ТАҚУАЛЫҚ ЖОЛЫ - ҚҰТЫЛУ ЖОЛЫ

ТАҚУАЛЫҚ ЖОЛЫ - ҚҰТЫЛУ ЖОЛЫ

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Ихсан ілімінің көптеген сатылары бар. Солардың ішіне тақуалық, көркем мінезділік, қанағатшылдық т.б. көптеген амалдардарды жатқызуға болады. Бүгінгі мақаламызда тақуалықтың қадыр-қасиеттеріне тоқталып өткенді жөн көріп отырмыз.

Тақуа сөзінің мағынасы-сақтану, қорғану, ықтият болу деген мағыналарды білдіреді.

Алла Тағала "Хұжрат" сүресінің 13-ші аятында: "Сіздердің ең құрметтілеріңіз-тақуаларыңыз" -дейді.

Пенде Алла Тағаланың жердегі халифасы. Алла Тағала өзінің пенделеріне ізгілік пен бақыт жолдарын көрсету үшін олардың арасынан пайғамбарлар шығарды. Барлық пайғамбарлар адамдарды тура жолға, тақуалық жолына шақырды. Пендерін Өзіне құлшылық қылуды бұйырды. Пенделердің бір-бірлеріне жәрдем берулерін, мейірімділік танытуларын бұйырды.

Хазреті Әли (р. ғ.) тақуалықтың мағынасы жайында: "Тақуалық - Алладан қорқу, Құран Кәрімге амал ету, Азға қанағат ету және ақырет күніне дайындық жасау"-деген екен.

Бір кісі Әбу Һурәйрадан (р. ғ. ): "Тақуалық дегеніміз не?"-деп сұрайды. Сонда Әбу Һурәйра (р. ғ. ):-"Жалаң аяқ жантағы көп тікенді жолмен жүріп көріп пе едің?"-дейді. Әлгі кісі:-"Ия, көргенмін"-дейді. Әбу Һурәйра (р. ғ.): -"Тақуалық дегеніміз-тікенді жолда өзің тікеннен сақтанып жүргенің сияқты күнәдан және қателіктерден сақтануың"-деп жауап береді.

 

Мұғаз ибн Жәбәл (р. ғ) риуаят етеді, Пайғамбарымыз (с. ғ. с.):

"Қай жерде болсаң да Алла Тағалаға тақуалық таныт. Күнә жасап қойған болсаң, дереу арада оны өшіретін жақсылық амал орында. Адамдармен көркем мәміледе бол"-деп айтты. (Тирмизи)

Пенде Алла Тағаланың бұйрықтарынан бір бұйрықты орындайтын болса, Алла Тағала ол пендеге 10 (он) береке беріп қояды екен.

 

وَلَوْأَنَّ أَهْلَ الْقُرَى آمَنُوا وَ اتَّقَوْا لَفَتَحْنَا عَلَيْهِمْ بَرَكَاتٍ مِنَ السَّمَاءِ وَ الْأَرْضِ وَ لَكِنْ كَذَّبُوا فَأَخَذْنَاهُمْ بِمَا كَانُوا يَكْسِبُونَ

 

Егер ол өлкелердің елі иман келтіріп,  сақсынса еді,  әрине оларға көк пен жердің берекеттерін ашып жіберер едік.  Бірақ олар жасынға шығарды.  Сондықтан қылмыстары себепті оларды қолға алдық.  (Ағраф сүресі, 96-аят)

Фахри әр-Рази осы аяттың тәпсірінде:

"Егер адамдар иман келтірген болған болса, яғни Алла Тағалаға, оның періштелеріне, оның кітаптарына, және ақырет күніне иман келтірсе, және тақуалық танытатын болса, харамнан сақтанып, адалға қарай жүгіретін болса, өздерін жаман нәрселерден сақтандыратын болса, Алла Тағала ол пенде үшін аспан мен жердің берекесін ашып қояды. Аспанның берекесі-аспаннан жаңбырдың жерге түсуі. Жердегі береке-түрлі дақыл, түрлі жемістің пісуі. Малдың берекесі-оның көбейуінде. Жер жүзіндегі әр бір береке Алланың қалауымен болады"-деп түсіндіреді.

 

وَمَنْ يَتَّقِ اللَّهَ يَجْعَلْ لَهُ مَخْرَجًا.  وَ يَرْزُقْهُ مِنْ حَيْثُ لَا يَحْتَسِبُ وَ مَنْ يَتَوَكَّلْ عَلَى اللَّه فَهُوَ حَسْبُهُ إِنَّ اللَّهَ بَالِغُ أَمْرِهِ قَدْ جَعَلَ اللَّهُ لِكُلِّ شَيْءٍ قَدْرًا

 

Кім Алладан қорықса,  оған бір шығар жол пайда қылады.

Оған,  Алла,  ойламаған жерден ризық береді.  Ал кім Аллаға тәуекел қылса,  сонда Ол,  оған жетіп асады.  Сөзсіз Алла өз бұйрығын атқарады.  Расында Алла,  әр нәрсеге бір өлшеу қойған.  (Талақ сүресі 2-3 аят)

 

Осы аяттардың тәпсірінде төмендегі хадис шәриф келтіріледі:

 

عن أبي ذر رضي الله عنه قال قال رسول الله صلى الله عليه و سلم ”إني لأعلم آية لو أخذ الناس بها لكفتهم«ومن يتق الله يجعل له مخرجا» فما زال يقرؤها و يعيدها رواه الدارمي

Әбу Зәр (р. ғ. ) риуаят етеді:

Пайғамбарымыз (с. ғ. с. ) айтады: "Мен Құраннан мына бір аятты жақсы білемін,  (жақсы көңіл бөлемін), егер ол аятты адамдар көбірек оқып, амал жасап жүретін болса, соның өзі оған жеткілікті болар еді", - деп,  "Кім Алладан қорықса,  оған бір шығар жол пайда қылады" деген аятты қайта-қайта оқып түсіндірді".

Тақуалық дегеніміз - зиянды және пайдасыз істерден аулақ болу. Хадисте: "Пенде зиянды нәрселерден тиылмайынша тақуалыққа жете алмайды".

Тақуалық дегеніміз - харам нәрселерден аулақ болу. Хасан Басри (рахматуллаһи ғалайһи): "Адам харам нәрселерден арылмайынша тақуалықтың шыңына шыға алмайды".

Тақуалықтың мінезі - істеген күнәларына тәубе қылу.

Тақуалықтың белгісі - истиғфар көп айту.

Тақуалықтың шыңы - туыстық қарым-қатынаста жақсы мәміледе болу және қателік қылған адамдарды кешіре білу.

Тақуалықтың зейнеті - көркем мінез иесі болу. Тіпті бұл жайында Құранда Алла Елшісінің көркем мінез иесі екендігіне қатысты:

"Шынында Сен әлбетте ұлы мінезге иесің"-дейді. (Қалам сүресі 4-аят)

Салих пенделердің біріне: -"Нарық бағасы көтеріліп кетті"- шағым айтса, ол кісі:-"Оны тақуалықпен түсіріңдер"-деген екен.

 

Барлық қайыр - береке тақуалықта, Алла Тағала тақуалық танытқан пендесінің жолын ашып қояды. Кімде-кім өз ризық несібесінің, мал-дүниесінің, перзенттерінің берекесі артуын қаласа, тақуалық жолын ұстансын.

Үмбет САБЫРХАНОВ

"Әл-Хақ мешітінің имамы

Луговой ауылы

Т. Рысқұлов ауданы

Жамбыл облысы 

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: