Көре алмаушылықтың соңы

Көре алмаушылықтың соңы

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Бұрынғы заманда бір ғалымды елдің патшасы қатты қадірлейтін болады. Бұл ғалым патшаға үнемі былай деп насихат айтады екен: "Патшам, жақсылық қылған адамға жақсылық жасаңыз! Жамандық жасаған адамға жаза ретінде өзінің жамандығы да жеткілікті». Бұл ғалымды уәзірлерінің бірі көре алмай патшаға шағымданыпты:

-         Патшам! Ана ғалым сіздің аузыңыз сасиды деп айтып жүр.

-         Сөздеріңнін дұрыстығына қалай сенемін?

-         Ғалымды қасыңызға шақырыңыз, егерде сізге жақындағанда мұрнын жабатын болса, сөзімнің растығы белгілі болады.

Көре алмай жүрген уәзір патшаның алдынан шыға салып ғалымды асқа шақырады да сарымсақ қосылған тағам ұсынады.

Біраздан соң ғалым патшаның алдына барғанында патша оған қасына жақындауын айтады. Ғалым жақындағанда сарымсақтың исі бар екені есіне түсіп, қолымен аузын жабады. Патша уәзірім дұрыс айтыпты деген шешімге келеді. Бір қағазға «Мына хатты әкелген адамның басын шап!» деп хат жазып, орап ғалымға хатты бас уәзірге апарып беруін және одан бір сыйлық алуын айтады. Ғалым бұл хатты алып келе жатып жолда баяғы уәзірді көреді. Патшаның бұйрығымен сыйлық алу үшін бас уәзірге бара жатқанын айтады. «Сыйлық» деген сөзді естіген уәзір «хатты маған беріңіз, мен апарсам» деп жалынған соң ғалым хатты оған бере салады. Сөйтіп, хатты апарған көре алмаушы уәзірдің басы шабылады.

Ғалым әдеті бойынша қайтадан патшаның қасына барады. Патша оны көріп таң қалып, сұрайды:

-         Сен хатты не істедің?

-         Хатты алып бара жатқанымда сіздің уәзірлеріңіздің бірі хатты беруімді сұрады, соған бердім.

-         Кеше сол уәзір маған сенің «Әміршінің аузы сасиды» деп айтып жүргеніңді жеткізді. Сол рас па?

-         Мүлдем ондай ештеңе айтпадым.

-         Олай болса неге кеше алдымда келгеніңде аузыңды жаптың?

Ғалым сол уәзірдің оны асқа шақырып сарымсақ қосылған тамақ бергенін және сарымсақтың иісімен патшаның мазасын алмау үшін аузын жапқанын айтқанда патша айтқандарың дұрыс екен деп, ғалымның сөздерін қайталап шықты: «Жаманға өзінің жамандығы жеткілікті болады. Көре алмаған уәзір жазасын тартты».  

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: