ӘЛЕМ СЕНЕН БАСТАЛАДЫ! «Кешіріп үйрен. Тезірек кешір!»

ӘЛЕМ СЕНЕН БАСТАЛАДЫ! «Кешіріп үйрен. Тезірек кешір!»

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Көп адам бұл өмірден өзгені, әсіресе өзін кешіре алмай өтеді. Мұны өзінше мінезім мықты, ұстанымдарыма берікпін дейді.

Кешірмеу – ең алдымен өзімізге зиян. Тек қартайған кезде бұл адамдар артына қарап ауыр жүк арқалап өткенін түсінеді. Егер өзінің жас күнін көре алса, бір-ақ ауыз сөз айтар еді: «Кешіріп үйрен. Тезірек кешір!» 

  — Баяғыда бір әйел қайтыс болыпты. Оған Ажал келеді. Әйел Ажалды көріп, күлімсірепті, «дайынмын» деген екен.

— Неге дайынсың? – деп сұрайды Ажал.

 — Құдайдың мені өзімен бірге Жұмаққа әкетуіне дайынмын! – деп жауап қатады әйел.

 — Құдай сені өзімен бірге әкететінін қайдан білесің? – дейді Ажал.

 — Білмегенде ше? Өмір-бақи қайғы-мұңнан көз ашпадым, Құдайдың сүйікті құлы боп, жан тыныштыққа лайық болдым емес пе? – дейді әйел.

 — Қандай қайғы-мұңды айтасың? – деп сұрайды Ажал.

 — Кішкентай кезімде ата-анам үнемі себепсіз жазалайтын. Олар мені ұратын, бұрышқа тұрғызатын, мен жаман бірдеңе істегендей ақырып-бақырып, есімді шығаратын. Мектепте оқып жүргенімде сыныптастарым мені келемеждейтін. Олар да ұрып, кемсітетін. Тұрмысқа шыққанымда күйеуім ішкіш боп шықты, ылғи көзіме шөп салумен болды. Балаларым жанымды жаралап кетті, ақырында тіпті жаназама келмеді. Жұмыста жүргенде бастығым әлімжеттік жасап, айқайлайтын. Айлығымды кешіктіріп беретін. Жексенбі күні жұмысқа шығуды міндеттейтін. Соңында ақымды төлемей, жұмыстан қуып жіберді. Көршілер артымнан жүргіш әйел деп өсектейтін. Бірде қарақшы ізімнен келіп, сөмкемді тартып алып, өзімді зорлап кетті.

 — Мақұл делік, ал сен өміріңде не жақсылық жасадың, мұны білесің бе? – деп сұрайды Ажал.

— Мен әрқашан мейірімді болуға тырыстым. Шіркеуге бардым, дұға еттім. Бәріне қамқор болдым. Бар жауапкершілікті мойныма алдым. Бұл фәниде көрмеген құқайым қалмады. Ендеше мен де жұмаққа лайық болғаным да…

— Ал жақсы… – дейді Ажал.

 – Мен сені түсіндім. Бір келісімге қол қоямыз, сосын сені Жұмаққа жіберемін. Ажал оған бір сөйлем жазылған парақты ұсынады. Әйел сол жерге қолын қою керек екен. Әйел Ажалдың бетіне тура қарады. Біреу үстінен мұздай су құйып жібергендей болды. «Бұл сөйлемге қол қоя алмаймын» дейді. Парақта «Мені ренжіткендердің бәрін кешіремін, өзім ренжіткен адамдардың бәрінен кешірім сұраймын» деген сөйлем жазылыпты.

— Неге бәрін кешіріп, өзің ренжіткендерден кешірім сұрай алмайсың? – деп сұрайды Ажал.

 — Себебі, олар менің кешіріміме лайық емес. Егер кешіре салсам, ештеңе болмағандай боп шығады емес пе? Ендеше олар өз іс-әрекеті үшін жауап бермейді ғой. Ал мен ешкімді ренжітпедім, кімнен кешірім сұраймын? Ешкімге жамандығым өтпеді…

 —  Осы айтқаның рас па? – деп сұрайды Ажал.

 —  Рас!

 — Сенің жаныңа жара салғандар үшін не сезініп тұрсың? – деп сұрады Ажал.

— Ашулымын, ызам келеді, көңілім қалды. Маған жамандық жасаған адамдардың қиянатын ұмытып, жадымнан өшіруім әділетсіз ғой.

 — Егер оларды кешіріп, бұл сезімдерден құтылсаң не болады? – деп сұрады Ажал. Әйел күтпеген сұрақтан абдырап қалды. Сәл ойланып, «Ішім босап қалар еді!» деп жауап қатты.

— Шын мәнінде ішің деген жүрек қой. Жүрек бос болған соң әрқашан өзіңді, өз өміріңді де құнсыздандырып алғансың. Сенің ашуың ғана өміріңе әр беріп, мағыналы етіп тұр. Неге ішің бос, айтшы?

 — Себебі, өмір-бақи мен жақсы көрген, солар үшін өмір сүрген адамдар бір күн болмаса, бір күні менің еңбегімді бағалар деп күтумен өттім. Ақырында олардан көңілім қалды. Өмірімді  еріме, балаларыма, ата-анама, достарыма арнадым. Бірақ олар менің еңбегімді бағаламады. Жақсылықтың қадірін білмеді!

 — Құдай өзі жаратқан Адам баласын Жер бетіне жібермес бұрын құлағына фәнидегі тірлігін түсіндіретін, өмірін мәнді ететін бір ауыз сөзді сыбырлаған еді…

 — Қандай сөзді? – деп сұрады әйел.

— ӘЛЕМ СЕНЕН БАСТАЛАДЫ!

 — Бұл сөздің мәнісі неде?

 — Ол да Құдайдың айтқанын түсінбеген…

Бұл сөз сенің өмірің мен өміріңде болатын әр құбылыс үшін өзің ғана жауаптысың дегенді білдіреді. Қайғырасың ба, әлде бақытты боп өтесің бе, оны өзің таңдайсың! Ендеше маған түсіндірші, осынша қайғыны саған кім сыйлады?

— Сонда қалай? Өзімді-өзім қайғыртқаным ба?— деді әйел дауысы дірілдеп.

— Сен кімді кешіре алмай тұрсың?

— Өзімді ме? – деді әйел жыламсырап.

— Өзіңді кешіру — өзіңнің бүтін емес болмысыңды қабылдау! Өзіңді кешіру — өз жүрегіңді өзіңе ашу! Сен өз-өзіңе соншама қайғы арқалаттың, бірақ соның бәріне бүкіл әлем кінәлі дедің. Олар сенің кешіріміңе лайық емес деп күпіндің… Солай дей тұрып, Құдай сені құшақ жая қарсы алсын дейтініңе не жорық? Сеніңше Құдай деген әбден қартайған, алжыған шалға ұқсай ма? Ол ақымақтар мен жүрегі қарайып кеткен қайғырғыштарға есік ашады деп ойлайсың ба? Сен сияқтыларға арнап ғажап мекен жасап қойды деймісің? Өзіңнің жеке жұмағыңды жасасаң, ол жұмақ алдымен өзіңе, сосын өзгелерге де жан тыныштық сыйласа, сонда ғана Көктегі жұмақтың есігін қағарсың. Әзірге Құдай сені қайта жер бетіне түсір деп пәрмен етті. Өз мейірің мен қамқорлығыңнан тұратын әлеміңді жасауға мүмкіндік беріп тұр. Өзіне қамқор бола алмайтын адам өзгеге жақсылық жасадым деген теріс ойдың жетегінде кетеді. Өзін керемет анамын дей ойлайтын әйелді Құдай қалай жазалайтынын білесің бе?

— Қалай? – деп сұрады әйел.

— Тағдыры көз алдында күйрейтін ұрпақ береді.

— Мен түсіндім… Күйеуім мені сүймеді, маған адал болмады. Олай ету қолымнан келмеді. Балаларымды бақытты әрі жетістікке жетерлік қылып өсіре алмадым. Шаңырағымда сүйіспеншілік пен мейірім үйлеспеді. Менің әлемімде бәрі тек қайғыра беріпті…

— Неге? – деп сұрады Ажал.

 — Айналамның бәрі мені аяп, басымнан сипаса екен деппін. Бірақ ешкім мені аямапты. Содан басқалар басымнан сипамаса да Құдай аяр, сол құшағына алар деп дәмеленіппін.

 — Жер бетіндегі ең қауіпті адамдар өзіне аяушылық туғызғысы келетін адамдар екенін есіңнен шығарма. Оларды «құрбандық» деп атайды. Пенде баласының ең үлкен қателігі Құдайға «құрбандық» керек деген ойы. Қайғы мен қасіреттен басқаны көрмеген адам Жұмаққа енбейді. Құдай оған жол бермейді. Себебі, бұл құрбандық оның жұмағына да у себеді. Кері қайт! Өзіңді жақсы көруді үйрен. Сенің әлеміңе кірген әр адамға махаббатыңнан бөліп бер. Ең алдымен өзіңнің надандығың үшін өзіңнен кешірім сұра. Өзіңді кешіріп үйрен. Әйел көзін жұмды.

Аударған Шынар Әбілдә

mazhab.kz

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: