Кеттік елу жылдық намазымызды өтейік

Кеттік елу жылдық намазымызды өтейік

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Мешіттің бірінде тақуалық жайында керемет уағыз айтатын бір ғалым болады. Оның шешендігі жайында естіген бір қарт балаларына:

«Мешітке барып оған бір сұрақ берейік. Егер соған жауап берсе, онда біз де оның тақуалық жайында айтқанын тыңдап көрелік»,-дейді.

Мешітке келіп ол ғалымнан:

«Балам! Маған намаз жайында айтып берші»,-деп өтінеді.

Ғалым:

«Сіз намаздың қай мәселесі жайында сұрап тұрсыз? Намаздың әдебі жайында ма әлде намазды орындау тәртібі турасында ма?»,-деп сұраққа сұрақпен жауап береді.

Қарт таңданып іштей:

«Па, шіркін! Біз оған бір сұрақ берсек, ол болса оны екі сұрақ етіп жатыр!»,-деп, ғалымға:

«Маған намаздың әдебі жайында айтып берсең»,-дейді.

Сондағы ғалымның жауабы:

«Намаздың әдебі: намазды Алла Тағаланың әмірі деп орындап, мешітке жамағат намазының саубынан үміттеніп келесіз. Намазға құлшылық орындау ниетімен кірісіп, басын Хақ Тағаланы ұлықтаумен бастайсыз. Намазда Құранды барынша көркем оқисыз. Алла Тағаланың қаһарынан қорыққан күйде рукуғ жасап, Хақ Тағаланың әміріне толық бойсұған халде сәждеге құлайсыз. Отырыста ташәһһүдты ықыласпен оқып, оң және сол жақтағыларға Алла Тағаланың сәлемін тілеп намаздан шығасыз».

Ғалымның бұл жауабына қанағат еткен ақсақал:

«Жақсы. Енді намазды орындау тәртібі жайында айтып берсең»,-дейді. Сондағы ғалымның айтқаны:

«Дәл алдыңызда – Қағба, төбеңізде – амал таразысы, астыңызда – сырат көпірі, оң жағыңызда – жәннат, ал сол жағыңызда – тозақ, желкеңізде – жан алушы періште. Ол періште жаныңызды қай мезетте алатынын білмейсіз. Намазыңыз қабыл-қабыл емесі де сіз үшін беймәлім. Намазыңызды осылайша орындайсыз!»

Ғалымның бұл да сұрағына қанағат көзімен қараған қарт:

«Осы дегеніңдей намаз оқығаныңа қанша болды?»,-деп сұрайды. Ғалым:

«Жиырма жылдай шамасында. Бірақ мәселе жыл санында емес, намаздың қабыл болуында»,-деп жауап береді.

Сонда қарт айналасына қарап: «Уа, жамағат! Кеттік, елу жылдық намазымыздың қазасын өтейік!»,-деген екен.

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: