Оқу білімнің маңыздылығы және суицид Облыстық "Һибатулла Тарази" мешітінің, найб имамы Жаппек Ғалымбек.
Дана халқымыз: «Білім – гауһар, бағасы жоқ, Надандық – кесел, дауасы жоқ», – деген аталы сөз қалдырған. Расында да, білім – қай жағынан, қай саладан, тіпті қай ұлт, қай діннен алып қарасақ та, бағасы жоқ асыл қазына. Дініміздегі орны, тіпті, ерек. Ислам ілімді ең басты талаптар қатарына қояды. Себебі, білімсіз дінді де дұрыс түсіне алмайсың. Бүгінгі күнде дініміздің атын жамылып, бірақ түрлі ағымдарға бөлініп кетіп жатқандардың ашық көрінісі – осы білімсіздіктің нәтижесі. «Жиһад», «шаһид» деген қастерлі ұғымдардың қай кезде қалай қолдану керектігін білмей, аттан салып, қолға қару алып, түрлі бұзақылыққа дайын тұрады. Бұның барлығы – білімсіздіктен. Кезінде өзге діндегі мемлекеттерді Ислам дініне Пайғамбарымыз (с.ғ.с) бен сахабалары, халифалар шынайы үгіт-насихатпен, биязы мінез-құлықтарымен шақырған. Егер кәпірлерді қырып жою керек болғанда, сол кезде-ақ оларды құртып жіберген болар еді. Тарихтан белгілі болғандай, олар барлық дін өкілдерімен жақсы мәміледе болған. Тіпті, мұсылмандарға бірнеше тыйымдар жасалып, кәпірлерге барлық жағынан ұтымды болған келісімшартқа да Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) келіскені белгілі. Себебі, дінімізде оларды қыру емес, мүмкіндігінше Алланың ақиқат жолына даналықпен шақыру қажет еді. Құранда Алла Тағала: «Адамдарды Раббыңның жолына даналық және көркем үгіт арқылы шақыр...»,[1] – деп бұйырған.
Ал, бүгінде кей топтардың, кейбір жандардың білімсіздіктері соншалық, діннен адамды надандықпен шошытуда. Әнас ибн Маликтен жеткен хадисте Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Жеңілдетіп айтыңдар, ауырлатпаңдар. Қуантып айтыңдар, қашырмаңдар»,[2] – деп үгіттесе, бүгінде «сен кәпірсің» деп ата-анасынан безіп немесе дәстүрлі ғұрыптарымызға балта шауып жатқандар қаншама. Алла Тағала сондықтан да Құран Кәрімде: «Білетіндер мен білмейтіндер тең бола ма?»,[3] – деп, білім иелері мен білімсіздердің тең бола алмайтындығын арнайы аяттармен паш етіп қойған.
Әбу Һурайрадан (р.а) жеткен хадисте Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Кім білім іздеу жолына түссе, Алла Тағала оған сол арқылы жәннатқа бару жолын жеңілдетеді», – десе, Әбу Дарда (р.а) жеткізген хадисінде:
«Кім білім іздеу жолына түссе, Алла Тағала оған жәннатқа бару жолын жеңілдетеді. Періштелер ғылым ізденушінің талабына разы болып, оның аяғының астына қанаттарын жаяды. Шын мәнінде, ғалымға көктегілер мен жердегілер, тіпті судағы киттерге дейін жарылқау тілейді. Қарапайым мұсылманнан ғалымның артықшылығы, айдың басқа жұлдыздардан артықшылығындай. Әлбетте, ғұламалар – Пайғамбарлардың мұрагерлері. Пайғамбарлар мұраға динар немесе дирхам қалдырған жоқ. Ғылым қалдырды. Кім Пайғамбарлардың (с.ғ.с) мирасын алса, мол үлесті алған болады»,[4] – дейді.
Ия, гауһар тастан қымбат болған бұл білім қандай асыл қазына десеңізші?! Бұл аят-хадистерден дініміздегі білімнің артықшылығын ұғамыз. Маңыздылығы соншалық, білім жайлы Құран аяттары мен Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) хадистерін айтып тауыса алмаспыз. Қала берді, сәләф солихтарымыз бен дана халқымыздың білім жайлы қанатты сөздері қаншама. Қасиетті Құранның өзінде «Ілім» сөзі 750 рет айтылады.
Шариғатымыз тек діни білімдерге ғана емес, өзге де пәндер мен ғылымдарға көңіл бөлуге үндейді. «Дүниелік білімдердің қажеті жоқ» деп немесе «орыс тілі – кәпірлердің тілдері» деп оқымайтындар да бар екен. Орыстар кәпірлер деп кім айтты? Қаншама мұсылман орыстар бар. Өзге ұлтқа тіл тигізуге шариғатымызда рұқсат етілмейді. Тіпті, Құранда Алла Тағала: «Сондай-ақ, бір-біріңді тануларың үшін сендерді ұлттар, рулар қылдық»,[5] – деген. Олай болса, Алла ұлттар мен ұлыстар болуды, әр ұлттың өзінің тілі болуды қалаған екен. Біздерге өзге ұлттарды кәпірге санауға, кемсітуге жол жоқ. Міне, осының өзі де білімсіздіктен туындаған ойлар екенін көрсетіп тұрған жоқ па?!
Білім талап етудің маңыздылығы Құранда: «Раббым! Білімімді арттыр» де»,[6] – деп дұға жасауымызды бұйырады. Білім алу – әрбір мұсылманға парыз. Білім жолында сабырлық пен төзім, жігерлік пен ынта қажет. Дана халқымыз «Оқу инемен құдық қазғандай» деп бекер айтпаса керек.
Ертеде жастайынан шаңырақ көтеріп, көп ұзамай басқа елге ілім іздеп, 20 жыл уақытын жұмсаған Хусейн деген жігіттің ғибратты оқиғасы еске келіп отыр. Жиырма жылын білімге арнаған ынталы жігіт ақырында еліне қайтпақ болып, жолға шығады. Ел аралап қайтар жолында бір қарияға жолығып, үйінен дәм ауыз тиеді. Сонда ақсақал жөн сұрасып, оның соншама жыл білім жолында жүргенін естіген қария Хусейннен: «Ілімнің басы неде?» – деп сұрайды. «Бисмилләһта» деп Хусейн жауабына қария басын шайқайды. «Онда «Фатиха сүресінде» немесе «Насара-янсуруда», – деп бірнеше жауап ұсынғанымен, қария қабылдамайды. Сонша жыл оқып, осыны білмегенім бе деп құштарланған Хусейн жауабын сұрайды. Қария: «Мен саған білімнің басы неде екенін осы жерде қалып, маған қызмет көрсетсең айтамын», – деп шарт қояды. Хусейн ойлана келе: «Қаншама жылымды сарп етіп, білім іздедім. Осы сауалдың жауабы үшін тағы күте алмаймын ба?», – деп, келісімін береді. Арада алты ай өткенде әлгі қария Хусейнді шақырып алып: «Ілімнің басы – сабырда», – деп жауап береді. Сонда Хусейн «Мен білмейтін нәрсе болса, үйренермін деп күткен едім», – деп ашуланғандай болады. Сонда қария: «Сен сабыр турасында көп нәрсе біліп, уағыз айтуың мүмкін. Бірақ, сен сабыр етуді білмейсің. Мен саған сол сабырды үйреттім», – деген екен.
Қария сөзін қаперіне түйіп, Хусейн жолға шығады. Ауылына ақшам намазы уақытында жетеді. Ауласына жақындағанда, дәрет алып, кіріп-шығып жүрген жас жігітті көреді. Ойына бірден күдік кірген ол ашуға беріле бастайды. Сол кезде қарияның айтқаны есіне сап ете қалып: «Қой, ертең азанда анық-қанығын білермін», – деп сабырға келеді. Таң намазы уақытында мешітке барса, әлгі жігіт имамдық қызметін атқаруда екен. Сол жердегі адамдардан бұл жігіттің кім екенін сұрастыра келіп, өзінің 20 жасар ұлы екенін біледі. Сонда Хусейн Аллаға шүкіршілік етіп, ашуын тыйғанына қатты қуанған екен. Бұл оқиғадан білім іздеген жанның бойынан табылуға тиісті қасиеттердің бастысын ұғынамыз.
Тағы бір ғибратты әңгімеміз танымал ғалым, күллі мұсылман халқы ірі хадис ғалымдарының бірі ретінде танитын Ибн Хажар әл-Асқаләни жайлы болмақ. Бұл кісі 150-ден астам діни маңызды еңбектер жазған ғұлама.
Ол жас кезінде білім алып, бірақ алған білімдері санасына дұрыс қонбай, қатты қиналады. Содан менен түк шықпайды деп, ұстазынан рұқсат сұрап, мал бағумен айналысады. Бір күні мал бағып жүріп, жаңбыр тасалап, бір кішкене жардың шетін паналайды. Сол жерде үлкендеу бір тасқа үнемі жауын-шашын кезінде су сорғалап тамшылап тұрғанын байқайды. Жылдар бойы сорғалаған тамшылардан тастың тесілуге шақ қалғанын байқап, санасына: «Мына тастың әлсіз тамшылардың әсерінен тесілуге таяу қалғанын қарашы. Тағы бірнеше күн тынбай тамшыласа, тескелі тұр. Ал, мен болсам санама ештеңе қонбайды деп ілім ізденуді тастап кеттім. Тамшы сияқты сабырлықпен іздене берсем, маған да бір күні ілім қонар», – деген ой келіп, ұстазына қайта барған екен. Сол білімге деген ықыласының арқасында бүгін қандай кісі болғанын жақсы білесіздер. Міне, ілімге деген ынта-ниеттің нәтижесі қандай болмақ керек?!
Осы арада соңғы кездері үлкен күнәлі дертке айналып бара жатқан өз-өзіне қол жұмсау мәселесі жайлы айтып өткім келеді. Оқу қабырғасында жүргендердің кейбірі емтихандардан құлап, жақсы нәтиже көрсете алмағандары өздеріне қол жұмсайтын пәлекетке қателікпен жол беріп жатады. Бұл – өте үлкен кешірілмес күнәлардың бірі. Басқа түскен сынаққа немесе басқа да бір қайғы үшін өзіне қол жұмсау – тығырықтан шығар жол емес. Ибн Хажар әл-Асқаланидің талпынысы да осы дерттің дауасы тәрізді. Тынбай талаптану арқылы жетістікке жетті. Бүгінгі күні бүкіл мұсылман әлемінің ғалымына айналды. Сондықтан әрбір адам осыдан ғибрат алып, ой жүгіртсе екен. Бүгін сүрінгенімен, сол сәтсіздігі ертең биік шыңдарға шығуының алғашқы қадамы екенін жадынан шығармаса екен. Осы уақытқа дейін ата-бабаларымыз, әке-шешелеріміз де сан сүрініп, сан құлаған. Бірақ олар бойларындағы жігерін жиып, ары қарай жүгіре білді. Бүгін қаншама ұрпақтар тәрбиелеп, биік белестерге жеткендері қаншама. Осындай кішігірім сынақтан кейін жетістіктерге жеткендерді көріп, Мұқағали былай деген:
Өкінбе, өкпелеме бүгініңе
Өмір, өмір!
Болмайды түңілуге.
Мәңгі сені жазбаған сүрінуге,
Қайта тұрып қақың бар жүгіруге.
Иә, бұл пәлекет дерт те – білімсіздіктің нәтижесі. Неге білімсіздік деп отырмыз? Себебі, көбіміз бұл жағдайдан кейін не болатынын білмейміз. Мына дүниенің бір сынағына шыдас бермей, өз-өздеріне қол жұмсаған арғы өмірде ауыр азап бар екенін білмейді. Алла Тағала оларды білмегендіктері үшін кешірсін деп тілейміз.
Шариғатымызда «Бір кісіні хақысыз өлтірудің күнәсі бүкіл адамзатты өлтіргенмен тең». Ал, енді бір кісіні емес, өз-өзіне қол жұмсаудың күнәсін ойлай берейік. Қасиетті Құран Кәрімде Алла Тағала: «Өз-өздеріңді өлтірмеңдер (және соған апаратын бұзықтыққа бармаңдар). Расында, (сіздерді бұдан тыйған) Алла сендерге ерекше мейірімді»,[7] – деп, өз-өзіне қол жұмсаудан тиып, ерекше Мейірімді деу арқылы бұл кішкене сынақтың артында жақсылық барын ескертіп отыр.
Бүгінде орын алып жатқан түрлі ағым жетегінде кету, өз-өзіне қол жұмсауға бару – рухани сауатсыздықтың салдары.
Сөз соңында еліміздің барлық мешіттерінде тегін сауат ашу курстары бар екенін тілге тиек етіп кеткім келеді. Міндетті түрде діни ілімнің, тәрбиенің ірге тасын мешіттерден қаланғаны жөн болады. Себебі, іргетас қате ағымдардың үгітімен қалыптасатын болса, «әкем кәпір, шешем кәпір» деп, асыл дінімізден алыстайтындар шығады. Әке-шешем көрмей тұр деп жырақта жүргендер бұзықтарға жолықса, түрлі жамандықтарға барып қоюы әбден мүмкін. Бір сөзбен айтқанда, ата-ана мен өзгені сыйлаудан қалады. Мешіттерде ұл-қыздарымызды үлкен-кіші демей дәстүрлі дінімізді үйреніп шығуларына мүмкіндік бергеніміз жөн.
Білекті бірді жығады, білімді мыңды жығады. Дұрыс діни білім алған болса, мың ағым болса да, мың қайғы болса да, мың бұзық болса да жеңе біледі. Білімнің қадірін білейік, ағайын!
Талғат Сейіткәрімұлы Омаров,
ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша өкілі