Ислам тарихында Мұхаррам айы һижри жыл санауының бастауы болғандықтан, мұсылмандардың өмірінде маңызды. Сондай-ақ осы айда ораза тұтудың да сауабы мол.Біздің жыл санауымыз бойынша 622 жылы Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Меккеден Мәдина қаласына көшті. Сол жылы Мұхаррам айының бірінші күні, айдың да, жылдың да басы еді. Мұсылмандар Мәдинаға келгенде иаһудилердің мұхаррам айының оныншы күні ораза ұстайтынын байқайды. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бұл оразаның мәнісін білу мақсатында: «Бұл қандай ораза?» деп сұрады. Сонда олар: «Бұл күннің біз үшін маңызы зор. Өйткені, Аллаһ тағала бұл күні Мұсаны (ғ.с.) дұшпаннан құтқарған. Перғауынның көзін жойған. Мұса (ғ.с.) да осы күні шүкіршілік ретінде ораза тұтқан»,- деп жауап береді.
Сонда Аллаһ Елшісі (с.ғ.с.): «فَأَنَا أَحَقُّ بِمُوسَى مِنْكُمْ» «Мұсаға (ғ.с.) сендерден біз жақынырақпыз», – деп мұсылмандарға мұхаррам айының оныншы күні ораза ұстауға өсиет етті. Ол кезде әлі Рамазан оразасы парыз етілмеген еді. Келесі жылы Рамазан айының оразасы парыз етіледі. Ал Ашура күні тұтылатын оразаны әр адамның еркіне қалдырды. Осылайша Ашура күні ораза ұстау мұстахаб сауапты амал саналады.
Ибн Аббастың жеткізген риуаятында иаһудилерге ұқсамау мақсатында Ашура күніне бір күн қалғанда, яғни тоғызыншы, оныншы және он бірінші күндерін қоса ораза ұстау өсиет етілді.
Мұсылмандардың Мәдинаға келгеніне он алты жыл болған еді. 638 жылы хазреті Омар (р.а.) Мәдинада жиналыс өткізді. Онда Ислам тарихы Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) Меккеден Мәдинаға қоныс бастау алатындығын және Мұхаррам айының да осы кезеңге дөп келгендігі айтылады. Осылайша, мұхаррам айы һижри жыл санақ бойынша күнтізбенің бірінші айы болып, халифа Омардың (р.а.) дәуірінде бекітілді. Сол кезден бастап Мұхаррам айының бірінші күні мұсылмандардың һижри жыл санауының басы деп білеміз. Мұхаррам айы жыл басы жаңа жыл сияқты тойланбағанымен, мұсылмандар үшін құрметті ай.
Құран Кәрімде бұл айдың маңыздылығы мен қадір-қасиеті жайлы былай делінген:
إِنَّ عِدَّةَ الشُّهُورِ عِندَ اللّهِ اثْنَا عَشَرَ شَهْراً فِي كِتَابِ اللّهِ يَوْمَ خَلَقَ السَّمَاوَات وَالأَرْضَ مِنْهَا أَرْبَعَةٌ حُرُمٌ
«Расында Аллаһ қасында көктер мен жерді жаратқалы Аллаһтың кітабындағы айлардың саны он екі. Бұлардың төртеуі құрметті айлар» деп аталған төрт айдың бірі осы Мұхаррам айы.
Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Аллаһтың рахымына бөленудің сәтін «شهر الله المحرّم» – «Аллаһтың айы Мұхаррам» берекелі ай деп түсіндірген.
Сонымен қатар Мұхаррам айының пайғамбарлардың тарихында да ерекше орны бар. Мәселен, Адам (ғ.с.) пайғамбардың тәубесінің қабыл болуы, Нұх (ғ.с.) пайғамбардың кемесінің тоқтаған күні, Ибраһим (ғ.с.) пайғамбардың оттан құтылған күні, Мұса (ғ.с.) пайғамбардың дұшпандардан құтылған күні, Жақыптың (ғ.с.) ұлы Жүсіппен қауышқан күні т.б., деген секілді пайғамбарлар Ашура (мұхаррам айының оныншы күні) күні ерекше нығметтерге бөленген.
Сондықтан да біз де осы айда халқымыздың ынтымақ берекесін тілейік. Аллаһ тағаланың сүйікті құлы, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) лайықты үмметі болуды Аллаһ тағала баршамызға нәсіп еткей. Әрине, бұл үшін Алла тағалаға шүкіршілік етіп, шынайы құлшылық жасауға тиіспіз.
Қалмахан Ержан