Жат ағымдарға жол бермейік!

Жат ағымдарға жол бермейік!

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Адамзат баласының ықылым замандардан бергі сан тараулы тарихында дінсіз қоғам болмаған. Адам баласы жаратылғалы бері Жаратушының тарапынан адамдарға нақтылы жол көрсету, белгілі бір бағыт-бағдар сілтеу бойынша жөн-жоба, ұстаным ретінде ауық-ауық діндер түсіп, оларды жеткізу үшін Елшілер, Пайғамбарлар жіберіліп отырды.

Тарихтан белгілі, қандай да бір қоғам болмасын,  егер көпшілік ұстанған белгілі бір дін болмаса, ол қоғам, яғни ел басқа бір елдің құрығына ілігіп, тәуелділікке ұшырап отырған, тәуменділікке түскен. Ал дінсіздендіруге бағытталған қоғамның жоғалып, нәтижесінде мүлдем өшіп бітетініне кешегі өзіміз шекпенінен шыққан КСРО тарихы куә. Осыдан-ақ діннің мемлекетті ұстаушы әрі құраушы негізгі күштердің бірі рөлін атқаратынын айқын аңғаруға болады.  

Жаратушы Иенің тарапынан соңғы дін ретінде жіберілген Ислам діні өзінің хақтығын, өміршеңдігін көрсетіп, шынайылығын жан-жақты мойындатып келеді. Бүгінде Ислам діні әлемдік негізгі діндердің қатарынан саналады.

Ислам дініне дейінгі қайсібір дін болмасын, өзгерістерге, түрлі бұрмалаушылықтарға ұшырап отырды. Соның нәтижесінде олар дін ретінде жойылып, үкімдерін жойды. Ал, солардың барлығы да сауатсыздықтың салдарынан, дінді жете түсіне алмаушылықтың себебінен сондай күйге түсті деуге болады. Бұған сол діндердің ішінен шыққан, өздерін «шынайы дін» ретінде көрсетуге тырысқан кереғар діни ағымдардың бөлекше бағыттары мен ерекше                    іс-әрекеттері басты себеп болды деуге толық негіз бар.

Дініміз адамзат баласына имандылықты, парасат пен пайымды, кешірім мен келісімді, шапағат пен мейірімді, қанағат пен рахымды, білім мен еңбекті насихаттайтындықтан мұсылман адамға көптеген жауапкершіліктердің жүктелетіндігі анық. Солардың ішінде шынайы дінімізді насихаттау, қоғамды ізгілікке шақыру – басты мақсаттардың бірі.

Адамзаттың асыл тәжі саналатын Мұхаммед Пайғамбарымыз  (с.ғ.с.) өмірден өткеннен кейін сахабалар Исламның алғашқы өкілдері болып табылды. Олардың тарапынан Хижаз аймағына және өзге өңірлерге дінді дұрыс уағыздап жеткізу мақсатында көптеген шәкірттер дайындалып, жіберіліп отырды. Діннің негізгі бағыттары мен рәсімдерінің дұрыс, ретті қолданылуы – басты мақсаттарға айналды. Бұл жердегі сахабалардың еңбегі ұшан-теңіз болып, сол кезеңдердегі дін мәселесін, соның ішінде Құран Кәрімді, хадис шәріптерді және ислами жораларды мұсылмандар сахабалар арқылы үйренді.

Жалпы, тарихқа көз жүгіртсек, сахабалардың әрбірінің діни ілім-білімге ерекше үлес қосуымен қатар иман, амал, әдеп, зуһд, тақуалық және көркем мінез-құлықта да өзіндік мәселелерді берік қалыптастырғандығын байқаймыз. Сол арқылы дін жер бетіне кеңінен таралды десек артық айтқандық емес.

Асыл дініміздің қазақ жеріне таралуы туралы (зерттеуші ме, әлде ғалым ба?) Рүстем Сыздықовтың еңбегінде «Тарихқа жүгінетін болсақ, қазақ елі оңтүстігі мен батысы сонау 8 ғасырда Түргеш қағанаты кезінде Абу Музахим - «Сүзгіш» Сұлық қаған, орталық, солтүстік және шығысы 13 ғасырда Алтын Орда мемлекетінің ұлы хандарының бірі – Берке хан тұсында, соңғы хақ Ислам дінін, оның ішіндегі сүннет жолындағы Әбу Ханифа мәзһабын (әлемдегі барша мұсылмандардың 70-ке жуық пайызы Әбу Ханифа мәзһабын ұстанады) қабылдаған еді», - делінген.

Осы уақытқа дейін  асыл дініміз  қаншама қиын  жағдайларға  тап болса да батыр бабаларымыздың найзаларының ұшымен, білектерінің күшімен, дана –ғалым  бабаларымыздың ілкімді ілім-білімдерімен, т.б. себептермен   біздерге жетіп отыр. Сондықтан бүгінгі ұрпақ үшін жеткен бұл аманатты сақтап, ары қарай кейінгі буынға жеткізу – біздер үшін басты міндеттердің бірі.

Халқымыз  кезінде жүзге, тайпаға, руға бөлінгенімен діни біртұтастықты берік ұстану арқылы өз халықтығын, ұлттығын сақтап қала алды. Барша ата-бабаларымыздың ұстанған жолы Имам Ағзам Әбу Ханифа мазһабы болды. Соның нәтижесінде айрандай ұйыған іргелі ел болды. Арғы-бергі, тоқсан толғаулы тарихымызды парақтар болсақ, халқымыздың қандай да бір діни алауыздықтарға жол бермегенін байқаймыз.

Бүгінде өкінішке орай, дінімізді сан тарауға бөліп алған діни ағымдардың қатары артып барады. Бұған интернет жүйелерінде жарияланып жатқан бей-берекетсіз материалдар мен телеарналардан көрсетіліп жүрген атыс-шабысқа, зорлық-зомбылыққа толы фильмдердің әсері, көшелерде бей-берекетсіз сатылып жатқан түрлі бейнетаспалар мен қалай болса солай шығарылып жүрген діни кітаптар мен кітапшалардың, шет елдердегі діни оқу орындарынан білім алушылардың кереғар уағыздарының ерекше ықпалы болып отырғанын айтуға тиіспіз. Сондықтан оларға нақты тосқауыл қоятын кез әлдеқашан жетті десек артық айтқандық емес. Бұл үшін қолданыстағы діни тұрғыдағы заңдарымызды мейілінше күшейту керек-ақ.

Шын мәнінде, Ислам діні ұлттығымызбен, ұлттық салт-сана мен әдет-ғұрыптарымызбен бірге біте қайнасып кеткен деуге болады. Қайсібір салт-дәстүрімізді алып қарасақ та оның өн бойынан ислам ұшқындарының өзара үйлесім тауып тұратындығын байқауға болады.

Дін мен салт-сананың үндестік-үйлесімділігі дегеніміз - қасиетті Ислам дінін қабылдаған кезден бастап ата-бабаларымыздың сан ғасырдан бері діни тәжірибесі арқылы тіршілік түйткілдерін тірнектеп реттеген, бағыттап қалыптастырған әдет-ғұрпы, дәстүр-салты. Әрине, Ислам мен дәстүрлі қазақы сенім арасындағы үндестік, үйлесімділік дана халқымыздың діни білімі негізінде жүзеге асып келді. Қасиетті Құранда: «Алланың көктер мен жерді жаратуы, адамдардың тілдері мен түстерінің алуан түрлігі оның тағылымының белгілері. Шәксіз бұны түсінгендерге ғаламат бар» делінген (Рұм сүресі, 22 – аят).

Ұлы Абай атамыз:

 «Алла – мінсіз, әуелден, пайғамбар – хақ,

 Мүмін болсаң үйреніп,  сен де ұқсап бақ.

 Құран рас, Алланың сөзі –  дүр ол,

 Тәһуәліне (шындығына)  жетерлік ғылымың шақ», – деп халықты Аллаға иман келтіріп, әр істе пайғамбарға ұқсап, оның асыл қасиеттерін үйреніп, өнеге алуға шақырған.

Сондықтан біздер кешегі тарихымызға үңіле отырып, болашаққа байламды бағдар жасауымыз керек. Ол үшін ертеңгі ұрпағымызды саналы азамат ретінде қалыптастыру мақсатында оларға осы бастан таухидті, Алланың бірлігін үйретуге тиіспіз. Ал мектептерде өтіп жатқан «Дінтану негіздері» пәнін тарих, география пәндерінің мұғалімдері емес, дінтанушы, теолог маман оқытуы тиіс. Пайдаланылатын діни әдебиеттердің, мектептердегі оқулықтардың жүйелілігін, пайдалылығын жан-жақты зерттеп барып қана қолданысқа енгізу қажет. Бұл өз кезегінде баланың діни бағыт-бағдарын алуына, еркін меңгеруіне өзіндік әсер ететін болады деп санаймыз.

Алла тағала Құран Кәрімде «Аллаға бағыныңыздар,оның пайғамбарына бағыныңыздар және өз араларыңыздан болған басшыға бағыныңыздар», - деген. Құран Кәрімде ел арасында ірткі салудың күнәсі адам өлтіргеннің күнәсінен де ауыр, ал бір адам өлтірудің күнәсі жер бетіндегі бүкіл адамзатты өлтіргенмен бірдей дейді. Сондықтан ел арасына іріткі салып жүрген кереғар діни ағымдардың іс-әрекеттеріне жол бермеу – баршамыздың жұмыла атқаратын жұмысымыз болуға тиіс. Олармен қоғам болып күресу арқылы тосқауыл қоюымыз қажет. Осыны әрбір жан өзінің асыл борышы ретінде түсініп, соған сай әрекет жасаса дұрыс болар еді деп санаймыз.

Ауызбірлігіміз бекем, Тәуелсіздігіміз тұғырлы, бейбітшілігіміз баянды, дініміздің  діңгегі биік болсын.

                                              РАНТ- мүшесі,

Отарбаев Бауыржан

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: