Тараз қаласының бас имамы Жаңатастағы семинарға қатысты

Тараз қаласының бас имамы Жаңатастағы семинарға қатысты

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Сарысу ауданы, Жаңатас қаласында «Дін мен дәстүр рухани тәрбие негізі» тақырыбында семинар өтті. Кездесуге қала тұрғындары, студент жастар, оқушылар, мұғалімдер мен ата-аналар қатысты.
Семинар модераторы Сарысу ауданының әкімі Нарбаев Балабек Жанбекұлы өзінің кіріспе сөзінде «Дін – адамдық ізгі қасиеттерімізді асқақтатса, салт-дәстүр – ұлт болып қалыптасуымыз үшін қажет.

Дәстүр – ұлтты рухани жандандырып, оның ішкі және сыртқы келбетін өрнектеп, көрсетіп тұратын сипаттар. Демек дін мен дәстүр – қашанда бір-бірімен сабақтас ұғым» – деп өз сөзін аяқтап, халыққа Тараз қаласының бас имамы Жұмағұл Қанат Әділханұлын таныстырып, сөз кезегін берді. Қанат Әділханұлы «Дәстүрлі дініміздің маңыздылығы» тақырыбында насихат айтты.

«Осыдан 12 ғасыр бұрын бабаларымыз қабылдаған Ислам діні әрбір халықтың, ұлттың өзіндік құндылықтары мен әдет ғұрпына ерекше көңіл бөлген. Ислам дініне дейін де даламыздың өз заңдары, наным-сенімдері болды. Олар шариғат дәстүрлерімен біте қайнасып кетті. Осылайша шариғат заңдарына қайшы келмейтін ортақ дәстүр пайда болды.

Дәстүрге теріс көзқараспен қарау және оны жоққа шығару тек бір ұлттың тамырына ғана балта шабу емес, дінді бұзушылық болып табылады. Ғұрыптардың барлығы бірдей емес, сол үшін де оларға біржақты қарауға болмайды. Себебі, әдет-ғұрыптардың ішінде тыйым салынатыны, рұқсат етілетіні бар. Салт-дәстүр – Құран мен сүннетке, ғалымдардың бірауыздан бекіткен үкіміне қайшы келмеуі тиіс.

Ата-бабаларымыз Ислам діні мен салт-дәстүріміздің тепе-теңдігін сақтай отырып, ұрпақ тәрбиелеген. Осындай тәрбиенің арқасында қазақ халқынан мыңдаған батырлар, ақындар мен шыршы – жыраулар, данышпан билер мен ғұламалар шыққан. Мақсатымыз – ұлттық табиғатымызбен сабақтас шариғи танымдық мектебімізді тұғырлап, сан ғасырлық тарихы бар дінімізді дұрыс насихаттап, дәстүрлерімізді қалпына келтіру. Сол арқылы қазақтың толыққанды ұлтқа, Алаштың іргелі елге айналуы үшін қолдан келгенше үлесімізді қосу» – деп, Қанат Әділханұлы сөзін аяқтады.

Ары қарай, Сарысу аудандық мешітінің бас имамы Қонақбаев Ғалымжан «Дін мен жастар арасындағы діни сауаттылықтың рөлі» және Сарысу аудандық инспекторы, дінтанушы Мырзағалиев Мақсат «Дәстүрлі діни таным экстремизмге қалқан» тақырыптары туралы баяндады.
Семинар соңында тыңдаушылар сұрақтарымен алмасты.

«Кеңесхан қажы» мешітінің
баспасөз қызметі

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: