«Қадір» сүресі қандай сүре?

«Қадір» сүресі қандай сүре?

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Аяттардың мағынасы


Аса қамқор, ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын.


1. Расында, Біз Құранды Қадір түнінде түсірдік.

2. Қадір түнінің не екенін білесің бе?

3. Қадір түні мың айдан да қайырлы.

4. Сол түні Раббыларының рұқсатымен Рух пен періштелер әртүрлі іс үшін түседі.

5. Таң рауандап атқанға дейін сол түн бейбітшілікке оранады.


Сүреге кіріспе


Сүре атауы аяттағы «Қадір түні» сөзінен алынған. Сондай-ақ, сахаба Әбу Зәрдің (р.а) жеткізген риуаяты бойынша «Иннә әнзәлнәһу» сүресі деп те аталады (Элмалылы М. Хади Языр, Хақ Дини Қуран Дили, 9/334).


«Қадір» сүресі 5 аяттан тұрады. Бұл сүре Меккеде түсіп, Құран Кәрімнің түсе бастауы және Қадір түнінің өзге күндер мен айлардан артықшылығы жайында сөз қозғайды. Қадір түнінде иләһи нұрлар, берекеттер және Ұлы Жаратушы мүмін құлдарына молынан сыйлайтын иләһи жақсылықтар мен жарылқаулар болғандықтан басқа түндерден ерекше саналады. Қадір түніндегі осы иләһи нұрлар Құранның түсуіне берілген артықшылыққа байланысты. Сонымен қатар, бұл сүре Қадір түнінде мойынсұнғыш періштелердің таң атқанша түсетіндіктері жайлы да әңгімелейді. Ол қадір-қасиеті мол неткен ұлы бір түн еді! Бұл түн Алланың жанында мың айдан да қайырлы.


«Қадір» сүресінің түсу себебі


Бұл сүренің түсуіне байланысты түрлі көзқарастар бар.


1. Алла Елшісі (с.ғ.с.) Исрайыл ұрпақтарының бір сарбазы Алла тағала жолында мың ай қару асынғанын айтады. Мұсылмандар бұл жайтқа қатты таңырқап, өздерінің амалдарын азсынады. Осыған байланысты Алла тағала «Қадір» сүресін түсірді (Бәйхақи, әс-Сүнәнул-Кубра, IV, 306).


2. Әли ибн Уруадан Ибн Әби Хатим жеткізген хадисте: «Алла Елшісі (с.ғ.с.) бір күні Исрайыл ұрпақтарынан төрт кісінің 80 жыл бойы Алла тағалаға құлшылық етіп, бір сәт болсын күнә істемегендігін хабарлап, олар Әйюб, Зәкәрия, Хазкил бин Ажуз, Юша бин Нун болғандығын айтқан еді. Сонда сахабалар бұған таң қалады. Кейін Жәбірейіл періште келіп: «Уа, Мұхаммед! Үмбетің сол төрт кісінің 80 жылдық құлшылығына таң қалды. Алла тағала саған одан да қайырлысын түсірді», – деді де, «Иннә әнзәлнәһу» сүресін оқып: «Міне, бұл сенің және үмбетіңнің өзгелерге таңырқауынан әлдеқайда қайырлы», – деді. Алла Елшісі (с.ғ.с.) бұған қатты қуанды», – деп айтты (Суюти, әд-Дуррул-мәнсур, VIII, 568).


3. Алла Елшісіне (с.ғ.с.) үмбеттердің өмірлері көрсе-тілді. Алла Елшісі (с.ғ.с.) сонда үмбетінің өмірлерінің қысқа-лығынан өзге үмбеттердің ұзақ ғұмырларында жасаған амал-дарына жете алмайтығын ойлап уайымдаған болатын. Алла та-ғала оған Қадір түнін беріп, оны өзге үмбеттердің мың айынан да қайырлы қылды (Имам Малик, Муатта, Иътикаф, 15).


Аяттардың қысқаша тәпсірі


1. «Расында, Біз Құранды Қадір түнінде түсірдік». Біз бұл мұғжиза болған Құранды ұлы бір қадір-қасиетке ие түнде түсір-дік. Тәпсіршілер: «Абыройы, ұлылығы және қадір-қасиетіне байланысты бұл түнге «Қадір түні» деп айтылған», – дейді. Құранның түсірілуі – Ләуху махфуздан дүние аспанына түсірілуі деген сөз. Кейіннен Жәбірейіл (ғ.с.) оны жиырма үш жылда жер бетіне түсірген. Шындығында Ибн Аббас былай жеткізеді: «Ұлы Алла Құранды біржолата Ләуху махфуздан дүние аспанындағы «бәйтул-иззәға (ізет үйі)» түсірді. Сосын оқиғалардың барысына қарай жиырма үш жылда Расулуллаға бөлек-бөлек түсті» (Мұхтасар ибн Кәсир, 3/659; Қуртуби, 19/130).


2. «Қадір түнінің не екенін білесің бе?». Уа, Пайғамбар! Қадір мен абырой түні саған не хабар берді? Бұл Қадір түнінің абыройының ұлылығы мен үстемдігін білдіреді. Хазин былай дейді: «Бұл аятта сол түннің ұлылығын көрсету әрі оның хабарына құлақ асуға ынталандыру бар. Ұлы Алла бы-лай бұйырып тұрғандай: «Оның қадірі мен артықшылығын саған хабар берген, хабардар болуыңа ұйытқы болған не нәрсе?» (Тәфсиру Хазин, 4/275). Бұдан кейін Ұлы Алла Қадір түнінің үш тұрғыдан артықшылығын баяндады.


3. «Қадір түні мың айдан да қайырлы». Қадір түні абырой және артықшылық тұрғысынан мың ай бойы жасалынған құлшылықтардан қайырлы. Өйткені, Құран Кәрімнің түсу бақыты тек қана сол түнге тиесілі. Тәпсіршілер былай дейді: «Қадір түнінде жасалған игі істер мен құлшылықтар, ішінде Қадір түні болмаған мың айда жасалынған сауапты істер мен жақсылықтардан әлде-қайда қайырлы». Міне, бұл Қадір түнінің артықшылығы баяндалған бірінші жағы.

4. «Сол түні Раббыларының рұқсатымен Рух пен періштелер әртүрлі іс үшін түседі». Ұлы Алла сол жылдан келесі жылға дейінгі тағдырға жазып, үкім еткен әрқандай іс үшін періштелер және Жәбірейіл Раббыларының бұйрығымен сол түні жер бетіне түседі. Ал, бұл Қадір түнінің артықшылығы баяндалған екінші жағы. Үшінші жағы болса, ол мынадай:

5. «Таң рауандап атқанға дейін сол түн бейбітшілікке оранады». Қадір түні сол күннің басталуынан таң бозарғанға дейін бейбітшілікке толы. Сол түні періштелер мүміндерге сәлем береді. Ұлы Алла сол түні адам баласы үшін жақсылық пен есендіктен басқаны жазбайды (Мұхаммад Әли әс-Сәбуни, Сафуатут-тәфәсир, 373-375, Энсар нешрият).


Қадір түнінің артықшылығы


Ұлы Алла: «Қадір түні мың айдан да қайырлы», – деп бұйырған аталмыш сүренің 3-аяты мен «…Рух пен періштелер әртүрлі іс үшін түседі», – деп айтылған 4-аяты бұл сүренің артықшылығын баяндауға жеткілікті (Имам Қуртуби, әл-Жәмиъу ли-Ахкәмил-Қуран, 19/243-245, Буруж яайнлары). Алла Елшісі (с.ғ.с.): «Кімде-кім Қадір түнінің артықшылығына сеніп, Алла тағаладан сауап үміт етіп, құлшылықпен өткізсе, оның өткен күнәлары кешіріледі», – дейді (Бұхари, Иман, 25; Мүслім, Мусәфирин, 173-176). Шаъби: «Ол күннің түні күндізі іспетті, ал күндізі де түні сияқты», – десе, Саъид бин Мусәйяб: «Қадір түні құптан намазында (жамағатпен бірге) болған кісі, сол түннен өзіне тиесілі несібесін алған болып есептеледі», – дейді (Уәһбә Зухайли, Тәфсирул-мунир, 15/581, Рисәлә яйнлары).

Убәйдуллаһ бин Амир бин Рабиъа жеткізген хадисте Алла Елшісі (с.ғ.с.): «Кімде-кім Қадір түні ақшам мен құптан намаздарын жамағатпен бірге оқитын болса, онда ол кісі Қадір түніндегі өзіне тиесілі несібесіне қол жеткізген болып саналады», – деп айтты (Бәйхақи, Шуъабул-Иман, 111, 340).
Хз. Айша айтады: «Уа, Алланың Елшісі! Қадір түніне кезіксем не істейін?», – деп сұрадым. Сонда ол: «Я, Аллам, Сен ғафу етушісің, жомартсың. Ғафу етуді сүйесің. Ендеше, мені ғафу ет!», – деп дұға қыл», – деді» (Тирмизи, Даъауат, 84; Ибн Мәжә, Дуъа, 5).

Нұрбол ӘБСАТТАРҰЛЫ

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: