Сахаба Салман әл-Фарисидің исламға келу оқиғасы - 1

Сахаба Салман әл-Фарисидің исламға келу оқиғасы - 1

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Салман әл-Фариси (Алла оған разы болсын) Исфахан (Иран) деген жерде дүниеге келген. Исламды қабылдағанға дейінгі аты – Мабах, ұлты - парсы. Оның әкесі Бузхашан отқа табынушылардың бірі, әрі өз пікірлестерінің арасында беделдісі болған.

Салман сахаба өзінің исламға қалай келгендігі жайлы оқиғасын Ибн Аббасқа (Алла оған разы болсын) былай деп әңгімелеп береді: «Бозбала кезім. Адамдарды, олармен араласқанды қатты жақсы көретінмін. Алайда, әкем мені сыртқа шығармай, үйде қамап ұстайтын.

 Мен отқа табынушылардың сенімін ұстанып, тақуалық қылуға тырысатынмын. Әкем ауқатты адам болатын, жеке иелігінде жері бар етін. Бірде мені сол жерге жіберіп: «Барып қайт, бірақ кешікпе», - деді.

Жедел жолға шықтым. Жүре-жүре жолай христиан шіркеулерінің біріне кезіктім. Маңынан өтіп бара жатып, ондағы ғибадат етіп жатқан адамдардың даусын естідім және соған қатты назарым ауып, құлақ түрдім. Біраз сырттай бақылап, байқап тұрып: «Алланың атымен ант етемін, бұл - біздің діннен абзал», - дедім. Сөйтіп, ақыры әкем жіберген жерге жете алмай, күн батқанша шіркеуде қалдым. Кейін әкем артымнан адам жіберді. 

 Үйге келген соң әкеме христиан дінін қабылдағым келетінін, оның біз ұстанатын діннен абзал екендігін айтып едім, әкем өз сенімінің абзалдығын алға тартып, оныма құлақ аспады. «Жоқ, олай емес!» деп, мен қайта наразылығымды білдірген едім, бұл сөзімнен шошып, аяғыма кісен салып, үйге қамап қойды.

Оңтайлы бір мүмкіндік туғанда христиандарға адам жіберіп, олардың қайсыбірі Шам қаласына баратын болса, маған хабар беруін сұрадым. Сөйтіп, үйімнен қашып кетіп,  Шамға бардым. Ондағы христиандардың ең жоғарғы шенді ғалымдары – епископқа бардым. Онымен бірге Құдайыма ғибадат етіп, құлшылық еткім келетіндігін және әлгі епископқа қызмет еткім келетіндігін айтып едім, ол келісті.  Алайда, кейін оның нашар адам екендігі белгілі болды. Шіркеуде діни қауымның мүшелеріне садақа беруді бұйырып, барлық ақшаны өз қалтасына басқан ол ақырында алтын мен күміске толы жеті бірдей құмыра жинады. Алайда, көп ұзамай қайтыс болды.

Епископтың өлімінен кейін мен барлық болған жайтты өзгелерге айтып берген едім, менің сөзіме ешкім сенбеді. Сөйтіп оларды ақша жасырулы тұрған жерге апардым. Сонда ғана әлгілер сөзіме нанып, епископты жерлеудің орнына денесін бағанаға керіп байлап, оған тас атты.

Кейін басқа епископ сайланды. Ол Құдайға қатты берілген, тақуа адам болды. Оның қасында қызмет ете жүріп, қатты бауыр басып қалдым, ажалы келіп жеткенше қасында болдым. Ал өлерінің алдында енді қайда баруға өсиет ететіндігін сұрағанымда, ол мені Ирак мемлекетінің солтүстігіндегі Мосул қаласында тұратын бір ғұлама кісіге жолдады.

Әлгі ғұлама өте тақуа, жақсы адам болып шықты. Мен ол көз жұмғанға дейін жанында болдым және өлер алдында өсиет қалдыруын өтінгенімде, ол мені Рим империясының Амирий қаласында тұратын танысына жіберді.  Одан өзге лайықты ешкімнің жоқ екендігін айтты.

Мен әлгі кісіге барып, оған басымнан өткен оқиғаның барлығын баяндап бердім. Ол мені қабылдады, қызметім үшін ақы да төледі. Сөйтіп, әлгі ақшаға біраз сиыр, қой сатып алдым. Біраз уақыттан кейін бұл қожайыным да көз жұмды. Одан өлерінің алдында өсиет сұрағанымда, маған ағынан жарылып былай деді: «Дәл қазір сені ешкімге жолдап жібере алмаймын. Бірақ, біл, жуық арада бір пайғамбар келеді. Ол Ибраһим пайғамбардың (Алланың оған сәлемі болсын) дінін насихаттайтын болады. Жуық арада ол өзінің туған жерін тастап, пальмалар өсетін жерге қоныс аударады. Бұл пайғамбар (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) анық муғжизаларға, ерекше қасиеттерге ие болады. Арқа тұсында пайғамбарлығын дәлелдейтін мөрі бар. Ол тек сыйлыққа келген астан ауыз тиеді де, садақа есебінде берілгенге қол тигізбейді. Егер мүмкіндігің болса, сол кісіге бар». 

Бірде арабтың Киләб деген тайпасының көпестері мен тұрған жердің маңайынан өткен болатын. Егер мені өздерімен бірге ала кетсе, иелігімдегі малдың (сиыр, қой) бәрін беретіндігімді айттым. Олар ұсынысыма келісті. Бірақ, кейін арадағы келісім бұзылып, Кура шатқалына жеткен уақытта саудагерлердің бірі мені яһуди бір кісіге құл есебінде сатып жіберді. Бұл жерде пальмалардың көп өсетіндігін көріп, мен іздеген жер осы екенін түсіндім».

 

Жалғасы бар

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: