Құран оқудың артықшылығы. Облыстық "Һибатулла Тарази" мешітінің ұстазы
Құлдарын қараңғылықтан жарыққа шығару үшін қасиетті Құранды аманат етіп түсірген құдіреті шексіз Аллаға сансыз мақтаулар болсын! Үмметінің арасына тірі Құран болып жіберілген, Алла сөзін амалмен айшықтаған ардақты Пайғамбарымызға (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) сансыз салауаттар болсын!
Алла Тағала адамзат баласын ақылмен ардақтап, пендесі құр босқа ғұмыр кешіп, құмарын қандырып құрдымға кетпеуі үшін қасиетті Кітабын түсірді. Сол арқылы ақыл иелерін ең тура жолға бастады. Бұл туралы Құран Кәрімде:
إِنَّ هَذَا الْقُرْآنَ يَهْدِي لِلَّتِي هِيَ أَقْوَمُ وَيُبَشِّرُ الْمُؤْمِنِينَ الَّذِينَ يَعْمَلُونَ الصَّالِحَاتِ أَنَّ لَهُمْ أَجْرًا كَبِيرًا
«Негізінде осы Құран ең тура жолға салады. Әрі дұрыс іс істеген мүміндер үшін әрине зор сыйлық бар екендігін сүйіншілейді».[1]
Ғұламалар Алла Тағаланың аяттары (аят – араб тілінен аударғанда белгі, яғни Алланың құдіретінің белгісі дегенді білдіреді) Құранда түсірілген оқылатын кітап аяттары және адамның жан-жағындағы жаратылыстан көрінетін аяттар болып екіге бөлінеді дейді. Құранды оқу арқылы ақыл иелері Алланың аяттарынан үгіт алса, маңайындағы мүлтіксіз шеберлікпен аса көркем түрде жаратылған, Жаратушының құдіретін паш етіп тұрған жаратылыстан Оның құдіретін таниды.
Жаратылысқа қарап ой жүгіртудің сауаптылығы жайлы Құран Кәрімде аяттар жетерлік. Бірақ біз бүгін адамзат баласын дүние мен ақиретте бақытқа кенелту үшін түсірілген Алланың сөзі – Құранды оқудың артықшылығы жайлы сөз етпекпіз.
Жетінші ғасырда қараңғы Хира үңгірінде алғаш «Оқы!» деп басталған бұл Кітап сол үңгірді ғана жарық етпей, бүкіл әлемге нұр болып келді. Пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) кеудесін қысып барып берілген алғашқы аяттар күні бүгінге дейін қанша жанның кеудесін қыспақтан құтқарып, жүрегін жайландырды десеңізші!
Алла Тағала қасиетті Құран Кәрімде: «Жақсылық пен жамандық тең болмайды. Жамандықты жақсы ісіңмен жолға сал. Сонда ғана сенімен дұшпандығы бар қас адам, өзіңнің сырлас досыңдай болып кетеді», – деген. Осы аяттардан адамның мінез-құлқы Алланың дінін үйрену арқылы жақсылыққа қарай өзгеретінін білеміз. Жаратушы иеміз әлемді көркем әрі үйлесімді жаратып, оған тыныштық орнатып, адам баласына бағындырып қойған.
Құран Кәрімде: «Ей, адамдар! Тәңірлеріңнен сендерге насихат, жүректегі дертіңе дауа, мұсылмандарға тура жол және жарылқау келді», – деген.
Бұл өмірде сырт көзге қарағанда төрт құбыласы тең болып көрінетін қаншама мол байлықтың иелері жүректері тыныштық таба алмай, қаншама қаражатын түрлі мамандардан кеңес алуға жұмсап жүр. Жүректі тыныштандырып қана қоймай, нұрландыратын, адамды шынайы бақытқа жетелейтін Жаратушының тегін кеңестеріне құлақ аспай жүргендер қаншама?!.
«Жүректер Алланы еске алумен тыныштық табады»,[2] - дейді Құранда Алла Тағала.
Алланың кітабын оқудың өзі – зікір, яғни Оны еске алу. Бұл жайлы Құранда:
إِنَّا نَحْنُ نَزَّلْنَا الذِّكْرَ وَإِنَّا لَهُ لَحَافِظُونَ
«Шындығында Зікірді (Құранды) біз түсірдік және оны біз қорғаушымыз».[3]
Ибн Масғуд (р.а.): «Құран Алла Тағаланың әдеп мектебі. Құранға мықтап жабысып, шамаларың келгенше, Алланың көрсеткен әдеп жолын үйреніңдер. Ол – ашық бір нұр, дертке дауа, Құран – амал еткен адамға берік қорған, жолын ұстағанды адастырмайтын құтқарушы», – деген. Адамдар арасындағы қарым-қатынастың дұрыс болуының өзі жер бетіндегі тыныштықтың басты талабы. Ал, осы тыныштық пен бейбітшіліктің негізі – адамзаттың тура жолда болуы. Күллі пенде атаулыны тура һәм хақ жолға бастаушы мәңгілік мұғжиза әрине, қасиетті Құран Кәрім.
Хадисте келгендей Құран жанның да, тәннің де, рух пен мінез-құлық кеселдерінің барлығына ем, шипа.
Қасиетті кітапты оқу – ең ұлы ғибадаттардың бірі және Аллаға жақындататын төте жол. Әбу Умама риуаят еткен хадисте Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Құран оқыңдар! Ол қиямет күні иесіне шапағат етеді», – деп басқа пайғамбарларға берілмеген шапағатты Құран иеленетінін білдірген.(Мүсілім, салатул-мусафирин 252)
Құран оқудың артықшылығы мен Құранды оқыған адамның дәрежесі көтерілетіндігі жайлы Пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) хадистері жетерлік.
Айша (р.а) анамыз: «Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Құранды нақышына келтіріп оқитын мұсылман кісі адамдардың амал дәптерін толтыратын әс-Сәфәра әл-Кәрим әл-Бәрара періштелерімен тең дәрежеде болады. Ал, Құран оқуға тілінің икемі келмегеніне қарамастан, шын ықыласымен ежіктеп болса да оқыған адам екі бірдей сауапқа кенеледі», - деп айтты», - деген (Бұхари, «Таухид» 52; Муслим, салатул-мусафирин 243). Яғни, пенде Құранды қалай болмасын, шын ықыласпен оқыса, Жаратушы Иеміз оны сауаптан құр қалдырмайтынын көреміз.
Сондай-ақ, Әбу Мұса әл-Әшғари (р.а): «Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Құран оқитын мүмін – иісі хош, дәмі де тәтті цитрус жемісі тәрізді. Ал, Құран оқымайтын мүмін – иісі жоқ, бірақ дәмі тәтті құрма тәрізді. Құран оқитын мұнафиқ- иісі хош, бірақ дәмі ащы райхан сияқты. Ал, Құран оқымайтын мұнафиқ – иісі жоқ, әрі дәмі де ащы болған шомыр сияқты», - деп айтты», - деген (Бұхари, фадайлул-Құран17;Муслим, салатул-мусафирин 243). Бұл хадистен ұғатынымыз Алланың кәләмін үнемі үзбестен оқитын мұсылман баласының жаны мен жүзін шуақтандырып, басқаларға нұрын себуші пендеге айналдырады және де Құранға қол тигізбейтін мұнафиқтың сипатын өзгелерге сыйы мен сүйкімі жоқ жанға айналатынын көреміз.
Омар ибн әл-Хаттаб (р.а) жеткізген хадисте:
«Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Расында, Алла Тағала осы кітаппен (амал еткен) қауымның (екі дүниеде де ) мерейін өсіріп, ал, (амал етпеген) қауымның дәрежесін түсіріп, қор қылады», - деп айтты» делінген (Мүсілім, салатул-мусафирин 269).
Қасиетті кітапты ғана оқып қана қоймай оған амал ету керектігін барша мүміндерге парыз амал екені анық. Ол турасында Ибн Омар (р.а) жеткізген жеткізген хадисте:
«Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Екі түрлі адамға ғана қызғанышпен қарауға болады. Алла Тағала Құран ілімін нәсіп еткен соң оны күндіз-түні оқып әрі онымен амал еткен ғалымға және Алланың берген байлығын күн-түн демей игі жолға жұмсаған атымтай жомартқа», - деп айтты» - делінген (Мүсілім, салатул-мусафирин 266).
Сонымен қатар, Ибн Масғуд (р.а): «Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) «Құранның бір әрпін оқығанға он сауапқа тең келер бір жақсылық жазылады. Әлиф, ләм, мим-ді бір әріп деп айтпаймын. Әлиф – бір әріп, ләм – бір әріп, сондай-ақ, мим-де өз алдына бір әріп», - деп айтты», - деген (Термизи, фадайлул-Құран 16).
Абдулла ибн Әмір ибн әл-Ас (р.а) еткізген хадисте: «Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) «Жұмақта Құранды түгел немесе бір бөлігін жатқа білген, (әрі оны әрдайым оқып, үкімдерімен амал еткен) адамға: «Құран оқып, шарықтай түс. Дүниеде оны қалай нақышына келтіре мәнерлеп, оқысаң, бұл жерде де дәл солай мәнерлеп оқы. Расында, сенің пейіштегі дәрежең, өзің жатқа оқитын соңғы аяттың тұсында болады деп айтылады», - деген» - делінген (Әбу Дәуіт, уитр 20; Термизи, фадайлул-Құран 18).
Ибн Аббас (р.а) жеткізген хадисте:
«Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Құранды аз да болса жатқа білмеген адам қирап қалған үй тәрізді», - деп айтты» делінген (Термизи, фадайлул-Құран 18).
Құран оқу арқылы адамның санасы мен жүрегі нұрланбақ. «Денең – жан нұрлы болса жөнделмек» деп Шәкәрім Құдайбердіұлы айтқандай жаны саудың тәні де сау.
Құранның ерекше қасиеттерінің бірі – оны адам оқыған сайын оқи бергісі келеді, ешуақытта оқудан жалықпайды. Басқа кітапты бірнеше рет оқыған соң адам оны біліп алып шаршай бастаса, Құранды әр оқыған сайын адам қасиетті кітаптың бұрын байқамаған жаңа қырларын тани түседі.
Құранды оқу арқылы мұсылман баласы Алладан қуат алады, Құрандағы өткен Пайғамбарлар мен ізгілердің көрген қиындығымен таныс болып өзінің өмірлік сынақтарға төтеп беруі тиіс екенін түсінеді.
Ибн Омар (р.а) жеткізген хадисте:
«Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) : «Расында, Құранды жатқа білген адам түйелерін тұсаулап ұстайтын ұқыпты бақташы секілді. Егер ол түйелерін әрдайым бұғаулап ұстаса, олардан айырылмайды. Ал, егер бос жіберіп қойса, қашып кетеді», - деп айтты» - делінген (Бұхари, фадайлул-Құран 23; Мүсілім, салатул-мусафирин 226).
Құран оқу арқылы мұсылман Аллаға жақындай түседі. Өйткені, Алланың сөзіне деген махаббат оны Алланың Өзіне деген махаббатқа жетелері сөзсіз.
Құранды оқып үйрену мен оны үйретудің абзалдығы жайлы: «Сендердің ең жақсыларың Құранды үйренгендерің және оны үйреткендерің» деген хадистен білеміз. Сондай-ақ, баласы Құран жаттаған ата-анаға қияметте Алла Тағала тәж кигізіп, абыройларын асқақтататыны ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) хадистерінде айтылған. Осыны білген ата-ана баласына ерте жастан Құран оқуды үйретуі керек. Өзі үйрете алмаған жағдайда Құран үйрететін мешіттердегі дәрістерге қатыстырып, немесе медресеге беріп оның Алла сөзінен тәлім алуына жағдай жасауы тиіс. Мешітке жиналып Алланың сөзін оқудың сауабы мен артықшылығы төмендегі хадистен анық байқалады:
... وَمَا اجْتَمَعَ قَوْمٌ فِى بَيْتٍ مِنْ بُيُوتِ اللَّهِ يَتْلُونَ كِتَابَ اللَّهِ وَيَتَدَارَسُونَهُ بَيْنَهُمْ إِلاَّ نَزَلَتْ عَلَيْهِمُ السَّكِينَةُ وَغَشِيَتْهُمُ الرَّحْمَةُ وَحَفَّتْهُمُ الْمَلاَئِكَةُ وَذَكَرَهُمُ اللَّهُ فِيمَنْ عِنْدَهُ
«Алланың үйлерінің бірінде қандай да бір қауым жиылып, Алланың Кітабын оқып, оны өзара бір-біріне үйрететін болса, оларға міндетті түрде тыныштық түседі (жандары жайланады). Алланың мейірімі оларды баурап алады, оларды періштелер қоршап, Алла Тағала бұл құлдарын өз қасындағылардың алдында еске алады».
Әбу Һұрайра (р.а):
«Алла Елшісінің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Алла Тағала дауысы әдемі пайғамбардың Құранды әуезді мақамға салып, дауыстап оқығанына құлақ асқанындай еш нәрсені сүйіп тыңдаған емес», - деп айтқанын естідім», деген (Бұхари, фадайлул –Құран 19;Муслим, салатул-мусафирин 232).
Әбу Лүбәба Бәшир ибн Абдул-Мунзир (р.а) жеткізген хадисте: «Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) «Кімде-кім Құранды шамасы жеткенше әдемі дауыспен мақамдап оқымаса, бізден емес», - деп айтты» - делінген (Әбу Дәуіт,уитр 20).
Қорытындылай келе, Құранның өзінде оны оқитын адамдар туралы не дейді екен тыңдап көрейік:
إِنَّ الَّذِينَ يَتْلُونَ كِتَابَ اللَّهِ وَأَقَامُوا الصَّلَاةَ وَأَنفَقُوا مِمَّا رَزَقْنَاهُمْ سِرًّا وَعَلَانِيَةً يَرْجُونَ تِجَارَةً لَّن تَبُورَ لِيُوَفِّيَهُمْ أُجُورَهُمْ وَيَزِيدَهُم مِّن فَضْلِهِ ۚ إِنَّهُ غَفُورٌ شَكُورٌ
«Әрине, Алланың Кітабын оқып, намазды толық орындағандар және өздеріне берген несібемізден көрнеу, көмес түрде тиісті орынға жұмсағандар, еш түгесілмейтін бір сауда (сауап) үміт ете алады. Өйткені Алла, олардың сыйлықтарын толық беріп, әрі өз кеңшілігінен артылтып береді. Әрине Ол, Өте жарылқаушы, Аса қадыр білуші».[5]
Алла Тағала баршамызды құранды оқып, мол сауапқа кенеліп, Өзінің ризалығын алуды нәсіп етсін!
Ә.Қ.Дәуренбеков
ҚМДБ-ның Ақтөбе медресесінің директоры
[1] «Исра» сүресі, 9-аят.
[2] «Рағд» сүресі, 28-аят.
[3] «Хижр» сүресі, 9-аят.
[4] Сунан ат-Тирмизи 2837.
[5] «Фатыр» сүресі, 29-30 аяттар