Пайғамбарымыздың (ﷺ) некедегі сүйіспеншілікті сақтау туралы кеңестері

Пайғамбарымыздың (ﷺ) некедегі сүйіспеншілікті сақтау туралы кеңестері

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Ерлі-зайыптылардың арасындағы сүйіспеншілік пен мейірімділік – Құранға сай Жаратушының бұйырғанымен болып қана қоймайды, сонымен қатар, оны ерлі-зайыптылардың өздері де сақтап, қорғаулары тиіс.

Басқаша сөзбен айтқанда, егер отбасы мүшелері өзара қатынастары туралы қам жемейтін болса, онда кез-келген отбасы жанұялық жылудан айырылып қалады.

Отбасылық дағдарыстарды жеңіп шығуға ғана емес, сондай-ақ, олардың алдын алуға көмектесетін көптеген амалдар бар. Солардың бірнешеуіне тоқталып өтейік:

* Араласу

* Ымыраға келу және бір-бірін ақтау

* Сенім

* Мәселелер мен келіспеушілікті алдымен бір-бірімен талқылау

* Жағымды сезімдерді білдіру

Осы арада айта кететін бір жайт, үстіртін тәсілдер отбасының сан-қилы мәселелерін шеше алмайды. Сондықтан кей кездерде көмек сұрап мамандарға жүгінген жөн болады.

Ал біздің ұсынымдарымыз жағымды эмоционалды қарым-қатынас орнатуда өте пайдалы. Тек қана кәсіпқой мамандардың ғана емес, сонымен қатар, Пайғамбарымыздың (ﷺ) тәжірибесіне де сүйенген абзал.

* Сыйлықтар

Алла Елшісі (ﷺ) сыйлық жасап, сыйлық алуды жақсы көрген әрі мұны ол (ﷺ) сүйіспеншілік тудыратын құралдардың біріне жатқызған. Әбу Хурайра (р.а.) Алла Елшісінің (ﷺ) былай айтқанын келтірген: «Бір-бірлеріңе сыйлық жасаңдар, бір-бірлеріңді жақсы көретін боласыңдар» (Бұхари).

* Ойындар

Сырт келбетіміз қаншалықты ересек көрінгенімен біздің ішкі жан-дүниемізде әрқашан балалық шақтың «жарықшағы» ұялап қалады әрі дәл осы «жарықшақ» пайдасы жоқ ойындардан ләззат пен қуаныш алдыртатын құрал болып табылады.  Осы жерде Айша анамыз (р.а.) бен Пайғамбарымызың (ﷺ) оқиғасын айтпай кетуге болмас. Бірде  Айша анамыз (р.а.) Алла Елшісімен (ﷺ) бірге сапарға шығады. Ол кезде Айша анамыз (р.а.) әлі кішкене қыз болатын.

Айша анамыздың (р.а.) айтуынша: «Менің салмағым аз, арық болдым. Бір уақытта Алла Елшісі (ﷺ) қасындағыларға: «Жүре беріңдер», - деп айтып, маған: «Қане, жүгірейік, кім бұрын!» - деді. Мен онымен жарыса жүгіріп, озып кеттім.

 Бірнеше жыл өткен соң мен қайтадан Алла Елшісімен (ﷺ) бірге сапарға шықтым. Өткен жолғыдай ол қасындағы серіктеріне: «Жүре беріңдер», - деп айтты да маған қарап: «Қане, жүгірейік, кім тез!» - деп айтты. Бұл кезде мен ержетіп, толған кезім болатын.

Мен: «Уа, Алла Елшісі! Мына түріммен мен қалай сенімен жарыспақпын?» - дедім. Ол (ﷺ): «Қане, бол, жүгірейік», - деп болмай қойды. Жарыса кеттік, Алла Елшісі (ﷺ)  менен озып кетті. Содан кейін ол (ﷺ) күліп: «Өткен жолы сен озып едің, енді мен оздым», - деді.

* Алғыс

Күнделікті тіршілікте көптеген қуаныштар біз үшін қарабайыр дүниелерге айналып кетеді. Қарым-қатынаста да солай. Әуел баста ерлі-зайыптылардың жасаған жақсы амалдары қуанышпен қарсы алынса, келе-келе мұның бәрі өздігінен болып тұратын істердің қатарынан орын алатын болады. Соған қарамастан ерлі-зайыптылардың бір-бірі үшін жасаған игілікке толы амалдарын бағалап, алғыс білдіріп отыру – күнделікті күйбең тіршілікке өзгеше бір рең беріп отыратын болады.

* Кейбір кемшіліктер – жетістіктің екінші жағы

Қасиетті Құранда былай айтылған: «...Бір жек көрген нәрселеріңнің сендер үшін қайырлы болуы мүмкін. Және жақсы көрген нәрселеріңнің сендерге жаман болуы да мүмкін...» (2:216)

Жұбайының кейбір «кемшіліктерінен» отбасы пайдасын көруге болады. Бір жақты шешім қабылдауға асықпаңыз, егер сізге бір нәрсе ұнамаса, бұл сізге ұнайтын әлдебір артықшылықтың бір жағы ғана болар.

Хадисте былай айтылған: «Ешбір мүмін еркек мүмін әйелді жек көруші болмасын, өйткені оның мінез-құлқынан сізге бір нәрсе ұнамаса, онда оның басқа қасиеттеріне разы болыңдар».

Құранда түсірілген келесі аят отбасылық қарым-қатынастағы ең басты кеңес болып табылады: «...Сондай-ақ олармен жақсы шығысыңдар...» (4:19).

Адамгершілік қағидаларды сақтау отбасындағы сыйласымдықты сақтауға көмектеседі. Ал сыйластық – сүйіспеншіліктің іргетасы. Сыйластықтан сүйіспеншілік туындауы мүмкін, ал сүйіспеншілік сыйластықсыз бола алмайды, сол себепті дағдарыстар қаншалықты ауыр болмасын отбасылық бақыттың дәні болып табылатын сыйластықты сақтап қалу қажет.

 

asyldin.kz

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: