Біз қазақ ежелден ислам дінін қабылдаған халықтардың біріміз. Ата-бабаларымыз да, өз өмірлерінде дініміздің бұйырған сауапты да, жауапты амалдың бірі жетімге қарайласуды абырой санап, барынша қамқор бола білген.
Жаугершілік заманды және түрлі қилы заманды өткерген бабаларымыз ешқашан жетімін жылатпаған. Ел болып, қоғам болып тағдыр тауқыметіне түскен жандарға қамқор бола білген. Тіпті ағайындары қайтыс болса, жесірін қаңғытпау үшін әмеңгерлікпен туыстарына алып беріп, жетімдерін жылатпай, өзгеге кіріптар етпей, қамқор бола білген.
Тарихқа көз салсақ, қазақ даласында жетімдер үйі деген болмаған. Өкінішке орай соңғы жарты ғасыр да елімізде жетімдер үйі пайда болып, түрлі жастағы балалар сол үйлерде тәрбиеленуге мәжбүр болуда. Әсіресе тәуелсіз ел болғалы қоғамда жетімдеріміздің саны артпаса, азаймай тұр. Без бүйрек, көкек аналардың кесірінен тірі жетімдер көбейіп барады. Жүректі жылататын ең өзекті мәселе-жастарымыздың некесіз баланы дүниеге әкелуі, яғни кәмелетке толмаған қарындастарымыздың ойнап жүріп от басып, тірі жетімдердің санын арттыруда. Бұл дегеніміз тексіз ұрпақ дүниеге келді деген сөз. Қазақ халқы текті әрі қаны таза бірден бір халық болса, онда тексіздік қоғамның болашағына қауіп төндірер індет болмақ.
Тағдыр тауқыметіне ұшырап, ата-анасынан айрылған жетімдер үйіндегі балалар санын азайтудың жолы баршамызға мәлім болғандай өз қамқорлығымызға алып, отбасы жылуын сыйлап, асырап алу. Аллаға шүкір қазір көптеген қайырымды жандар жетімдерді асырап алып жатқаны біздерді қуантады.
Жетімге қарайласу әрине үлкен сауапты іс. Жетімге материалдық тұрғыдан барлық адам бірдей көмек бере алмас. Алайда сауапты іс тек қаржымен ғана шектелмейді. Мәселен, жетімнің басын мейіріммен сипауда сауап болмақ. Мұхаммед пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір хадисінде былай дейді: «Кімде кім Алла разылығы үшін бір жетімнің басын мейіріммен сипаса, оның қолына тиген шашының санындай сауап жазылады» (Ахмад риуаяты).
Өмірде адамдардың тағдыры түрлі болып келеді. Кейде балалар ата-анасы өмірден ерте озып жетімдік көреді, кейде өз баласынан өзі жеріген безбүйрек әке-шешесінің тас жүректігінен осы күйге ұшырап жатады. Сондай түрлі жағдайлар мен панасынан айырылған жетімдерге пана болу сауабы мол қайырлы іс екендігі даусыз. Алла Тағала Құранда баян етеді:
وَيَسْأَلُونَكَ عَنِ الْيَتَامَى قُلْ إِصْلَاحٌ لَهُمْ خَيْرٌ وَإِنْ تُخَالِطُوهُمْ فَإِخْوَانُكُمْ
«Олар сенен жетімдердің жайынан сұрайды. Оларға: Жетімдерді түзету жақсы. Тіпті оларды қосып алсаңдар, сонда олар туыстарың» – десе , ардақты пайғамбарымыздың айтуынша:
أحب بيوتكم إلى الله بيت فيه يتيم مكرم
«Мұсылмандардың арасында ең қайырлы үй, ішінде жетімі болып, оған жақсылық жасалатын үй». Олай болса, кімнің үйінде жетім болса, оған жақсылығын аямай үйіп-төккені абзал. Пайғамбарымыз «ең қайырлы үй» деп бағалап отыр. Мұсылмандардың арасында ең қайырлы үй болу – үлкен жетістік екендігін ұмытпауға тиіспіз.
Бірде Пайғамбарымызға бір кісі келіп, өз жүрегінің қаттылығын білдірді. Оған Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):
أتحب ان يلين قلبك و تدرك حاجتك: ارحم اليتيم وامسح رأسه وأطعمه من طعامك يلن قلبك و تدرك حاجتك
«Жүрегіңнің жұмсауын, сөйтіп арманыңа жетуін қалаймысың? Онда жетімге мейірімділік көрсет, басынан сипа және тамағыңнан бөліп бер. Сонда жүрегің жұмсарады. Сөйтіп арманыңа жетесің» – деді. Сондай-ақ хадистердің білдіруінше, Тұл мен жетімдерге көмек еткен кісі – Алла жолында соғысқан немесе күндіз ораза ұстап, түндер де ғибадат еткен адаммен тең болады.
Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) тағы бір хадис шарифінде былай деп айтқан: «Кім Алла ризалығы үшін бір жетімнің басынан сипаса, қолы тиген әр шашы сайын жақсылық болады». Сондықтан болса керек Мұхаммед пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сахабаларынан: «Бүгін неше жетімнің басынан сипадың»- деп ұдайы сұрап отыратын. «Егер кімде-кім жетім ұл немесе жетім қызға жаны ашып, қамқорлық жасаса, онымен жәннәтта осылай қатар боламыз деп сұқсаусағы мен ортан саусағын бірге көрсеткені де бар. Олай болса, кім жұмақта Алла елшісімен бірге болғысы келсе, жетімдерге жақсылық жасасын. Бұл айтылғандар жетімге жақсы қараудың сүйіншілері. Ал жетімді жылатудың күнәсі тіптен ауыр. Мысалы, жетімнің ақысын жеп, оның көз жасына қалғандар ауыр күнәға душар болады. Өйткені Мағун сүресінде келеді:
رَأَيْتَ الَّذِي يُكَذِّبُ بِالدِّينِ (1) فَذَلِكَ الَّذِي يَدُعُّ الْيَتِيمَ (2) وَلَا يَحُضُّ عَلَى طَعَامِ الْمِسْكِينِ
«Сондай дінді өтіріксінгенді көрдің бе? Міне сол жетімді қақпайлағанды. Міскінді тамақтандыру қызықтырмайды»
Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай деген: «Жетімді жылатудан қатты сақтаныңдар, өйткені түнде адамдар ұйықтап жатқанда, олардың зары жүреді, ал таң сәріде Раббысына көтеріледі де, жылатушы үстінен шағым жасайды. Сонда Алла Тағала жылатушының тиісті жазасын береді. Сондықтан жетімнің жылауынан мейлінше сақтаныңдар»
Енді еліміздегі жетімдер үйлері жайлы бір ауыз айта кетейік. Негізінде, жетімдер үйлеріне қайыр-көмек берген дұрыс іс. Алайда бәрінен дұрысы, жетімдіктің алдын алатын шараларға мән берген дұрыс. Жетімдер көбінесе, жастардың жеңіл жүрісінің нәтижесінде пайда болып жатқандығы да шындық. Қазір көшелерде бозбалалар мен бой жеткендердің қол ұстасып, құшақтасып жүргенін көреміз. Сол құшақтасудың арты көп жағдайда күтілмеген балалардың пайда болуына, жетімдер санының көбеюіне соқтырып жатады. Олай болса, әрбір отбасында ата-ана өз ұл-қыздарын дұрыстап тәрбиелеуі қажет. Ал университет, мектеп ұстаздары мен тәрбиешілері шәкіртерге иман мен иба жайлы түсіндірме жұмыстарын көбейткені жөн. Сонда жетімдердің саны азаймақ. Жастардың жеңіл жүрісі тоқтамай, жетімдердің азаймасы да хақ.
Олай болса, жетімін жылатпаған, жесіріне қамқор болған иманды бабалардың ұрпағы ретінде бізде жетімге қарайласуды мұсылмандық міндетіміз ретінде қарайық. Алланың сүйіспеншілігіне бөленуді, ризашылығын алуды қалаған, жұмақтан үміт еткен мұсылман жетімге қамқор болсын. Алла осындай абыройлы да, сауапты істі жасап жатқан азаматтарға разы болсын. Әмин!
Руслан Сұлтанов
Батыс Қазақстан облысының өкіл имамы