11 бөлім. Қағбаның қайта салынуы

11 бөлім. Қағбаның қайта салынуы

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Пайғамбарымыз (ﷺ) отыз беске келгенде, су тасып Қағбаны бүлдірген еді, оның қабырғалары су тасқынына дейін өрттен бүлініп тұрған болатын. Құрайыштар оны қайтадан салып, төбесін шатырламақ болып шешеді. Су тасқыны болғанға дейін ол адам бойынан да биік, үлкен тастардан қаланған болатын. Тайпалар жиналып, бірақ Қағбаны бұзуға жүрексінеді. Сонда әл-Уалид ибн әл-Мугыра былай айтады: «Сендер оны пайда жасау үшін әлде зиян келтіру үшін бұзасыңдар ма?»

Адамдар: «Пайда жасау үшін». Сонда ол: «Расында,  Алла пайда келтіретіндерді өлімге душар етпейді», - дейді. Өзі де Қағбаны құлатуға кіріседі. Басқалары оған ереді. Осылайша олар Қағбаның Исмаил пайғамбармен (ғ.с.)[1] қаланған іргетасына жеткенге дейін қабырғаларын құлатады. Ол жерден олар ата-бабаларының данышпандығын ұрпақтарының есіне салу үшін, құрылысшылардың жиі қалдыратындары сияқты ойылып жазылған өсиеттерді көреді. Сосын құрылыс басталады. Қағбаның құрлысына тек таза ақшаларды қолданбақ болып шешіледі, зинақорлық пен өсімқорлықтан түскен ақшалар алынбайды.   Құрайыштардың ең мәртебелілері иықтарына тастарды салып тасыған, олардың арасында  — Аббас пен Алла Елшісі (ﷺ) болған. Құрылысты Бакум есімді византиялық ағаш шебері басқарған. Қағбаның әрбір бұрышын шығару үшін, әдейі ең беделді деген адамдар таңдалған болатын, алайда бір кезде таза ақшалар таусылып қалады да, құрылысшылар кезінде оны Исмаил салған кезде болған Қағбаның шекараларын көтере алмай қалады. Сондықтан Исмаилдың Хиджры Қағбаның сыртында қалып қояды. Қағбаның бір бөлігі екенін көрсететін аласа қабырға ғана көтеріледі.

Нәтижесінде он сегіз шынтақтай[2] болып шығады да, алдында болған тоғыз шынтақтан үлкен болады.  Есігі жерден биіктетіледі де енді оған баспалдақпен көтерілу керек болады. Қара тасты орнату кезі келгенде, басшылар мұндай ізетті кімге тапсырарларын білмей айтысып қалады. Олардың ұзақ айтысқандары сондай, істің арты шайқас болып кетердей көрінеді. Дау төрт тәулікке созылады. Құрайыштардың ішіндегі ең үлкені Әбу Умайя ибн әл-Мугира әл-Махзуми, Халид ибн әл-Уалидтің ағасы болады. Ол былай айтады: «Әй, адамдар! Ұрсыспаңдар. Кімге сенсеңдер, сол сендерге төрелік айтсын».

Олар: «Кім бірінші осы жерге кірсе, сол бізге төрелік айтсын», - деп келіседі. Ең бірінші кірген Алла Елшісі (ﷺ) болып шығады. Бәрі қуанып кетеді, өйткені ол өзінің адалдығымен, шыншылдығымен танымал еді, олар былай айтады: «Бұл әл-Амин, біз оның шешіміне разы боламыз, бұл Мұхаммед». Не болғанын оған түсіндіріп бергенде, ол жамылғысын жерге жайып, былай айтады: «Әрбір тайпадан бір адам киімнің шетінен ұстасын». Сосын ол жамылғыға тасты салып, көтеруге бұйырады. Сөйтіп олар тасты қоятын жеріне апарады, Мұхамммед (ﷺ) тасты алып, өзі орнатады.  Осылайша бұл қиындық шешіледі, мұндай жағдайлар арабтарды жиі соғысуға әкеліп соғатын, егер тек Алла Тағала Өзінің мейірімділігімен оларға жол көрсете алатын  Әбу Умай сияқты ақылды адамды және Алла Елшісі (ﷺ) сияқты оның төрелігіне бәрі разы болатын данышпанды жібермейінше. Бірақ бұл бәсекелестік түсінікті еді, өйткені Қағба арабтардың қыбласы мен қажылық ететін жер еді. Оған байланыстының бәрі мәртебе және құрмет болатын.  Кағба — Жердегі бірінші ғибадатхана, бұл жөнінде Қасиетті Құранның «Әли Имран» сүресінде былай айтылған: «Негізінен адам баласы үшін Меккеде алғаш құрылған үй (Қағба) бүкіл әлемге мүбәрак және тура жол. Онда ашық белгілер, Ыбырайым (Ғ.С.) ның орны бар. Сондай-ақ кім оған кірсе, аман болады» (3:96-97).

Исмаилдың (ғ.с.) ұлынан кейін Қағбаны басқару Журхум тайпасына көшеді, ал олар адамдарға жәбір көрсете бастағанда, Хуза'а тайпасы оларды Меккеден қуып жібереді. Біршама уақыт хуза'иттер Меккені басқарды, ал сосын Құсай ибн Кылаптың кезінде билік құрайыштарға көшеді. Басқа тайпалар олардан қорқатын, сондықтан да бұл жер қауіпсіз болатын. Мекке қамал, дұшпандардың зұлымдықтарынан тығылатын баспана болды. Алла Тағала бұл жерді қауіпсіздендірген және ол туралы Өзі Құранның «Анкәбут» сүресінде айтқан: «(Мекке халқы) маңындағы адамдар қағып әкетіліп тұрғанда, Меккені ардақты және бейбіт орын еткенімізді көрмеді ме?» (29:67).



 15  Ибн Хишамның нұсқасы бойынша, Ибраһим пайғамбармен (ғ.с.).

[2]    Шамамен 9 м. «Қайта салыну біткенде Қағбаның іргетасы шаршы пішінді болып шықты, ал қабырғалары он бес метрлік биіктікке көтерілді. Матаф деңгейінен (тауаф деңгейінен) бір жарым метр биіктіктегі Қара тас орнатылған қабырға мен қарама-қарсы жақтағы қабырғаның ұзындығы он метрге тең келеді Қағбаның есігі тұрған қабырға мен оған қарама-қарсы қабырғаның ұзындығы он екі метрге тең, есіктің өзі жерден екі метр биікте орналасқан. Ғибадатхана ғимаратының сыртында шығыңқы жер бар, оның биіктігі шамамен 0,25 метр, ал ені – 0,30 метр, ол аш-Шазурван деп аталады. Бастапқыда бұл шығыңқы жер ғимараттың бір бөлігі болатын, алайда құрайыштар оны сыртында қалдырған» (Мубаракфури).

asyldin.kz

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: