Алла Тағалаға шексіз мақтаулар, мадақтаулар болғай! Пайғамбарымызға (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) салауаттар мен сәлемдер болсын!
Мұсылман емессің десе намыстанатын, әрбір дәстүрі мен әдетін ислам дінімен ұштастыратын қазақ жұртым. Қазіргі кезде мұсылмандылық деген сөзімізде ғана айтылып, ісімізге келгенде мүлдем керағар амалдар жасап жүргеніміз мені ғана емес, дінім деп жүрген адамдардың жүрегін қынжылтады. Біздің өзге дін өкілінен немесе дінсіз адамдардан ерекшелігіміз Алла Тағаланың бұйырған амалдарын бұлжытпай орындап, тыйған тыйымдардан аулақ болуымызда. Әйтпесе жоғарыда айтылған адамдармен пара-пар болып қаламыз. Біздің көпшілігіміз бұйырған да, тыйған да амалдарды орындамай мұсылманмын деп жүр. Міне, бүгінгі мұсылманның бейнесі осындай. Алла Тағала дінді адамзаттың игілігіне түсірген болатын. Жаттанды оқитын нәрсе емес, іс жүзінде атқарылу керек болған амалдардан тұратын шариғат заңы. Кім соны орындаса шынайы мұсылман ретінде танылып, дінде де кемел дәрежеге жетеді. Сол үшін қазіргі мұсылман қоғам ішінде етек жайып кеткен Алла Тағаланың кейбір тыйым салған харам амалдарын айтуды жөн көрдім.
Арақ ішу, құмар ойнау
يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آَمَنُوا إِنَّمَا الْخَمْرُ وَالْمَيْسِرُ وَالْأَنْصَابُ وَالْأَزْلَامُ رِجْسٌ مِنْ عَمَلِ الشَّيْطَانِ فَاجْتَنِبُوهُ لَعَلَّكُمْ تُفْلِحُونَ (90) إِنَّمَا يُرِيدُ الشَّيْطَانُ أَنْ يُوقِعَ بَيْنَكُمُ الْعَدَاوَةَ وَالْبَغْضَاءَ فِي الْخَمْرِ وَالْمَيْسِرِ وَيَصُدَّكُمْ عَنْ ذِكْرِ اللَّهِ وَعَنِ الصَّلَاةِ فَهَلْ أَنْتُمْ مُنْتَهُونَ
«Ей, иманға келгендер! Анығында мас қылатын ішімдіктер (хамр) және құмар ойындары (майсир) әрі табыну үшін жасалған нәрселер (ансаб) және бал ашатын таяқшалар (әзләм) – жиіркенішті нәрселер, шайтанның ісінен. Мұраттарыңа жету үшін оған жоламаңдар. Негізінен, шайтан мас қылатын ішімдіктер және құмар ойындар арқылы, араларыңа дұшпандық пен жек көрушілік салып, сендерді Алланы еске алудан және намазды толық орындаудан тосуды қалайды. Енді тыйыларсыңдар?!»[1]
Ибн Аббас айтады: «Адамды мас қылатын әрбір сусын – ол хамр, ал майсир болса – жаһилиет заманында бір-бірімізбен өзара ойнайтын құмар ойындар деп түсіндірме берген».
Бұл аятта ең үлкен күнәлардың қатарында Аллаға серік қосумен бірге, арақ ішу, бал ашу, құмар ойнауды да ерекше атаған. Сол себепті, құмар ойындары Ібіліс лағынеттің істерінен екені еш шүбәсіз деп білуге тиіспіз.
Құран Кәрімде құмар ойындарының адамды мас ететін ішімдіктермен бір қатарға қойылып, олардың адамға, отбасына, айналасына, қоғамға, қоршаған ортаға, моральдық құндылықтарға тигізетін кесірінің бірдей екендігін анық айтылған.
Қазақстандық зерттеуші, психолог Л. Шакимова еліміздегі лаңкестік әрекетке немесе оны ұйымдастыруға қатысқан тұлғалардың өмір дерегін зерттей отырып, олардың әлеуметтік-психологиялық мінездемесін жасақтап шыққан. Оның сипаттауына сәйкес радикалды идеологияны ұстанушылар ішінде толық емес отбасынан шыққандар - 18%, психологиялық соққы алғандар - 39%, бас-сүйек жарақатын алғандар - 36%, түзету мекемесінде болғандар - 32%, маскүнемдікке салынғандар - 61%, есірткіге салынғандар - 27%, құмар ойынына салынғандар 43%-ды құрайды. Мұның ішінде, әрине, осы аталған қиындықтардың бірнешеуін қатар басынан өткерген немесе ішімдік, есірткі мен құмар ойындарына бірдей тәуелділікке түскен тұлғалар аз еместігі айқын.
Алла Тағала біздердің одан алыстағанымызды қалайды. Алла Тағала ол істерден бойларымызды аулақ ұстауды әмір етті. Алла өзінің әмірін имамдардың ижмағымен және хадистердің мәтіндерімен байлап жіберді. Алла өзінің тиым салған нәрсесін харам жағынан қылды. Сондықтан ол харам етілді. Мұсылман ғалымдары арасында ешбір талас-тартыс жоқ Майда сүресінің бұл аяты арақты харам ету үшін түскендігі жайында.
Пайғамбар (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Алла арақты, оны ішушіні, құйып берушіні (ішкізуші), сатушыны, сатып алушыны, оны жасаушыны (өндірушіні), оны істеткізушіні, оны тасушыны, тасуды (жеткізуді), талап етушіні жəне одан түскен пайданы жеушіні лағнет еткен» – деген.
Пайғамбарымыз (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) тағы бір сөзінде: «Мұсылман арақ ішкен кезінде, мүмін болмайды (яғни, иманы толық болмайды)» деген.
و قال الضحاك : من مات و هو مدمن خمر ،بعث يوم القيامة و هو سكران
«Кімде-кім көп арақ ішіп өлсе (араққа салынып кетсе) Қиямет күні мас болып тұрады».
و روى سعيد عن قتادة قال: ذكر لنا أن النبي قال: أربعة لا يجدون ريح الجنة، و إن ريحها ليوجد من مسيرة خمسمائة عام : البخيل، و المنان، و مدمن الخمر، و العاق لوالديه
Сағид Қатада Пайғамбарымыздың былай дегенін риуаят етеді: «Төрт түрлі адамдар жәннаттың иісін таппайды, расында оның иісі әлбетте бес жүз жыл жүретін қашықтықтан сезіледі. Олар: сараң, тіл тигізіуші, көп арақ ішуші, ата-анасына қарсы шығушы».
Адамды жазықсыз өлтіру
«Мәида» сүресінің 32-аятында:
مَنْ قَتَلَ نَفْسًا بِغَيْرِ نَفْسٍ أَوْ فَسَادٍ فِي الْأَرْضِ فَكَأَنَّمَا قَتَلَ النَّاسَ جَمِيعًا وَمَنْ أَحْيَاهَا فَكَأَنَّمَا أَحْيَا النَّاسَ جَمِيعًا وَلَقَدْ جَاءَتْهُمْ رُسُلُنَا بِالْبَيِّنَاتِ ثُمَّ إِنَّ كَثِيرًا مِنْهُمْ بَعْدَ ذَلِكَ فِي الْأَرْضِ لَمُسْرِفُونَ
«Кім кісі өлтірмеген немесе Жер жүзінде бұзақылық қылмаған біреуді өлтірсе, сонда шынайы түрде барлық адамды өлтіргенмен және кім оны тірілтсе, (өлімнен құтқарса) барлық адамды тірілткенімен тең деп жаздық».
وَمَنْ يَقْتُلْ مُؤْمِنًا مُتَعَمِّدًا فَجَزَاؤُهُ جَهَنَّمُ خَالِدًا فِيهَا وَغَضِبَ اللَّهُ عَلَيْهِ وَلَعَنَهُ وَأَعَدَّ لَهُ عَذَابًا عَظِيمًا
«Кім бір мүминді әдейі өлтірсе, оның жазасы, ішінде мүлде қалатын тозақ болады. Сондай-ақ оған Алланың ашуы, қарғысы болып және зор қинау әзірлеп қойған»[2].
Адамды өлтіру, адамның қанын төгу үлкен күнә, үлкен қылмыс болып есептеледі. Яки зина, ұрлық , арақ ішу секілді үлкен күнәлардың қатарынан. Бірақ Аллаға ширк ету секілді тозақта мәңгі қалуға себепкер болмайды тек ол күнәны халал санамаса.
و الشيخان و غيره:"اجتنبوا السبع الموبقات" - أي المهلكات .
قالوا: يا رسول الله و ما هن؟ قال: " الشرك بالله ، و السحر ، و قتل النفس التي حرم الله إلا باالحقِّ، و أكل الربا، و أكل مال اليتيم" الحديث.
و البزار :" الكبائر سبع :" الإشراك بالله ، و قتل النفس بغير حق، و أكل الربا، و أكل مال اليتيم..." الحديث.
Имам Бұхари, Муслим және басқалар жеткізді:
«Жеті ауыр күнəлардан сақ болыңдар, яғни жеті апаттан сақ болыңдар: Аллаға серік қосу, сиқыр жəне Алла өлтіруге тыйым еткен адамды жазықсыз өлтіру, риба жеу, жетімнің малын жеу».
Ал Бәззар болса: «Жеті үлкен күнә бар: Аллаға серік қосу, нақақ адам өлтіру, риба жеу, жетімнің малын жеу...» деген хадисті риуаят еткен.
Ата-ананың қарғысына ұшырау, оларға қарсы келу
قَضَى رَبُّكَ أَلَّا تَعْبُدُوا إِلَّا إِيَّاهُ وَبِالْوَالِدَيْنِ إِحْسَانًا
«Раббың, өзіне ғана ғибадат етулеріңді, әке-шешеге жақсылық қылуларыңды әмір етті».
Пайғамбар (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Күнəлардың ең үлкені туралы хабар берейін бе?! Аллаға серік қосу, ата-ананың қарғысына ұшырау...» – деген жəне Пайғамбар (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Алланың разылығы ата-ананың разылығында жəне Алланың ашулануы ата-ананың ашулануында» – деген.
Тағы бір хадисте:
أكبر الكبائر : الاشراك بِاللهِ ، وَقتلُ النَفسِ، عُقوق الوالدين، وَ قَول الزورِ
Күнәлардың ең үлкені: «Алла Тағалаға ширк келтіру (ортақ келтіру), адам өлтіру, ата-анаға қарсы шығу, өтірік сөз айту.»
Яғни, біздер Пайғамбарымыз ескертіп кеткен үлкен күнәлардан сақтанып, бойымызда көркем мінезді қалыптастыруымыз қажет. Өйткені, Айша анамыз (оған Алла разы болсын): «Алла елшісінің (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Расында, мүмін бойындағы көркем мінезі арқылы күндіз ораза ұстап, түнде намаз оқитын адамның дәрежесіне жетеді», – деп айтқанын естідім», – деген.
Міне, бұл біздің мұсылмандық бейнеміз. Ал, жай ғана «мұсылманмын» деп барлық тыйған нәрселерден мүмкіндігінше тыйылмай жүру мұсылмандылықты көрсетпейді. Сол үшін сөзіміз ісімізге сай, ісіміз дінімізге сай жүретін болсақ өзіміз де, келер ұрпағымыз да барлық жамандықтан ада болып, шынайы мұсылман болары анық.
Алла Тағала бізді өзінің бұйырған амалдарынан, тыйған амалдарынан тыйылатын шынайы мұсылмандар қатарынан қылғай.
Руслан Сұлтанов,
ҚМДБ-ның Батыс Қазақстан облысы бойынша
өкіл имамы