Адамның мінезін қалай өзгертуге болады?

Адамның мінезін қалай өзгертуге болады?

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Құран Кәрімде Алла тағала пайғамбарымызға (с.ғ.с.): «Шын мәнінде сен ұлы мінезге иесің[1]» және «...Егер тұрпайы, қатал жүректі болсаң еді, әрине олар маңайыңнан тарқап кетер еді...[2]», – деп әмір еткен.

Алла елшісі (с.ғ.с.) өзінің пайғамбарлық міндетінің бірі ретінде: «Расында мен көркем мінездерді кемеліне жеткізу үшін жіберілдім»,– деген.

Демек, адам баласының мінезін түзеуге, дұрыс жолға бағыттауға болады. Кез келген мінездің жақсы және жаман жағы болады. Мәселен, батырлық жақсы адам бойында болса ерлік, жаман адам бойында болса жауыздыққа айналады.

Адамның көркем жүзі оның сыртқы сұлулығын көрсетсе, мінез-құлық оның жан сарайының әдемілігін білдіреді. Көркем мінезді қалыптастырушы төрт қасиет бар. Осы төртеуі теңесіп һәм үйлесім тапса, көркем мінез пайда болады. Олар: білім, ашу, құмарлық және осы үшеуінің арасындағы әділдік, теңдік қасиеті.

Білім – сөздегі шындық пен өтірікті, сенімдегі ақиқат пен жалғанды, іс-әрекетте көркем мен ұсқынсыздықты ажыратушы қасиет. Мұндай білім нәтижесі даналық, ал даналық көркем мінездің тамыры. Сол секілді, қалған үшеуінің де ақыл мен шариғат аясында, рұқсат пен тыйымның орта тұсын табу қажет.

Ақыл – насихат етуші және жол сілтеуші, әділдік – ақылдың нұсқауын орындаушы. Ал, ашу аңға салар ит сияқты. Ол тәрбиелеуді қажет етеді. Құмарлық болса кезде адам ырқына көнетін, ал кейде асау боп жүген шайнайтын ат тәрізді.

Нақыл сөзде: «Ашу шақырарлық жағдайда ашуланбаған – есек, ризалық танытар жағдайға риза болмаған - шайтан» деп айтылғандай, ашу мен құмарлық та қажет қасиеттер. Тек оларды шариғат шеңберінде қолдана білуді үйренген жөн.

Ал, көркем мінез-құлық мына төртеуінен бастау алады: даналық, батылдық, пәктік және әділдік[3].

Пайғамбарымыздан (с.ғ.с.): «Уа, Алла Елшісі! Қай мұсылманның иманы мықты?»– деп сұрағанда, ол кісі: «Мінез-құлығы ең жақсысы[4]»,– деп жауап қайырған.

Әбу Зарр (р.а.) риуаяты: Бір кісі Алла елшісіне (с.ғ.с.) келіп:

-Маған насихат айтыңыз,-деді. Сонда пайғамбар (с.ғ.с.):

-Қайда жүрсең де Алла тағаладан қорық,-деді.

-Тағы айта түсіңіз.

-Күнә-жаман іс істеп қойсаң, артынша жақсылық жаса.

-Тағы айта түсіңіз.

-Адамдармен жақсы мінезді боп мәміле жаса[5],-деді.

 

Әнас бин Малик (р.а.): «Пенде көркем мінезбен жәннат төріне шығады. Тіпті, көп құлшылық етпеген болса да. Ал, пенде жаман мінезбен тозақ түбіне түседі, тіпті көп құлшылық еткен болса да»,–деп айтқан.

Хасан Басри: «Кімнің мінезі жаман болса, ол әуелі өзін азаптайды»,-дейді.

Абдулла бин Мүбәрак мінезі жаман біреумен сапарда жолдас болады. Әлгі бар жаман мінезін көрсетеді. Ал, ғалым оған сабыр етіп, тіпті кейбірін байқамағандай болады. Екеуі қош айтысқан кезде Ибн Мүбәрак көзіне жас алып жанындағыларға: «Оған жаным ашып тұр. Менің онымен сапарластығым бітті, ал жаман мінезі одан бір елі ажырамайды»,-деген екен.

Мінезді түзеу үшін тағы дұға да жасап тұрған дұрыс. Осыған қатысты пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) айтқан дұғалары бар:

1.«Аллаһуммә хассантә холқи фә хәссин хулуқи» (мағынасы: Аллаһым! Менің бейнемді көркем еттің, мінез-құлқымды да көркем ете гөр);

2.«Аллоһуммә инни әсәлукә әс-сиххатә уәл-ъафиятә уә хуснәл-хулуқ» (мағынасы: Аллаһым! Сенен денсаулық, амандық және көркем мінез сұраймын);

3.«Аллоһуммә иһдини ли әхсәнил ахләқ лә иаһди ли-әхсаниһә иллә әнтә уәсриф ъанни саииһә лә иасрифу ъанни иллә әнтә» (мағынасы: Аллаһым! Мені ең көркем мінезге жол баста. Ең көркем мінезді тек Сен ғана көрсете аласың. Және жаман мінезді бойымнан алыстат. Жаман мінезді тек Сен ғана адамнан алшақтатасын).

 

[1] Қалам сүресі, 4-аят
[2] Әли Ғимран сүресі, 159-аят
[3] Ихия улум әд-дин, 3-том, 73-79 беттер
[4] Әбу Дауд, Термизи, Әбу Дауд, Термизи, Насаи
[5] Термизи

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (2)

Оқи отырыңыз: