Ихсанды білмеген халық қандай еді?

Ихсанды білмеген халық қандай еді?

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Ислам дінінің 14 ғасыр өтсе де өзінің мән мағынасын, туралығын, еш өзгертпей бүгінгі күнге дейін өз болмысын жоғалтпай хақ дін болып келуі - Алланың адам баласына бекітіп берген ислам дінінің негізгі үш қайнар көзі болып табылатын иман, ислам, ихсан діни заңдылықтарын мықтап ұстануында. Тарихта қаншама қауымдар өмір сүріп, Алланың қаһарына ұшырап жойылып кеткен. Басты себептері біріншіден,  имандары дұрыс болмады. Алланың жалғыз, еш ұқсасы жоқ екенін ескермей, Аллаға серік қосты. Екінші себебі, Алланың парыз етіп бекітіп берген шариғатын заңдылықтарын орындамай, Аллаға құлшылық қылмай, пұттарға табынды, соларға діни жоралғылар жасап отырды. Үшінші себеп, адамдар ихсан ілімін түсінбеді. Не істесе де, қандай амал  жасаса да Алланың көріп тұратынын естен шығарды. Оларды қанша пайғамбар келіп тура жолға шақырса да, өз дегендерін істеді. Сол себептен мінез-құлықтары бұзылып, жер бетінде зұлымдық жасау көбейді. Бұл заңдылықтың бұзылуы Пайғамбарымызға (с.а.у.) пайғамбарлық келгенге дейін жалғасты.

Ислам дініне дейін арабтардың жағдайы қалай еді? Сенімдері дұрыс болмады, Аллаға серік қосты. Құлшылық жасағанда пұттарға табынды, мінез -құлықтары ихсан дәрежесінде болмады. Туылған қыз балаларын ар-намыс көріп, тірідей көметін. Әлділер әлсіздерді адам санатында санамай оларды қорлаудан рахат алатын. Әйел затын адам санатына қоспай бір тауар ретінде қарады. Жалпы, сол кездерде жер бетінде сондай зұлымдық жайлаған, адамгершілік қасиеттен гөрі хайуандық сипат басым болған  еді. Алланың адамдарға бекітіп берген діни заңдылықтары - иман, ислам, ихсан жоғалған уақытта 571 жылы жер бетінде таңғажайып оқиға болғаны белгілі. Зұлымдықтың тамырына балта шабатын, жер бетінде бейбітшіл ікті, адамгершілік ар-ождан қасиеттерді, адамдар арасында бауырмалдық мейірімділікті ала келетін Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.у) дүниеге келген болатын. Пайғамбарымызға (с.а.у) пайғамбарлық жүктелгеннен кейін бірінші иманды халық арасында уағыздап, сенімдерін жһнге келтіріп, Алланың жалғыз бір екендігін, еш ұқсасы жоқ екендігін түсіндірді. Екінші, сенімдері дұрысталған халыққа ислам шарттарын үйретіп, тек Аллаға құлшылық қылуға, Алланың тыйған нәрселерінен тыйылуға шақырды. Сосын ихсан ілімін бойларына сіңдірді. Осылай, Пайғамбарымыздан тікелей тәрбиесінен сусындап бар жақсы қасиетті бойларына сіңірген сахабалардың өмірлері тынып тұрған дастан еді. Бұрынғы жахилік өмірлерінен еш із қалмады.

Тура бір жаңадан туылған сәбидей таза пәк, жүректері мейірімділікке толы болды. Сол себепті қаншама сахаба көзі тірісінде жәннәтпен сүйіншіленді. Олар  жүректеріне Пайғамбарымыз (с.а.у) үйреткен ихсан ілімінің  дәнін  еккен еді. Ол – жемістері тақуалық, мейірімділік, адамгершілік, ар-ождан, қанағатшылық, т.б. Ол жемісті жеген адам осы айтылған қасиеттердің барлығын бойына сіңіреді. Ал осы қасиеттерді бойына сіңірген адам ихсан дәрежесінде болады. Яғни, сен не істесең де қандай амал жасасаң да Алланың көріп, біліп отыратынын жүрегімен біліп сезіне білуің.  Сол себепті, тақуа кісі күнә істерден аулақ болады. Қысқа қайырып айтқанда иман дегеніміз Аллаға деген сеніміміз оның орны жүрек. Ал ислам дегеніміз Алланың парыз еткен амалдарын орындап, тыйған нәрселерінен тыйылу мұның орны кеуде. Ал ихсан дегеніміз – сен қандай амал істесең де, Алланың көріп тұратының білуін сен Алланы көрмесеңде Алла сені көріп тұрады. Мұның орны – тақуалық. Үшеуі бір ұғым  бір мағынаны білдірмейді. Бірақ бұл үшеуі әрбір мұсылманның бойынан табылуы керек. Сенімің дұрыс болып, ислам шарттарын толық орындап, бірақ мінез-құлқың дұрыс болмаса да болмайды. Өйткені, мұсылман адамның мінез-құлқы көркем болуы керек. Пайғамбарымыз (с.а.у) бір хадисінде «Сіздердің маған ең сүйкімділерің және қиямет күнінде маған ең жақындарыңыз – ахлақы көркем болғандарыңыз» дейді. Тағы бір хадисте пайғамбарымыздан: «Алла жанында ең сүйікті құлдар кімдер?» деп сұрағанда Пайғамбарымыз: «Ең көркем ахлаққа ие болғандары» - деп жауап береді. Әрбір мұсылман баласына Пайғамбарымыздың (с.а.у) өмірі, мінез-құлқы, іс-әрекеттері үлгі өнеге болу керек. Өйткені, ихсан ілімінің ең шарықтау шыңына шыққан Пайғамбарымыз (с.а.у) болатын. Пайғамбарымыздың мінез – құлқы Құран еді. Айша анамыз (р.а)  «Оның мінез – құлқы – Құран» деген. Расулла (с.а.у) тікелей Алланың тәрбиесінде, қамқорында болған. Алла тағала Құран Кәрімде Пайғамбарымыз туралы: «Сен расында аса ұлы мінез-құлыққа иесің!» -дейді. (Қалам сүресі, 4)

Сондықтан Пайғамбарымыздың (с.а.у) туылғаннан бастап қайтыс болғанға дейінгі бар өмірі қазіргі кездегі қатыгездік пен алдау–арбау мейірімсіздік көбейген уақытта керек-ақ. Ол үшін біз өзіміз ихсан ілімін бойымызға сіңіріп, әлемге ихсан ілімінің дәнін Пайғамбарымыз (с.а.у) алғашқы мұсылмандардың жүрегіне қалай ексе, бізде солай еге білуіміз керек. Ол жемістен жеген әрбір адамның жүрегі тек Алла деп соғып, ихсан дәрежесінде болатыны  ақиқат.

Зульфухар ТҮЗЕЛБАЕВ

Талас ауданы Бостандық ауылы «Төртбай ата» мешіті

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (7)

Оқи отырыңыз: