Қанша нәпіл намаз бар?

Қанша нәпіл намаз бар?

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Күнделікті бес уақыт парыз намаздан бөлек қосымша нәпіл намаздар бар. Олардың ең көп және бекітілген сүннет дәрежесінде оқылатыны 12 ракағат намаз. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Кімде-кім бір тәулікте 12 ракағат оқыса, оған жәннаттан үй тұрғызылады. Ол бесіннен алдынғы 4 және кейінгі 2 ракағат, ақшамнан кейінгі 2 ракағат, құптаннан соңғы 2 ракағат және таң намаздан алдынғы 2 ракағат[1]»,-деген.

Намаз (араб.салауат) сөзінің түп-төркіні дұға және тілек мағынасын білдіреді. Фиқһ кітабында:«Салауат сөзінің тілдік мағынасы – дұға. Құранда:«... Оларға дұға қыл. Өйткені сенің дұғаң олар үшін бір тоқтау...[2]». Пайғамбарымыз (с.ғ.с.):«Сендерге періштелер дұға (салауат) етеді»,-деген[3]»,-деп жазылған. Ия, намаз – дұға атаулының ең ұлығы. Барлық дұға мен құлшылықты бойына жиған ғибадат – намаз. Сондықтан, адамның жағдайына байланысты оқылатын және күн мезгіліне қатысты оқылатын қосымша намаздар бар.

Тахажжуд намазы
Тахажжуд құптан мен таң аралығында оқылатын нәпіл намаз. Бұл намазды оқу үшін міндетті түрде бір ұйықтап тұру шарт. Тахажжудтың сауабы жайлы Әбу Үмәмәт (р.а.): «Түнде намаз оқыңдар. Бұл сендерден алдын өткен ізгілердің жолы. Бұл Аллаға жақындатушы, жамандықты жоюшы және күнәдан тиюшы намаз[4]»,-деген риуаят жеткізген.

Дұха намазы
Күн бір немесе екі найза бойы көтерілгеннен бастап бесін намазына дейін оқылады. Найза бойы көзбен молжалдап алғанда үш метр шамасынша. Яғни, күн шыққаннан соң жарты сағаттан кейін оқуға болады. Бұл жөнінде, Зайд бин Арқам (р.а.): «Алла елшісі (с.ғ.с.) Құба тұрғындарына шыққан кезде олар дұха намазын оқып жатқан, сонда «Бұл тәубе етушілердің намазы, түйенің ботасына сәске ыстығы тиген кезде оқылатын[5]»,-деген.
Айша (р.а.) анамыз: «Пайғамбар (с.ғ.с.) дұха намазын төрт ракағат етіп оқушы еді, сосын қалағанша көбейтетін[6]»,-дейді. Үмму Һани (р.а.): «Пайғамбар (с.ғ.с.) дұха намазын сегіз ракағат етіп оқыды. Әр екі ракағат сайын сәлем беріп отырды[7]»,-деген хадистер негізінде дұха намазын 2 ракағаттан бастап 12 ракағатқа дейін оқуға болады.
Дұханың қасиеті жайлы Әбу Һурайра (р.а.): «Кімде-кім дұха намазының екі ракағатын үзбейтін болса, оның күнәлары кешіріледі. Тіпті, теңіз көбігіндей көп болса да[8]»,-деп айтқан.
Және Әбу Һурайра (р.а.) досым (Пайғамбар (с.ғ.с.) маған үш амалды өсиет етті, оны ешуақытта тәрк етпедім: «Үтір намазын оқымай жатпауды, дұха намазының екі ракағатын тастамауды, бұл тәубешілер намазы және әр айда үш күн ораза тұтуды[9]»,-деген.

Сәлем намазы
Мешітке дәретпен кірген адамның екі ракағат намаз оқуы мұстахап. Бұл намаздың шарты отырмай тұрып оқып алу. Әбу Қатада (р.а.) риуаят еткен хадисте:«Кімде-кім мешітке кірсе, екі ракағат намаз оқымайынша отырмасын[10]»,-деп айтылған.
Мешітке күніне бірнеше рет кірген адамға ханафи мазхабы бойынша сәлем намазын қайта оқудың қажеті жоқ. Сонымен бірге, макрук уақытта және имам жұма құтпасын оқып тұрғанда сәлем намазы оқылмайды. Оған Ибн Омар (р.а.) риуаят: «Имам құтпа оқыса намазға да, сөйлеуге де рұқсат жоқ»,-хадис негіз.2

Тәубе намазы
Намаз пендені Жаратушысына жақындататын ең төте жол және Алла тағаладан жарылдау тілеп тәубе етуде намаз ең маңызды дұға түрі екені мәлім. Сондықтан, мұсылман тәубе етуге бел буса жақсылап дәрет алып тәубе ниетімен екі немесе одан көбірек намаз оқығаны жақсы.
Әбу Бәкір (р.а.) риуаят етеді: Мен Алла елшісінің (с.ғ.с.): «Кісі бір күнә жасап қойса, сосын дәрет алып, намаз оқып Алла тағаладан кешірім сұраса, әлбетте кешіреді деп мына: «Ал олар қашан арсыздық істесе не өздеріне зұлымдық қылса, Алланы естеріне алып, күнәларының жарылқауын тілейді. Күнәларды Алладан басқа кім жарылқайды. Сондай-ақ олар істеген істеріне біле тұра қасарыспайды. Міне солардың сыйлықтары Раббылары тарапынан жарылқау және астарынан өзендер ағатын жұмақтар. Олар онда мәңгі қалады. Амал істеушілердің сыйлықтары нендей айбат![11]»,-аятын оқыды[12]»,-дейді.

 

Қажет намазы
Адамның шешілмей жатқан шаруасы, керекті қажеттілігі болған кезде әріне Жаратушыдан сұрауға міндетті. Ал, дұға-тілектің ең жақсысы намазбен болғаны. Әбу Дәрда (р.а.) риуаят еткен хадисте: «Кімде-кім дәрет алып, дәретін жақсылап етсе, сосын екі ракағат оқыса, екі ракағатын (жарбарынуда, рукуғ жәнен сәждесін орындауда) толық етіп оқыса Алла тағала тілегін лезде немесе кейіндеу береді[13]»,-деп айтылған.
Абдулла бин Әбу Әуфа (р.а.): Алла елшісі (с.ғ.с.):«Кімде-кімнің Алла тағалада немесе адам баласының бірінде қажеті болса  жақсылап дәрет алсын да екі ракағат намаз оқысын, сосын Алла тағалаға мақтау айтып, пайғамбарымызға (с.ғ.с.) салауат оқып барып:«Лә иләһә иллә Аллаһу әл-Халиму әл-Кариму, субхана Аллаһи Роббил арши ъазыми уәл хамду лилләһи Роббил ъаламин, әсәлукә мужибәти рохматикә уә ъазаимә мағфиротикә уәл ғанимәтә мин кулли биррин уәс сәләмәтә мин кулли исмин, лә тәдәъ ли занбән иллә ғофәртәһ уә лә һәммән иллә фәррожтәһ уә лә хәжәтән һиә ләкә ридан иллә қодайтәһә иә Архамәр рохимин»,-деп дұға жасасын[14]»,-деген.

Тасбих намазы
Тасбих намазы жайлы жеткен ең сенімді хадис Икриманың Ибн Аббастан (р.а.) келген риуаят: Алла елшісі (с.ғ.с.) Аббас бин Абдулмутталибке (р.а.): «Уа, Аббас! Уа, көкем! Саған бір нәрсе берейін он қасиеті бар. Оны орындар болсаң, Алла тағала күнәңнің әуелгі және кейінгі, ескісі мен жаңасын, білмей және әдейі, кішісі мен үлкенін және жасырыны мен әшкересін кешіреді. Он қасиет: төрт ракағат намаз оқы, әр ракағатта фатихамен қоса бір сүре оқы, сүре оқып болған соң тік тұрып: «Субхана Алла, әлхамду Лилләһ, уә лә иләһә иллә Алла, уә Аллаһу Акбар» деп 15 рет айт, рукуғке барып 10 рет, рукуғтен тұрған бойда 10 рет, сәжде жасап, сәждеде 10 рет, сәждеден бас көтеріп 10 рет, қайта сәждеге барып 10 рет, қайта сәждеден бас көтеріп 10 рет, осылайша әр ракағатта 75 рет болады. Осыны төрт ракағатта айтасың. Шамаң келсе, әр күні оқы, оған шамаң келмесе әр жұмада оқы, оған шамаң келмесе әр жылы бір рет оқы, оған шамаң келмесе өміріңде бір рет оқы[15]»,-деген

Дәреттен кейінгі намаз
Дәрет алған немесе ғұсыл құйынған адамға екі ракағат намаз оқу мұстахап. Әбу Һурайра (р.а.) риуаят етеді. Таң намазы кезінде Алла елшісі (с.ғ.с.): «Әй, Біләл! Исламда жасаған ең жақсы амалыңды айт, өйткені жәннатта қарсы алдымда сенің кебісіңнің дауысын естідім,-деді. Біләл: Менің істеген амалым күндіз немесе кешке дәрет алар болсам, міндетті түрде намаз оқимын,-деген екен[16]».
Уқба бин Амир (р.а.): «Кімде-кім дәрет алып, дәретін жақсылап орындап, екі ракағат оқыса, намазында жүрегімен және тәнімен бет бұрса оған жәннат міндет болады[17]»,-деген хадис риуаят етеді.
Ең көп оқылатын нәпіл намаздардың легі осындай. Алайда, мұнымен нәпіл намаз бітпейді. Бұған қоса ай мен күн тұтылғанда, ұзақ уақыт жауын-шашын болмағанда немесе толассыз жаңбыр жауа бергенде оқитын намаздар бар.


[1] Тирмизи, Насаи
[2] Тәубе сүресі, 103-аят
[3] Әл-Ихтиар, 1-бөлім, 56-бет
[4] Тирмизи
[5] Ахмед, Муслим
[6] Ахмед, Муслим
[7] Әбу Дауд
[8] Ахмед, Тирмизи, Ибн Мажаһ
[9] Бұхари, Муслим
[10] Бұхари, Муслим
[11] Әли Ғымран сүресі, 135-136 аяттар
[12] Әбу Дауд, Насаи
[13] Ахмед
[14] Тирмизи, Ибн Мажаһ
[15] Әбу Дауд, Ибн Мажаһ, Ибн Хазима
[16] Бұхари, Муслим
[17] Муслим, Әбу Дауд

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (17)

Оқи отырыңыз: