МҮМІНДЕРДІҢ АНАСЫ – МӘЙМУНА ХАРИСҚЫЗЫ (АЛЛАҺ ОҒАН РАЗЫ БОЛСЫН)

МҮМІНДЕРДІҢ АНАСЫ – МӘЙМУНА ХАРИСҚЫЗЫ (АЛЛАҺ ОҒАН РАЗЫ БОЛСЫН)

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

 «Ол Алладан қорқуда және туыстық қарым-қатынасты сақтауда бізден озық тұратын».

Ол – Бәрра бинт Харис әл-Ғамирия, Мәймуна – оған Алла елшісінің (с.а.с.) берген есімі. Анасы – «Арабтарда ол сияқты мәртебелі күйеу балаларымен танымал әйел жоқ» делінетін Һинд Ауфқызы, ол жайлы анамыз Зәйнәб Хузәймақызының шежіресінде айтқанбыз. Мәймуна Зәйнәб Хузәймақызының шешесі бір сіңлісі. Мәймуна күйеуі Әбу Рухм ибн Абдулғұзза дүниеден өтіп, 26 жасында жесір қалған еді. Ақылы мен сұлулығына қызыққан көптеген кісі Мәймунаға үйленуге ниет білдіргенімен, ол қайта тұрмысқа шықпай, әпкесі Аббас ибн Әбу Талибтің әйелі Умму Фадлдың үйінде тұрып жатады.

Күндер зымырап өте береді. Пайғамбарымыз (с.а.с.) ізін қуушы жүрегіне таудай иманды сыйдырған сахабаларымен бірге Ясрибқа қоныс аударып, Мәдина қаласы жас сенімнің даңқты орталығына айналғаннан бері жеті жыл артта қалады. Бұл жеті жыл уақиғаларға, жорықтар мен жеңістерге, өнеге-ғибратқа толы жылдар еді. Хайбар жорығына дейін һижра жыл санауымен 6-жылы Алла елшісі (с.а.с.) сахабаларын ертіп, умра ниетімен Мекке бағытына жол алады. Бірақ ол кезде құрайыш мүшріктері мұсылмандарға умра жасауға мүмкіндік бермеген еді.

Нәтижесінде, мүшріктер мен мұсылмандар арасында танымал «Худайбия» келісімі түзіледі. Келісімшарттарының бірінде мұсылмандар бұл жылы умра жасамай кері қайтып, келесі жылы келіп өтейді, ал құрайыштар оларға үш күн мұрсат беріп, умра жасауларына кедергі келтірмейді делінген-ді. Осы келісім бойынша бір жылдан соң һижраның 7-жылы зулқағда айында

Пайғамбарымыз 151 (с.а.с.) әйел-балаларды есептемегенде, екі мыңдай ізбасарымен Меккеге аттанады. Меккелік мұсылмандар кәпірлердің қысымынан лажсыз тастап кеткен туған жерлерін сағынып қалған-ды. Олар ансар бауырларымен бірге қалаға кіре бере жаппай «Ләббәйкә Аллаһуммә ләббәйк» (Біз құзырыңдамыз, уа, Алла, біз құзырыңдамыз) деп ұрандап, Мекке аспанын жаңғыртады. Бүкіл меккеліктердің назары Пайғамбарымызға (с.а.с.) ауған. Ол Қасуа атты түйесінде отырған-ды. Түйенің бұйдасын Исламның бұлбұл ақыны Абдуллаһ ибн Рауаха (Аллаһ оған разы болсын) жетегіне алып «Жол беріңдер, кәпірлер жұрты, соқтықпа оған...» деген өлеңін оқыды.

Алла елшісін (с.а.с.) көруге келгендердің арасында Бәрра Харисқызы да бар еді. Ол іштей Құранда Ибраһим мен Исмаил пайғамбарлардың тілінде келген мына дұғаны оқып келе жатты: «Раббымыз, олардың (ұрпағымыздың) ішіне өздерінен, оларға аяттарыңды оқитын, Кітап пен хикметті үйрететін, оларды тазартатын бір елші жібер. Шынында, Сен аса Үстем, өте Данасың». Бәрра «Пайғамбарымыз (с.а.с.) өзіне үйленсе», деген арманда жүретін, бұл ойын әпкесі Умму Фадлға айтады. Умму Фадл Алла елшісінің (с.а.с.) жауабын білу үшін күйеуі Аббасты (Алла оған разы болсын) араға салады. Аббас Пайғамбарымызға (с.а.с.) келіп, балдызына үйлену туралы ұсыныс жасағанда, Алла тағаладан: «Ей, Пайғамбар! Біз саған мәһрлерін берген әйелдеріңді, Алла өзіңе олжа етіп берген күңдеріңді, ...және өзін Пайғамбарға тарту еткен иман келтірген әйелге, егер Пайғамбар оны әйелдікке алуды қаласа, (мәһрсіз үйленуіңе) рұқсат еттік. (Бірақ бұл барлық) иман келтіргендерге емес, саған ғана қатысты» , – деген аят түседі.

Осылайша Мәймуна ең ұлы Адам баласымен отау құрған мүміндердің соңғы анасы атанады. Келісімді үш күн аяқталған соң, «Расында, Алла Өз елшісінің (көрген) түсін ақиқатпен растады. (Ей, мүміндер!) Таяуда сендер, Алла қаласа, (шаштарыңды) алдырып тастаған немесе қысқартқан күйлеріңде әл-Харам мешітіне (ешкімнен) қорықпастан емінеркін кіресіңдер. Алла сендердің білмегендеріңді біліп, одан (Меккенің ашылуынан) бұрын жақын бір жеңісті (Хайбар жеңісін нәсіп) етті», – деген Алла тағаланың уәдесіне сай бейбіт түрде сахабаларымен бірге былтырғы умраларын өтеген Пайғамбар (с.а.с.) Меккені тастап шығып, Сариф деген жерге келгенде, Мәймуна анамызбен үйлену рәсімін жасайды. Сөйтіп, Бәрра Пайғамбар (с.а.с.) отбасы мүшелері қатарына кіреді және Алла елшісі (с.а.с.) мен оның арасында ешқашан келіспеушілік болған емес. Пайғамбарымыз (с.а.с.) Мәймуна мен оның әпкелері жайлы: «Мүмін әпкелі-сіңлілер Мәймуна, Умму Фадл және Әсма», – деген. Алла елшісі (с.а.с.) бұл фәнимен қош айтысқанда, Мәймуна елу жаста болатын. Ол Пайғамбарымыздың (с.а.с.) қазасынан кейін оңаша ғұмыр кешіп, қалған өмірін Аллаға құлшылық етумен өткізеді.

Пайғамбар (с.а.с.) хадистерін келер ұрпаққа жеткізуге атсалысқан. Ол һижра жыл санауымен 51-жылы дүние салып, Пайғамбарымызбен (с.а.с.) алғаш неке рәсімін жасаған Сарифқа жерленген. Жаназасын әпкесінің ұлы Абдуллаһ ибн Аббас (Аллаһ әкесі екеуіне разы болсын) шығарған.  Мүміндердің соңғы анасы – Мәймуна Харисқызына Алла разы болсын! Оны және барша мүміндердің аналарын біздерге Алла тағала үлгі-өнеге етсін!

asyldin.kz

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: