Бараат түні жайында не білеміз?

Бараат түні жайында не білеміз?

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

«Бараат» – «борыштан» және «жазадан құтылу» дегенді, яғни, күнәлардан арылу деген сөз. «Бараат» сөзі бір борышты немесе қарызымызды өтеген уақытта бізге қайтарылатын қағаз (қолхат қағаз) мағынасында да қолданылады. Осыған сай, Бараат түні күнәлардан құтылу қағазының жазылған және бізге тапсырылған түн деген мағынаны да білдіреді. Шағбан айының 14-нен 15-іне қараған түн Бараат түні болады. Ислам ғұламаларының айтуынша, Қадыр түнінен кейінгі ең қасиетті түн – Бараат түні, өйткені, Құран алғашында дүние аспанына Бараат түні түсіп, Қадыр түнінде Пайғамбарымызға (ﷺ) түсе бастаған. Құранда Алла Тағала былай деген: «Ха, мим. Ашық баян етуші Құранға серт. Шын мәнінде оны құтты түнде түсірдік. Расында, Біз ескертушіміз. Ол түнде барлық хикметті істер айырылады» – деген (44:1-4).                                                                              

Пайғамбарымыз (ﷺ) бұл түн жайында жұбайы хазреті Айша (р.а.) анамызға былай деген: «Міне, бұл түн Шағбан айының ортасындағы – Бараат түні. Бұл түнде Алла бәни Кали қауымының қойларының санындай адамдарды Тозақтан азат етеді, бірақ, бұл түнде Аллаға серік қосушыларға, ағайын-туыстарымен қарым-қатынасты үзгендерге, адам өлтіргендерге, ата-анасына қарсы шығып, ренжіткендерге және ішкілік ішушілерге ілтипат көрсетілмейді». Тағы бір хадисте Пайғамбарымыз (ﷺ): «Бараат сіз үшін ең үлкен мүмкіншілік. Өйткені анық бір түн. Шағбан айының 14-нен 15-іне қараған түн. Қадыр түні Бараат түнінен ұлық болса да, қай күні екені белгісіз. Бұл түнде көбірек ғибадат етіңіз, әйтпесе, Қиямет күнінде өкінесіз», - деген екен. Жоғарыда айтылғандай, адамдардың бір жылдық тағдыры жазылып, періштелерге тапсырылады, яғни, бұл түнде бүкіл жаратылыстың бір жылдық ризық-несібесі, байлық пен мұқтаждық халдері, бұл дүниеге қатысты дәрежелері, осы жылда туылатын және өлетін адамдар - барлығы осы түнде белгіленеді. Бараат түнінде намаз оқу, дұға ету, дүниеден өткен ата-баба, ағайын-туыстарға сауабын бағыштап хатым оқу үлкен сауап болады. Бұдан басқа Бараат күнін оразамен өткізу де Пайғамбарымыздың (ﷺ) сүннеті.

Алла Елшісі (ﷺ) Бараат түнінің ұлықтығы жайлы былай деген: «Бараат түнін құлшылықпен өткізіңіз. Күндіз ораза тұтыңыз, өйткені, бұл түнде Алла Тағала күн шыққанға дейін әлемге рақмет назарымен қарайды да: «Кешірім сұраушы бар ма? Кешіремін. Ризық-несібе сұраушы бар ма? Ризығын беремін. Ауру-сырқатына шипа сұраушы бар ма? Дертіне шипа беремін. Бұдан басқа қандай тілектері болса сұрасын, тілегін қабыл етемін», - дейді. Бұл түн күн шыққанға дейін жалғасады». Бараат түні бүкіл дұға-тілектер қабыл болатын түн. Бұл мүбәрәк, қасиетті түнде еліміз, халқымыз, қасиетті дініміз, өзіміз, жанұямыз, бүкіл мұсылмандар үшін дұға етіп, Алладан бұл дүние және ақиреттің бақытын сұрауымыз керек.

asyldin.kz

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: