Кеңес одағы кезінде Тараздан шыққан ғалым

Кеңес одағы кезінде Тараздан шыққан ғалым

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

      Бұрынғы Түркістан өлкесінде білімін жетілдірген, милади жыл санауы бойынша 20-шы ғасырдың танымал ғалымдарынан болып есептелетін Сәйд Махмуд ибн сәйд Нәзир Тарази Түркістани 1895 жылы Оңтүстік Қазақстанның қазіргі Жамбыл облысы Тараз қаласында туылған.

      Халық арасында Алтынхан төре атымен танымал болған бұл кісінің әкесі Сәйд Нәзир де Құранды жатқа білген қари, әрі хадис ілімінің білгірі болған. Қуғын-сүргін жылдары тұтқынға алынып, дерексіз кеткен.

      Сәйд Махмуд Тарази жас кезінен сирек кездесетін ерекше дарын мен қабылетке ие болған. Хафиз Беділ және Сағди Ширазилердің шығармаларынан көп нәрселерді жаттап алған. Сондай-ақ, Құран оқудың да шебері болған.

       Ол кісі бастапқы білімді әкесінен алған. Сосын Шейх Насырхан төре Кәсәниден де тағы басқа өз заманының ғалымдарынан білім алған. Сондайақ Ташкенттегі Көкалташ медресесінде, кейін Бұхара медреселерінде білім алған. Ол кісі Құран, хадис, ақида, сира, тағы басқа шариғи ілімдерді үйренумен қоса, араб, түрік, және парсы тілдерін де жетік меңгерген.

       Сәйд Махмуд Таразда медреседе ұстаздық еткен. Ғалым ретінде танымал болып, аты айналадағы Түркістан, Шымкент, Сайрам өлкелерінде де атақты болған.

       Даңқы Түркістан өлкесіне жайыла бастаған сәйд Махмуд Тарази Ферғана жерінің Қоқан мен Наманган қалаларындағы білім иелерімен байланыста болған, тіпті намангандық ғалымдардың бірінің қызына үйленген.

       Кеңес өкіметі діндарларды жазалау мен қудалаудың астына алған кезде, көптеген ғалымдар сияқты ол кісі де 1930 жылы өз отанынан шығып кетуге мәжбүр болады. Бірінші  Ауғаныстанға барып, Қабул қаласында тұрақтайды. Ол жерден қажылық сапарына аттанып, кейін Үндістанға өтіп кетеді де Бомбейдің мұсылмандар өмір сүретін ауданында тұрақтап қалады. Ол кісі қаладағы жергілікті мешіттердің біріне имам етіп тағайындалып, осылай Бомбейде он жыл өмір сүреді. Кейін Үндістандағы саяси тұрақсыздық себепті Арабстанға барып орналасады.

       Сәйд Махмуд Таразидың 40 жылдан астам уақыт жалғасқан соңғы ислами ғылым және әдеби еңбегі киелі қалаларда – Мекке мен Мәдинада жүзеге асты.

       Алғашқы кезде, Меккеде арнайы мектеп ашып, отандастарымыздың балалары мен жергілікті тұрғындардың балаларына сабақ бере бастайды. Кейінірек ол кісінің білімді кеңінен қамтыған ғалым екені Арабстанда да белгілі болып, өкімет тарапынан Харам мешітінде сабақ беруге ұсыныс айтылады. Ол кісінің ғалымдық қабілеті, араб тілін терең білетіні, шешендігі жайлы хабар Сауд Арабиясының патшасына дейін жетіп барады. Ғалымдық дәрежесін ескере отырып, ол кісіні Харам мешітіне ұстаздыққа тағайындайды. Осылайша, ол кісі бірнеше жыл осы мәртебелі лауазымда қызмет етеді.

       Сәйд Махмуд Тарази отандастарымыздың айтуынша, түркістандық босқындардың муфтиі әрі шынайы арқа сүйері еді. Отандастарының шет елде қандай да бір өмірлік түйіткілді мәселесі болса, ол кісі патша немесе қала басшысының алдына дейін емін-еркін кіріп, шағымы мен өтінішін айта алатын дәрежеде беделді болған еді.

      Ол кісінің үлкен ғылыми және әдеби мұрасы зиялы қауымға жақсы таныс. Бұлар:

      -Құран кәрімнің мағыналарының Түркістан тіліне аударылған түсіндірмелі аудармасы;

      - «Нурул басар» атты сира кітабы;

      - Имам Нәуәуидің «Риядус-солихин» кітабының түсіндірмелі аудармасы.

      - Имам Ағзамның «Әл-фиқһул әкбар» кітабының түсіндірмелі аудармасы;

      - Әбу Иса Термизидің «Шәмәйлу Мухаммадия» атты еңбегінің түсіндірмелі аудармасы тағы басқалар.

      Сәйд Махмуд Тарази еліміз тәуелсіздігін жарялаудан алты ай бұрын 1991 жылы 26 маусым күні, шәмси есеппен 95, қамари есеппен 98 жасында дүниеден озған. Алла ол кісіні мейіріміне бөлегей. Әмин.

 

Ғалым жайлы мәліметтер

sirat.uz, және tavorix.uz сайттарынан алынды.

Аударған: "Һибатулла Тарази" медресесінің ұстазы Амангелді  Ембергенов

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: