Облыстық "Һибатулла Тарази" мешітінің, бас имамы Жұмабаев Данияр.
ТӘКАППАРЛЫҚ – ЕКІ ДҮНИЕ КЕСІРІ
Барлық мақтау әлемдердің раббысы Алла тағала және Пайғамбарымызға салауаттар мен сәлемдер болсын!
Адам баласын екі дүниеде бақытсыздыққа апаратын қасіреттің бірі тәкаппарлық. Қатерлі дертке айналған бұл індет қаншама адамның жүрегін жауламады. Бұрынғы өткен ислам ғалымдары әлем жаратылғалы алғашқы күнәнің алғашқысы осы тәкаппарлықтан басталды деп пайым жасайды. Бұған дәлел ретінде Бақара сүресінің, 34-аятындағы Алланың:
وَإِذ قُلنَا لِلمَلَٰئِكَةِ ٱسجُدُواْ لِأدَمَ فَسَجَدُواْ إِلَّا إِبلِيسَ أَبَىٰ وَٱستَكبَرَ وَكَانَ مِنَ ٱلكَٰفِرِينَ
Мағынасы:
«Сол уақытта періштелерге: «Адамға сәжде қылыңдар» дедік. Сонда олар дереу сәжде қылды. Бірақ Ібіліс бас тартып, дандайсып қарсы келушілерден болды»
Демек, бұл жаман қылық адамға ібілістен жұққанын көреміз. Өз Алласына бас имеген ібілістің ісі ең үлкен күнәге теңелді. Сол себепті Жаратушы иеміз тәкәппарлыққа құлшынған ібіліске лағынет етті. Ал осы тағылымды мысал, мұсылман мүміндер үшін сабақ болмақ. Алланың алдында өзінің қауқарсыз, көкірек көтеретіндей де қарымы жоқ екенін біле тұра адамдар ібілістің ізін басуы үлкен күнә. Олай болса, біз де Алланың адал құлы ретінде бойымыздағы өзімізді тамұққа жетелейтін тәкаппарлық атты кеселден аулақ болуымыз қажет.
Тәкаппарлық жайында сөз қозғамастан бұрын, оның тілдік һәм шариғаттағы мағыналарына тоқталсақ. Сөздіктерде «тәкаппарлық» сөзі адамның өзін өзгеден жоғары ұстаушылық сияқты ұғымды білдіреді.
Ал, шариғаттағы мағынасын біздерге Алла елшісінен артық ешкім ашып бере алмайды. Оның даңқты сахабасы Абдулла ибн Масғұд Пайғамбарымыздың ﴾с.а.у.﴿ былай дегенін жеткізеді:
لَا يَدْخُلُ الْجَنَّةَ مَنْ كَانَ فِي قَلْبِهِ مِثْقَالُ ذَرَّةٍ مِنْ كِبْرٍ , قَالَ رَجُلٌ : إِنَّ الرَّجُلَ , يُحِبُّ أَنْ يَكُونَ ثَوْبُهُ حَسَنًا , وَنَعْلُهُ حَسَنَةً , قَالَ : إِنَّ اللَّهَ جَمِيلٌ يُحِبُّ الْجَمَالَ , الْكِبْرُ بَطَرُ الْحَقِّ وَغَمْطُ النَّاسِ
«Жүрегінде мысқалдай тәкаппарлығы бар адам Жәннатқа кірмейді» деді. Сонда бір адам: «Егер адам әдемі киінуді жақсы көретін болса ше?» деп сұрақ қояды. Пайғамбарымыз ﴾r﴿: «Ақиқатында, Алла – әдемі. Әдемілікті жақсы көреді. Тәкаппарлық – ақиқатты қабылдамау және адамдарға менмендікпен қарау» деп жауап қатты». (Мүсілім).
Тәкаппарлық – жүректің түбінен орын табатын жаман қылық, адамның істерінде бой көтеріп, оны ақиқаттан бас тартуға жетелейді. Өзін өзгеден биік қойып, ал басқаларға көздің астымен қарап, пендешілікке ұрынады. Шариғи жақтан алғанда адамның мұндай мінез құлқы ұнамсыз ғана емес, көрсоқырлықтың келеңсіз көрінісі. Адамның адамнан несі артық? Біреулер адамды жақсы мінез құлқына қарап емес, оның қоғамдағы орнына қарап бағалап жататындары да бар. Ал Алла тағала қасиетті Құранда: «Шынында Алланың қасында ең ардақтыларың тақуаларың» деген.
Осы тәкаппарлық адамдардың Алла тарапынан жіберілген елшілерге қарсы шығуларына себеп болды. Бұл жөнінде жалпы тәкәппарлықтың адамзатқа жағымсыз сипат екені жөнінде Құранның бірнеше аяттарында Алла тағала баян етті:
وَجَحَدُوا بِهَا وَاسْتَيْقَنَتْهَا أَنفُسُهُمْ ظُلْمًا وَعُلُوًّا ۚ فَانظُرْ كَيْفَ كَانَ عَاقِبَةُ الْمُفْسِدِينَ
«Олар шыншылдығына айқын сенген болса да, зұлымдықтары мен тәкаппарлықтары себепті қарсы шықты…[1]».
لَا جَرَمَ أَنَّ اللَّهَ يَعْلَمُ مَا يُسِرُّونَ وَمَا يُعْلِنُونَ ۚ إِنَّهُ لَا يُحِبُّ الْمُسْتَكْبِرِينَ
«Дау жоқ! Алла, олардың жасырғандарын көрнеу істегендерін біледі. Расында Алла өзін жоғары санағандарды жақсы көрмейді»[2].
وَإِذَا تُتْلَى عَلَيْهِ آيَاتُنَا وَلَّى مُسْتَكْبِرًا كَأَن لَّمْ يَسْمَعْهَا كَأَنَّ فِي أُذُنَيْهِ وَقْرًا فَبَشِّرْهُ بِعَذَابٍ أَلِيمٍ
«Оған аяттарымыз оқылған сәтте, оны естімегендей тіпті құлақтарында тығын бардай паңсып теріс айналады. Оны күйзелтуші азаппен қуандыр»[3].
يَسْمَعُ آيَاتِ اللَّهِ تُتْلَى عَلَيْهِ ثُمَّ يُصِرُّ مُسْتَكْبِرًا كَأَن لَّمْ يَسْمَعْهَا فَبَشِّرْهُ بِعَذَابٍ أَلِيمٍ
«Оларға оқылған Алланың аяттарын тыңдайды да сосын қасарысып, тәкаппарланған бойда естімегендей болады. Енді оны күйзелтуші азаппен қуандыр». (Жәсия сүресі, 8-аят)
وَالَّذِينَ كَذَّبُواْ بِآيَاتِنَا وَاسْتَكْبَرُواْ عَنْهَا أُوْلََئِكَ أَصْحَابُ النَّارِ هُمْ فِيهَا خَالِدُونَ
«Сондай аяттарымызды өтірік дегендер, өздерін одан зор санағандар, солар, тозақтық. Олар онда ұдайы қалушылар». (Ағраф сүресі, 36-аят)
وَقَالَ رَبُّكُمُ ادْعُونِي أَسْتَجِبْ لَكُمْ إِنَّ الَّذِينَ يَسْتَكْبِرُونَ عَنْ عِبَادَتِي سَيَدْخُلُونَ جَهَنَّمَ دَاخِرِينَ
«Раббыларың: “Маған жалбарыныңдар! Тілектеріңді қабылдаймын. Расында Маған құлшылық қылудан паңсыңғандар, олар қор болып, тозаққа кіреді»[4] дейді.
Тәкаппарлық – адамға Жаратқан Иесіне жалбарынуына кедергі болып, Оған құлшылық жасауына тосқауыл болады. Алла тағала былай деді:
وَقَالَ رَبُّكُمُ ٱدعُونِي أَستَجِب لَكُمۚ إِنَّ ٱلَّذِينَ يَستَكبِرُونَ عَن عِبَادَتِي سَيَدخُلُونَ جَهَنَّمَ دَاخِرِينَ
«Раббыларың: «Маған жалбарыныңдар! Тілектеріңді қабылдаймын. Расында маған құлшылық қылудан паңсыңғандар, олар қор болып тозаққа кіреді» – дейді.
Бабалар даналығында: «Ұлық болсаң, кішік бол» деген сөз бар. Бұл да исламның тағлымды жолы екенін білсек етті. Себебі, Исламда адамдар арасында бір бірінен алшақтап тұратын айырма жоқ. Алланың алдында басшы да, қосшы да дәрежесі бірдей. Мұны айтып отырғанымыз, қазіргі қоғамда адамды шені мен шекпеніне қарап құрмет жасаушылық көрініс табатынын байқаймыз. Біздің қоғамымыз шариғаттан тағылым алса, құба құп болар еді.
Осы жерде Алла елшісінің қарапайым-дылығын мысал етсек. Сахабалар хазреті Пайғамбарға ﴾с.а.у.﴿: «Саған биік орын жасайық. Сол жерде тұрып адамдарға насихат етіңіз» дегенде, Пайғамбар ﴾с.а.у.﴿: «Ұлы Алла мені жоғарылатып немесе өз жағына қайтарып алғанға дейін өкшемнің айналасында жиналатын түрде араларыңда болуымды жалғастырамын» деп, мынаны өсиет еткен: «Мені өз дәрежемнен артық ұлықтамаңдар. Алла мені пайғамбар етіп жібермей тұрып, ең алдымен құл етіп жаратты», – деген.
Сүйікті Пайғамбарымыз ﴾с.а.у.﴿ әрбір амалында өте қарапайым болған. Және де кейінгі үмметтеріне қарапайым болуды әмір етті. «Мен құл сияқты отырамын, құл сияқты жеймін. Маған қарапайым болу әмір етілді. Ешкімнің ешкімде артық үстемдігі жоқ. Алланың рахмет есігі баршаға ашық. Кім өз-өзін жоғары санаса, Алла оны төмендетеді. Кімде-кім қарапайым болса, оның дәрежесін көтереді деді.
Әбу Һурайрадан (р.а.) жеткен хадисте Алланың елшісі ﴾с.а.у.﴿:
بَيْنَمَا رَجُلٌ يَمْشِي فِي حُلَّةٍ تُعْجِبُهُ نَفْسُهُ مُرَجِّلٌ رأسَهُ إِذْ خَسَفَ اللَّهُ بِهِ فَهُوَ يَتَجَلْجَلُ في الأرض إِلَى يَوْمِ الْقِيَامَةِ
«Бірде, бір адам әшекейлерін асынып, өзімен тамсанып келе жатқан-ды. Алла тағала оны жермен жексен етті. Осылайша ол Қиямет күніне дейін тереңдей түседі» деді. (Хадисті Бұхари және Мүсілім жеткізген).
وعَنْ ثَوْبَانَ — رضي الله عنه — قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ — صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ -:مَنْ مَاتَ وَهُوَ بَرِيءٌ مِنْ ثَلَاثٍ: الْكِبْرِ، وَالْغُلُولِ، وَالدَّيْنِ؛ دَخَلَ الْجَنَّةَ
Пайғамбарымыз ﴾с.а.у.﴿ хадисінде: «Кім де кім үш нәрседен таза болып дүниеден өтсе жәннәтқа кіреді. Тәкәппарлық, харамнан жиналған мал, қарыз», - деген.
رأى ابن عمر — رضي الله عنه — رجلاً يجر إزاره، ويختال في مشيته؛ فقال: إن للشيطان إخواناً كررها مرتين أو ثلاث.
Бірде Абдолла ибн Омар (р.а.) киімі шұбатылып, тәкәппарланып жүріп бара жатқан адамды көріп, Шындығында шайтанның бауырлары бар-деп бірнеше қайталаған екен.
Ислам ғалымдары тәкәппарлыққа апаратын кейбір себептерді тілге тиек етеді:
1. Білім
Жалпы тәкаппарлық – кей адамдардың білім алуына кедергі. Бұрын өткен даналарымыз: «Ілімге екі адам ие бола алмайды: ұялшақ пен тәкаппар» деген.
Амалсыз білім жинаған адам осы қырымен басқалардан жоғары тұрмын деп есептеуі мүмкін. Білімі азды көзіне де елемей төмендетеді. Осылайша тәкәппарлыққа ұрынып, күнәхар болады. Шайтанда да білім болғаны баршамызға мәлім. Адамның ұлты мен тегі яғни, өзінің ұлтын, руын өзгелерден артық көруі арқылы адам тәкәппарлыққа жол береді.
Әбу Зарр ﴾р.а.﴿ Біләл ﴾р.а.﴿ мен сөйлесіп тұрып сөз арасында оның анасына тіл тигізеді осы уақиға Пайғамбарымызға ﴾с.а.у.﴿ жеткен кезде, Әбу Заррды шақырып алып: Ей Әбу Зарр шындығында сенің бойыңда надандықтың сарқыншағы бар екен, ол сенің бауырың ғой – дейді.
2. Байлық
Біреу Алланың берген байлығын маған өз еңбегіммен ғана бітті – деп өзін жоғары ұстап тәкәппарлыққа бой алдырады. Құрандағы Қарунның оқиғасын еске алатын болсақ, ондайлардың соңы қайғымен айяқталғанын байқаймыз.
3. Мансап
Кез келген қызметті мақсат емес, арманға, Алланың разылығы халықтың рахметіне жеткізетін жол және сұрауы бар аманат деп түсінсе игі. Алайда мансабын ақиқат пен ізгіліктің жолына арнамай жеке абырой мен пайдасына пайдаланса тәкәппарлықтың шырмауына түскені.
Барша мұсылмандардың анасы хазреті Айша (р.анһа) былай дейді: «Алла Елшісінің ﴾с.а.у.﴿ алдына тамақ әкелдім. Мен ол кісіге: «Жантайып ішіңіз! Жантайып ішкен өте жақсы»,– дедім. Сонда Алла Елшісі басын иді. Қай жерде болса да маңдайы сәждеде болатын. Сосын маған былай деді: «Құл қалай жесе, мен де отырып ішемін, тек жатып емес». «Өмірінің соңына дейін Расулалланың жантайып ішкенін көрген жоқпын»,– деді, хазреті Айша(р.анһа) анамыз.
Хазреті Мұхаммед ﴾с.а.у.﴿ аурулардың жағдайын сұрап, жаназаларға қатысатын болған. Үлкен-кіші, бай-кедейлердің әрқайсысының шақырғанын қабыл етеді екен.
Әбу Һурайра ﴾р.а.﴿ былай дейді: «Хазіреті Пайғамбардың бойында қатал патшаларда болмайтын үш ерекшелік бар. Есекке мінеді. Кім шақырса соған барады. Жерге түскен құрманы сүртіп алып жейді».
Алла Елшісі ﴾с.а.у.﴿ қасындағы отырған адамның ыңғайсыздықтан дірілдегенін байқап: «Өзіңді еркін ұста, мен патша емеспін. Мен күнге кептірілген етті жеген кұрайыштық әйелдің ұлымын», – деген.
Расулулла ﴾с.а.у.﴿ сахабаларымен көшеде кетіп бара жатқан болатын. Бір әйел Алла Елшісіне ﴾с.а.у.﴿ келіп: «Ей, Алланың Расулы! Менің саған айтар мұңым бар», – деді. Пайғамбарымыз ﴾с.а.у.﴿: «Ыңғайлы жерге отырыңыз, мен де қасыңа отырайын», – деді де, оның сөзін бастан-аяқ тыңдаған.
Жоғарыдағы Пайғамбарымыздың ﴾с.а.у.﴿ өнегесін ескере отырып, жанымызға жәннәтты жат ететін тәкәппарлық мінезді бойымыздан алыс етуді Раббымыз нәсіп етсін! Әмин!
Қанат Қыдырмин
ҚМДБ-ның Ақмола облысы бойынша
өкіл имамы