Жамбыл облыстық "Һибатулла Тарази" мешітінің, бас имамы Жұмабаев Данияр. Баланы құмар ойындардан сақтау
Алла Тағала Құран Кәрімде:
يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُوا قُوا أَنفُسَكُمْ وَأَهْلِيكُمْ نَارًا وَقُودُهَا النَّاسُ وَالْحِجَارَةُ عَلَيْهَا مَلَائِكَةٌ غِلَاظٌ شِدَادٌ لَا يَعْصُونَ اللَّهَ مَا أَمَرَهُمْ وَيَفْعَلُونَ مَا يُؤْمَرُونَ
«Уа, иман келтіргендер! Өздеріңді және отбасыларыңды отыны адамдар мен тастар болған оттан (тозақтан) сақтаңыздар[1]» және
وَأْمُرْ أَهْلَكَ بِالصَّلَاةِ وَاصْطَبِرْ عَلَيْهَا لَا نَسْأَلُكَ رِزْقًا نَّحْنُ نَرْزُقُكَ وَالْعَاقِبَةُ لِلتَّقْوَى
«Отбасыңды намаз оқуға бұйыр және өзің де оны сабырлықпен орында. Біз сенен ризық сұрамаймыз, өйткені сені Біз ризықтандырамыз. Расында, жақсы нәтиже тақуаларға[2]», – деп әмір етеді.
Аяттағы иләһи әмірдегідей, перзентіне имандылықты үйрету – ата-ана міндеті. Бала ата-ана қолдауына мұқтаж. Әке-шеше балаларына дұрыс бағыт-бағдар беруі тиіс.
Бірде екі жасар баласы бар әйел: «Тәрбиені қай жастан бастайын?», – деп сұрағанда, Алла Елшісі (с.ғ.с.): «Екі жыл кеш қалдың»,– деген екен. Бала – ата-ананың көз қуанышы, бауыр еті. Кез келген ата-ана ұрпағым иманды, ибалы, ізетті де ізгі болса екен деп армандайды. Дегенмен, «Алма піс, аузыма түс» деп отырмай, осы мақсат жолында аянбай тер төксек қана перзентіміздің күйініш емес, сүйініш болары анық. Тіпті, мәңгілік өмірде алтын тәж киюіңізге себепкер болуы әбден мүмкін. Ендеше, салиқалы ұрпақты қалай тәрбиелеу керек?
Баланың болмысы сол – көрсем, білсем деп тұрады әрі еліктегіш келеді. Оның осы қасиеттерін ескере отырып, ұтымды пайдаланған абзал. Мысалы, Әнас ибн Маликтен (р.а.) жеткен хадисте:
مَنْ عَالَ جَارِيَتَيْنِ حَتَّى تَبْلُغَا جَاءَ يَوْمَ الْقِيَامَةِ أَنَا وَهُوَ وَضَمَّ أَصَابِعَهُ
«Кімде-кім екі қыз тәрбиелеп өсірсе, қиямет күні мені мен ол мынадай боламыз», – деп Алланың елшісі (с.ғ.с.) екі саусағын біріктірген.[3] Сол үшін де хадистен үлгі-өнеге ала отырып, перзентіне Алланы таныту – әкенің ең басты борышы. Сүйікті Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) өмірі мен мінезін әңгімелеп айту арқылы Ислам тарихынан азды-көпті мағлұмат беріп, сәби жүрегінде қадірлі Елшіге (с.ғ.с.) деген сүйіспеншілікті оятып әрі оған ұқсауға шақырасыз.
Хәкім Абай:
«Әуелі аят, хадис – сөздің басы,
Қосарлы бәйітмысал келді арасы,
Қисынымен қызықты болмаса сөз,
Неге айтсын Пайғамбар мен оны Алласы», – дегендей, екі дүние сұлтанының сүйікті жары болған Айша анамыз: «Оның мінезі – Құран еді[4]», – деп сипаттайды. Демек, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) көркем мінезі туралы естіп-білу – сәби бойына мұсылмандық әдепті жастайынан сіңірері хақ. Мұның тағы бір маңызды қыры пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) өмірімен танысу арқылы бала шариғатымыздың ата заңы – қасиетті Құран Кәрім турасында мағлұмат алып, ұлық кітабымызға кіршіксіз көңілімен саяхат жасайды.
Пайғамбарымыз (с.ғ.с.):
مَا مِنْ مَوْلُودٍ إِلاَّ يُولَدُ عَلَى الْفِطْرَةِ، فَأَبَوَاهُ يُهَوِّدَانِهِ أَوْ يُنَصِّرَانِهِ أَوْ يُمَجِّسَانِهِ
«Барлық балалар мұсылмандыққа бейім болып туылады. Кейін оларды ата-аналары христиан, яһуди және дінсіз етеді[5]», – деген. Байқасаңыз, күнделікті өмірде бала нені көп көріп, көп тыңдаса, сол кейіпкерге ұқсағысы келеді. Сол кейіпкердің сөзін, ісін қайталайды. Мен «өрмекші адаммын», «мен суперменмін», «мен феямын», «мен ханшайыммын», «мен Ертөстікпін» деп алып-ұшып жүрген бүлдіршіндерді жиі көреміз. Бала табиғаты бумеранг секілді. Ерте ме, кеш пе, бергеніңіз қайтып алдыңыздан шығады. Осыны есімізден шығармауымыз керек! Қазақтың «Ел боламын десең, бесігіңді түзе», «Отан отбасынан басталады», «Атадан жақсы ұл туса, есіктегі басын төрге сүйрер. Атадан жаман ұл туса, төрдегі басын есікке сүйрер» деген нақылдары – осының айғағы. Міне, осы үшін де біз балаларымызды өзгенің қаңсығынан сақтауымыз керек. Қазіргі жасөспірім балалар теледидарға телміріп, одан қалса компьютерлік атыс-шабыс, төбелес, тонау, т.с.с. ойындарға әуестігі басылар емес. Осы орайда: «Теледидар көрсе – көрсін, компьютер ойнаса – ойнасын, тек жыламаса, бұзықтық істемесе, босқа қаңғырмаса, әйтеуір мазамды алмай тыныш отырса болды», – деген немқұрайлылықтан барынша сақтанып, бала тәрбиесіне баса назар аудару қажет. Перзентіңізге көңіл бөліп, оған ғибратты әңгімелер мен қиссалар айтып берсеңіз, түптің түбінде еңбегіңіздің жеміс берері даусыз. Ал, енді сол немқұрайлылықпен жүре берсек ақыры не болмақ деп бір сәтке ой жүгіртіп көрдіңіздер ме?! Перзентіңіз күнделікті алдынан шықпайтын сол ғаламтор мен әлеуметтік желілерде жастардың сана-сезімін, ақыл-ойын күн өте келе құрдымға апаратын құмар ойындар мен зиянды бағдарламалар – неше түрлі қылмыстық әрекеттердің бастауы. Анығырақ білу үшін, арнайы зерттеу жұмыстарына тоқталайық.
Халықаралық денсаулық сақтау ұйымының дәлелдеуінше, бүкіләлемдік ғаламтор желісі жеткіншектерге физикалық, психологиялық жағынан айрықша зиянды. Ең алдымен, баланың көру қабілеті төмендейді, себебі, бұлшық еттері қатаймаған жасөспірімнің көздері шаршайды. Сондай-ақ, компьютер алдында көп отыру жас балдырғанның омыртқа сүйегін зақымдайды. Қозғалыссыз отыру, тек қолмен ғана біртекті жұмыс істеу –осыдан келіп ағзаға салмақ түсу баланың жүйке қызметін бұзып, мойнына тұз бен суықтың жиналуына (остеохондроз) алып келеді. Және де жамбас сүйектің үнемі қозғалыссыз қалуы қабыну (простатит) мен тоқ ішектегі тамырдың кеңеюі (геморрой) ауруына ұшыратады. Бұл – тек адам ағзасына физиологиялық зияндар ғана.
Ал, британдық биологтар арнайы зерттеу жүргізе келіп, мынандай қорытынды жасап отыр: «Әлеуметтік желілерде үнемі отыру ми қызметіне кері әсер етеді. Гормоналдық тепе-теңдікті бұзады. Иммунитетті нашарлатады. Мұның бәрі адамның жүйкесі мен ой-санасына белгілі бір мөлшерде ауыртпалық түсіреді». Өздеріңізге белгілі, жүйкеге салмақ түсуі дегеніңіз – ойлау қабілетінің төмендеуі, көңіл бөлу мен есте сақтаудың кемуі. Бас ауруы мен ұйқысыздық, көңіл күйдің құлазуы.
Ғаламтор жеткіншектер үшін реферат, музыка мен фильмдер, суреттер, ойындар көшіріп алу, бір-бірімен хат жазысу үшін қажет дерсіздер. Алайда ғаламтордың қаупі де аз емес. Олар өздерін мазалаған сұрақтар жауабын ғаламтордан іздейді. Мысалы, ресейлік ғалымдардың айтуынша, бүкіләлемдік шырмауық-торда экстремистік және террористтік сипаты бар қырықтан астам сайт жұмыс істеп тұр. Ал, олардың жастарымыздың ой-санасы мен дүниетанымын теріс жолға бағыттап, қылмысқа азғыратыны мәлім. Жазғы демалыста жеткіншектердің ғаламторды пайдалануын зерттегендер былай дейді: «Биыл жасөспірімдердің 4 пайызы жыныстық қатынасты көрсететін әлемдік желілерді көрген, 14,5 пайызы беймәлім адамдармен кездесуге келіскен, 19 пайызы порносайттарға енген, 38 пайызы зорлық-зомбылық туралы ақпараттарды тамашалаған, 16 пайызы нәсілшілдік мазмұндағы сайттарға кірген».
Мінеки, қазіргі таңда көптеген жеткіншектердің өзіне-өзі қол жұмсауының бір сыры осында жатқан тәрізді.
Жеткіншіктер үшін ғаламтордың бір зиянды жағы, мұнда әр түрлі құмар ойындары, зиянды бағдарламалар да жетіп артылады. Алаяқтар мен хакерлер жастарды ғаламторға тәуелді етіп, бұлыңғыр қарым-қатынас, жыныстық байланыс жасауға шақырып, виртуальды әлемге қызықтырып, ақыл-ойы әлі қалыптаспаған ұл-қыздарымызды еліктіріп, есінен айырады. Әрине, қазіргідей техникалық-ғылыми прогресс дамыған заманда компьютердің, ғаламтордың дұрыс пайдалана білген адамға пайдасы зор. Ол – талас туғызбайтын ақиқат. Тек оған біздің көптеген жастарымыздың таным-түсінігі жетпей жататыны болмаса...
Германиядағы Ульм университеті психиатрия кафедрасының меңгерушісі Манфред Шпитцер «Компьютерді шамадан тыс пайдалану бала миының жетілуіне кері әсерін тигізеді» деген пікірді қолдайды. «Күніне бес минут интернет қарау – басқа мәселе. Ал, Германияда бір адам орташа есеппен тәулігіне 7 жарым сағат интернетте отырады. Интернетке кірген сайын біздің миымыз өзгере береді. Нәтижеде, денсаулығымызды нашарлатып жібереді», – дейді неміс ғалымы.
Өткен жылы «Цифрлық ессіздік» («Digital Dementia») атты зерттеу кітабын шығарған Шпитцердің айтуынша, балалар мен жасөспірімдердің миы ерекше жұмсақ, нәзік болып келеді. Нейрон жолдары адамның сәби кезінде қалыптасады да, есейгенде сол қалпында қалып қояды. Сондықтан баланың миы шынайы қоғамдық ортамен қарым-қатынас жасау арқылы өмірге бейімделуі керек. «Бала табиғи физикалық кедергілерден өтіп, кәдімгі өмірдегі түрлі мәселелерді шешіп дағдылануы керек», – дейді Шпитцер. Оның айтуынша, виртуалды әлем бала миының толық дамуына мүмкіндік бере алмайды.
«Бір затты қолмен түртіп, ұстап көрудің орнына оны компьютерде қозғалтсаңыз, миыңыздың қимыл-қозғалысқа жауап беретін моторика бөлігінің үштен бір бөлігін мүлде қолданбайсыз. Моторика – ми мен қолдың әрекеттесуі. Демек, компьютерде отырған адамның миының үштен бірі істемей тұрады», – дейді Шпитцер. Демек, ғаламтордың соншама зиянын естіп, біле тұра неге алдын алмасқа?! Ол үшін не істеуіміз керек деген сұрақ туындары сөзсіз. Әрине, оның жауабы бар. Біз сонау Сақ, Ғұн, Үйсін және Орта ғасырдағы қарахандықтар, бертін келе қазақ хандығы, кешегі Кеңес үкіметіндегі Алаш ордасы сияқты сан ғасырлық тарихы бар, тамырын тереңнен тартқан елміз. Неге сондай ұлы бабаларымыздың салып кеткен сара жолынан үлгі алмасқа?! Сол бабаларымыздың даңқын дала төсіне жайып, есімдерінің тарихта қалуына себеп болған, ұлт өзегіне нәр болған Алланың қасиетті кітабы, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) сүннетінің жемісі болған хақ ислам діні емес пе?! Олай болса, ұл-қызымыз иманды да ибалы болсын десек, адамзаттың асыл тәжі Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) өнегелі өмірінен хабардар етейік.
Қасиетті Құран Кәрімдегі: «Расында, сендерден Алланы да ақырет күнін де үміт еткендер және Алланы көп еске алған кісілер үшін; Алланың Елшісінде көркем өнегелер бар[6]», – деген әмірді орындап, өзімізге де, балаларымызға да Алланың Елшісін өмірлік өнеге ете біліңіз. Керек десеңіз, әртіс болуды үйреніңіз, қуыршақтарды пайдаланыңыз, қысқасы қалауын табыңыз. Бірақ, «Бөжей алып кетеді», «Қасқыр жеп қояды» деген сынды қисынсыз қорқынышты бала сеніміне жақындатпаңыз!
Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) мінез-құлқын және сүннетін дәріптеңіз! Мысалы, «Сүйікті Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) мұны ұнатпаған», «Ол тамақтан соң қолын жуған», «Ол үйге сәлем беріп кірген», «Өзгеге бауырмал болған», «Ол өтірік айтпаған» деп күнделікті әдептілікті Мұхаммедтің (с.ғ.с.) сүннетімен жеткізсек, қанекей!
Бағзы замандардан бері дүние жүзі халқы өзінің батырларын, қаһармандарын жырға қосып, апталап айтатын болған. Жастарына үлгі еткен. Әлем әдебиетіндегі «Иллиада», «Одиссей», үндінің «Махабһаратасы», орыс жұртының «Слово о полке Игорове» сынды туындылары, қазақтың батырлар жыры – сөзіміздің куәсі. Қазақ бетке ұстар ұлдары Қобыланды, Алпамыс батырлар туралы жырлаған кезде ең асыл сөздерін, тіл байлығын, шеберлігін пайдаланған. Ендеше, күллі адамзаттың мақтанышы Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) туралы айтқанда қабілет-қарымымызды аянып қалмауымыз қажет. Себебі, жас кезде берген білім тасқа қашап жазғанмен тең. Ал, тасқа қашап жазылған оңайлықпен өшпейді. Мәселен, сонау ғасырлардан бүгінге жеткен Күлтегін жазуларын көзіңізге елестетіңізші.
Сондықтан да сахабалар пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) өмірі арқылы балаларына ізгілік дәнін себуге тырысқан. Сағд ибн Әбу Уақас (р.а.): «Біз өз балаларымызға Құран сүрелерін жаттатқанымыз секілді пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) дін үшін жасаған ғазауаттарын да есте сақтауға үйретеміз», – деген. Саңлақ сахабалар Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) ислам жолындағы сабырлығы мен ерліктері арқылы ұлдарының бойына төзімділік, тәртіп, әділдік сынды жақсы қасиеттерді сіңіруге тырысқан.
Әбу Әйуб Ансаридың: «Сен жақсы көргенді мен де жақсы көрем, уа, Расулулла!» – дегені бар. Өйткені, ол Алланың елшісін (с.ғ.с.) бүкіл дүниеден, өз жанынан да артық сүйетін. Әйгілі сахаба Әбу Хурайра жеткізген хадисте ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) былай дейді: «Еш күдіксіз, Алла Тағала Қиямет күні: Менің разылығым үшін бірін-бірі жақсы көргендер қайда? Менің ғана панамнан өзге пана болмайтын осы күні Мен оларға өз көлеңкемнен орын беремін, – дейді».
Ендеше, балаларымыз Алла сүйген Мұхаммед пайғамбарды (с.ғ.с.) сүйсе, Алла да оларды сүйері шүбәсіз. Ал, Алла сүйген ұрпақтан бақытты ұрпақ қайдан болсын!
Қорыта келе, Елбасымыздың: «Біз – тегіміз түрік, дініміз – Ислам екенін ұмытпауымыз керек. Ол үшін қасиетті кітап Құран Кәрімді насихаттауды естен шығармауымыз керек», – деген ұлағатты сөзін айтқым келеді. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) өсиеттерінің бірінде:
مَا نَحَلَ وَالِدٌ وَلَدًا مِنْ نَحْلٍ أَفْضَلَ مِنْ أدَبٍ حَسَنٍ
«Ешбір ата-ана өз баласына көркем әдептен артық сый-мұра қалдыра алмайды[7]», – деп айтылған. Даналарымыз айтпақшы: «Атадан үш ұл туады: «Бірі атадан өте туады. Бірі жете туады. Енді бірі кері кете туады», – дейді.
Ендеше, Алла Тағала бізге атадан жасық туатын емес, атадан асып туатын ұлағатты ұл мен инабатты қыз тәрбиелеуімізді нәсіп еткей!
Нұрбек Есмағанбет
ҚМДБ-ның Алматы қаласы бойынша өкіл имамы