Майк Тайсон Исламға қалай келді?

Майк Тайсон Исламға қалай келді?

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

— Алла Тағала тура жолға салып, Исламды таңдаған жандар қатары күннен-күнге артып келеді. Әлемде көптеген ұлттың көзі ашық көкірегі ояу, түсінігі мол саналы әрі зиялы ұрпақтары мұсылмандыққа бет бұруда. Сондай-ақ, Пайғамбарымыз (c.a.c.) бен қасиетті Құран кітабымызды ақиқат деп қабылдап, Ислам дінін мойындаған әлемдік әдеби классиктер мен асыл дініміз Исламнан іздегенін тапқан жандар тарихта аз болмаған.

Бүгінгі мақаламызда өмірі шым-шытырық оқиғаға толы, шартарапқа әйгілі боксшы, Исламнан нәр алған әлемдік тұлғалардың бірі – Майк Тайсонның өмірі мен оның Исламды жан тәнімен қабылдауы жайында сөз қозғамақпыз.

«Темір» атанған Майк

Майкл Джерард Тайсон (Michael Gerard Tyson) 1966 жылдың 30 маусымында АҚШ-та дүниеге келген. Лақап аты – Темір (Iron). Боксшылар тарихындағы ең танымал ауыр салмақ категориясында өнер көрсеткен америкалық кәсіби былғары қолғап шебері. Үш рет неке құрған. Сегіз баланың әкесі. 2009 жылы қайғылы жағдаймен төрт жасар қызы бақилық болған.

Бойы  – 178 см, қол аралығы (құлаш)  – 180 см. Алғашқы жекпе-жегі 18 жасында, 1985 жылдың 6 наурызында Эктор Мерседеспен өтіп, жеңіске жетеді. Ал, 2005 жылдың 11 маусымында ирландтық боксшы Кевин Макбрайдпен болған соңғы жекпе-жегінде жеңіліске ұшырады. Актерлік мансабында 55-тен аса фильмге, шоу және сериалдарға түскен.

Ислам дінін ұстанған боксшы

Майк Тайсон – түбі африкалық, АҚШ азаматы. Ислам дінін қабылдаған. Мұсылманша есімі – Мәлік Әбдүлләзиз. Ауыр салмақта әлем чемпионы атанғанда, ол небәрі 20 жаста еді (1986). Жастайынан қол жеткізген бұл жетістігі, өмірінде қалаған барлық материалдық дүниеге ие болуына себепші болады. Сондай-ақ, ол беделді әрі жоғары мансапты спортшы. Осы жетістіктен кейін ол үнемі биік шыңдарды бағындыра бастайды.

Дүниежүзілік бокс қауымдастығының (WBA), Дүниежүзілік бокс кеңесінің (WBC) және Халықаралық бокс федерациясының (IBF) белбеуіне қол жеткізген. Жалпы 58 жекпе-жектің 50-інде жеңіске жетіп, оның 44-ін нокаутпен ұтқан.  

Жала жабылған боксер

АҚШ-та кең тараған қақтығыс пен зорлық жасау «модасы» бір күн оны да өз қақпанына түсірді. «Зорлады» деп шағымданған модельер қыздың кесірінен Майк Тайсон алты жылға түрмеге қамалды. Бірақ бұл қайғының соңы қайырлы іске айналды. «Ұятқа қалдырған қылмыс» арқылы түскен түрме Майк үшін өзін мәңгі азаттыққа апаратын бір жол болып шықты.

Сондай-ақ, Америка түрмелерінде өмірін дінді насихаттауға арнаған тақуа мұсылмандар да болды. Олар осы мейірімділігі мен тақуалықтары арқылы Майк Тайсонға көңіл бөлген еді. Оны қылмысы үшін алыстатпай, керісінше, досы секілді жақындық танытып Исламның кереметтерін тілмен әрі істерімен түсіндіруге тырысты.

Майк Тайсон, ешқашан көрмеген шынайы достықты осы тар қапастан тауып, оған бұл ерекше әсер қалдырған еді. Күн өткен сайын бұл ерекше достық артып, оның ішкі жан-дүниесіне де әсер ете бастайды. Сондай-ақ, осындай керемет адамдармен бірге болуға шешім қабылдап, еш күмәнсіз «Кәлимә шахадәт» келтіріп мұсылман болады.

Жақсы тәртібіне байланысты жазасы қысқарған

Түрме Майк Тайсон үшін «Юсуфие медресесіне» айналды. Ислам ахлақы оны көркем мінездікке үйретті. Сол себептен, жақсы тәртібіне байланысты оның жазасы 3 жылға қысқартылып, 1995 жылдың наурыз айында бостандыққа шығады.

Оның жаңа дінді қабылдауы мұсылмандар арасында үлкен бір толқу мен қуаныш әкелді. Олардың арасында «барлық кезеңнің ең үздік боксшысы» атағына ие болған ауыр салмақтағы бұрынғы әлем чемпионы Мұхаммед Әли де бар еді.

«Жұдырықтарымды Ислам үшін қолданамын…»

Мәлік Әбдүлләзиздің алғашқы сөздері мынадай болды:

– «Жұдырықтарымды бұдан былай Ислам үшін қолданамын. Рингке дайынмын. Өйткені, өзімді қазірден боксқа дайын екенімді сезінемін. Түрмедегі өмірім Исламның арқасында өте тәртіпке бағынғаны үшін көп-көп жаттықтым».

Ол мұсылман болғаннан кейін түрмедегі өмірінің толығымен өзгергенін, таң намазы үшін күн сайын сағат 4-те тұратындығын, сондай-ақ, бір сағат жаттығу жасағаннан кейін кітап оқитындығын айтты.

Майк, өзіне «Малколм Х»-ті (Malcolm X) үлгі тұтатынын, оның өмірі мен шығармаларын зерттеп, енді оның ұстанған жолынан айнымайтынын тілге тиек етеді.

Ол өзін Исламға бұрған жолын да былай түсіндіреді:

– «Түрмеде үлкен тығырыққа тірелдім. Өзімді тұзаққа түскендей сезіндім. Нәпсіммен жеке қалған ұзақ уақыттарда көптеген сұрақтарыма жауап табуға тырыстым. Бірақ барлық көзқарастарыма қарамастан, шығатын жол таба алмай, өзімді үлкен белгісіз бостықта қалғандай сезіндім».

«Алланың адамға күре тамырынан да жақын»

– «Миллиондаған доллар байлығым болғанына қарамастан, бақытсыз едім. Осындай жан ауыртарлық күйзелісте жүріп, түрмедегі мұсылман бауырлардан Ислам жайында ақпараттар ала бастадым. Осы ақпараттан қатты әсерлене бастадым. Өмірімде алғаш рет естіген керемет ақпараттардың ішінде маған ерекше әсер қалдырған: «Алланың адамға өзінің күре тамырынан да жақын болатындығы» жайлы шындық еді…

«Ендігі ісім – қасиетті жер Хижазға барып, қажы болу. Сосын рингтерге шығып, қайтадан ауыр салмақта әлем чемпионы болу. Алла Тағала нәсіп етсе, өмірімді Исламға қызмет етуге арнағым келеді», – дейді ол.

Мәлік Әбдүлләзиз Америка түрмесінде мұсылмандықты қабылдаған алғашқы да, соңғы да кісі емес. Жыл сайын бірнеше америкалық сотталған Ислам арқылы құрметке ие болып, өмірлерінің мәнін табуда. Түрме басшылығы да бұл жағдайды түсіністікпен қабылдауда. Өйткені, қылмыскерлердің тәртіпке ең көнетіндері – мұсылмандар. Осыған байланысты, олардың ғибадаттарына араласпай, қайта білім алуы мен ғибадаттары үшін дін адамдары қызмет етіп, намазханалар ашылуда.

Жекпе-жектерден кейін дұға жасауды ұмытпаған…

Түрмеден шыққан аз уақыт ішінде Мәлік Әбдүлләзиз жетістігімен әркімді таңқалдырып, қайтадан әлем чемпионы болады. Ол жеңіс тұғырынан көрінген жекпе-жектерден кейін дереу шүкір намазына жығылып, дұға жасауды ұмытпаған. Әсіресе, мұсылман спортшыларға үлгі бола білді.

Майк жуырдағы бір сұхбатында 15 жыл өткен соң, яғни биыл жастық шақты еске алу қиын болғанын мойындап, спорттық мансабын қимағанын тілге тиек еткен.

Исламға сыйынып жұбаныш білдірген және бес уақыт намаз оқуды бастаған Мәлік Әбдүлләзизді шексіз ризамыз. Түрмеде оның тура жолға себеп болуына атсалысқан керемет жанды мұсылмандарға да алғысымыз бен құттықтауымыз да бар. Әсіресе, онымен ең көп уақыт өткізген Мұхаммед Сыддық бауырымызды да шын жүректен құттықтап, ризашылығымызды білдіреміз!

Бір адамның иманға келуі – оның мәңгілік өмірі мен бақытын табуы деген сөз. Бұл жайлы ардақты Пайғамбарымыз (c.a.c.): «Иман – әлемнің ең қымбат қазыналарынан да бағалы» деген. Сондықтан да бір адамның иманға келуіне себепші болу – ең сауапты істердің бірі.

Дайындаған Руслан БЕГЕН

kazislam.kz

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: