Рухани олжаға кенелетін түн

Рухани олжаға кенелетін түн

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Бұл түн – аса қадірлі түн, өйткені арап тіліндегі «لَيلَةُ القَدر» сөзі: «қадірлі түн, құдіретті түн, маңызды түн» деген мағыналарды білдіреді. Бұл түннің басқа түндерден орны ерекше. Өзге түндерде жасалған ғибадаттар оған жете алмайды. Сондықтан атына заты сай «қадір түні» деп аталған.

Бұл түнде жаратылыстардың тағдыры белгіленіп, келесі қадір түніне дейінгі болатын (адамдардың рызық несібелері, өмір өлшемдері секілді) маңызды оқиғалар Алла тағала тарапынан періштелеріне аян болады.

Рамазан айы келгенде пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм): «Ораза айы келді, онда мың айдан қайырлы қадір түні бар. Кімде-кім сол түннің сауабынан құр қалса, барша жақсылықтан мақұрым қалмақ. Мақұрым адам ғана оның сауабынан құр қалады», – деп жақсылыққа ұмтылуға шақырған.

Құлшылық етіп сауапқа кенелуге ең ұтымды уақыт – қадір түні. Ал, ең қорқынышты түн адамның қабірде болатын түні. Қадір түнін құлшылықпен өткізу қабірдің жап-жарық болып нұрлануына жол ашады.

Құранда осы қасиетті кітаптың рамазан айында түскендігі жайлы былай делінген:

شَهْرُ رَمَضَانَ الَّذِيَ أُنزِلَ فِيهِ الْقُرْآنُ هُدًى لِّلنَّاسِ وَبَيِّنَاتٍ مِّنَ الْهُدَى وَالْفُرْقَانِ

«Рамазан – адамдарға тура жол нұс­қаушы, ақ пен қараны айырушы, бекем тұтынатын жолбасшы ретінде Құран түсіріле бастаған ай».

Ал, рамазан айының ішіндегі қадір түнінде Құранның түскендігі жайында «қадір» сүресінің бірінші аятында былай делінген: إِنَّا أَنزَلْنَاهُ فِي لَيْلَةِ الْقَدْرِ «Шынымен де Біз Құранды Қадір түні түсірдік».

Сондай-ақ, Қадір түні – Жәбірейіл және басқа да періштелер түсетін түн.

تَنَزَّلُ الْمَلَائِكَةُ وَالرُّوحُ فِيهَا بِإِذْن رَبِّهِم مِّن كُلِّ أَمْرٍ

«Сол түнде Алланың әмірімен барлық істі реттеу үшін (аспаннан) періштелер және Рух (Жәбірейіл) түседі».

Бұл түні періштелер түсіп, жер бетінде береке орнайды, Аллаһтың кешірімі нәсіп болады. Періштелердің жер бетіне түсуі, қадір түнінің маңыздылығын білдіреді. Сол түні періштелердің көп болатыны мына хадисте білдірілген:

«Қадір түні рамазан айының жиырма жетінші немесе жиырма тоғызыншы түніне сай келеді. Бұл түні жерге түсетін періштелердің саны жер бетіндегі майда тастардан да көп болады».

Періштелер мұсылман үмбетін аралап, қандай ғибадат жасағандарын, таң намазына дейінгі дұға-тілектерін тыңдап, амал дәптерлеріне мол сауап жазып тұрады. Жамандық азаятын, құлшылық пен игі істер көбейетін түн.

Бұл түн – тыныштық пен есендікке бөленетін, тозақ азабынан құтылатын түн.

سَلَامٌ هِيَ حَتَّى مَطْلَعِ الْفَجْر

«Бұл түнде таң атқанша (Алла тағаланың) сәлемі жалғаса­ды», – делінген.

«Қадір түні мың айдан қайырлы» لَيْلَةُ الْقَدْرِ خَيْرٌ مِّنْ أَلْفِ شَهْر

Қадір түні мың айдан артық. Есептесек, мың ай дегеніміз 83 жыл 4 айлық уақыт екен. Демек, Қадір түніндегі құлшылығымыз 83 жылдық ғибадаттың сауабына тең болмақ. 95 жылдық адам өмірін алсақ, оның 15 жылы балиғат жасы болып саналады, сонда толық 80 жыл өмір сүргені. Ендеше, адам өмірінде бір қадір түніне дөп келу, бүкіл өмірін құлшылықпен өткізгендей сауапқа кенелтеді.

Бұл түнде қате, кемшіліктер, күнәлар кешіріледі. Хадис шәріпте: مَنْ قَامَ لَيْلَةَ الْقَدْرِ إِيمَانًا وَاحْتِسَابًا غُفِرَ لَهُ مَا تَقَدَّمَ مِنْ ذَنْبِهِ «Кімде-кім қадір түнін артықшылығына сеніп, Алла тағаладан сауап күтіп, құлшылықпен өткізсе, оның өткен күнәлары кешіріледі», – делінген.

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: