Зекет - мұқтаж жандардың ризығы

Зекет - мұқтаж жандардың ризығы

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Ислам дінінің бес негіздерінің бірі - Зекет. Зекет дегеніміз не өзі? Оның шариғаттағы мағынасы қандай? Мақаламызда осы бір тақырыпқа кеңіреп тоқтап өткенді жөн көрдік.

  • Ислам шариғатында ғибадаттардың түрлері өте көп.
  • Денемен жасалынатын ғибадат-намаз, ораза, дәрет, ғұсыл, т.б.
  • Денемен және мал-мүлікпен жасалатын амал – қажылық.
  • Мал-мүлікпен жасалатын амал – зекет және сол сияқты амалдар.

Зекет амалы Исламдағы бес маңызды парыз амалдардың бірі болып саналып, Құран Кәрімнің  30-дан  астам жерінде баяндалады.

«Зекет» сөзінің өте көптеген мағыналары бар. Солардың ішінде пәктену, өсу, көбейю, күнәдан тазару сынды мағыналарды алуымызға болады.

Зекеттің шариғи тілдегі мағынасы – белгіленген мал-мүліктің белгіленген бір мөлшерін Алла разылығының  жолында мұқтаж жандарға,мұқтаж орындарға үлестіру,яғни бөліп беру.

Зекет сөзінің мағыналарынан байқағанымыздай, оны (зекетін) үлестірген адамның мал-дүниесінің қалған бөлігі пәк болады. Зекеті берілген малға береке кіреді. Сондай-ақ, өсіп, көбейеді. Зекетті төленген малдар суға батпайды, отқа жанбайды және ешқашан жоғалып кетпейді. Алла Тағала оны Өзі қорғайды. Бұл жағдайлар өмір тәжірибереінде көп орын алған.

Зекет ғибадаты Мәдина Мунәууарада Һижраның 2-ші жылында Рамазан оразасынан алдын парыз етілген Исламның үшінші парызы болып саналады. Құран Кәрімнің «Бақара» сүресінің 43 аятында Алла Тағала айтады:

«Намазды толық орындаңдар,зекет беріңдер...»

Зекет амалы Құранда 27 жерде намаз ғибадатымен қатарласып баян етілген. Бұдан байқағанымыз, намаз ғибадаты мен зекет ғибадаты бір-біріне өте тығыз байланысты. Намаз қаншалықты мүміндер үшін маңызды болатын болса, зекет амалы да сондай маңызды амал болып саналады.

Басқа бір аятта, «Нұр» сүресінің 56 аятында Алла Тағала:

«Намазды толық орындаңдар да зекет беріңдер. Әрі Пайғамбарға бой ұсыныңдар. Әрине мәрхаметке бөленесіңдер», - дейді.

Намаз пендені үнемі Алла Тағаламен байланыстырып, ішкі дүниесін дұрыстап тұрады. Намаз мүмін кісінің иманының әркез толық болуын, әрқашан ізгі амалдар жасауына және Тек Раббысына ғана құлшылық қылуға үгіттейді. Міне, сол сияқты зекет амалы да пендені сараңдықтан аулақ болуға, қоғамымызда ішкі  рухани тазалықтың орын алуына өз септігін тигізеді. Сол үшін зекетін шариғат жолы көрсеткендей етіп өтемеген мұсылмандар, оның еш астары мен пайымына жете алмайды.

Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) итғат етулеріміз арқылы да барша үлкенді-кішілі жақсылықтарға жетеміз. Олсыз ештеңе мүмкін емес. Пайғамбарымызға мойынсұну дегеніміз - Оның (с.ғ.с.) тірі кезінде  сахабаларына, ал қайтыс болған соң оның сүннетеріне ерулерімізді айтуда.

Зекет ғибадаты себебінен, зекет беруші адам өзінің  ықтиярында болған, күнделікті көз алдындағы жүрген мал-дүниелерді Алланың тарапынан берілген нығметтері деп санап және ол мал-мүліктерге әр кез уақытша ғана иелік қылып жүргенін түсінеді.

Имам Ғазали рахматуллаһи ғалайһи айтады:

«Алла Тағала өзінің пендесіне жан нығметін және мал-мүліктер нығметін берген. Денемен жасалынатын ғибадаттар жан нығметтерінің шүкірі болып саналады. Мал-мүлік арқылы жасалынатын ғибадаттар да Алла Тағаланың берген жан нығметтеріне шүкіршілік қылғаны болып табылады».

Мұсылман пенде бай кезінде зекетін төлемеген болса, қалған мал-мүлкі де харам болып саналатынын, әрі түрлі пәлекеттерге ұшырайтынын жақсы біледі. Мұсылман пенде бай кісінің байлығында кедейлердің де өз үлестері бар екендігін өте жақсы біледі.

Алла Тағала Мағарыж сүресінің 24, 25 аяттарында:

«Сондай олардың малдарында белгілі хақ бар; Қолдарындағы дүние-мүліктерінде белгілі мөлшерде ақы бар екенін мойындайды. Сұрағанға да сұрамағанға да», - дейді.

Мүмін-мұсылман Алла Тағала бұл міндеттерді байларға жүктеген деп санайды. Демек, зекет амалы бұл тек өз ықтиярымен ғана берілетін амал емес, керісінше Алла Тағаланың тарапынан байларға мәжбүр етіліп, бұйырылған амалы.

Егер кімде-кім мал-мүлкі бола тұра зекетін бермеген болса, онда ол кембағалдарың хақыларын жеген болып саналады. Өзі қиналып, аш болған кісінің қолындағы нанын тартып алып жеу қаншалықты күнә болған болса, зекет малынан ажырамау да осы сияқты үлкен күнәлардың бірі болып саналады. Жинаған барлық мал-мүлкі харамға айналады. Ал зекетін берген адам болса, өзін де, қалған мал-мүлкінің бөліктерін де тазалаған болып саналады.

Алла Тағала Өз Пайғамбарына (с.ғ.с.):

«Олардың малдарынан садақа ал да, ол арқылы оларды тазартып, берекелендірерсің. Оларға дұға қыл. Өйткені сенің дұғаң олар үшін бір тоқтау....» (Тәубе 103)-дейді.

Хадис Шәріптерде зекет жайында не айтылған? Соған көз жүгіртейік;

«Зекет берілмеген мал-дүние құрдымға кетеді. Ал зекеті берілген мал-дүниенің қалған бөлігі қорғанда болады. Ол арқылы зекет малының көбеуіне, берекелі болуына және ең маңыздысы оның түрлі бәле-жалалардан аман болуына өз септігін тигізеді.

«Сіздер малдарыңызды зекет өтеу арқылы сақтаңыздар.Ауруларыңызды садақа беру арқылы емдеңіздер. (Табарани)

Басқа бір хадисте «Малдарыңызды зекетпен қорғап қойыңыздар» делінеді.

Зекет ғибадаты зекет берушіге де,зекет алуышыға да көптеген пайда келтіреді. Ол қоғамда да өзінің үлкен рольін атқарады. Зекет беретін адам  зекетін өзі апарып, тиісті орындарға тапсырғаны абзал. Зекет алуға лайықты жандар немесе кембағалдар зекет малы үшін байларды іздеп жүрулері шариғат құптайтын іс  емес.

Зекет беретін адам «Мен кембағалға жәрдем бердім» деп ойламай,керісінше «Мұқтаж кісі менің зекетімді алып,маған өз жәрдемін тигізді, мал-мүлкімді тазалап берді» деп разылық танытуы тиіс. Қараңыз, зекет алушыға бір пайда келтірілген болса, зекет берушіге мыңдаған,еселенген дүнияуи және ақыреттік пайдалар келтірілгені сөзсіз.

Бұл ғибадат байларды менмендіктен,сараңдықтан тазалаған болса, кембағалдарды қызғаныштан, ішкі күйзелістерден, түрлі дерттерден сақтайды. Өйткені, байдан зекет алып тұрған мұқтаж жан ол туралы ешқашан жаман ойға бармайды, әрі жамандамайды және екеуінің арасында жақсы пікірлер мен жақсы ойлар туындайды. Керісінше, оның хақына (Оның мал-дүниесін арттырғайсың, маған ұқсағандарға көбірек зекет берсін деп) дұға жасайды.

Омар ибн АбдулАзиз айтады:

«Намаз сені жарты жолға дейін апарады,яғни жәннаттың жарты жолына дейін жеткізеді. Ораза ғибадаты сені жәннаттың есігіне дейін жеткізеді. Садақа, зекетің болса, ол сені жәннаттың есігінен ішке алып кіреді».

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) өзінің бір хадисінде:

«Зекет-Исламның көпірі», - дейді.

Яғни, байлар зекеттерін өтеген болса, ол зекеттері жәннатқа өту үшін көпір болады.

Мал-мүлік садақа берілгеннен еш кемімейді. Сол үшін де зекет пақыр, кембалардарың ризығы болып саналады.

Зекет тақырыбында біреу білсе, біреулері хабарсыз болуы мүмкін деген оймен, азды-көпті кейбір мәселелерді тілге тиек еттік. Ең бастысы қоғамымызда жомарт жандардың көп болуында. Сөз соңында айтарымыз, кейбір тәпсірші ғалымдарымыз Құрандағы зекет жайындағы аяттарды тәпсірлей келе, өз пікірлерімен бөлісіп:

-«Раббыларыздан мал-дүние сұрамаңыздар, керісінше, былай деп дұға жасаңыздар, «Раббым мені зекет беретіндердің қатарынан қылғайсың»,-деп дұға қылыңыздар,» дейді.

Алла Тағала ризық-несібелерімізге қанағатты болуымызды, ауқаттыларымызға мол ынсапты болуды, мұқтаждарымызға жәрдемші болсын!

Үмбет Сабырханов

«Әл-Хақ» мешітінің имамы

Т.Рысқұлов ауданы

Луговой ауылы 

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: