Жазмыштан озмыш жоқ

Жазмыштан озмыш жоқ

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Ислам дініндегі иман негіздерінің бір тірегі – тағдырға иман. Алла Елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) иманға анықтама берген кезде «Аллаға, періштелеріне, кітаптарына, пайғамбарларына, ақырет күніне және тағдырдың жақсысы мен жаманына иман» – деген.

«Тағдыр» сөзінің мағынасы – бір нәрсені белгілі бір өлшем, мөлшерге қарай реттеу, жүйелеу, белгілеу де- генді білдіреді. Терминдік мағынасы – жалпы уақыт ұғымынан пәк Ұлы Алланың әу бастан қияметке дейін және қияметтен кейін болатын барлық нәрсені, барлық оқиғаны жаратпастан бұрын шексіз, әзәли ілімі арқылы егжей-тегжейіне дейін біліп, белгілі бір өлшем, мөлшерге қарай реттеуі, белгілі бір есеппен жүйелеуі, арнайы бір жобамен тағайындап белгілеуі.

Тағдыр жайлы Құран Кәрімде: «Еш күмәнсіз біз барлық нәрсені арнайы есеппен жараттық»; «...Барлық нәрсені жаратып, әрқайсысына белгілі бір өлшем берді»; «Алланың біз үшін жазып қойғанынан басқасы басымызға келмейді. Біздің досымыз да, қорғаушымыз да Ол, – деп айт. Олай болса мұсылмандар тек қана Аллаға тәуекел етсін», − делінген.

Тағдыр жайлы ардақты Елші (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм): «Бір құл жақсысы мен жаманымен тағдырға сенбейінше, басына келетін нәрсені бастан өткізетінін, бұйырмаған нәрсеге қол жеткізе алмайтынын білмей- інше иман еткен болып саналмайды»; «Алла тағала нені қаласа сол болады.

Ал Оның қаламағаны ешқашан жүзеге аспайды», − деген. Міне, осы тағдырға иман келтірген халқымыз: «Қуған жетпейді, бұйырған кетпейді», − деп тағдыр жазған іске мойынсұна білген. Сонымен қатар оны жырға қосуды еш ұмытпай:

Шағылдан жауған жаңбыр тасқа қонбас,

Сөз айтсаң ақылсызға басқа қонбас,

Пендеңіз нені жазса соны көрер,

Ешкім де тағдырынан басқа болмас

Қыранды қолмен ұстап тұрармысың,

Хақ нәсіп етпегенді қылармысың?

Қаншама бойын балқып, сақтанғанмен,

Хақ тағдыр жеткен күні қалар ісің, − деп айшықтаған.

Хақ тағала жазған тағдырға ырзашылық таныту қажет. Мұны Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм): «Адам баласының бақытты болуының бір сыры – Алла тағаланың үкімдеріне ырзашылық көрсетуінде. Ал (өмір жолына көңілі толмай) арызданып жүруінің себебі Алла Тағаладан жақсылықты талап етуді доғарып қоюында. Сол сияқты тағы бір себебі Аллаһтың үкімдеріне ырзашылық танытпауында»; «Алланың назарында қуатты мұсылман әлсіз мұсылманнан сүйкімді және қайырлы.

Негізінде екеуінде де қайыр бар. Өзің үшін пайдалы болған нәрсеге талпын. Алладан жәрдем тіле, әлсіздікке салынба. Басыңа бір қиыншылық келсе: «Егер бұлай жасағанымда басыма бұл келмес пе еді!» – деме. «Алла солай қалаған. Оның қалағаны болады!» – деп айт. Себебі, «егер» деген сөз шайтанның ісіне есік ашады», − деп баяндайды.

Дана бабаларымыз бұл хадистердің мәнін:

Әзелде солай жазса не істейсің,

Бұйырса тағдыр қалай бас имейсің.

Дүниеге мейман, көңілім,

Мақтансам дауа тілерсің.

Өлшеніп берген өмір бар,

Уақытыңмен жүрерсің, − деп жеткізеді.

Халқымыз қара өлеңдерінің бірінде:

Бүгін жаққан опасы ертең кетер,

Құдай сұлу етпесе, бәрі бекер! − дейді.

Осы қара өлеңді талдай отырып Халық жазушысы, ақын Мұзафар Әлімбаев адамдардың тағдыр сеніміне:

«Бәрі де бір құдайдың бұйыртқанынан!

Адам ажары да, асқан ақыл да бір Алладан!

Ендеше ақ жүректен Алла тағалаға ризалық білдіруді ұмытпа, тәубеңе кел. Қара өлең осыны ескеріп отыр. Ойшыл халық өмір болмысын байыптаған», − деп баға береді.

Тағдырға байланысты екі дүниенің Падишасынан (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) тағы мынандай хадис риуаят етілген. Хадисті риуаят етуші сахаба хазірет Әли: «Біз бір жаназаның мәселесі бойынша Бақиул- ғарқадта жиналған едік.

Жанымызға Расулаллаһ келіп отырды. Біз де айналасын қоршай отыра кеттік. Қолында бір шыбығы бар еді. Шыбығымен жерге бір нәрселер сыза бастады. Сосын: «Сендердің араларыңда тура осы сәтте жұмақ пен тозақтағы орны жазылмаған ешкім жоқ!» – деді. Жамағат: «Ей, Алланың Расулы, олай болса біз туралы жазылып қойғандарға сеніп, арқа сүйесек болмай ма?» – деп сұрақ қойды.

«Амал етіңдер, бәрің де өздерің үшін жаратылған нәрсеге қол жеткізесіңдер. Жұмақтық болғандар бақытқа жетелейтін амалдарды орындай- ды. Шағымданушылар да шағымдануға себеп болған амалдарды орындайды», – деп Алла Расулы: «Кім садақа беріп, күнәдан қашып және діннің ең жақсысын мойындаса біз де оған қолайлық пен жақсылық жолын оңайлатамыз», деген аятты(Ләйл сүресі, 5-7) оқыды», − дейді.

Осы хадисті Шортанбай:

Әуелде менің ғұмырым,

Құдіреттің жазған сызықта.

Қай пенделер ұжмақта,

Қай пенделер тозақта.

Бұл дүниеден пайда жоқ,

Өлгеніңше дін сақта, – деп жырлайды.

Адамзаттың ардақтысы (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) келесі хадисінде тағдырдың жазылып, одан еш нәрсенің кеміп-артпайтынын мәлімдейді. Бұл хадисті риуаят етуші Ибну Амр Ибнил-Ас: «Расулаллаһ (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) қолына екі кітап ұстаған күйінде қасымызға келді. «Мына екі кітаптың не екенін білесіңдер ме?» – деп сұрады.

«Жоқ білмейміз, ей, Алланың Расулы, бірақ бізге білдіруіңді сұраймыз», – дедік. Ол оң қолындағы кітапты көрсетіп: «Бұл Раббул-аләминнен келген кітап. Ішінде жұмақтық болғандардың есімдері бар, тіпті олардың әкелерінің аты және тайпаларының да аты бар. Бұларға еш нәрсе қосылмайды, еш нәрсе де кемімейді. Өзгеріссіз мәңгілік солай қалады», – деді...» − деген.

Міне, хадистің осы мәлімдемелерін көңіліне тоқыған халқымыз: Тағдыр берген нәсібің Кеміп, артар деймісің. Есіктегі бағыңды Төрге тартар деймісің. Хақтан басқа дертіңе Дәрмен айтар деймісің, – деп көрегендік таны- тады. Алла Елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) тағы бір хадисінде: «...Алланың әмір еткендерін орындап, тыйым салғандарынан сақтансаң Алла та сені сақтайды. Алланың заңдарына бағынсаң Алла әрдайым жаныңда болады. Тілейтін нәрсеңді тек қана Алладан тіле. Көмек сұрасаң, тек қана Одан көмек сұра. Мынаны жадыңнан еш шығарма, адамдар бәрі жиналып саған көмектеспек болса, Алланың саған жазған нәрсесінен басқасына көмектесе алмайды.

Адамдардың бәрі жиналып саған зұлымдық жасамақ болса, Алланың сен үшін жазғанынан асып еш нәрсе істей алмайды. Себебі, қаламдар тоқтатылып, парақтар баяғыда кеуіп қалған», − деп мәлімдейді. Яғни, Алла тағаланың белгілеген заңдарына бағынсаң, ақыретіңе азық жинаған боласың. Бір нәрсені тілеген кезіңде тек қана Алладан тіле. Басқаға қол жайып, езілме.

Сенің ісіңді тындыратын тек қана Хақ тағала. Басқалар болса, олар да сен сияқты әлсіз жандар. Сенің барлық тілеуің мен қалауыңды жаратуға күші жететін − Алла. Себебі, аспан мен жердің кілті Оның қолында. Барлық адамдар саған қол ұшын беру үшін жарысқа түссе, басыңа келген қиыншылықтан құтқарып алуға тырысса, саған жасайтын жақсылықтары тек қана Алланың алдын ала белгілеген шеңберінде ғана болады. Саған зұлымдық жасағысы келіп, жанталасқандар да Алланың жазғанынан асып еш нәрсе жасай алмайды. Хадистің мәлімдемесі міне осылай. Осыған қалтқысыз сенген халқымыз өлең жолдарына ойын:

Ит үрер жақсыға да, жаманға да,

Қылмағы бірақ залал құдайданды;

Тәңірі берсе бақ-дәулет адамзатқа,

Күндеуменен еш адам кем қыла алмас;

Ер жетпес мұратына талпынғанмен,

Әзелде бір тәңірісі қаламаса;

Құдая, құдіретіңе сүйеніп нық,

Салмағын қайғыңменен көңілге дық.

Дүниені топан қаптап, сел алса да,

Сен жәрдем болған жерде, хабарым жоқ;

Мың сайтан, жүз пәлекет қамаса да,

Бір тәңірі қағып шығар сақтарында, − деп кестелеген. 

Алла тағаланың жазған тағдыры тек қана адамға ғана байланысты емес, жалпы болмысты, күллі жара- тылысты қамтиды. Бір хадисте: «Алла аспан мен жерді жаратпай тұрып күллі жаратылыстың тағдырын жазған» – дейді.

Осы хадисті ойына арқау еткен Шалкиіз: Біз көргенде тебінгіге жетер-жетпес су еді – Телегейдей шайқалтып, Жарқыраған беренді Теңіз етсе Тәңірі етті; Жағасына қыршын біткен тал еді − Жапырағын жайқалтып, Терек етсе Тәңірі етті, – десе, Шортанбай ақын: Алақандай ай мен күн – Ғаламның орта жарығы, Жаббардың екі болмайды Әмір қылған жарлығы, – дейді.

 


ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.

 

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (1)

Оқи отырыңыз: