«Менің разылығым үшін бір-бірін жақсы көргендер қайда?»

«Менің разылығым үшін бір-бірін жақсы көргендер қайда?»

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Алла кемшілік атаулыдан пәк! Неткен кеңшілік! Бұл – түсінген адамды жылататын да, жұбататын да хадис. Себебі, «Алла разылығы үшін жақсы көремін» деп айту сондай оңай, ал оны жүрекке бекіту, амалда көрсету соншалықты қиын! Әсіресе, иман әлсіреп, бүлік жайлаған уақытта бұл нығметтен мақрұм қалу қаупі тым жоғары...

Мұсылмандар бір-біріне бауыр. Және бұл бауырластықты біздің ата-анамыз немесе басшымыз бұйырған жоқ, бүкіл әлемдердің Раббысы бекітті. Бауырластық болған жағдайда дін өркендейді, дамиды. Тіпті, исламда бауырластық пен Алланың құлшылықтағы бірлігі қатар аталады. Себебі, шайтан (Алланың оған лағынеті болсын) адамды Алладан басқа нәрсеге құлшылық еткізеді немесе мұсылман мен мұсылманның арасына іріткі салады. Осыдан-ақ, бауырыңа деген махаббаттың қаншалықты маңызды екендігін түсінуге болады. Әбу Сүлеймен әд-Дарани (оған Алла разы болсын): «Бүкіл дүние менің қолымда болып, мен оны бауырларымның біріне сыйға тартқанымда да, мұны ол үшін аз деп санайтын едім» десе, Әли ибн Әбу Талиб (оған Алла разы болсын): «Садақа ретінде 100 дирхем таратқаннан, бауырыма жиырма дирхем бергенді құп көретін едім» деген екен. Ардақты Пайғамбардың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Меккеден Мединеге көшіп келгеннен кейін мешіт тұрғызудан кейін жасаған амалы – меккеліктер мен мединеліктерді бауырластыру еді. Мінеки, Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) заманында ислам діні бір-бірін Алла разылығы үшін жақсы көрген, бір-бірі үшін жанын, мүлкін беруге даяр адамдардың амалдарының себебімен дамыды. Қазір де дініміздің мәртебесін мерейлі етеміз десек, бауырластықты күшейтуге көңіл бөлген абзал секілді.

Сонымен, Алла разылығы үшін жақсы көрудің қандай нығметтері, сауаптары бар?

Мұсылман бауырың жақсы көрген адам– иманның тәтті дәмін сезеді

Алла разылығы үшін мұсылман бауырын жақсы көрген және оны амалында көрсеткен адам міндетті түрде иманның дәмін татады. Себебі, Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Адам Алла мен Оның Елшісін барлық нәрседен жақсы көрмейінше, мұсылман бауырын тек қана Алла Разылығы үшін жақсы көрмейінше, Алла тура жолға салғаннан кейін имансыздыққа қайтуды Тозақ отына түсуді қаламағанындай жек көрмейінше иман дәмін татпайды деп айтты. (Муслим). Біз Аллаға иман келтірмейінше Жәннатқа кірмейміз, ал бір-бірімізді Алла разылығы үшін жақсы көрмейінше, өзімізге қалағанды оған қаламағанымызша иман келтірген болып саналмаймыз. (Бұхари).

Мұсылман бауырыңды жақсы көру – Алланың разылығына қол созумен тең

«Алла үшін ең ұнамды адамдар – пайдалы болғандары, ал Құдіретті Алла алдындағы ең ұнамды амал – мұсылман бауырыңа қуаныш сыйлағаның немесе оған қиыншылықта көмектескенің, қарызын төлеп бергенің, аш қарнын тойдырғаның. Ақиқатында, маған мұсылман бауырыма көмекке келу бір ай бойы мешітте намаз оқуымнан ұнамдырақ. Ал кім исламдағы бауырына деген ашуын ұстай білсе, Алла Тағала оның кемшіліктерін жасырады және кімде-кім ашуын төккісі келгенде өзін баса білсе, Алла Тағала Қияметте оның жүрегін ризалықпен толтырады. Ал кім мұсылман бауырының қажетіне көмектесу үшін үйінен шықса, табандар таятын күні Алла Тағала оның аяғын бекем етіп қояды. Ақиқатында, сірке суы балды бүлдіргені секілді, нашар мінез-құлық амалдарды да бүлдіреді». (Табарани).

«Кім бұл дүниеде мұсылманның қайғысын сейілтсе, Алла Тағала Қияметте оның қайғысын сейілтеді. Кім қиындыққа тап болғанның жағдайын жеңілдетсе, Алла оның ісін осы дүниеде және арғы дүниеде жеңілдетеді. Кім мұсылманның кемшілігін жасырса, Алла оның кемшіліктерін екі дүниеде де жасырады. Адам мұсылман бауырына көмектесіп бітпейінше, Алла Тағала оған көмектесетін болады». (Муслим).

Мұсылман бауырыңды жақсы көргенің – Алланың сені жақсы көретіндігінің белгісі

«Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) айтты: «Бір адам басқа елді-мекенде тұратын бауырының халін білмек үшін сапарға шықты. Сонда Алла оның жолына періште жіберді. Періште оның жанына келіп:

–     Қайда сапарға шықтың?-деп сұрады.

Адам:

–     Мен осы ауылдағы бауырыммен кездескім келеді,-деді.

Періште оған былай деді:

–     Сен мұнымен қандай да бір пайда көздейсің бе?

–     Жоқ, мен оны бар болғаны Алла разылығы үшін жақсы көремін.

Сонда періште:

–     Ақиқатында, мен бауырыңды Алла үшін қалай жақсы көрсең, сені де Алла Тағаланың дәл солай жақсы көргенін хабарлау үшін келген елшімін» дейді». (Муслим).

Келесі бір хадисте «Алыс елдегі бауырын Алла разылығы үшін зиярат еткен адам Жәннатта болады» делінген. (Табарани).

Мұсылман бауырыңды жақсы көру – Қияметтегі дәрежеңді арттырады

Омар ибн әл-Хаттаб жеткізеді (оған Алла разы болсын): «Алла Елшісі айтты: «Ақиқатында, Алланың құлдарының арасында бір адамдар бар, олар пайғамбарлар да, Алла жолында жан тапсырғандар да емес.Қиямет күні олардың Алла алдында алатын орнын пайғамбарлар да, Алла жолында жан тапсырғандар да қызғанады». Сонда сахабалар: «Ей, Алланың Елшісі, олардың кім екендігінен хабар бересің бе?» деп сұрады. Пайғамбар (оған Алланың сәлемі мен игілігі болсын): «Олар – бір-бірін туыстық байланыс үшін емес, алмасатын дүние үшін емес,  Алла разылығы үшін жақсы көрген адамдар. Алланың атымен ант етейін, олардың жүздерінде  нұр болады, олар адамдар қорыққан кезде қорықпайтын болады, басқалар қайғырған кезде қайғырмайтын болады» деді де, мына аятты оқыды: «Біліңдер! Расында Алланың достарына қауіп-қатер жоқ әрі олар қайғырмайды». («Юныс» сүресі, 62-аят). (Әбу Дауд).

Мұсылман бауырыңды жақсы көргенің – онымен бір бүтін дене болғаның

«Мүміндер бір-бірлерін жақсы көруде. Бір-бірлеріне мейірімділік танытуда және бір-бірлеріне сүйіспеншілік көрсетуде бір дене сияқты. Ол дененің бір ағзасы мазасызданса, дененің басқа ағзалары да ұйқысыздықтан мазасы қашады». (Муслим).

Мұсылман бауырын жақсы көрген – Жәннаттық тұрғындардан

«Науқасты немесе өзінің діндегі бауырын зиярат еткен адамға жаршы былай деп хабарлайды: «Саған рақым етілді және сенің қадамдарың да берекелі, сен өзіңе Жәнаттан жай дайындадың». (Тирмизи). Ибн Масғұдтан: «Бір кісі Алла Елшісіне келіп: «Пәленше деген адамды жақсы көріп, бірақ оларға қосылмаған (олардың дәрежесіне жетпеген) адам туралы не айтасың?» деді. Сонда Пайғамбар: «Адам өз жақсы көргенімен бірге болады» деп жауап берді». (Бұхари, Муслим).

Мұсылман бауырыңа жасаған дұғаң – өзіңе жасаған жақсылығың

Муслимнің сахих хадистер жинағында мынадай хадис бар: «Мұсылманның мұсылманға жасаған дұғасы қабыл болады. Мұсылман бауыры үшін тілек айтқанда, періштелер: «Әумин, Алла саған да бауырың үшін сұрағаныңды берсін» дейді екен.

Ал Бұхари: «Ең жылдам қабыл болатын дұға – мұсылманның бауыры үшін жасаған жасырын дұғасы» деген хадисті келтіреді. Бұл – оның көзінше жасалған дұғадан жетпіс есе артық.

Сонымен қатар, Тирмизи: «Екі дұғаның Алламен арада бөгеті болмайды. Біріншісі – жәбір көрген адамның жасаған дұғасы. Екіншісі – мұсылманның бауыры үшін жасаған жасырын дұғасы» деген хадисті келтіреді.

Бір адамды оның мансабы, ақшасы, атағы, танысының көптігі үшін емес, оның бойында Алла Тағала жақсы көретін қасиеттері болғаны үшін жақсы көріп, жақын тұтқандарды Алла Тағала жақсы көреді. Бұл – Алла разылығы үшін болған мәртебелі махаббат. Алла Тағала махаббат толы жүректі сізге де, бізге де нәсіп етсін!

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: