Тараз қаласының "Һибатулла Тарази" мешітінің, бас имамы Жұмабаев Данияр.
АЛЛА ТАҒАЛА ӨЗ КӨЛЕҢКЕСІНЕ АЛАТЫН ЖЕТІ КІСІ
Жақсы амалдар — қыл көпірден алып өтер,
Мақұрым қалған тозаққа құлап кетер.
Жалғанда нәпсіңді тый, ақылға кел,
Қиямет, махшар майдан емес бекер.
Әбу Һурайра ﴾р.а.﴿ жеткізген хадисінде: «Жеті түрлі адамға Алла тағала ешбір сая жоқ күні аршының көлеңкесінен жай береді, Олар: әділ имам (басшы); Аллаға бойұсынып, ғұмырын құлшылықпен өткізген жас жігіт; мешітке жүрегі байланған кісі; бірін-бірі Алла жолында жақсы көріп, Алла разылығы үшін бас қосып, Алла разылығы үшін мәжілістерінен айырылатын екі адам; мансапты да көрікті әйел шақырғанда: «мен Алладан қорқамын» деп харамнан қашқан ер кісі; Оң қолы бергенін сол қолы білмейтіндей жасырын садақа еткен кісі; жалғыз қалғанда Алла тағаланы еске алып, егіліп көзіне жас алған адам », – деп баян етілген.
Махшар – адамзаттың ақыретте қайта тіріліп, жақсылығы мен жамандығы таразыға тартылып есеп беретін жері. Міне осы жерде пенде өз басымен қайғы болады. Әркім сол жерде өзінің аман қалуынан басқа еш нәрсе ойламайды. Сүлеймен ибн Муқатил ﴾р.а.﴿ былай дейді: «Қиямет күні адам алғаш тірілген кезде, тіл қата алмай жүз жыл тұрады. Жүз жыл қатты сасып, әбігерге түсіп, қараңғылықта қалады. Жүз жыл Құдай тағаланың құзырында жауапқа тартылады. Бұл кезде бір-бірлерімен дауласады. Қиямет күнінің ұзақтығы біздің жылымызбен елу мың жылға жуық».
Міне осындай ауыр күні біреу азап шегіп, енді бірі күннің ыстығына күйіп, әркім өзімен-өзі әлек болып жатқанда, жоғарыда айтылған жеті топ Алла тағаланың «Аршысының» көлеңкесін паналап, қиямет үрейінен қашық болмақ. Өйткені бұл жандардың бұл өмірдегі амалдары өзгелерден үстем әрі ерекше болған еді. Енді соларға жеке-жеке тоқтала кетейік.
1) Әділ басшы – дүниеде жауапкершілігін терең сезініп, мойнына алған аманатқа сызат түсірмеген, шындық пен әділдіктен аумаған көшбасшы немесе мемлекет басшысы. Қай елде, қандай жерде болмасын, басшының әділ болуы аса маңызды. Бір хадис-шәрифте: «Басшының елін бір сағат әділ басқаруы – бір жылдық нәпіл ғибадатқа тең» деп айтылады.
Ал әділетсіз басшы ол – әділетсіз мұсылман, өйткені адам ең алдымен өзіне басшы, содан соң тобасына, қауымға т.б. басшы. Исламда ерліктің ең жоғарғы белгісі өзіңнің құмарлығыңды ақыл-ойға бағындыра білу. Бұған тек саналы түрде бір Аллаға сенген адамның қабілеті жетеді. Ондай болмаған жағдайда оларды қазы да, оқымысты діндар да, құранды жатқа тақпақтағандар да құмарлықты ауыздықтап, ақыл-ойға бағындыра алмайды. Бұндай адамдарда өзімшіл мақсат болады немесе материалдық дүниеге қызығушылық ақыл-парасаттан жоғары ұрады. Адам әділетсіздіктен айырылған соң не отбасына, не қауымға өнеге бола алмайды. Алланың дініне де адамдарды сүйсіндіре алмайды. Сонысымен Алланың адамзатқа жүктеген міндеті орындаусыз қалады. Сол себепті Исламға тосқауылшы қызметін атқарады.
Алла Елшісі ﴾с.а.у.﴿ бұл дүниеден қайтқан соң, Оның ﴾с.а.у.﴿ ізін басып, ісін жалғастырған халифалардың барлығы да Одан ﴾с.а.у.﴿ үлгі алып, әділдіктен бір елі ажырамған еді. Әділдік пен ақиқат олардың бейне бір көлеңкесі яки табиғи болмысына айналды. Алғашқы халифа Әбу Бәкірдің ﴾р.а.﴿ өміріне көз жүгірте қалсаңыз, әділдік пен шындық оның ажырмас жан жолдастары екендігін байқайсыз. Онсыз да Пайғамбарымыздың ﴾с.а.у.﴿ берген есімі «Сыддық» еді. Сыддық – нағыз шыншыл деген сөз. Осыған лайық хазіреті Әбу Бәкір ﴾р.а.﴿ халифалықтан бұрын да кейін де бар дәулетін Алла үшін сарп еткен жан болды. Өйткені ұлы жолдағы шыншылдық осыны қажетсінді. хазіреті Әбу Бәкір ﴾р.а.﴿ өте қарапайым жан еді, әрі өте жұпыны өмір сүрді. Халифа болған кезінде ұзақ уақыт бойы басқа жұрттың қойларын сауып отбасының нәпақасын тауып отыратын. Кейіннен оған айлық беріле бастаса да, ол осы алған жалақысын көп көрді. Ол ﴾р.а.﴿ Мәдина қаласының ең кедей адамының күн көрісін өзіне өлшем етіп қабылдады. хазіреті Әбу Бәкірдің ﴾р.а.﴿ ізі мен ісін жалғастырған хазіреті Омар да ﴾р.а.﴿ әділдіктен таймаған. Негізгі оған ﴾р.а.﴿ Пайғамбарымыздың ﴾с.а.у.﴿ берген есімі де – «Фаруқ» яғни «ақиқат пен жалғанды қақ бөлуші» еді. Ол (р.а ) да Пайғамбарымызды ﴾с.а.у.﴿ өзіне жолбасшы тұтып, өмірінің барлығын соған ұқсатуғы тырысқан, әділ болып, әділетсіздікпен күрескен. Ислам тарихында әділеттілігімен, тақуалығымен аты қалған басшылардың қайсысы болса да мемлекеттің бар жүгін жалғаз өздері арқалағандай сезінді. Халқының табанына қадалған тікен өзінің жүрегіне қадалғандай күй кешті. Елді әділ басқару, оның бар ауыртпалығын арқалау, жан-жүрегімен сезу, күн мен түнді ажырата алмай елдің қамын жеу оңай болмады. Тірі күнінде халқымен бірше болмаған, өлген соң да бірге бола алмайды. Тек әділ басшы ғана халық жүрегінде мәңгілікке сақталмақ. Мысалы, тарихымызға көз салсақ, онда ел басқарып, елдің қамын жеген хандарымызды тек жақсылықпен еске алып Алла тағалаға олар үшін дұға қыламыз. Пайғамбарымыз ﴾с.а.у.﴿: «Рақым жасамағанға рақымшылдық жасалмайды» дейді. Бір басшы халқына әділ болып, елге рақымшылдық пен сүйіспеншілікпен қараса, Жаратушы да қияметте оған рақыммен қарап панасына алмақ.
2) Аллаға бойұсынып, ғұмырын құлшылықпен өткізген жас жігіт. Яғни, нәпсіқұмарлық қатты белең алған заманда, зинаның түр-түрі есіріп, аласұрғанына қарамастан, өзін Алла тағалаға байлап, Оған құлшылық етуге арнаған жас. Бұл хадистегі тақуа кісі – кәрі емес жас жігіт яки бойжеткен. Неге десеңіз, қартаң кісінің тақуа болып, құлшылыққа бой ұруы оңайырақ. Өйткені оның алдында жас адам тәрізді өзін алдандыратын ұзақ өмір мүмкіндігі күтіп тұрған жоқ. Әрі нәпсіқұмарлық сезімдері де таңғы тұмандай бірте-бірте сейіліп, сағымдай бұлдыраған шақта оның құлшылық жасап, басын сәждеге қоюы жасқа қарағанда анағұрлым жеңілірек болмақ. Алайда жас бозбала, бойжеткендер үшін Хақ тағаланы күні-түні ойлап, өмірін Оған құлшылыққа арнауы аса оңай шаруа емес. Өйткені бұл кезең нағыз нәпсінің от болып жанып, асау аттай ырық бермей тұрған кезі. Әсіресе, оған күнәлардың ашық жасалып, тіпті осылар жастардың құндылығы саналып тұрған мына заманда жалған дүниенің жылтырағы жастардың нәпсісін өзіне тартып, саналарын тұмшалап тұрған кезде, олардың осы бүліктердің бәрінен ерікті түрде бас тартып, нәпсілерін тежеп Алла тағалаға ықыласпен құлшылық жасап, шайтанның тұзағына ілінбей өмір сүрулері кәрі адамдарға қарағанда ауыр болмақ. Қазақ халқында«болар адам он бесінде – баспын дейді, болмайтын адам отызында – жаспын дейді», – дегендей, елімізідң болашағы да осындай тақуа, нәпсісін жеңіп, сезімдерін ауыздықтай білген жастардың қолында.
Уа, жастар! үлкен көрсең құрметте, жақсылыққа жуықта,
Дәстүрінде қазақтың жоқ әдетке құнықпа,
Құрметтесең үлкенді, басыңа бақ қонады,
Қариялар, ата-ана, кішікке де ұлыққа.
Имандылық әр кезде өң бойыңнан табылсын,
Мешітке кел әрдайым, бір Алланы ұмытпа.
Сол үшінде Алла тағала осындай иманды жастарды қияметте ауыртпалықтан құтқарып, Өзінің қамқорына алмақ!
3) Мешітке жүрегі байланған кісі – мешіт құсы. Ол құлшылық сезімі құмарлық сезімінен басым түсіп, жүрегі мешітпен біртұтас болған Алланың ізгі құлы. Мешіт сөзі араб тілінен енген, «сәжде ететін, құлшылық жасайтын орын» дегенге саяды. Егер мұсылман пенде шамасы келгенше бес уақыт намазын үзбей мешітте оқып, бүкіл ғұмырын мешіт пен үйінің және жұмыс орнының арасында өткізсе, күні ертең Махшар алаңында қорқынышсыз болмақ. Өйткені намазын бес уақыт мешітте оқу – мүміннің Ұлы Жаратушыға деген асқан сүйіспеншілігінің белгісі болмақ. Сүйікті Пайғамбарымыз ﴾с.а.у.﴿ сахабаларына: «Алла тағаланың жасаған кателіктеріңді өшіріп, тазартып һәм сендерді биік мәртебелерге шығаратын маңызды жолын көрсетейін бе? – дейді. Сахабалар: «Иә, Пайғамбарым ﴾с.а.у.﴿», – деді. Ол ﴾с.а.у.﴿: «Қиын кезеңнің барша ауыртпалығына қарамастан толықтай жақсылап дәрет алу, мешітке қарай көп жол жүру (қадам басып бару), сосын намздан соң келесі намазды күту. Міне (шекарада күзетте тұрғандай өзін Хақпен) байланыстыру деген осы. [Мүсілім,Таһарат 41]
Mешіт Жаратушыны ойлап, Оған сәжде жасап, құлшылық ететін орын дедік. Ендеше мешітпен тығыз байланыс құрған адамның да жүрегі онымен бүртұтас болады. Мешітпен жүрегі бір болған мұсылманның өз көкірегіндегі жүрегі де бейне бір мешітке айналады. Жүрегі мешітке айналған кісінің бар өмірі Алла тағаланы ойлаумен өтеді. Бұндай адамдардың да Қиямет күні өзге адамдар үрейге тұншығып жатқанда мейірімді Раббыздың қамқорлығына алынуы әбден лайық емес пе!?
4) Бірін-бірі Алла жолында жақсы көріп, Алла разылығы үшін бас қосып, Алла разылығы үшін мәжілістерінен айырылатын екі адам. Бұл топтағы адамдардың да Қияметте Хақ тағаланың көлеңкесінде болуы тегін емес. Өйткені бұлар бір-бірлерін дүниелік мақсатпен емес, тек қана Алла разылығы үшін жақсы көрген жандар. Пайғамбарымыз ﴾с.а.у.﴿ былай дейді: «Нәпсім құдырет уысында болған Жаратқанға ант етейін! Иман етпейінше жәннатқа кіре алмайсыңдар. Бір-бірлеріңді жақсы көрмейінше де иман ете алмайсыңдар. Бір-бірлеріңді жақсы көруге арқау болар нәрсені айтайын ба? Өз араларыңда сәлем беруді жайыңдар!», – дейді. Яғни бір-бірлеріңді Алла тағала үшін жақсы көрмейінше нағыз мұсылман бола алмайсыңдар. Ал нағыз мұсылман болмаған адам қашан да бір-бірін сынап-мінегіш келеді. Әрі бір-бірін Алла тағалаға деген сүйіспеншілігінің дәрежесіне қарай емес, дүниесі мен зәулім сарайына, лауазымыны қарай баға беріп қарым-қатынас жасайды. Жүректерін дүниеқоңыздық жайлаған мұсылман қоғамы ешқашан бір-бірін Алла разылығы үшін жақсы көре алмайды. Абай атамыз айтқандай, қашан да бір-бірлеріне берген сәлемдері де борыш болып тұрады. Алайда бір-бірін Алла тағала үшін ғана жақсы көріп, Сол үшін ғана қарым-қатынас жасаған мұсылмандардың жөні мүлдем бөлек. Пайғамбарымыз ﴾с.а.у.﴿ былай дейді: «Бір-бірін жақсы көріп, рақымшылдықпен қарап, мейірімділік танытқан мұсылмандар біртұтас дене тәрізді. Дененің бір мүшесі науқастанса, өзге мүшелердің бәрінен бірдей маза кетеді». (имам Бұхари, Әдәб, 27). Міне мұндай деңгейге нағыз мұсылман қоғамы ғана жете алады. Өйткені бұлар бір-біріне терең сүйіспеншілікпен қарап, сонысын ісі мен сөзі арқылы жеткізе білген жандар. Бұл турасында Құранның «Ғасыр» сүресінде: «Ғасыр (замана) атымен ант етемін! Иман айтқан, жақсы амалдар жасаған, бірін бірі шындыққа шақырған, бір біріне сабырлы болуды насихаттаған адамдардан басқаның бәрі сөз жоқ зиян тартады», — делінген. Алла үшін ғана қарым-қатынас жасап, ақыретте зор дайындық жасаған нағыз бақытты жандар.
5) Мансапты да көрікті әйел шақырғанда: «мен Алладан қорқамын» деп харамнан қашқан ер кісі. Ол – өмірін әрқашан тақуалықпен өткізген, ар-ұятын көзінің қарашығындай қорғаған, құмарлық тізгінін мықтап ұстап «мен Алладан қорқамын» деп нәпсісінің бетін қайтарған нағыз ер жігіт. Исламда зинақорлық жасау – ең үлкен күнәлардың бірі. Алла Елшісі ﴾r﴿: «Адам зина жасаған кезде иманы одан ажырап, төбесінде бұлт тәрізді қалықтап тұрады. Зинадан кейін иманы қайта орлады», – дейді. (Әбу Дәуіт, Сүннәт, 16). Міне зинақорлық – осыншама үлкен күнә. Мұсылман адамның тосыннан жолыққан харамдарға қарсы тұруы үшін, әлбетте оның әу бастан тақуалық қорғанға кіргені жөн. Болмаса тақуалықтан бейхабар адам алдынан құрылған харам тұзағынан аман өте аламын деп айта алмас. Тақуалық – Хақ тағалаға берік, жақын болу деген сөз. Кез келген мұсылман жәннатқа кіргісі келетіні ақиқат. Ал Пайғамбарымыз ﴾с.а.у.﴿ оның жолын былай айтады: «Кім маған екі ұрты мен аяғының арасын берік болам деп кепілдік берсе, мен де оған жәннат үшін кепілдік бермін», – дейді. Бұл сөзді Алла тағала жіберген Хақ Пайғамбарымыздың ﴾с.а.у.﴿ өзі шегелеп тұрып айтқан. Яғни жәннатқа кепіл болтынын айтса солай болмақ. Одан бөлек ашық зинадан қашқан адамды Жаратушы Иеміз өзі саясына паналтпақ!
6) Оң қолы бергенін сол қолы білмейтіндей жасырын садақа еткен кісі. Ол – Алла тағалаға деген шынайылығы мен сүйіспеншілігінің белгісі ретінде Хақтың разылығы үшін садақа береген жан. Садақасын Алладан басқа ешкімнің де білуін қаламайтын ықылас пен жомарттық иесі. Нағыз қабыл болған садақа – риясыз көңіл, шын пейілмен берген садақа. Мұхаммед ﴾с.а.у.﴿ хадисінде: «Үмметім, бір-біріңе жылы сөйлеңдер, жылы сөйлегеннің өзі садақа бергенмен тең», — делінген.Яғни адамдардың бір біріне жамандық тілемей жақсылық тілеуінің өзі садақа бергенмен тең емес пе?
Жамандыққа жамандық жасай алар әр кісі,
Жамандыққа жақсылық жасайды тек нар кісі.
Өміріңе жетеді жақсы адам алғысы,
Өңменіңнен өтеді жаман адам қарғысы. (Бәйіт)
Жалпы садақаны жасырын беруде үлкен мән бар. Түптеп келгенде адам болмысына сіңісті әдеттің бірі – сараңдық. Һәм біреуге үстемдігін көрсетіп, іс-әрекеті арқылы елге даңқын шығару да соған тән. Құпия түрде садақа беруі оның өз бойындағы пендешілігін жөнге салып, ниетін дұрыстамақ. Сол себепті Қиямет күні ықыласпен садақа беруші де Жаратушының қамқорына алынбақ.
7) Жалғыз қалғанда Алла тағаланы еске алып, егіліп көзіне жас алған адам. Жалғыз қалған кездерінде мына шексіз әлемге көз тастай отырып, осынау ғаламды ақаусыз, мінсіз жаратқан Ұлы Жаратушының шеберлігі мен шексіз құдыретін ойлап, Алла тағалаға лайық құл бола алдым ба екен деп терең ойға шомып, содан кейін жан сарайын кернеген осы көңіл-күйін көз жасы арқылы сыртқа төгеді. Алла тағаланы ойлап жылау – нағыз тақуалықтың белгісі. Пайғамбарлардың (а.с) баршасы өз ғұмырларында Алла тағаланың дидарын аңсап, көңілге ерік беріп көз жастарын төгумен өткен. Әулиелік шыңына жекткен тақуаларда ғұмыр бойы ардақты бастарын сәждеге қойып, Соны аңсаумен күндерін өткізген. Мысалы имам Ағзам түнде Құран оқитын. Кейде бір аятты таңға дейін қайталап жылайтын. Оның солқылдап жылағанын көршілері де естіп жандары ашитын. Иә, ізгілердің бәрі де өксіп жылаумен өтті. Жүректері жібімей бұл ғұмырдан жылаудан хабарсыз өткендердің ақыретте жылары сөзсіз. Пайғамбарымыз ﴾с.а.у.﴿: «Жәһаннам халқы жылаумен азапталады. Олар көз жасы таусылғанға дейін жылайды. Одан кейін жастың орнына көздерінен қан аға бастайды. Соңында беттерінде ойық пайда болады. Көз жасының молдығы сонша кемелер қонса жүзер еді», – дейді. (ибн Мәжә, Зуһд, 38).
Иә, осы аталмыш жеті топ Қиямет күні Алла тағаланың қорғанына кірмек. Негізі осы жеті топқа зер сала қарасаңыз, шынайы мұсылман келбетін көре аласыз. Бір-бірін тек Алла тағала үшін жақсы көрген үлгілі қоғам ғана осындай құнды бағалы қасиеттерге ие. Оның басшылары әділдіктен айнымай елін әділ басқарады. Жастары – Хаққа бойұсынып, жасынан құлшылыққа бас қойғандар. Байлары болса бауырына жақсылық жасағанда риясыз шынайы көңілмен жасайды. Алла тағала барлығымызды осы жеті топтың қатарынан қылсын! Әмин!
Асет Қадірақынұлы Аташов
ҚМДБ-ның Алматы облысы бойынша өкіл имам