Облыстық "Һибатулла Тарази" мешітінің, найб имамы Жаппек Ғалымбек.
Иман жане амал.
Барлық мақтау бүкіл әлемдердің жаратушысы Аллаға тән, Оның құлы әрі елшісі пайғамбарымыз Мұхаммедке ﴾с.а.у.﴿ болсын!
Тумақ, өлмек-тағдырдың шын қазасы,
Ортасы-өмір, жоқтық қой-екі басы.
Сағымдай екі жоқтың ортасында,
Тіршілік деп аталар біраз жасы,-деп Шәкәрім атамыз айтқандай, шектеулі фәни дүниенің бір күні соңы бар. Сол азғантай өмірімізді адам атына сай түрде өткізу ол — тек қана Алланың бізге жіберген дініне жармасу арқылы болмақ.
Қаблиса жырау:
Бірлігін Хақтың біліңіз,
Хақ жолымен жүріңіз,
Пәк болады дініңіз,- деп жырласа
Бұқар Жырау бабамыз:
Алла деген ар болмас,
Хақтың жолы тар болмас,
Құдайға мойын бұрмасақ,
Қысылтаяң күн туса,
Жаратқан өзі жар болмас.
Бес уақыт намаз оқысаң,
Ақырет күні иншАлла,
Тозақта жаның қор болмас,
Бір құдайдан қорық та,
Жайнамазбен бол жолдас, — деп өмірдің шектеулі екендігін, өлімнен кейінгі өмірге дайындық жасау керектігін үнемі еске салып отырған. Иман әлсіреген осы шағымызда қоғам бұзылып, әр нәрсенің берекесі кетуде. Бұдан тек қана мүміндер емес барлық адамзат жапа шекпек. Олай болса иманымызды арттырып, қуаттандыратын ізгі амалдарды көбірек жасауымызды Алла Тағала баршамызға нәсіп етсін демекпіз.
Адам – жаратылыстың мәні әрі сәні, ғаламның мазмұны, тіршіліктің өзегі. Тіршілік тұтастай адаммен тығыз байланыста. Адам баласы жаратушының бұйрығы, әмірі тікелей бағытталған, жаратушының өзі басқаларынан ақыл-ой, сана беріп ардақтаған, барлық махлұқатқа билігін жүргізе алатын қабілет берілген, жаратылыстың ішіндегі ерекше мақсатпен жаратылған дара жаратылыс. Алла Тағала Құранда:
وَلَقَدْ كَرَّمْنَا بَنِي آدَمَ وَحَمَلْنَاهُمْ فِي الْبَرِّ وَالْبَحْرِ وَرَزَقْنَاهُم مِّنَ الطَّيِّبَاتِ وَفَضَّلْنَاهُمْ عَلَىٰ كَثِيرٍ مِّمَّنْ خَلَقْنَا تَفْضِيلًا
«Расында адам баласын ардақтадық. Сондай-ақ оларды құрлықта да теңізде де көліктендірдік. Әрі оларды жақсы нәрселермен қоректендірдік. Һәм оларды жаратқандарымыздың көбінен неғұрлым артық жараттық»[1].
Міне, осындай көптеген нығмет иесі адам баласының ең негізгі жаратылу мақсаты: өзінің жаратушысын танып иман ету және оған құлшылық жасау, жаратушысының әмірлерін орындап, тыйымдарынан сақтану болып табылады. Абай атамыз: «Ақылды адамға – иман парыз, иманды адамға ғибадат парыз»,- деген. Алла тағала Құранда былай дейді:
وَمَا خَلَقْتُ الْجِنَّ وَالْإِنسَ إِلَّا لِيَعْبُدُونِ
«Расында, жындар мен адамдарды өзіме құлшылық жасау үшін жараттым»[2].
Алла тағала:
وَالْعَصْرِ إِنَّ الْإِنسَانَ لَفِي خُسْرٍ إِلَّا الَّذِينَ آمَنُوا وَعَمِلُوا الصَّالِحَاتِ وَتَوَاصَوْا بِالْحَقِّ وَتَوَاصَوْا بِالصَّبْرِ
«Заманға серт (1) Шын мәнінде адам баласы(барлығы) зиянда (2) Тек қана иман келтіргендер және ізгі амал жасағандар әрі бір-біріне шындықты үгіттеп, сабырды үгіттескендер(зиянға ұшырамайды, яғни құтылушылар) (3) »[3].
Жаратушысын танып оған иман келтіру жүректің нұры, рухтың азығы, әмірін орындап, тыйымдарынан тыйылу оған шынайы түрде сенгендігіміздің дәлелі, әрі жаратылу мақсатымызды дұрыс түсінгендігіміздің белгісі. Өйткені адамзат баласы өз жаратушысын лайықты түрде таныған кезде бақытты өмір сүреді. Құранда Алла Тағала:
الَّذِينَ آمَنُوا وَتَطْمَئِنُّ قُلُوبُهُم بِذِكْرِ اللَّهِ ۗ أَلَا بِذِكْرِ اللَّهِ تَطْمَئِنُّ الْقُلُوبُ
«Иман келтіргендер Алланы еске алу арқылы көңілдері жай тапқандар. Естеріңде болсын: Жүректер тек қана Алланы еске алумен тынышталады»[4].
Иман келтіріп ізгі амал жасағандардың сыйы жайлы Алла тағала «Әнфәл» сүресінің 2-3- аяттарында:
إِنَّمَا الْمُؤْمِنُونَ الَّذِينَ إِذَا ذُكِرَ اللَّهُ وَجِلَتْ قُلُوبُهُمْ وَإِذَا تُلِيَتْ عَلَيْهِمْ آيَاتُهُ زَادَتْهُمْ إِيمَانًا وَعَلَىٰ رَبِّهِمْ يَتَوَكَّلُونَ . الَّذِينَ يُقِيمُونَ الصَّلَاةَ وَمِمَّا رَزَقْنَاهُمْ يُنفِقُونَ
«Расында, мүміндер сондай, Алла еске алынған кезде жүректері қобалжиды, оларға аяттары оқылса сенімдері артып, Раббыларына тәуекел етеді. Сондай-ақ, олар намазды толық орындап, оларға берген несібемізден тиісті орынға жұмсайды. Міне солар шынайы мүміндер. Олар үшін Раббыларының қасында дәрежелер және жарылқау әрі көркем несібе бар».
Назар салып қарасақ, иман етіп, ізгі амалдар жасау адам баласына осы дүниеде әрі ол дүниеде де көптеген жақсылықтар әкеледі екен. Дүние-ақыретіміз үшін берілген егістік іспетті. Олай болса бізді екі дүние бақытына жетуімізге себепкер болатын иман және амал дегеніміз не, осы ұғымға тоқталайық:
Иман сөзі — араб тіліндегі «ә-мә-нә (араб: آمن)» етістігінен туындаған түбір сөз болып саналады. Ал, жалпы иман ұғымы – бір адамның сөйлеген сөзін қуаттау, айтқанын қабыл ету, шын көңілімен қабыл ету, күмәнға жол берместен нақты, жүрекпен, шын ықыласпен сену деген мағыналарды береді. Иман еткен кісі «мүмін (араб: مؤمن)», иман етілген нәрселерге де «муминун биһ (араб: مؤمن به )» дейді.
Ал, иман сөзінің шариғаттағы мағынасы: Алла тағала тарапынан Пайғамбарымыздың ﴾с.а.у.﴿ әкелген нақты үкімдерді растап, ешбір күмәнсіз қабыл ету, әрі бұлардың хақтығына шын көңілмен сену, сенімін тілімен айтуы (иқрар) керек.
Анықтамаға қарасақ, иманның дұрыс болуы үшін Иман негіздерін жүрекпен бекіту (тасдиқ) және тілмен айту (иқрар) қажет.
1. Иман негіздерін жүрекпен бекіту (тасдиқ)
Иман мекенінің жүрек екендігі көптеген аят, хадистерден белгілі. Себебі иман қолмен ұстап, көзбен көрінетін нәрсе емес. Кез келген адам иман негіздерін жүрегімен растамайынша, дұрыс иман еткен болып саналмайды.
Яғни иманды жүрекпен бекіту ең маңыздысы және ол арқылы адам мұсылман саналады. Абай атамыз:
Мүмін болсаң әуелі иманды бол,
Пендеге иман өзі ашады жол.
Шын илан да, таза ойла бір иманды,
Мұнафиқ намаз қылмап па, мағлұм ғой ол,-деп иманды шынайы жүрек арқылы бекітуі керектігін ескертеді.
Пайғамбарымыз ﴾с.а.у.﴿ бір хадисінде:
من شهد أن لا إله إلا الله وأن محمدا رسول الله حرم الله عليه النار
«Алладан басқа тәңір жоқ екендігіне және Мұхаммед Алланың елшісі екендігіне шын жүрегімен куәлік еткен кісіге Алла жәһаннамды харам еткен»[5].
2. Сенгенін тілмен айту(иқрар)
Иман жүрекпен бекітілгеннен соң оны тілмен айтылуы шарт. Тілмен айтылмаған жағдайда ол адамның кім екендігі белгісіз болғандықтан, шариғаттың бұйырған көптеген амалдарын ол адам үшін жасай алмаймыз. Мысалы: Сәлем беру, ер адам болса мұсылман қызды оған некелестіре алмаймыз, өлсе жаназасы шығарылмайтыны сияқты т.б. Өйткені ол адамның жүрегінде не бар екендігін білмейміз. Адамның жүрегінде не бар екендігін тек бір Алла тағала біледі. Алла тағала Құранда:
قُولُوا آمَنَّا بِاللَّهِ وَمَا أُنزِلَ إِلَيْنَا
«Аллаға және бізге түсірілген нәрсеге иман еттік деп айтыңдар…»[6], деп иман еткенімізді тілмен айтуымызды бұйырады.
Иман етуде тілмен айтудың қаншалықты маңызды екендігін Пайғамбарымыз ﴾с.а.у.﴿ бір хадистерінен байқауға болады:
أمرت أن أقاتل الناس حتى يقولوا: لا إله إلا الله فمن قال لا إله إلا الله فقد عصم منى ماله ونفسه إلا بحقه وحسابه على الله
«Адамдар: «Алладан басқа тәңір жоқ, Мұхаммед оның елшісі» деп айтқанға дейін олармен соғысуға бұйырылдым. Қашан осы сөзді айтатын болса, жаны мен малын құтқарған болады. Бірақ діни жазалар бұдан басқа. Ішкі жан дүниесінің есебі Аллаға қалады»[7].
يَقُولُ اللَّهُ عَزَّ وَجَلَّ : أَخْرِجُوا مِنَ النَّارِ مَنْ كَانَ فِي قَلْبِهِ مِثْقَالَ شَعِيرَةٍ مِنْ إِيمَانٍ ، ثُمَّ يَقُولُ : أَخْرِجُوا مِنَ النَّارِ مَنْ كَانَ فِي قَلْبِهِ مِثْقَالُ حَبَّةٍ مِنْ خَرْدَلِ مِنْ إِيمَانٍ
«Жүрегінде бидайдай, арпадай иманы болып: «Алладан басқа Тәңір жоқ, Мұхаммед оның елшісі» деген адам жәһаннамнан шығады»[8].
Иманды жүрегімен қуаттамай тек тілмен айтқан адам мұсылман емес мұнафық болады. Имам Ағзам Әбу Ханифа: «Иман тілмен айту(иқрар), жүрекпен бекіту (тасдиқ)» деген (Фиқһул Әкбар).
Әһлі сүннет уәл-Жамағат ғұламаларының барлығы осы көзқараста.
Иман негіздері (араб.: أركان الإيمان) Адам иман етпей, мұсылман болмайды, яғни иман – мұсылмандардың бес парызының алғашқысы әрі негізгісі. Иманның алты шарты бар. Олар:
1) Алла тағаланың бір екендігіне сену;
2) Періштелерге сену;
3) Алла тағала тарапынан түсірілген кітаптарға сену;
4) Пайғамбарларға сену;
5) Ақыретке, өлімнен кейін қайта тірілуге сену;
6) Тағдырға, жақсылықпен жамандықтың Алладан екендігіне иман ету.
Алла тағала Құранда:
آمَنَ الرَّسُولُ بِمَا أُنزِلَ إِلَيْهِ مِن رَّبِّهِ وَالْمُؤْمِنُونَ ۚ كُلٌّ آمَنَ بِاللَّهِ وَمَلَائِكَتِهِ وَكُتُبِهِ وَرُسُلِهِ لَا نُفَرِّقُ بَيْنَ أَحَدٍ مِّن رُّسُلِهِ ۚ وَقَالُوا سَمِعْنَا وَأَطَعْنَا ۖ غُفْرَانَكَ رَبَّنَا وَإِلَيْكَ الْمَصِيرُ
«Пайғамбар өзіне Раббы тарапынан түсірілгенге иман келтірді. Мүміндер де барлығы: Аллаға, періштелерге, кітаптарға және пайғамбарларға иман келтірді. Елшілердің араларын айырмаймыз, естідік те бой ұсындық. Раббымыз! Сенен жарылқау тілейміз, қайтып барар жеріміз де сенсің»[9] деді. Бұл алты шарттың біріне күмән келтіргеннің сенімі толық болмайды. Иман – тәсілім етуді қажет етеді. Ақылдың шектеулі өлшемімен шешілмейтін кейбір тылсым, әрі тұңғиық түйінді мәселелерді талқыға салмай, таразыламай тәсілім ету (қалтқысыз сену) керек. Иман – тақлиди иман және тахкики иман болып екіге бөлінеді. Тақлиди иман – қоршаған ортаның әсерімен немесе біреулерден естіп, соларға елітіп мақұлдау. Бұл иманның әлсіз түрі болып саналады.Тақлиди иман иесі мұсылман саналады. Бірақ ол адамға иман негіздерін жіті зерттеп үйренуі парыз болады. Олай жасамаса күнәһәр болады. Абай атамыз мұндай иманды сақтау үшін қорықпас жүрек, айнымас көңіл, босамас буын керек деген. Тахкики иман – санамен саралап, ақылмен қуаттап, зерттеп іздену нәтижесінде толық көз жеткізу. Мызғымас бекем сенім болып табылатын мұндай иман «яқини иман»- деп те аталады.
Абай атамыз:
Алланың өзі де рас, сөзі де рас,
Рас сөз еш уақытта жалған болмас.
Көп кітап келді Алладан, Оның төрті,
Алланы танытуға сөз айырмас.
Әмәнту оқымаған кісі бар ма?
Уә кутубиһи дегенмен ісі бар ма?
Алла өзгермес, адамзат күнде өзгерер,
Жарлық берді ол сіздерге, сөзді ұғарға.
Иман иесі- иман негіздерін, харамды халал, халалды харам санамайынша және Құран аятымен мутауатир сүннетпен келген кескінді, әрі нақты дәлелдерді жоққа шығармайынша мұсылман болып саналады.
Амал иманның бір бөлігі ме?: Құран Кәрімнің көптеген аяттарында иман мен ізгі амал екеуі үнемі бірге айтылады ( امَنُوا وَعَمِلُوا الصَّالِحَاتِ ان الَّذينَ иман еткендер ізгі іс істегендер). Бұл иманмен амал ортасында жақын бір байланыс бар екендігін білдіреді.Осыған байланысты : «амал иманның бір бөлігі ме?»-деген сұрақ туындайды. Матуриди және Әшғари, Әһлі сүннет уәл-жамағат ғалымдарының көпшілігінің пікірі амал иманның бөлігі емес. Яғни амал бөлек, иман бөлек.
Олардың дәлелдерінен бірнешеуін аятпен, хадистен келтірсек:
«Иман еткендер және ізгі іс істегендер»-аяты. Аятта келген «уәу» әрпі иман мен амалды бөліп айтып тұр деген. Бұл иман мен амалдың бөлек екендігіне дәлел деген.
Кейбір аяттарда амал қабыл болуы үшін иман шарт ретінде көрсетіледі:
وَمَن يَعْمَلْ مِنَ الصَّالِحَاتِ وَهُوَ مُؤْمِنٌ فَلَا يَخَافُ ظُلْمًا وَلَا هَضْمًا
«Ал кім иман келтірген түрде ізгі іс істесе, сонда ол жамандықтардың артуынан, жақсылықтардың кемуінен қорықпайды»[10]. Бұл аятта иман амал қабыл болу үшін шарт болып тұр.
Кей аяттарда үлкен күнәмен иман бірге айтылады. Егер амал иманның бір бөлігі болса, үлкен күнә істеген мұсылман кәпір болып, Құранда оған: «Әй, иман еткен»-деп айтылмас еді. Мысалы:
وَإِن طَائِفَتَانِ مِنَ الْمُؤْمِنِينَ اقْتَتَلُوا فَأَصْلِحُوا بَيْنَهُمَا
«Егер мүміндерден екі топ соғысса дереу араларын жарастырыңдар»[11] дейді. Ислам діні бойынша адам өлтіру – үлкен күнә. Міне сол үлкен күнә жасаушыға Алла тағала «мүміндер»-деп айтуда. Бұл да иманның амалдан бөлек екендігін білдіреді.
Хадистен дәлелдер:
من شهد أن لا إله إلا الله وأن محمدا رسول الله حرم الله عليه النار
«Алладан басқа тәңір жоқ екендігіне және Мұхаммед Алланың елшісі екендігіне шын жүрегімен куәлік еткен кісіге Алла жәһаннамды харам еткен»[12]. Бұл хадис иман иесінің мәңгілік тозақта қалмайтындығын әрі амал иманнан еместігін білдіріп тұр. Егер амал иманнан болғанда куәлік берумен шектелмес еді. Бұл амалмен иманның екі бөлектігін білдіруде. Абай атамыз:
Бас жоғары жаралған, мойын төмен,
Қарашы, дене біткен ретімен.
Істің бас- басы ретін танымақтық,
Иман білмес тағатты қабыл демен.
Имам Бұхари өзінің сахихында жеткізген Пайғамбарымыздың ﴾с.а.у.﴿ бір хадисінде: «Өткен үмметтен болған бір адамның оқиғасын баяндайды. Ол адам Алла тағалаға иман келтіреді, бірақ амал жасамайды, керісінше көп күнә жасайды. Өлімі тақалған кезде ұлдарын шақырып алып: -Өлгеннен соң мені өртеп, желді күні күлімді шашып жіберіңдер деп өсиет етеді. Алла тағала ол адамды қайтадан тірілтіп: — Неге бұлай істедің мен сені қайта жинай алмайды деп ойладың ба?-дейді. Сонда ол адам Иә,Раббым! Мен сенің азабыңнан қорқып осылай жасадым,- дейді. Оның сол қорқынышы себебті Алла тағала оны кешірген екен». Міне, бұл хадис амал мен иманның бөлек екендігіне дәлел. Бұл бұрыңғы үмметтің қиссасы болса да иман негіздері барлық пайғамбарларда бірдей. Абай атамыз мұны өлеңінде былай жеткізеді:
Замана, шаруа, мінез күнде өзгерді,
Оларға кез-кезімен нәби келді.
Қағида шариғаты өзгерсе де,
Тағриф Алла еш жерде өзгермеді.
Күллі мақлұқ өзгере, Алла өзгермес,
Әһлі кітап бұл сөзді бекер демес.
Адам иман негіздерін жүрегімен бекітіп, сенімін тілімен айтса, бірақ амалдарды орындамаса(істеу керек екендігін біле тұра істемесе, жоққа шығармаса) имансыз болмайды, оған күнәһар мұсылман делінеді. Ондай адамның ақыреттегі жағдайы не Алла тағаланың рахметіне бөленіп кешіріледі, немесе азапталып күнәсінің азабын өтеген соң соңында жәннатқа кіреді. Әһлі сүннет уәл-жамағаттың сенімін осы деп үммет ғұламалары бірауыздан келіскен имам Тахауидың еңбегінде: «Мұхаммед ﴾﴾с.а.у.﴿﴿ үмметінен үлкен күнә істегендер егер Аллаға лайықты иман еткен болса тіпті, тәубе жасамаған болса да тозақта мәңгілік қалмайды»,-делінген.
Амалдың қажет екендігі:
Ғұламаларымыз амалды иманның бір бөлігі деп санамағанмен екеуінің арасындағы ажырамас байланыстың бар екендігін еш жоққа шығармайды. Иманның кәміл, қуатты болуы үшін амал керек. Амал болған жағдайда ғана иман қуатты болады. Өйткені амалсыз иманның ақыретте пайда беруі екі талай. Иман-амал арқылы қуаттанып иман иесінің ықыласының арта түсуіне себепкер болады. Иман-ағаштың түп тамыры іспеттес, ал амалдар болса ағаштың тамыры арқылы нәр алатын жапырақтары, жемістері іспеттес. Түпсіз, тамырсыз жеміс, жапырақ болмайтыны секілді, жеміссіз, жапырақсыз, бұтақсыз түптің, тамырдың да пайдасы шамалы. Сол сияқты имансыз жақсы амалдар да қабыл етілмейді. Жақсы амалдарсыз да иман әлсіз болады. Иман жанып тұрған шам болса, амалдар сол шамды қоршап тұратын шыны іспетті. Алла тағала Құранда:
أَلَمْ تَرَ كَيْفَ ضَرَبَ اللَّهُ مَثَلًا كَلِمَةً طَيِّبَةً كَشَجَرَةٍ طَيِّبَةٍ أَصْلُهَا ثَابِتٌ وَفَرْعُهَا فِي السَّمَاءِ . تُؤْتِي أُكُلَهَا كُلَّ حِينٍ بِإِذْنِ رَبِّهَا ۗ وَيَضْرِبُ اللَّهُ الْأَمْثَالَ لِلنَّاسِ لَعَلَّهُمْ يَتَذَكَّرُونَ
«Алла қандай мысал бергенін көрмейсің бе? Көркем сөз тамыры мықты, бұтағы көктегі бір ағаш тәрізді. Ол(ағаш) Алланың бұйрығымен әр уақыт жемісін береді. Алла адам баласына ғибрат алу үшін мысал берді»[13].
Сондықтан әрбір мұсылман амал жасауға ұмтылу керек.
Амал сөзі-қалаумен, ниетпен жасалған әрбір іске айтылады. Алла тағаланың және Пайғамбарының ﴾r﴿ бұйрығына сай жасалған амалдар ізгі амалдар болып саналады.
Бір амалдың ізгі болуы үшін:
1- Ізгі амалды жасаушының мұсылман болуы керек. Себебі Алла тағала Құранда:
وَمَن يَعْمَلْ مِنَ الصَّالِحَاتِ وَهُوَ مُؤْمِنٌ فَلَا يَخَافُ ظُلْمًا وَلَا هَضْمًا
«Ал кім иман келтірген түрде ізгі іс істесе, сонда ол жамандықтардың артуынан жақсылықтардың кемуінен қорықпайды»[14]. Бұл аятта амал қабыл болуы үшін иман шарт, яғни істің иесі мұсылман болуы қажеттігі айтылуда.
2- Құранның және Пайғамбарының ﴾r﴿ сүннетіне, шариғаттың талабына сай жасалуы керек. Алла Тағала:
لَّيْسَ الْبِرَّ أَن تُوَلُّوا وُجُوهَكُمْ قِبَلَ الْمَشْرِقِ وَالْمَغْرِبِ وَلَـٰكِنَّ الْبِرَّ مَنْ آمَنَ بِاللَّهِ وَالْيَوْمِ الْآخِرِ وَالْمَلَائِكَةِ وَالْكِتَابِ وَالنَّبِيِّينَ وَآتَى الْمَالَ عَلَىٰ حُبِّهِ ذَوِي الْقُرْبَىٰ وَالْيَتَامَىٰ وَالْمَسَاكِينَ وَابْنَ السَّبِيلِ وَالسَّائِلِينَ وَفِي الرِّقَابِ وَأَقَامَ الصَّلَاةَ وَآتَى الزَّكَاةَ وَالْمُوفُونَ بِعَهْدِهِمْ إِذَا عَاهَدُوا ۖ وَالصَّابِرِينَ فِي الْبَأْسَاءِ وَالضَّرَّاءِ وَحِينَ الْبَأْسِ ۗ أُولَـٰئِكَ الَّذِينَ صَدَقُوا ۖ وَأُولَـٰئِكَ هُمُ الْمُتَّقُونَ
«Жүздеріңді шығысқа, батысқа бұру бір игілік емес. (Игілік) Кім Аллаға, ақырет күніне, періштелерге, кітаптарға, пайғамбарларға иман келтірсе және жақындарына, жетімдерге, міскіндерге, жолда қалғандарға, қайыршыларға және құл азат ете отырып, мал сарп етсе әрі намазды толық орындап, зекет берсе, өзара байласқан уәдесін орындаса, таршылықта, қиыншылықта және соғыс кезінде сабыр етуші болса, міне, солар шыншылдар, міне солар тақуалар»[15]. Ізгі амалдарды айқындап берген.
3-Амал шынайы ықылас, таза ниет арқылы жасалуы қажет. Алла тағала Құранда айтылғандай, Әбілдің құрбанын қабыл алып, Қабылдың құрбанын қабыл етпеді. Өйткені Қабыл шын ықыласымен құрбандық жасамағанеді. «Шын мәнінде Алла тағала тақуалардың амалын қабыл етеді»[16].
Алла тағала ізгі амал жасаушы мүмін құлдарын Құранда мақтайды.
وَاذْكُرْ فِي الْكِتَابِ مُوسَىٰ ۚ إِنَّهُ كَانَ مُخْلَصًا وَكَانَ رَسُولًا نَّبِيًّا
«Кітаптағы Мұсаны есіңе ал. Расында ол ықыласты және жіберілген пайғамбар еді»[17].
وَاذْكُرْ فِي الْكِتَابِ إِسْمَاعِيلَ ۚ إِنَّهُ كَانَ صَادِقَ الْوَعْدِ وَكَانَ رَسُولًا نَّبِيًّا . وَكَانَ يَأْمُرُ أَهْلَهُ بِالصَّلَاةِ وَالزَّكَاةِ وَكَانَ عِندَ رَبِّهِ مَرْضِيًّا
«Кітаптағы Ысмайылды есіңе ал. Шынында ол уәдесіне берік әрі жіберілген пайғамбар еді. Үй ішіне намаз оқып, зекет беруді бұйыратын еді»[18].
وَكَانَ تَقِيًّا . وَبَرًّا بِوَالِدَيْهِ وَلَمْ يَكُن جَبَّارًا عَصِيًّا ….
«Өзі де тақуа еді. Әрі ата-анасына да мейірімді еді. Зинақор, күнәһар емес еді»[19].
لَهُمُ الْبُشْرَىٰ فِي الْحَيَاةِ الدُّنْيَا وَفِي الْآخِرَةِ ۚ لَا تَبْدِيلَ لِكَلِمَاتِ اللَّهِ ۚ ذَٰلِكَ هُوَ الْفَوْزُ الْعَظِيمُ
«Оларға дүние тіршілігінде де ақыретте де қуаныш бар. Алланың сөзінде өзгеріс жоқ. Міне ірі қол жетушілік осы»[20].
Иман мен амалды қатар ұстап, сеніміне берік болған дана бабаларымыз өз халқына ізгі амалдар жасау керек екендігін өлең сөздермен жеткізіп отырған. Мысалы, Шәкәрім атамыз:
Есің барда елің тап,
Барғанда кірер жерің тап.
Жаратқанның құлысың,
Жағатұғын ебін тап.
Алдыңда кірер үйің бар,
«А, тоба онда деп отыр»-десе.
Қожа Ахмет Иассауи бабамыз:
ИннАллада пайда бар,
Білмеген құлға нала бар.
Барар жерің қараңғы,
Шам-шырағыңды сайлап ал-дейді. Осыны айта отырып, ұлы ғұлама Қожа Ахмет Иассауи бабамыздың иман мен амалдың ақыры туралы айтқан мына бір жолдарға да назар аудара кетейік:
…Тәубесіздер жүрер мәңгі өлмейтіндей,
Көр азабын, тозақ отын көрмейтіндей.
Арасаттың майданына енбейтіндей,
Адамдай боп арнап алған тілхаты бар.
Намаз оқып, ораза тұтып барғаныңыз,
Сегіз пейіш ішінде жайланыңыз.
Орындалса мүдде мен арманыңыз,
Жарылқаған құлдарымен сұхбаты бар.
Міне осындай пейіштің бар балбұлағы,
Суын ішсең мейіріңді қандырады.
Тәубесіз жуа да алмай зар қылады,
Шәрбәт емес, оған өзге у заты бар.
Құлмын десе, Аллаға бетін бұрсын,
Ғафылдығын түзетіп қызмет қылсын.
Құл Қожа Ахмет мұны қалай айтпай тұрсын,
Ертелі-кеш есіңді алар айбаты бар.
Сөзімізді қорыта айтқанда, Алла Тағаланың разылығын іздей отырып бұйрықтарын атқару, құлшылықты Аллаға ғана арнау, көркем есімдері мен сипаттарын біліп жүру ақылды адамға парыз. Алла Тағала барлығымызды тура жолға бастап, мейріміне бөлесін! Әмин!
[1] «Исра» сүресі, 70-аят.
[2] «Зарият» сүресі, 56-аят.
[3] «Асыр» сүресі.
[4] «Рағд» сүресі, 28-аят.
[5] Мүсілім, иман-17.
[6] «Бақара» сүресі,136-аят.
[7] Бұхари, Иман-17, Мүсілім, Иман-8.
[8] Бұхари, Иман-33, Тирмизи, Жәһаннам-9.
[9] «Бақара» сүресі, 285-аят.
[10] «Таһа» сүресі, 112-аят.
[11] «Хужурат» сүресі, 9-аят.
[12] Мүсілім, иман-17.
[13] «Ибраһим» сүресі, 24-25-аяттар.
[14] «Таһа» сүресі, 112-аят.
[15] «Бақара» сүресі, 177-аят.
[16] «Маида» сүресі, 27-аят.
[17] «Мәриям» сүресі, 51-аят.
[18] «Мәриям» сүресі, 54-55-аяттар.
[19] «Мәриям» сүресі, 13-14-аяттар.
[20] «Юнус» сүресі, 64-аят.