Сүннет тұғыры

Сүннет тұғыры

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Ханға қарсы шыққан қара оңбас

Хан қисайса бәрі оңбас

(Бұқар жырау)

 Асыл Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) бізге қалдырған сүннеттері дүние түнегінде жарық бір жол тәрізді. Әрбір мұсылман ол сүннеттің берік бір ұстанса, көз көрмей, ақыл тұмшаланған меңіреу қараңғылықтан да адаспай сүрінбей шыға алады. Алайда сол сүннеттерді білмегендіктен не түсінуден қашық қалғандықтан бүгінгі Мұхаммад (с.ғ.с.) үмбетінің ахуалы қиындай түсті емес пе? Пайғамбардың бір сүннетіне амал етуді тоқтатқан үммет соғыс, нәубет, қиыншылық, қуғын-сүргінді де басынан кешіп отыр.

Жалпы кісі өмірінде жауапсыз қалмайды. «Менім ешқандай сұрауым жоқ» деген кісінің өзі әйтеуір бір іске жауапкер болып есептеледі. Пайғамбардың «Сендердің әрбірің бақташысыңдар және әрбір адам өз қарамағына жауапты, «Басшы, бақташы және өзінің қоластындағылары үшін жауап береді», деген ғажап бір сөз бар. Осы сөздің астарында әркім Алла алдында өз деңгейінде сұралады деген ұғым жатады. Неғұрлым пенде өзіне жауапкершілікті көп алған сайын оның сұрағы да қиындай береді. Яғни бір іске басшы болған сайын оның мойнына Алланы оған қарамағындағы кісілердің көбейгеніне байланысты талабы күшейеді. Сондықтан Алланың алдындағы есептің қиындығы ойлаған жан, бір адамға да басшы болудан тұра қашатыны анық. Ал бүкіл елге басшы болу, қандай үлкен жауапкершілікті көтеру керектігін білдіреді. Сол үшін басшылыққа Алла өзі лайықты пендесін ғана сайлайды. Ол басшыға мойұсынуды, оған жәрдем беруді үмметке міндеттейді.

Басшы кісі табиғатында ұнамсыз ел жақтырмайтын болуы мүмкін. Алайда жеке басының кемшіліктері, шыққан тегі оған бойұсынбауға себеп болмайды

Анас ибн Малик Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) былай деп айтқанын баяндаған.

«Тыңдаңдар, бойұсыныңдар, тіпті егер сендердің үстеріңнен басы мейіздей болған хабашилік құл билік жасаса да».

Басшы үнемі әділ бола бермейді. Әлбетте, егер ол Пайғамбар болмаса немесе сол Пайғамбардың тәрбиесін көрмесе ол басшыға қателесу тән болады. Ол тіпті шектен шығып, зұлымдық жасауы да мүмкін. Алайда бұл да басшыға бойұсынбауды негізгі себебі бола алмайды.

Пайғамбар келешек үмметі үшін қатты алаңдаған. Өйткені, үмметтің иман дәрежесі әлсіреп, болашақта әділ басшылардың азаюын Алла білдірген еді. Міне, сол кезде талас-тартысқа түспей, ауызбіршілік танытуды, басшыға толықтай мойұсынып, үммет бірілігін сақтауды бәрінен де маңызды екендігін өз өсиеттерінде қайта қайта шегелеп айта берген еді. Әйтпесе үммет қасіретке жолығып, береке бірлігін тұтастығын жоғалтатындығы анық.

Пайғамбардың сырын сақтаушы әйгілі сахаба Абу Хұзайфа (р.а.) Алла Елшісінен (с.ғ.с.) мынандай сөзді естідім деп риуаят етеді.

Алла Елшісі (с.ғ.с.) айтты: «Сендерге менен кейін басшылар келеді. Олар менім жолымен жүрмейді. Менім сүннетімді ұстанбайды. Олар адам

болмысында жүректері шайтанның жүректері сияқты сендердің араларындағы ер кісілерден болады.

Абу Хузайфа сол кезде: - Егер мен сол күнге өмірім жетсе не істеймін? - деп сұрағанымда, ол маған: - Тыңдау керек, әрі басшыларға бойұсыну керек. Тіпті ол арқаннан ұрып, малынды тартып алып жатса да, сен оны тыңда әрі бойұсын, – деп бұйырды. (Имам Муслим №1984)

Салама ибн Иазид ал-Джуғфи (а.р.б) бірде Алла Елшісінен (с.ғ.с): «Я, Алланың Пайғамбары! Егер біздің міндеттерімізді орындауымызды талап ететін, бірақ өздерінің міндеттерін орындамайтын адамдар бізге билік жасаса, бізге не істеуді бұйырасың» – деп сұрады. Пайғамбар оған теріс бұрылды. Ол өзінің сұрағын екі үш рет қайталады. Әркез Пайғамбар одан теріс қарай берді. Сонда Ашғас ибн Қайс оның қолынан тартты. Осы кезде Пайғамбар: «Басшыларыңды тыңдаңдар және оған бойұсыныңдар, өйткені олар өздерінің жүгін, ал сендер өздеріңдікін алып жүресіңдер» – деді. (Имам Муслим)

Ал Ибн Масғуд Пайғамбардың былай деп айтқанын жеткізген. «Менен кейін озбырлық және сендер қоштамайтын көптеген нәрселер пайда болады». Сонда Одан: «Я, Алланың Елшісі, сол уақытта көретіндерімізге не істеуді бұйырасың? –деп сұрағанда, Ол: «Өздеріннің міндеттеріңді орындаңдар және Алладан өздеріңе тиісті болған нәрселерді қайтаруыңды тілеңдер»-деп жауап берді. (Бұхари, Муслим)

Осы тәріздес бірқатар өсиеттерінде Алла Елшісі (с.ғ.с) үмметінің келешегіне қатты алаңдаушылық танытқан. Кесімді түрде үмметтің басына қандай ахуал түссе де, басшыға бойұсынып, ауызбіршілік танытуды бұйырған. Басшылар залым, әділетсіз болса да қылыш асынып шығудан, наразылық білдіруден қайтарған. Ол басшының әділетсіздік айтып, шеруге шығудан, тіпті оның жаман қасиетін айтып, ел арасында өсек таратудан да тиған. Өйткені, бұл Пайғамбардың кесіп айтқан сүннеттерде Алланың өзіндік даналығы бар.

Ол туралы Ибн Қаййм тамаша бір мысал келтіреді:

«Әр жерде амалдарға үйлесе басшы сайлаған Алланың даналығын қарашы. Ақиқатында әр елдің амалдарының қандай екендігін басқарып отырған басшыларынан білуге болады. Егер бір ел тура жолмен жүріп, әділдікті ту еткен болса, әділ де тура басшылары ол елді басқарады. Ал керісінше күнә қылмысты, алдаумен озбырлықты қауым әдетке айналдырған болса, ол елдің басшылары да істеріне жараса зұлым болып келеді. Сондай-ақ, адамдар Алланың хақысын беруде сараңдық танытатын болса, Алла оларға ақыларына сараңдық танытатын басшыларды сайлайды. Әлсіздердің ақысын жеушілерге Алла олардың ақысын жейтін басшыларды үстем етеді. Кембағалдардан тартып алынған дүниеге Алла олардың әмірлеріне әртүрлі заңмен, көпе-көрнеу салық түрлерімен күшпен тартып әпереді. Әр елдің істерінің нәтижесі басшылардың бейнесінде көрінеді. Алланың даналығы осы, бұзық басшыларды тек бұзық азған елге ғана үкім жүргізуге мүмкіншілік береді».

Басшы ол – Алланың жердегі көлеңкесі сияқты. Оған қарсы шығу Алланың тағдырына қарсы шыққанмен бірдей болады. Басшысын түзегісі келген сол үшін де шеруге шығып, ел ішін бүлдіруді мақсат тұтпау керек. Ол өзін түзеумен арпалысу керек. Бұл даналықты қазақ өзінің дүние танымында «Халық соқыр болса, патша қыли болады» деген бір ақ ауыз сөзіне сыйдыра салған.

Ал егер осы істі бұл Пайғамбардың жай сүннеті ғой деп мән бермеген кісіні жағдайы шариғатта өте аянышты күймен аяқталады. Бұл сүннеттің күштілігі де сол басшыға мойұсынбай ел ішіне іріткі салушыларды Алла Елшісі тіпті өлтіруді бұйырған еді. Алайда бұл сөздің барлығы басшы ел ортасында ойына келгенін істей берсін деген мағынаны бермейді. Керісінше шариғат басшыға да тоқтам қойып, насихат етуді бұйырады. Алла Елшісінің бүкіл дін ісін қамтыған «Дін насихат» деген өсиетінде: кімге деп сұрағанда, басшыны да меңзегені бар. Яғни, басшыға да шынайы ықылас білдіріп, жанашырлық адалдық танытып, насихат айтуды жол көрсетіп отыруды міндеттейді.

Анас бізді Алла Елшісінің үлкен сахабалары басшыға қарсы шығудан үнемі қайтарып отыратын да, бізге Алла Елшісінің мына сөзін келтіретін. Алла Елшісі былай деді: «Басшыларыңды жаман сөзбен сөкпеңдер. Оларды алдамаңдар және жек көрмеңдер. Алладан қорқыңдар. Сабырлық етіңдер. Алланың әмірі (жәрдемі) жақын. (Ибн Асым «Сунна» кітабы №1010)

Жалпы сөгуден балағаттаудан жақсылық келмейді. Ол басшыға адалдық таныту болу есептелмейді. Сөгу, өсектеу, көтеріліске шеруге шығу ол тек жаманшылықты тудырады. Алла Елшісі осы үшін де басшыны алдаудан, жек көруден, сөгуден қайтарды.

Алла Елшісі: «Бес нәрсені бірін кім жасаса, Алланың өзі оған кепіл болады. Кім ауру кісіні зиярат етсе, жаназаға қатысса, діні үшін жорыққа шықса, басшыға құрметпен насихат жасаса не болмаса үйінде ешкімге залалы тимей отырса,» – дейді. (Имам Ахмад №241/5) «Шын мұсылманның жүрегі үш нәрсеге байланады. Алла үшін амал жасағанда шынайы ықылас таныту, басшыға адалдықпен насихат ету, жамағатпен бірге болу.( Ибн Мажа № 230)

Сонымен қатар «Менім сөзімді естіп, есте сақтап, оны өзгелерге жеткізген кісілерді жүзін Алла жарық етеді. Мүмкін ол өзінен көп білетін кісілерге де біліммен пайда берер. Мұсылманның жүрегі өшпенділікке толмайды, егер ол Алла үшін деп жақсы амалдар істесе, басшыларына адалдық танытып насихат жасаса, мұсылман жамағатынан ажырамаса. Ақиқатында сендердің дұғаларын сендердің қоршаған ортаны да қамтиды. (Имам Ахмад, имам Термизи) Ибн Раджаб осы хадистердегі басшыға адалдықты былай түсіндіреді: «Басшыға адалдық таныту дегеніміз – ол мұсылман елінің басшысын әділдік, туралық жағынан көруді қалау, мұсылмандарды оның қарамағында біріктіруге тырысу, оның төңірегіндегі елдің алауыздыққа түсуін ұнатпау. Аса Құдіретті Мүлік Егесі болған Алланы наразы етпейтін барлық істерде оған толықтай бойұсыну, сондай-ақ Аллаға бой ұсынумен қатар оған қарсы шыққандарды жан дүниесімен жек көру». (Ибн Раджаб «Жами‘ аль-Улум уа аль-Хукум» (1/222)).

Пайғамбар сүннеті бойынша басшының қателігін айтуды көпшілік мойнына алмайды. Шеруге шығып, ел дүрлігіп наразылығын білдірмейді. Оның қателіктерін көпшілікке жария да етпейді. Ол сыр болып қалуы тиіс болады. Құранда Алла ең залым басшы Ферғауынға Пайғамбарлары Мұса (ғ.с.) Харунды (ғ.с.) жіберіп тұрып: «Сендер (Ферғауынға) барыңдар да, біз сенің Раббынның жіберген Елшісіміз деп айтыңдар (Таха с- 47)» - деп бұйырған еді. Алла оның өзіңе жекелей барыңдар, ел жиылатын базарларда, жиындарда тұрып, кемшілігін айтыңдар деген жоқ. Керісінше, оның (жеке) өзіңе айтыңдар. Оған жұмсақ сөзбен сөйлеңдер. Мүмкін ол ескерту алар не Алладан қорқар (Таха с 44) деп, Алланың өзі аяттарында бізге басшыға қалай насихат етуді үйретті.

Бір күні ел Усама ибн Зайдке халифа Усман ибн Аффанмен сөйлесуді өтінді. Ол: «Сендер естімегендіктен мені онымен сөйлеспеді деп ойлайсыңдар ма? Алламен ант етемін! Мен онымен көзбе-көз сөйлестім. Өзімнен бұрынғылар істемеген істі істеуден бұрын (Муттафақу алайһи) Ибн Хажар Асқалани бұл хадистің түсіндірмесінде: Бұл хадис басшыға қаншалықты құрметпен қарау керектігін көрсетеді. Онымен сөйлесу әдебінде мұсылманның көркем мінез құлығын сақтау керектігін айшықтайды. Қателіктерден сақтандыру мақсатында елдің басшы туралы пікірін жеткізуді ізгілік екендігін білдіреді. Бірақ мұны біреуге зияндық қылмастан сыпайылықпен жұмсақтықпен айтып, негізгі шариғат көздеген мақсатқа жетуді тұспалдау қажет деп түсіндіреді.

Ислам осылайша, басшыға мойұсынбаудан қайтарады. Оның ел ортасында айыбын ашып, сөгуді тілдеуді ауыр күнә деп есептейді. Ал оған қылыш асынып шығуды күпірлікке дейін балайды. Ал оған қарсы бейбіт шеруге шығудың өзін шариғат құптамайды. Мұның бәрі Алла дарытқан басшыға деген адалдық болып есептелмейді. Қазақ халқының дүниетанымында «Ханға қарсы шыққан қара оңбас, хан қисайса бәрі оңбас» деген өмір даналығы бар. Шыныменде басшысына адалдық танытпаған қанша мұсылман мемлекеттері аз уақыттың ішінде ойран топаны шықты. Бәрінің бастамасы бейбіт шеруден басталып,соңы толассыз соғыспен, бей-берекетсіздікпен аяқталды. Басшыға насихат қылуды сөгумен балағаттаумен бастап,қара халыққа басшысын жек көрсетіп,тобыр халықты шеруге шығарып,соңын қантөгіске ұластырып Пайғамбардың қатаң түрде ескертіп кеткен тиымдарының барлығын бұзған үммет Алладан енді жәрдем тілеп, дұға қылып әлек.

Аллаға шүкір, Қазақ елі қазірде өзінің бағы жанған Алланың назары түскен заманда өмір сүріп отыр. Қазақ халқы үшін Алла өз тарапынан парасатты Патшаны дарытқан. Ол өзінің сарабдал саясаты арқылы бұдан да қиын тоқырау уақыттарда елді қыспақтан алып шықты. Бірі-біріне мәдениеті ұқсамайтын ұлт-ұлыстар, бірі-бірімен келісімге келе бермейтін конфессиялар жиынтығы болған. Қазақ елін тыныштықта, татулықта өмір сүруіне жағдай жасап отыр. Осы бейбіт өмірмен мамыражай тіршіліктің бағамына жетпей жүргендер де арамызда табылады. Түбі олардың елді дүрліктіріп, бейбіт шеруге шығайық, көтеріліс жасайық деген ұрандары ақыры Аллаға деген

шүкірсіздікке алып келеді. Мен, мендеген мұсылман елдерінің өзі бұл бүліктен аман қалмады. Пайғамбардың тілін алмағаны үшін қазір олар барынан айырылып, Алланың ашуына ұшырап, қатты өкініште отыр. Асыл Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Мұсылман бір шұнқырға екінші рет сүрінбейді» деп айтқанындай, біздің ел де сол қателіктерді жасамауы тиіс. Пайғамбар сүннетіне сәйкес, басшымызға мойұсынып, оның тілеуін тілеп, оған Алладан тауфиқ сұрап, дұға қылып, ел амандығына қызмет етуге тиістіміз.

А.Р. КЕНЖЕМОЛДАЕВ

Жуалы ауданының бас имамы

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: