Менің пірім – Пайғамбарым (ﷺ) (жалғасы бар)

Менің пірім – Пайғамбарым (ﷺ) (жалғасы бар)

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Алла Тағаланың қалауымен, Ислам дінін таратуда Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (ﷺ) зор адамгершілігі, қайырымдылығы, мейірімділігі және жомарттығы өте үлкен рөл атқарды. Адал да әрі әділетті, әлсіздерді жақтайтын, жетім-жесірлерге қол үшін беретін Пайғамбарымыздың (ﷺ) соңынан еріп, Ислам дінін қабылдағандардың саны өсе бастады. Иман жолына түскендердің арасында саудагер байлар да, жоқ-жітік, қарапайым халық та болды. Ислам дінін қабылдағандарға мүшріктердің жау көзбен қарап, мазақ қылғандары үшін алғашқы мұсылмандар діндерін жасырып, жасырын ғибадат қылуға мәжбүр болған. Алғаш дінге кіргендер жанын, малын Алла жолында садақа қылып, Алла разылығы үшін шын ниетімен Пайғамбарымызға (ﷺ) сеніп, таза да адал дін Исламды дәріптей бастаған. Үш жылдай жасырын ғибадат пен жасырын дінді таратудан соң, Жаратушыдан аяттар келіп, Пайғамбарымыз (ﷺ) халыққа ашық үндеу тастай бастады және оны өзінің отбасы мен немере ағайындарынан бастады. Жаратушының әмірімен Пайғамбарымыз (ﷺ) туысқандарын хақ дінге шақыруы тиіс еді, бірақ немере ағасы Әбулаһаб оған қарсы шықты. Бала кезінде Пайғамбарымыздың (ﷺ) бұл туысынан көрмеген қорлығы жоқ еді. Оның ең үлкен жауы да осы Әбулаһаб болатын. Қасиетті Құран кәрімде Әбулаһаб туралы қатаң бір сүре бар. Ол – 111 сүре «Мәсәд».

Алла Тағаланың қалауымен, Пайғамбарымыз (ﷺ) дінге үндеу көлемін ұлғайта түсті. Өз туыстарынан кейінгі кезек Мекке халқына келді. Сафа төбесіне шығып сөйлеп тұрғанда, тағы да Әбулаһаб Пайғамбарымыздың (ﷺ) сөзін бөліп, жиналған халықты таратып жібереді. Ең мықты қарсылықты, ең ауыр қысым мен азапты Пайғамбарымыз (ﷺ) осы адамнан көрді. Тек қана Пайғамбарымыз (ﷺ) емес, дін жолында алғаш мұсылман болғандардың пұтқа табынушылардан көрмеген қорлық-зомбылықтары қалмаған. Ашықтыру, ұру, дүре соғу, ыстық құмға киімсіз жатқызып денелерін күйдіру мүшріктер үшін әдеттегі іс саналатын. Әсіресе, барлық өштерін қорғансыз, әлсіз мұсылмандардан алатын. Олар бүтін мұсылмандарды құртуға тырысатын. Мұсылмандарды қинап, жан азабын тарттырудан бұлар рахат алатын және де осылай ашу-кектерін шығаратын. Мұсылмандарды Алла жолынан тайдырып, пұтқа табындыруға тырысатын. Олардан барлық мұсылмандар азап көрсе де, азаптың ең ауырын тартқандардың бірі Пайғамбарымыздың (ﷺ) азаншысы болып бес уақыттық намазға мұсылмандарды шақыратын Біләл (р.а.) еді. Ол қара нәсілді болатын. Үммия Халефтің құлы болған. Адал дінге қарсы болған Үммия Біләлді (р.а.) ыстық құмға жатқызып, кеудесін таспен бастырып қинайтын. Сондай жаны қиналып жатса да Біләл: «Бір Алла. Бір Алла» деп айта беретін. Үммия оның мойнына арқан байлап Меккені айналдыра сүйрейтін, бірақ Үммия өз дегеніне жетпеді, өйткені Біләлдің жүрегімен сеніп, тілімен айтқан «Бір Алла» сөзін ұмыттырып, үнін өшіру мүмкін емес еді. Жаратушыға деген, оның әмірін адал атқарып жүрген Пайғамбарымызға (ﷺ) деген сүйіспеншілігін жою мүлде қисынсыз болатын. Осындай азап көріп жүрген Біләлді Пайғамбарымыздың (ﷺ) жан досы Әбубәкір Сыдық Үммиядан сатып алып, азат етті. Біләлдің намазға шақырып азан айтқан үнін мұсылман қауымы ұйып тыңдайтын.

Алла Тағаланың құдыретімен Ислам діні нығайып, мұсылман болғандар саны артып бара жатқан кезде Хамза мен Омардың мұсылман болулары – мұсылман қауымының мәртебесін одан ары арттырған еді. Ал құрайыштар болса бұл жағдайдан өте қатты алаңдаулы болатын және де олар мұсылмандарды одан да қатты қыспаққа ала бастады. Олармен ешкімді сауда жасатпады, аштан қатырып, діннен тайдырамыз деп ойлады. Алайда, олардың жауыз ойлары іске аспады. Пайғамбарымыз (ﷺ) адамзатты тура жолға, Алла көрсеткен хақ жолды ұстануға бастай берді және де барлық қиындыққа төтеп берді. Пайғамбарлықтың оныншы жылы Мұхаммед (ﷺ) екі үлкен қайғыны басынан кешті. Ата-анасынан ерте айырылып, жетім қалған Пайғамбарымызды (ﷺ) бауырына басып бала еткен немере ағасы Әбутәліп пен жан серігі Хадиша анамыздың (р.а.) қазасы Пайғамбарымызды (ﷺ) қатты есеңгіретіп, еңсесін басып жіберді. Пайғамбарымыз (ﷺ) екі үлкен қорғанынан айырылған соң, құрайыш жағынан қысым үдей түсті. Немере ағасының көзі тірісінде мүшіріктер Пайғамбарымызға (ﷺ) ашық шабуыл жасап, тиіспеген болса, ал ол қайтыс болған соң шабуылын арттырып, тұрпайы іс-әрекеттер жасай бастаған еді. Мүшіріктердің бірі Пайғамбарымыздың (ﷺ) басына балшық лақтырса, енді бір жолы намаз оқып отырған Мұхаммедтің (ﷺ)  үстіне түйенің ішек-қарнын ақтарған екен. Бұл жыл «қасірет жылы» деп аталды. Осы жылы Хадиша анамыздың орнын толтыру үшін Пайғамбарымыз (ﷺ) Сеуде деген әйелге үйленген. Исламның басынан бастап, өмірінің соңына дейін жан серігі болған досы Әбубәкірдің қызы Айшаға құда түсіп, некесі қиылған. Ең басты болған жайт - биікке шығу, жоғарылау мағынасын білдіретін ұлылық пен қасиетке толы оқиға Миғражға көтеріліп, бес уақыт намаз парыз болған. Намаздың парыз болуымен қыбла белгіленген. Қыбла Меккедегі Қағба. Пайғамбарымыздың (ﷺ) Миғражға көтерілгенін естіген жан досы Әбубәкір тыңдады да, рас екен деп қабылдады. Бұдан кейін Әбубәкірге қабылдаушы мағынасындағы «Сыдық» дәрежесі берілді...

Ақерке Сыдықова

asyldin.kz

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: