Таухид тұғыры

Таухид тұғыры

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Пайғамбар өсиеті жансыз да жасанды сөз емес.Не  қызығып қарап,көңіл бөлмей өтетін де жайт емес.Терең ойланып,әрбір өсиетін жіті бақсаң,тамаша бір өміріне жолбасшы табасың.Бейне бір өміріне қажет дүниелерді үйіп-төгіп беріп кеткендей.

Аллаға деген кіршіксіз таза сенім,Пайғамбарға деген ыждаһат,жүйеге сүйенген білім осы Пайғамбардың өсиеттерін дұрыс түсінуге және соған сәйкес өмір сүруге жол ашады.

Алла Елщісі С.Ғ.С бір сөзінде;

Мықты момын, Аллаһ алдында әлсіз момыннан жақсы әрі Аллаһқа сүйкімді,

дегенмен екеуінде де қайыр (игілік) бар. Өзіңе пайда әкелетінге талпын да, әлсіз болмай Аллаһтан көмек сұра. Егер саған бір қайғы келсе: «Әттеген-ай осылай да осылай істесем еді..» – деме, бірақ: «Бұл Аллаһтың жазмышы, Аллаһ қалағанын істеді», - де. Өйткені «егер де..», деген сөзің шайтанның ісіне жол ашады.

(Хадисті Абу Хурайрадан  имам Муслим  риуаят етті № 2664)

Хадиске терең үңіліп көрейікші;өміріне жарар қанша пайдалы нәрселер табасың.

Пайғамбардың бірінші өсиеті;

Мықты момын, Аллаһ алдында әлсіз момыннан жақсы әрі Аллаһқа сүйкімді, дегенмен екеуінде де қайыр (игілік) бар.

Мұсылманның күштісі деп отырғаны,ол күш қуаттың артқаны емес.Немесе біреуді алып ұрып жыққаны да емес.Әлсіз де болса,Аллаға тақуалығы артқан,өз нәпсісін тежеген қажырлы құлды Алла Елшісі С.Ғ.С меңзеп отыр.Алла жолында қажырлықты аз да көп те болса таныт,үлесіңді аласың дегендей.Басқа бір сөзінде,Аллаға тәуекел етуші,күшті мұсылман есепсіз қисапсыз жаннатқа кіріп кететіндігін келтіреді.

Пайғамбардың екінші өсиеті;Өзіне пайдалы іске ұмтыл

Адам өмірінде пайдалы істер үш күйде болады,

1)Зиянынан зияны басым.

Бұл істе екеуінің біреуін ғана қылу мүмкіншілігі болғандықтан,зиянының азы алынады.

Оған мысал,Хазіреті Османның (А.р.б)өлімінен соң Хазіреті Әлидің (А.р.б) харижиттерді бірден жазаламауы,.Соңы үлкен бүлікке айналып,зиянынан зардапы артатындықтан кейінге шегеруі т.б ізгілер өмірінен осы сияқты мысалдар бар.

2) Пайдасынан зияны басым

Оған ізгілер өмірінен бір мысал, Абдулла ибн Масғудтың (А.р.б) Хазіреті Османмен  (А.р.б)қажылық мерзіміндегі намазды қысқартып оқу мәселесінде қарама қайшылыққа түсіп қалуы,іс соңында өзі ақиқатқа жақын болса да,қарама-қайшылық жамандық (Канзул Амал 8\425)деп,ел бірлігін ойлап тоқтатуы

Немесе осыған ұқсас Имам Шафиғидің мысалы,Имам Шафиғи таң намазында кұныт оқитын.Оған өзінің дәлелі де бар еді.Бірақ Ханафи мазхабын ұстанатын Куфа қаласына келгенде,құныт оқымады.Ол кісіден мұның себебін сұрағанда,-Мына қабір егесі(Абу Ханифаны меңзеген)бұл істі қаламаған еді.(яғни дұрыс деп шешпеген еді).Сол үшін амал қылмаған едім деп жылы жауып қоя салған еді.Түпкі себебі,өзі дұрыс деп тауып тұрса да,ел бірлігі ойлап тұрғаннан осы қадамға барған еді.

3) Пайдасынан пайдасы басым

Оған ізгілер өмірінен бір мысал, Абдулла ибн Аббас(А.р.б) мешітте игтикаф құлшылығында отырады.Бір  кезде біреу келіп,сәлем берді де,оның қасына тізе бүкті.Ибн Аббас ,- Уа пәленше,көңілінде бір кірбің бар сияқты ғой»-деді.Әлгі адам-«Иа,солай,пәлен деген кісіге қарыз едім.Қайтаруға мүмкіншілігім жоқ.»-деді.Ибн Аббас;-«Сен үшін сол кісімен сөйлесейін бе?»-деп сұрады.Ол;-«Иа»-деді.Ибн Аббас аяқ киімін киіп,мешіттен шықты.Әлгі адам; -Иғтикаф жасап отырғаныңды ұмыттың ба?-деген еді. Ибн Аббас ,-«Жоқ,ұмытқаным жоқ.Бірақ бұл қабірдің Егесі(яғни,Пайғамбар С.Ғ.С. меңзеді)-Кімде-кім мұсылман бауырының қажетін өтесе ,оған он жыл игтикаф жасаудан да үлкен сый барКімде-кім Алла разылығы үшін игтикаф жасаса;Алла оны мен жаһаннамның арасына күннің шығысымен батысының арасындағы қашықтықтан да үлкен үш бірдей ор қазады.»-дегенін естігенмін.

(Мунзири Тарғиб 2\96(1650)Яғни ізгі кісілер пайдалы нәрседен артық пайдалы нәрсені көрсе соған ұмтылатын әдеттері болған.

Пайғамбардың үшінші өсиеті;Аллаға сүйену Істің пайда зиян екендігін біліммен және де ақылмен ойлап білгенмен,әр істің нәтижесі Аллаға ғана мәлім екендігі анық.Сол үшін Пайғамбар әрбір істі Аллаға тапсырып үйренуді үмметіне өсиет еткен еді.Сахабаларына Құранды қалай жаттатса,истихара(істі Аллаға тапсыру дұғасын)дұғасын сол деңгейде жаттауды бұйырған еді.Сахабалар әрбір ісін Аллаға тапсыруды үйренгені сондай,дүкеннен тұз сатып алса да,Алладан хайырын сұрайтын.

Пайғамбардың төртінші  өсиеті;Әлсіздік танытпа. Мұсылман бір істі өзіне пайдалы деп шешті.Істің дүние ахиреттегі пайдасын Аллаға тапсырды.Алла оң нәтижесін беріп ,істі қолға алды.Әр істің қиыншылығы бар,Аллаға істі тапсырдың ба,кейін шегінбе,жасыма да әрі жігерлі бол.Алла алдында ол сен үшін әлдеқайда пайдалы болуы мүмкін.

Қазір өмірімізде көп кездесетін жағдай,бір кісі өзіне адал кәсіп жолын табады.Ол егіншілік не сауда не ұжымдық жұмыс болуы мүмкін.Жұмысты пайдалы деп түсінді.Сонымен қатар ісін де Аллаға тапсырды.Басшысы мазасыз болуы немесе егіншілік,сауда-саттығы білместікпен алғаш кіріскенде пайда әкелмеуі сағын сындырады.Аллаға істі тапсырған соң,момын кісі жасымауы қажет.Алла осы арқылы мінез-құлығында,кәсібіндегі білімінді жетілдіруі мүмкін.Түптің түбінде бір Аллаға сүйенген кісі түбі опық жемейтіндігі анық.

Пайғамбардың бесінші  өсиеті;Егер саған бір қайғы келсе: «Әттеген-ай осылай да осылай істесем еді..» – деме, бірақ: «Бұл Аллаһтың жазмышы, Аллаһ қалағанын істеді», - де. Өйткені «егер де..», деген сөзің шайтанның ісіне жол ашады.

Адам өмірінде неше түрлі жағдайлар болады.Мысалға,бір кісі қажылыққа ниет қылып шықты.Қажылықты пайдалы деп түсінді.Аллаға ісін тапсырып,истихара оқыды.Әлсіздік,сараңдық танытпады.Шын жүрегімен Алланың жолына ниет қылды.Бірақ оның орта жолда көлігі сынды не болмашы қарызы болып аэропорттан жібермеді  тағы да басқа осы сияқты өмірде кездесіп жатқан себептермен қажылық нәсіп болмады. Аллаға сүйенген мұсылман осы кезде,бекер осылай істедім,басқа көлікпен шығуым керек еді,болмашы қарызымды төлей салуым керек еді т.б.деп осы сияқты өкінішпен өкінбеу керек. Осыған өмірде кездесетін тағы бір мысал;Өзіне өте бір жақын кісі науқастанды.Көп ұзамай ауруханаға жеткіздің.Барлық пайдасы бар-ау деген себептердің барлығын жасап,істі хайырын Аллаға тапсырдың.Бірақ Алла шипасын бермей,ол өмірден озды.Міне осы кезде де мұсылман ; - «бекер осылай  істедім,басқа дәрігерге көрсетуім керек еді.Басқа дәрі салдыруым керек еді,аман қалар еді»- деген сөздер айтпауы қажет.

Өйткені оның бәрі Алланың жазмышы.

Алла Құранда өзіне сүйенген құлға тек қана пайдалы нәрсені қалайтындығын білдіреді..Бізге бір көргенде зиян болуы мүмкін.Оның астарында біз байқай бермейтін көп игіліктер бар.Оның нәтижесін бір Аллаға сүйенген жан көп ұзамай көретіні де анық.Сол үшін де тағдырға иман келтіру иманның алты ұстынының  бірі болып есептеледі.

  Жазмыш әрі өкінгенмен өзгермейді.Өзгермейтін өзгерте де алмайтын  іске өкіну адамның тек ғана өзіне зиян.Құса болып қайғырған сайын,ол шайтанға есік аша береді.Неше түрлі жаман ойлар,теріс пиғылдар санасын баурап алады.Ең бастысы Алла туралы жақсы ойдан,иманнан ажырайды.

Пайғамбардың осы бір қарапайым ғана өсиеттері біздің бүкіл өмірімізді қамтып тұр емес пе?Өмір сұрақтарына қарапайым ғана тәсілдермен жауап беріп тұр.Шынайы Аллаға сенудің,сиынып,жалынып,жалбарудың,қысқа сөзбен айтқанда,таухидтің тұғыры емес пе?

Қазіргі бұл Пайғамбардың өсиеттеріне қаншауымыз амал қылып жүрміз.

Біз ізгілердің жолымен жүреміз деп буы бұрқырап жүргендер де осы таухидтің тұғырына көңіл бөлмейді-ау..Істің әуелден пайда зиянын ажырата алмаған кісілерден не сұрайсың?Ғасыр тоғысында ғұламалар арасында өзара пікір талас ретінде қалған,шешуі орта ғасырларда–ақ шешіліп қойған,тартысты мәселелерді сауаты аз халықтың ортасында әкеліп дүрбелең туғызу атымен затымен де сүннет емес.Аллаға өзіне жараса деп дене,мүше беру,Алланың есім сипаттарында артығырақ сауаты жетпестен пікір таласқа түсуі,сахабалар сияқты Аллаға тапсырып,тафиуд етіп қоя салмауы,екінің бірі түсіне бермейтін,ақида бабының негізі де емес,тармақтары болып келетін осы мәселелерді өр мінез жастардың ортасында жапа-тармағай насихаттауы,сол арқылы күдік тастап,елді бүлдіруі,дінге пайдасынан зияны басым емес пе?

Жалпылама таухид білімі қара халыққа түсінікті тілде айтқанда қарапайым ғана қағидалардан тұрады. Сыйыну да сүйену де жалыну да жалбарыну да жәрдем тілеу де Аллаға тән.Пайғамбардың осы хадисі осы сұрақтарға дөп жауап беріп тұрғандай.Атам қазақ иманның алты шартына шүбәсіз сенген.Осы келтірілген хадиске толықтай амал қылып,өмір ұстына айналдырған.Қазақ тілінде өте кең тараған «тәуеккел» деген сөз бар.Ол тақырыпта халық даналықтары да жеткілікті. «Тәуекелсіз іс бітпейді» «Тәуекел етпеген арықтан өтпейді» «Ер жолдасы тәуекел» «Тәуеккел етте тас жұт,ажал жетпей өлім жоқ», «Тәуеккел ер азығы» «Тәуекел түбі жез қайық,жүзесің де өтесің,уайым түбі тұңғиық  батасың да кетесің» «Тәуекел ету тас жарады» «Тәуекел тау жығады» «Тәуекелшілдің кемесі суға батпайды» т.б

Шариғатта тәуеккел ету ісінді Аллаға толықтай тапсыру деген мағынаны береді.

Қазақ халқы тарихында толық ісін Аллаға тапсырып үйренген ел.Аллаға тәуекел етпесе,осыншама даналық тағылымдарын қалдырмас еді.Азаттық жолында арпалысып жылдар бойы күреспес еді.Өлсем шейт,қайтсам ғазымын деп,аз күшпен көп жауды жеңіп те шықпас еді.Бұл Пайғамбарға мойұсынған ,таухидтің тұғыры болған ұлттың құндылығы.Қара халыққа күдіктен басқа еш нәрсе алып келмейтін,талас-тартыспен айналысқанша,осы құндылығымызда жаңғыртпасқа не кедергі?Санасы саяз іліммен уланған,өз ұлтының құндылықтарын білмейтін,өзгеге пайдадан бұрын зиян әкелуге құмар болған жастарға мұны айт не айтпа не бәрібір ме дейсің.

Аллаға ісін тапсырған қазақ,өткеніне өкінбеген де,жазмыштан озбыш жоқ деп сабыр ете білген де халық. «Көресінді көрмей көрге кірмейсің», «Жазым болса быламыққа тіс сынар» «Қырық жыл қырғын болса да ажалды өледі» «Айдалада атқан оқ ажалдыға тиеді» «Жүгірген жетпес,бұйырған кетпес» «Түйе тулап,жүктен құтылмайды» «Қайғыны  күшті жеңеді» «Ауыр күнде өтеді,оған да сабыр шыдам қыл» «Бұдан қиын күнде де тойға барғанбыз»«Қазаға сабыр –жолдас» «Өткенге өкінбе» т.б осыған ұқсас даналықтарды мұра ретінде қалдырған.

Тек қана Аллаға сүйеніп,жалынып,жалбарыну тұрғысында «Аллаға сенсең,құстай ұшарсың,адамға сенсең мұрттай ұшарсың» «Алладан сұрасаң қарныңды тойғызар,адамнан сұрасаң,көзіңді ойғызар»(яғни адам міндет етумен мазаңды алады деген мағынада) «Құдай деген құр қалмас» т.б осы сияқты халық даналығы көп.

Қазірде көп кісі біріншіден пайдамен зиянды ажырата алмайды.Ажырата алған күннің өзінде  Аллаға сүйенбейді.Дүниеге,атаққа,мансапқа,адамға сүйенеді.Түбі істің арты бос болып,соңы опық жеп жатады.Дүниеде пайдалы болса да ,Аллаға сүйеніп,сыйынбағаны үшін,қиямет күні де қиын сұрақтың астына алынуыда  мүмкін.Немесе сәл өмірдің қиыншылығына салы түсіп,жабығып,күйзеліп,өткеніне өкініп жатады.Тіпті өз-өзіне қол жұмсауға дейін барады..Осының бәрі Пайғамбардың бір-ақ ғана хадисіне амал қылмаудың зардабы.

Бабаларымызға тән бәрімізді Алла күшті,жігерлі мұсылмандардан қылсын!
Осы хадиске толықтай амал қыла отыра ,Аллаға ғана тәуекел етіп,кіршіксіз,риясыз таза сеніммен жаннатқа есеп сұрақсыз кіретіндердің қатарынан табылайық.
Иншаллаһ

Жуалы ауданының
Бас имамы
Кенжемолдаев А.Р

 

 

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: