Ол – ең кәміл, үлгі өнеге иесі

Ол – ең кәміл, үлгі өнеге иесі

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Жаратылған махлұқтардың ішінде Аллаһ Тағаланың шексіз рақымдылығынан нәсіп алу тек адамзатқа ғана берілген. Мұнымен қоса Аллаһ Тағала адам баласына сынақ ретінде пасықтық пен игі қасиеттерді қоса берген, әрі оны жақсылыққа да, жамандыққа да қолайлы жағдайда қылған.

 

Ал енді діннің негізгі мақсаты осындай кереғар көріністерге ие болған адамның бойындағы нәпсі құмарлықтарды жоқ етіп, азайту, жақсы қасиеттерді шыңына жеткізіп қалыптастыру. Алайда мұндай мақсатты іске асыру үшін адамға жеке бір тұлға, яғни «жақсы үлгі» болатын біреу қажет. Осы орайда Пайғамбарлардың жіберілуі, олардың адамдарға жол көрсетулері кәміл үлгі болудың көрінісі еді.

 

Аллаһ Тағала былай бұйырады:

«Біз әрбір пайғамбарды Аллаһтың рұқсатымен (адамзат оларға) мойынсұнсын (үлгі тұтсын) деп қана жібердік…» (Ниса сүресі 64-аят)

Мұндай үлгі-өнеге Аллаһ Расулінде (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) ең жоғарғы дәрежеге жеткен-ді. Сол үшін Аллаһ Тағала аятта былай баяндайды:

«Ант етеміз, сендер үшін Аллаһқа және ақырет күніне қауышуды армандағандар мен Аллаһты көп зікір етушілер үшін Расулуллаһта тамаша өнегелер бар». (Ахзаб сүресі 21-аят)

Тарих беттерінде өмірінің барлығы егжей-тегжейлі түрде ең түбіне дейін зерттеліп, жазылған бірден-бір пайғамбар, яғни тұлға – Хазіреті Мұхаммед Мұстафа (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм). Оның бүкіл ісі, сөзі мен амалдары, адамгершілік қасиеттерінің әрбір сәтіне дейін жазылған мағлұматтар, тарихи деректер арасында шарапаты биік, мәртебесі жоғары.

Оның (с.а.у.) өмірі қияметке дейін келетін барша ұрпақтарға үлгі. Құран Кәрімде ол жайында былай баяндалады:

«Сен ақиқатында ұлы ахлаққа (мінез-құлыққа) иесің!» (Қалам сүресі 4-аят)

Расулуллаһтың (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) іс-әрекеті мен мүбәрак тұлғасы адамдармен қарым-қатынас жасауда ең биік шыңға жетті. Өйткені, Аллаһ оны (пайғамбарды) барлық адамзатқа «усуәтун хәсәнәтун», яғни ең кәміл үлгі ретінде жаратқан. Сол себепті оны қоғам ішінде «жетім балалығынан» бастатып, өмірдің барлық сатыларынан өткізіп, құдірет пен билік жағынан ең жоғары дережеге дейін жоғарылатқан. Мұның себебі, қоғам ішіндегі адамзат оның кәміл іс-әрекетінен үлгі ала отырып, өз шама-шарқына қарай орындауға ұмтылады.

Ол күллі адамзатқа дін басы болумен үлгі. Мемлекет басшысы ретінде үлгі. Иләһи махаббат бағына кіргендерге үлгі. Аллаһ Тағаланың нығметіне шүкіршілік пен кішіпейілділігі арқылы үлгі. Қиыншылық кезеңдерге тап болған кезде сабырлығымен, мойынсұнғыштығымен үлгі. Қолы ашық жомарттығылығымен, әділдігімен үлгі. Отбасына деген мейірімімен үлгі. Әлсіздерге, жетім-жесірлерге, құлдарға деген рахымшылығымен үлгі. Бұзақы, жаман пиғылдарға кешірімімен және ақкөңілдігімен үлгі.

Құран Кәрімде: «Ей, Мүминдер! Дауыстарыңды Пайғамбардың дауысынан жоғары көтермеңдер! Бір-біріңмен даңғырласып, сөйлескендеріңдей, Пайғамбарға даңғырлап сөйлемеңдер! Әйтпегенде істеген (жақсы) амалдарыңның босқа кеткенін өздерің де сезбей қаласыңдар». (Хұжұрат сүресі 1-2-аят)

Бұл аяттар барлық мүминдерді Хазіреті Пайғамбарға (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) деген әдептілікті сақтауға шақырады. Сондай-ақ Құран Кәрімде басқа пайғамбарлардың есімдері тікелей аталса, Хазіреті Пайғамбарға (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) «Ей, Мұхаммед!» деп айтылмаған, оған «Ей, Нәби, Ей, Расул» деп бұйырылған. Аллаһ Тағала барлық мүминдерді осы әдепке сүйенуге шақырып, былай дейді:

«(Ей, мүминдер!) Пайғамбарды өзара бір-біріңді шақырған сияқты шақырмаңдар!». (Нұр сүресі 63-аят)

Бұл аят Аллаһ Расулін (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) атымен атауды тәрбиеге жараспайтындығын ескере отырып, оның атымен бірге қасиетті сипаттарының қоса айтылуының ләзім екендігін баяндайды. Сондықтан Аллаһ Расулі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм), Нәби, Расул, Расулуллаһ, Хабибуллаһ, Расул-Әкрәм және т.б. осы сияқты сипаттармен айтылуы қажет. Ал «Ахзаб» сүресінің 56-аятында: «Шүбәсіз, Аллаһ және Оның періштелері Пайғамбарға көп-көп салауат айтады. Ей, мүминдер! Сендер де оған салауат айтып толық мойынсұнушылықпен сәлем беріңдер!» - деп есімі айтылған жерде оған салауат айту керек екендігі бұйырылған.

Ол Құранның тек сөзін ғана үйрететін мұғалім емес, сонымен қатар Құранды өз өміріне енгізген жанды үлгі еді.

Жабир (радиаллаһу анһу) риуаят еткен хадисте Хазіреті Пайғамбар (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) :

«Аллаһ мені көркем ахлақты (мінез-құлықты) тамамдау, толықтыру үшін жіберді» (Муатта 904, Бәйхақи, әс-Сунәнул-Кубра X, 192) деген.

1400 жылдан бері жарық көріп жатқан Ислами кітаптар бір кітаптың төңірегін, яғни Құран Кәрім мен бір тұлғаны, дәлірек айтқанда Хазіреті Пайғамбарды (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) түсіндіру үшін жазылып келеді.

Пайғамбарымызға жақындау сүйіспеншілікпен, ғашықтықпен ғана әске асады. Барлық сырдың кілті соның ақиқатымен ашылады. Яғни Расулуллаһтың (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) көркем мінез-құлқын өз бойына жинаған адам дүниелік нәпсіқұмарлықтан алыстап, құлшылықтың хақиқи сырына жетеді. Оның руханиятынан нәсібін ала алған пенде ерекше күйге еніп, айналасындағы жаратылысқа зер салып қарайтын болады.

Біз үшін көркем өнеге болған Аллаһ Расуліне (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) мойынсұну туралы Аллаһ Тағала аятта былай бұйырады:

«Расул сендерге не берсе, соны алыңдар! Неге тыйым салса, одан қашыңдар, Аллаһтан қорқыңдар! Өйткені, Аллаһтың азабы өте қатты». (Хашр сүресі 7-аят)

«Ей, иман келтіргендер! Аллаһқа мойынсұныңдар, Пайғамбарға мойынсұныңдар, істеген жақсылықтарыңды жойып алмаңдар!» (Мұхаммед сүресі 33-аят)

«Кімде-кім Аллаһқа, Расулға мойынсұнса, міне, олар Аллаһ өз нығметіне кенелткен пайғамбарлармен, сыддықтармен (турашыл), шейіттермен, салих-тармен бірге болады. Бұлар неткен жақсы достар». (Ниса сүресі 69-аят)

«(Ей, Расулім!) Айт: Егер Аллаһқа сүйіспеншіліктерің бар болса, (оны жақсы көрсеңдер) маған еріңдер, сонда ғана Аллаһ сендерді сүйеді және барлық күнәларыңды кешіреді. Аллаһ асқан кешірімшіл, ерекше мейірімді».

«(Ей, Расулім!) Айт: Аллаһ пен Расулға бағыныңдар! Егер олар бет бұрса, әрине, Аллаһ кәпірлерді сүймейді!» (Әли Имран сүресі 31-32-аяттар)

«Кімде-кім Аллаһ пен Расуліне мойынсұнып Аллаһтан қорқып (Оның азабынан) сақтанса, міне, солар (тозақтан) құтылғандар». (Нұр сүресі 52-аят)

«Мүмин ерлер мен мүмин әйелдер, бір-бірінің қараушысы. Олар (адамдарды) жақсылыққа жебеп, жамандықтан тыяды, намаздарын толық өтейді, зекет береді, Аллаһқа және Оның Расуліне мойынсұнады. Әне, соларды Аллаһ есіркейді. Шынында, Аллаһ – ғазиз, хаким (хикмет) иесі». (Тәубе сүресі 71-аят)

«Кімде-кім Пайғамбарға мойынсұнса, оның анық Аллаһқа мойынсұнғаны. Кімде-кім теріс айналса (Ей, Расулім біліп қой), біз сені оларға бақылаушы етіп жібермедік…» (Ниса сүресі 80-аят)

«Біреу Аллаһқа және Оның Расуліне қарсылық қылса, оның тозаққа түсіп, онда мәңгі қалатынын олар білмей ме? Қорлықтың үлкені әне сол». (Тәубе сүресі 63-аят)

«Аллаһ пен Расуліне бойұсыныңдар! Бір-біріңмен тартыспаңдар! Әйтпесе, қорқынышқа (шүбәға) түсіп, желдеріңнен (күш-қуат, дәулет пен қолдарыңдағы нығметтеріңнен) айырыласыңдар. Сабырлы болыңдар, өйткені Аллаһ сабырлылармен бірге». (Әнфал сүресі 46-аят)

Мүмин Расулуллаһқа (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) махаббатын арнаса, руханиятын нәпсіге тән барлық жамандықтардан тазаласа, міне, сол кезде ғана оның сүйіспеншілігі мен өнегелі тұлғасынан сыбағасын ала бастайды.

Оның жаратылысында нұр, бойында сергектік, керемет шыдамдылық (сабыр) жиналған еді. Оның жұмсақ жүрегінің тереңдігін айтып жеткізу мүмкін емес. Көркі өте сұлу, сөзі ұғынықты, атқарған істерінде кемшілік жоқ, тілге шешен және әңгімелері ғажайып тартымды еді. Бос сөз айтпайтын, әрбір сөзі даналық пен насихат қана еді. Әңгімелерінде өсек-аян бос сөз жоқ еді. Әркімнің ақылы мен түсінігіне қарай сөйлейтін. Қарапайым да кішіпейіл еді. Қарқылдап күлмейтін. Үнемі күлімсіреп жүретін.

Онымен бірге жүріп, сұхбаттасқан адам оған жан-көңілімен сүйсінетін. Кез-келген адамға құрмет көрсететін. Туған-туысқанына да өте жомарт еді. Әулетімен сахабаларымен қандай жақсы қарым-қатынаста болса, өзгелермен де жылы жүзбен қарым- қатынаста болатын. Қызметшілерін жақсы ұстайтын. Өзі не киіп, не жесе, оларға да соны кигізіп, соны жегізетін. Жомарт, мейірімді, мархабатты, қажет кезде батыр, кезегі келгенде мүләйім еді.

Сөзі мен уәдесінде тұратын, айтқанын орындайтын. Мінезі жағынан, ақылы мен зеректігі жағынан барлық адамдардан жоғары еді және үстем мадаққа лайық еді. Қысқасы, бет-бейнесі, денесі сұлу, ішкі жаратылысы кәміл, теңдесі жоқ мүбәрак тұлға еді.

Расулуллаһ (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) әрдайым тәфәккүрде болатын. Қажет болмаса, сөйлемейтін, көбінесе үнсіз жүретін. Бір сөз бастаса, аяқсыз қалдырмайтын. Бірнеше мағынаны бір сөзге жинап сөйлейтін. Сөздері анық, қажетінен артық та, кем де емес болатын. Жаратылысы өте жұмсақ болғанымен өте айбарлы, айбынды еді.

Ашуланған кезде орнынан тұрмайтын. Адамдар шындыққа қарсы шықпаса не біреудің құқығы аяқ асты етілмесе ашуланбайтын. Ал егер біреудің құқығы аяққа тапталса ашуланатын, оның құқығы орнын таппайынша ашуы басылмайтын. Өз жеке қамын ойлап әсте ашуланбайтын, өзін қорғамайтын, ешкіммен ұрыспайтын.

Ол ешкімнің үйіне рұқсатсыз кірмейтін. Үйіне келген кезде үйдегі уақытын үшке бөлетін; бір бөлігін Аллаһқа ғибадат етуге, екіншісін жанұясына, үшіншісін өзіне арнайтын. Өзіне бөлген уақытын үлкен-кіші адамдардың барлығына арнайтын, олардың ешқайсысын тыс қалдырмайтын. Бәрінің көңілін табатын. Әлдекім одан бір нәрсе сұраса, ол маңызды болсын-болмасын, оны орындамай көңілі жай таппайтын, қажетін орындай алмаған жағдайда, жақсы сөз айтып шығарып салатын. Ол әрбір адамның қайғысымен бөлісетін. Адам қандай дәрежеде болса да, яғни бай-кедей, ғалым-надан деп бөлмейтін, барлығына теңдей қарайтын. Оның бүкіл мәжілістері кішіпейілділіктің, ілімнің, ар-ұяттың, сабырлылық пен тәуәкелділіктің бұлағы болатын.

Кемшіліктері үшін ешкімді сөкпейтін, ескерту керек болса, қасында тұрған адамды ренжітпейтіндей жұмсақ сөзбен ымдап қана қоятын. Ешкімнің кемшіліктерін айыптап бетіне баспайтын, онымен шұғылданбайтын да және мұндаймен айналысқандарға қатаң тыйым салатын.

Пайғамбарымыздан үлкен қаһарман бар деп ойлау мүмкін емес. Қорқыныш пен үрей оның өмірінде жоқ еді. Төтенше бір жағдай туса сабырлылық пен шыдамдылық танытатын, үрейленіп, сасқалақтық көрсетпейтін.

Ол Аллаһтың кәләмі үшін ең алдыңғы шептерде соғысатын. Хунәйн соғысында Ислам әскерлері бытырап кеткен кезде, ол алған бетінен қайтпай, өзі дұшпан ортасына кіріп, мінген көлігін алға тебініп, сахабаларының батылдығын арттырып, ақырында иләһи жәрдеммен жеңіске жеткен.

Былай деп бұйыратын еді:

«Құдыретінің арқасында мен өмір сүрген Аллаһқа ант етемін! Аллаһ жолында шейіт болып, тіріліп, сосын қайта шейіт болуды қалаймын».

Хазіреті Айша (радиаллаһу анһә) Аллаһ Расуліндегі иләһи нұрды былайша түсіндіреді:

«Түнде Расулуллаһтың жүзі нұр шашқанда, беті толған айға айналатын. Қараңғы түнде инені оның бетінің жарығына сабақтайтынмын».

Оның мүбәрак тұлғасынан үлгі алып, оның жолына өзін арнағандар қияметке дейін тамаша үлгі болып қала бермек.

Соның куәсі ретінде жасы алпыс үшке келгенде өзіне қабір сияқты жер қаздырып, өмірі мен құлшылығын сол жерде жалғастырып:

«Бұл жастан кейін маған жер үстінде жүру болмас» - деген ғашық қаһарманы Қожа Ахмет Яссауи бұл жолда аты аңызға айналғандардың бірі болды. Өмір сүрген жерін құрметтеп «Хазіреті Түркістан» делінген.

Сол сияқты Динар ұлдарынан бір әйелдің «Ұхұд» соғысында күйеуі, бауыры және әкесі шейіт болады. Үшеуінің де шейіт болғаны туралы хабар берілгенде:

«Сендер маған Расулуллаһты көрсетіңдер. Оны көрейін» - деді.

Оған Расулуллаһты (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) көрсеткенде: «Уа, Расулаллаһ! Сен аман болған соң, қалған пәлекеттер маған түк емес!» - деді.

Әу баста күйзелісті өмір сүріп кейіннен мұсылман болып, тыныштыққа қауышқан Ханса Хатун «Қадисия» соғысында төрт ұлының бірдей шейіт болғандығы жайында хабар келгенде, күшті иман кәмілдігімен: «Исламның бір жеңісі үшін төрт ұлым да пида!» - деп, төрт шейіттің анасы болғанына қуанып, Аллаһқа шүкіршілік етті.

Имам Мәлік (рахматуллаһи аләйһи) Расулуллаһқа (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) ұқсау мақсатымен, оның жолында өмір сүрді. Мәдинада көлікке мінбеді. Мәдинаның харам аймағы ішінде дәретке отырмады. Рауза Мутаһһарада имам болғанда үнемі бәсең дауыспен сөйледі. Сол кездің Халифасы Әбу Жафар Мансур дауыстап сөйлегенде:

«Ей, Халифа! Бұл жерде дауысыңды бәсеңдет! Аллаһтың ескертуі сенен де абзал адамдарға түскен!» - деді. Сосын мына аятты оқыды:

«Ей, иман келтіргендер! Дауыстарыңды Пайғамбардың дауысынан жоғары көтермеңдер. Бір-біріңмен даңғырласып, сөйлескендеріңдей, Пайғамбарға даңғырлап сөйлемеңдер! Әйтпегенде істеген (жақсы) амалдарыңның босқа кеткенін өздерің де сезбей қаласыңдар». (Хұжурат сүресі 2-аят)

Осы аят түскеннен кейін Хазіреті Омар (радиаллаһу анһу) дауысы қанша жоғары болса да, Аллаһ Расуліне (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) сөйлеген кезде сыбырлап айтып жатқандай сөйлейтін болған. Тіпті, Аллаһ Расулі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) кейде Хазіреті Омардың не айтқанын естімей, одан сөздерін қайталап айтуын сұрайтын. Хазіреті Омардың бұлай жасауы, Расулуллаһқа сүйіспеншілігінің үлгісі еді.

Имам Мәлік өзіне зұлымдық жасаған Мәдина әкімін кешіріп:

«Махшарда Расулуллаһтың (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) немересінен шағымдануға ұяламын!» - деген.

Уалидә Сұлтан:

Махаббаттан Мұхаммед болды пайда,

Мұхаммедсіз махаббаттан не пайда? - деп, Расулуллаһқа өз махаббатын тамаша жеткізген.

Юнус Әмре де Пайғамбарға (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) деген махаббатын былайша жеткізеді:

Іздей-іздей ізіңді тапсам,

Ізіңнің шаңына жүзімді бассам.

Хақ нәсіп етсе жүзіңді көрсем,

Уа, Мұхаммед, мұңымды шақсам…

Хазіреті Али (р.а.) былай дейді: «Мен, Меккеде Аллаһтың Расулімен бірге жүретінмін. Бір күні, Меккеден бірге шықтық. Жанынан өткен тас пен ағаштың бәрі оған: «Салауат пен сәлем саған, ей, Аллаһтың Расулі!» - деп, сәлем бере бастады».

Бұл оқиғаның негізі былай болған-ды.

Бірде Аллаһ Расулі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) сапар кезінде кездескен бір бәдәуиге тәухидті (сенімді) түсіндірді. Бәдәуи, Аллаһ Расулінің (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) пайғамбарлығы туралы дәлел сұрады. Хазіреті Пайғамбар (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) алдындағы бір ағашты ымдап, қасына шақырды. Сонда ағаш дереу Пайғамбардың әмірін орындап, топырақты сызып қасына келіп, үш рет шәһәдат кәлимәсін қайталады. Сосын Пайғамбардың бұйрығы бойынша орнына қайтты. Бұл мұғжизаға таңдана куә болған бәдәуи сасқалақтап, Расулуллаһтың алдына тізерлеп отырып:

«Маған рұқсат бер, саған сәжде қылайын!» - деді.

Аллаһ Расулі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм):

«Жоқ! Құлдың құлға сәжде етуі харам етілген» - деді.

Тек жансыздар ғана емес, жануарлар мен басқа да жәндіктер Аллаһ Расулін (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) танып мойынсұнатын. Абдуллаһ ибн Жабир (радиаллаһу анһу) мынадай оқиғаны баяндайды:

Расулуллаһ (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) пен бірге бір сапардан қайтып келе жаттық. Мәдинада Нәжжәр ұлдарының бағына келгенде, бақтың ішінде ешкімді кіргізбей тұрған, яғни кірмекші болғандарға шабуыл жасап бой бермей тұрған бір түйенің бар екенін естідік. Жағдайды Хазіреті Пайғамбарға (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) айтқанда, ол баққа барып, ішіне кірді де ешкімді қасына жолатпайтын түйені қасына шақырды. Расулуллаһтың (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) дауысын естіген түйе ернін жерге тигізе басын иіп, оның қасына келді де, жерге шөкті. Аллаһ Расулі:

«Маған бұйда әкеліңдер!» - деді.

Әкелген бұйданы түйенің мойнына байлап, оны иесіне берді. Сосын сол жердегілерге былай деді:

«Жындар мен адамдардың маған қарсы келгендерінен басқасы, жер мен көктегі барлық жаратылыс менің Аллаһтың Расулі екенімді біледі». (Ахмед бин Ханбәл, Мүснәд)

Жансыздар мен жануарлардағы бұл ұлы сүйіспеншілікке қарап, біз Аллаһ Расуліне қаншалықты бағынып келеміз, оның істегендеріне жанымызды пида ете аламыз ба? Міне, осыларды ойлағанымыз жөн. Әсіресе оның биік руханиятына мұқтаж екенімізді білгеніміз дұрыс. Келтірген салауаттарымыз бен жолдаған сәлемдемелеріміз біз үшін үлкен жұбаныш екенін ұмытпағанымыз жөн.

Тарих сахнасында қаншама мүминдер оның ақиқатына жақындау үшін, оның руханиятының биіктігін таңырқап, өз болмыстарын пида етуді дүниенің ең үлкен нығметі деп санап, бақытқа кенелді.

Уа, Раббым! Шектеулі сөзімізбен Пайғамбарымыздың (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) ақиқатын жеткізуге тырысып бақтық. Біздерге оның ең кәміл дәрежедегі көркем мінез-құлқынан өнеге алуды нәсіп ет! Сүйіспеншіліктің гауһары, қайнар көзі болған Расулуллаһтың (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) ұлы шапағатына жеткізе гөр!

Әмин!

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: