінінің  осындай білім мен ғылымды үйренуге шақыратын, шынайыда, әрі таза дін екендігіне ой салары анық.

Нұралы БАҚЫТҰЛЫ

«Һибатулла Тарази» мешітінің наиб имамы

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (1)

Оқи отырыңыз: