Сәлде орау дәстүр ме, әлде діни киім бе? Намазда сәлде орау керек па?

Сәлде орау дәстүр ме, әлде діни киім бе? Намазда сәлде орау керек па?

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Бүгінгі таңда «сәлде» мәселесі көп оқырманның көкейінде жүрген сауалдардың біріне айналып барады. Сәлдені тек дін маманы кие ме? Дегенмен, ертеректе барлық қазақ азаматтары да сәлде ораған, сонда бұл дәстүр ме, деген әлсін қисын туындап жүргені рас. Ең әуелі, мынаны ескерсек.

Пайғамбарымыздың (Оған Алланың сәлемі мен игілігі болсын) сүннетінде жалабас жүруге болмайды. Оның үстіне Пайғамбарымыз (Оған Алланың сәлемі мен игілігі болсын) қажылық немесе ұмра кезінде ихрамға (қажылардың арнайы киімі) кірген, үйінде де, сыртта да үнемі сәлде орап жүрген. Жабир ибн Абдуллах пен Абдуллах ибн Омар (Оларға Алла разы болсын) Пайғамбарымыз (Оған Алланың сәлемі мен игілігі болсын) Меккені басып алған күні қалаға басына қара сәлде орап кіргенін айтқан.

Әбу Рашид Әлиден (оларға Алла разы болсын) «Алланың елшісі (Оған Алланың сәлемі мен игілігі болсын) менің басыма сәлде орап берді. Оның екі шетін иығыма түсіріп «Сәлде – мұсылманды көпқұдайшылдардан ажырататын ерекшелік» деп айтты» дегенін естіген айтады. Рукана (оған Алла разы болсын) Пайғамбарымыздың (Оған Алланың сәлемі мен игілігі болсын): «Бізбен көпқұдайшылдардың арасындағы айырмашылық – біз бас киімнің сыртынан сәлде ораймыз» деп айтқанын естіген екен.  

Абдуллах Ибн Аббастың (оған Алла разы болсын) Пайғамбарымыздың Оған Алланың сәлемі мен игілігі болсын) «Бастарыңа сәлде ораңдар, бұл сендердің шыдамдылықтарың мен байсалдылықтарыңды арттырады» деп айтқанын естігені бар екен. Иә, сәлде орау арқылы біздің байсалдылығымыз артып, кеудеміз кеңейеді. Өйткені, сырт келбеттің өзгерісі адамға сабырлық, әсемдік беріп, оны жеңіл ойдан, өзін төмендетуден және жаман ойлардан сақтайды.

Халид ибн Мадана (оған Алла разы болсын) Пайғамбарымыздың (Оған Алланың  сәлемі мен игілігі болсын): «Сәлде ораңдар. Алдыңғы өткен халықтарға ұқсамаңдар» деп айтып кеткенін жеткізген. Ал, игі сахаба Әли (оған Алла разы болсын) жеткізгендей, Пайғамбарымыз (Оған Алланың сәлемі мен игілігі болсын): «Сәлде – арабтардың тәжі...» деген екен. Абдуллах Ибн Аббас (оған Алла разы болсын), Пайғамбарымыздың (Оған Алланың сәлемі мен игілігі болсын): «Сәлде мұсылманның кемелденуін білдіреді және арабтың абыройының белгісі. Араб сәлдесін шешкен кезде ол міндетті түрде өзінің абыройынан айырылады» дегенін жеткізген. Бірақ мұндай хадистер әлсіз деп танылған. Өйткені мұнда сәлдені белгілі бір ұлттың белгісі ретінде сипаттаған. Алайда Әлиден (оған Алла разы болсын) жеткен келесі хадис ақиқатқа жақындау: «Пайғамбарымыз (Оған Алланың сәлемі мен игілігі болсын) айтты: «Сендер мешітке сәлдесіз, жалаңбас немесе сәлдемен келе аласыңдар. Бірақ ең бастысы сәлде – мұсылманның тәжі». Бұл хадис сәлде таба алмай, «Менің сәлдем жоқ» деп айтқан адамның жамағаттан алыстап кетуінің алдын алады. Бұл хадистерде сәлде тәж ретінде сипатталған. Өйткені, сәлде арқылы адам абыройға, әсемдікке, кемелділікке және байсалдылыққа ие болады. Шынымен де, патшалардың басқалардан айырмашылығы басындағы тәжі емес пе? Сәлде – періштелердің де ерекшелігі болып табылады.

Абдуллах ибн Омар (оларға Алла разы болсын) және Убада (оған Алла разы болсын) айтқандай ардақты Пайғамбарымыз Оған Алланың сәлемі мен игілігі болсын): «Сендерге сәлде керек. Сәлделеріңді шешпеңдер... өйткені, сәлде періштелердің де белгісі. Сәлденің ұшын арқаларыңа түсіріңдер» деген екен.

Айша анамыз (оған Алла разы болсын) келесі сөздерді жеткізген: «Алланың Елшісі (Оған Алланың  сәлемі мен игілігі болсын) Әбдурахман ибн Аффаның басына сәлде орап, оның төрт елі ұшын бос жібер қойды». «Мен Миғраж түні көкке көтерілгенімде періштелердің көпшілік сәлдемен болған».

Әли (оған Алла разы болсын) Пайғамбарымыз (Оған Алланың  сәлемі мен игілігі болсын) былай деген дейді: «Шын мәнінде Алла Тағала Бәдір және Хунайн соғысы кезінде сәлде ораған періштелерді жіберіп, көмек көрсетті. Сәлде – бұл күпірлік пен иман арасындағы шекара».

Дін ғалымдары мұсылман емес адамдар мұсылмандарға тән сәлде және орамал сияқты киімдерге тиым салады деп айтқан. Имам Малик «Сәлде орауды тастау дұрыс емес. Мен мұртым шықпай жатып сәлде орағанмын» деген. Әл Мунави болса «Сәлде пайғамбарлардың сүнеті, пайғамбарлар мен сайидтардың (пайғамбар руының адамдары) дәстүрі» деген. Ибн әл Араби «Сәлде бастың сүннеті, пайғамбарлар мен сайидтердің дәстүрі» деп айтқан. Осы хадистер мен пәтуалардың барлығы сәлде орау дәстүр емес, Исламның белгілерінің бірі екенін айтады. Осы тұрғыда бүгінгі таңдағы осы құбылыстың жаңаруын алға тартсақ та болады. Мұсылмандардың ерекшелігін білдіретін киім киюге, сәлде орауға қатысты заңды ережелерде діни басшылар мен мешіт имамдарына сәлде орауға рұхсат берілген. «Мұсылман» немесе «діни қайраткер» деген кезде бәріміздің көз алдымызға сәлде ораған сақалды адам елестейді. Сәлде орау – намаздың сүннеті болып табылады. Намазды сәлдемен оқу намаздың сүннеттерінің бірі. Пайғамбарымыз (Оған Алланың  сәлемі мен игілігі болсын) намазды үнемі сәлдемен оқыған және Жабир ибн Абдуллах (оларға Алла разы болсын) жеткізгендей Пайғамбарымыз (Оған Алланың  сәлемі мен игілігі болсын)  «Сәлдемен оқылған екі рәкәғат намаз сәлдесіз оқылған жетпіс намаздан артық» деп айтқан. 

Абдуллах ибн Омардан (оларға Алла разы болсын) жеткендей Пайғамбарымыз (Оған Алланың сәлемі мен игілігі болсын) «Сәлдемен оқылған бір нәпіл немесе парыз намаз сәлдесіз оқылған жиырма бес намазға тең. Ал сәлдемен оқылған бір жұма намазы сәлдесіз оқылған жетпіс намазға тең» деген.  

Сәлденің бір ұшын бас бармақ пен шынашақтың көлеміндей қашықтықта екі иықтың ортасына тастаған (ұзартқан) дұрыс болып саналады. Абдуллах ибн Омар (оларға Алла разы болсын) Пайғамбарымыз (Оған Алланың  сәлемі мен игілігі болсын) басына сәлде ораған кезде сәлденің ұштарын екі иығының ортасына түсіретін деген. Ол мұны Жафар ибн Амр ибн Хурайстан естігенін айтқан. Оның әкесінің (Амр) «Алланың  елшісінің (Оған Алланың  сәлемі мен игілігі болсын) мінберде екі ұшы иықтарының арасында тұрған қара сәлдемен тұрғаны әлі күнге көз алдымда» дегені бар. 

Мұсылмандардың анасы Айша (оған Алла разы болсын): «Хандак шайқасында мен Дыхятул-Қалбидің бейнесіндегі адамды көрдім. Ол бір жануардың үстінде отырды. Пайғамбарымызбен (Оған Алланың сәлемі мен игілігі болсын) сыбырласып сөйлесіп жүрді. Оның басындағы сәлденің екі ұшы арқасында салбырап тұрды. Мен Алланың  елшісінен (Оған Алланың  сәлемі мен игілігі болсын)  ол адам туралы сұрадым. Алланың  Елшісі (Оған Алланың  сәлемі мен игілігі болсын) «Ол - Жәбірейіл» деді. Пайғамбарымыз маған соғыстан Құрайзаның үйіне баруға бұйрық берді» деген. 

Ғалымдар сәлденің ұштарының салбырап тұруы оның ораудың тәртібі дейді. Бірақ, ұштары тым ұзын болмау керек. Егер сәлденің ұштарын тым ұзарту тәкаппарлық себепті болса, онда ол тәкаппарлық себепті киімнің етегін ұзарту сияқты есептеліп, тиым салынады.  Егер онда ешқандай тәкаппарлық болмаса, мәкрух болады.

Сәлденің ұштарын салбыратпай немесе оны сәлдеге айналдырып орап қоюға болады. Сәлденің ұшын салбыратпай орауға болмайды деген бір де бір нақты тиым жоқ. Ал оның ұштарын екі иықтың ортасына тастау сәлде ораудың тәртібі болып табылады. Хадистерден жеткендей қара сәлде тағуға болады. Бірақ, сәлденің ақ болғаны дұрысырақ. Өйткені, Абдуллах ибн Аббастан (оларға Алла разы болсын) жеткен хадис бойынша Пайғамбарымыз (Оған Алланың сәлемі мен игілігі болсын): «Ақ киім киіңдер. Өйткені, ол ең жақсы киім. Және мәйіттеріңді ақ кебінге ораңдар»  деген.  

Егер сәлдені қайта орау керек болса, онда оны бастапқы орағандай орау керек. Бастан шешіп алғаннан кейін, оны жерге тастауға болмайды. Пайғамбарымыз (Оған Алланың  сәлемі мен игілігі болсын) дәл солай істеген екен.

Маңызды ескерту: Сәлде орауға қатысты бұл хадистер әлсіз деп танылмаған. Өйткені, олардың растығы көптеген риуаяттармен келтірілген.

Ерлан БӨЛЕГЕНОВ,

Мойынқұм ауданының бас имамы.

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: