«Жақсылықты да, жамандықты да Алладан» деп білуді қалай түсінеміз?

«Жақсылықты да, жамандықты да Алладан» деп білуді қалай түсінеміз?

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 
Жақсы яки жаманды, иман немесе күпірді қалайтын, таңдайтын – біз. Ал, сол істі қаласа, жарататын – Алла Тағала. Мысалы, біз бидайды ектік, сосын жаз бойы арам шөбін жойып, суын құйып қарадық делік. Ал оны осыдан кейін өсіретін, өсу ісін жарататын, нәтижесін беретін Алла Тағала болмақ. Бидайды өсіруді біз қаладық, бірақ бидайды өсірген біз емес. Қалай дейсіз бе? Бізге ақыл беріп, бидай егуді үйреткен – Алла Тағала емес пе? Ал, бидайдың дәнін  жаратып,  оны  адамға  сыйлаған  кім?  Бидайдың өсіп жетілуі үшін қажетті топырақты, топырақтағы әр түрлі минералдарды, күнді, ауаны, суды жаратқан кім? Тіпті оны егіп, суын құю үшін қолымызды қимылдатқан кім? Біз тек қимылдатуды қалаймыз. Қозғалтуға шешім қабылдап, бел байлаймыз. Ал, оны қимылдатып, қолға күш беретін, барлық клеткаларды бір-бірімен жалғайтын, қолдағы сіңірлеріміз бен бұлшық еттерімізді іске қосатын – Ұлы Алла Тағала. Егу, суару, қопсыту істерінен кейін ешқайсымыз бидайымның бірінші сабағын өсірейін, сосын жапырағын шығарайын, құйған суымды әр дәнегіне жеткізейін, бидайға мына минерал керек, ал, мынауы керек емес деп басымызды қатырып жатпаймыз. Бұлардың бәрі біздің араласуымыздан тыс Алла Тағаланың қалауы және жаратуы арқылы іске асып жатады.

Қысқасы, жақсы, жаман әрбір ісімізді істеуге ниет ету, таңдау – біздің еншімізде, ал оны жарату – Ұлы Жаратушының қалауы мен құдіретіне тапсырылады.

Абай атамыз: «Ауруды жаратқан Құдай, ауыртқан Құдай емес»[1], – деп қандай тамаша айтқан. Яғни, бір адам Құдайдың қойған заңымен жүрмей, қыста терлеп тұрып, желең далаға шығып ауырса, «Құдайым-ай, бұл ауруды қайдан ғана беріп едің?» деуге ақысы бар ма? Ауруға себеп болған – өзі, бірақ сол ауруды жаратқан – Алла Тағала.

Біздің әрбір қалаған ісімізді Алла Тағала қаласа ғана жүзеге асырады дедік. Себебі біздің қалауымыз Алланың қалауынан рұқсат алмайынша қолы байлаулы қалмақ. Сөз түйіні, Алланың қалауынсыз ешнәрсе жүзеге аспайды, қалауынан тыс жапырақ та сыбдырламайды. Алла Тағала «Кәһф» сүресінде былай дейді: «Не нәрсені де «Мен мұны ертең істеймін» деме. Тек Алла қаласа ғана істеймін де...»[2].

Хадисте:  «Алла  Тағала  нені  қаласа  сол  болады. Ал Оның қаламағаны ешқашан жүзеге аспайды»[3], - делінеді.

Ұлы  Жаратушымыздың  жақсы  істерге  ризалығы бар, ал жаманына жоқ. Құранда: «Алла құлдарының күпірге кіруіне разы болмайды»[4], «Алла Тағала ысы- рап етушілерді жақсы көрмейді»[5], - деп, жаман істерге ризашылығының жоқ екендігін білдірген. Бірақ бұл дүние сынақ әлемі болғандықтан, адам баласы өз еркімен жаманшылыққа ниет етсе, Алла Тағала қаласа оны да жүзеге асырады. Кейде адам жаман іс істеуге ниет етеді. Бірақ Алла Тағала құлының бұрын істеген  кейбір  жақсылықтарын  яки  келешекте  істейтін ізгіліктерін ескеріп, құлының істеуге ниет еткен жаман ісін болдыртпауы мүмкін. Ниет еткен жаман ісіне арнайы тосқауыл қойып, құлы енді сүрініп, күнәнің тұңғиығына қарай құлдилап бара жатқанда Жаратқаны көмек беріп, күнәнің батпағынан аман сақтап қалуы мүмкін. Мұны тек Ұлы Жаратушының құлына деген арнайы рақымдылығы мен мейірімділігі деп түсінген жөн. Сондай-ақ, кейбір істеген күнәларымыздың нәтижесінде Алла Тағала басымызға небір пәлекеттерді беруі де мүмкін.

Жақсылық та, жамандық та адамның таңдауына қарай Ұлы Иеміздің қалауы мен құдіреті арқылы жүзеге асатындықтан, «жақсылық та, жамандық та Алладан» деп иман етеміз. Себебі жарату ісі тек қана шексіз құдірет иесі Ұлы Жаратушы – Аллаға ғана тән.  Құранда   Алла   Тағала: «Алла   Тағала   сендерді және істейтін амалдарыңды жаратты»[6] десе, Пайғамбарымыз (с.а.у.) бір хадисінде: «Істеушіні және оның ісін жаратушы – Алла Тағала»[7], - деп біздің істеуге бел байлаған әрбір ісіміздің Ұлы Жаратушы тара- пынан жаратылатындығы білдірілген.

Пайғамбарымыздың хадисінде: «Бақытты адам анасының құрсағында бақытты, бақытсыз адам да анасының құрсағында бақытсыз»[8],- делінген.   Бұл   хадисте айтылған адам баласының иманды болып, бақытқа кенелетіні немесе имансыз болып бақытсыздыққа ұшырайтыны мына дүниеге аяқ баспай жатып, анасының құрсағында жазылып қоятынын қалай түсінуге болады? Иә, әрбір адамның бақытты болу-болмауы анасының құрсағында жатқан уақытта жазылып қояды. Әбу Бәкір, Омар, Осман, Әли сияқты заңғар сахабалардың иман нұрымен нұрланып, екі дүниеде де бақытты болатыны және Әбу Жәһил, Әбу Ләһәб секілді имансыз жандардың бақытсыз болатындығы аналарының құрсақтарында жатқан уақытта жазылған. Бірақ бұл олардың мына дүниедегі ниеттері мен қалаулары есепке алынбастан жазылмайды. Яғни, Алла Тағала әзәли ілімімен барлық адамның мына дүниеде не істейтінін, қалауларын қай бағытта қолданып, иманды яки имансыз болатындықтарын алдын ала білгендіктен солай жазып қояды. Олар Алла Тағала жазғаны үшін бақытты, не бақытсыз болмайды. Керісінше, олардың бақытсыз яки бақытты болатынын Алла Тағала әу бастан білгендіктен тағдырларына солай жазған. 

                                                                            Қ.Жолдыбайұлы,
«Имани гүл»
 

[1] Абай, Қара сөз, Поэмалар. Жиырма сегізінші сөз, 62-бет, «Кітап» баспасы, 1992 ж.
[2] Кәһф сүресі/22-23.
[3] Әбу Дәәуд, Әдаб/106.
[4] Зумар сүресі/7.
[5] Әнғам сүресі/141.
[6] Саффат сүресі/96.
[7] Кәнзул-Уммал, 1/263
[8] Һәйсами, Мәжма’уз-зәуәид. VII. 193.
ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: